Нұрсұлтан Назарбаевтың «Менің өмірім. Бодандықтан – бостандыққа» атты кітабы – қазақ халқының ғасырлар бойы тәуелсіздікке ұмтылған арманын жүзеге асырған қазіргі Қазақстанның негізін қалаушының естеліктері. Бұрынғы президент өзінің жастық шағын, Кеңес дәуіріндегі және егеменді Қазақстан кезеңіндегі саяси қызметін және биліктің мұрагеріне ауысуын еске алады. Ол жеке өзі қатысқан тарихи оқиғаларды егжей-тегжейлі баяндайды. Бұл мемлекеттің жойылуы мен құрылуы, көпұлтты елде тәуелсіз саясат жүргізу және оның бірлігін сақтау туралы шынайы әңгіме. Автор билікті кім және не үшін алатынын және миллиондаған адамдардың тағдыры үшін жауапты екенін түсіндіреді. Сонымен қатар, ол алғаш рет отбасылық өмірінің қыр-сырын ашық айтады.
Қазақстанда жекешелендірудің төрт кезеңі өтті. 1991–1992 жылдардағы бірінші кезең бастамашы делінетін сипатта болды, сол кезде мемлекеттік органдар тек кәсіпорын ұжымынан тиісті өтініш алғаннан кейін ғана шешім шығаратын. Тек сонда ғана аукциондар, конкурстар өткізілетін немесе еңбек ұжымына өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымдарды тегін беру жүзеге асырылатын. 4,5 мыңнан астам нысан, соның ішінде ұжымдық меншікке берілген 500-дей кеңшар солай жекешелендірілді. Айта кету керек, ауылшаруа- шылық кәсіпорындарын беру әрбір еңбеккердің мүлік және жер пайларын анықтап, меншікті атап көрсету арқылы жүзеге асырылды. Қазақстандағы жекешелендірудің бірінші белесінің тәжірибесі меншікті өзгертудің қолда бар құралдарының шектеулілігін көрсетті, олар ұжымдық негізге бағдарланып әзірленді, жалпы алғанда, бұл сол кезде даусыз әрі табиғи әрекет болатын. Басқаша етсек, халық бізді түсінбес еді. Келесі белестің, мен Мемлекет иелігінен алу мен жекешелендіру- дің ұлттық бағдарламасын бекіткен кездің негізгі нышандары бастамашыл мемлекет иелігінен алу қағидатынан бас тарту, монополияға қарсы шаралар әзірлеп, қолдану болды. Осы мерзімде біз жекешелен- дірудің үш түріне — шағын және жаппай, жеке жобалар бойынша және агроөнеркәсіптік кешен бойынша жекешелендіруге көштік. Шағын жекешелендіруді қысқа мерзімде жүргізіп, 6 мыңнан астам нысанды өткіздік. Бұл тұрмыстық қызмет көрсету, сауда, қоғамдық тамақтандыру өрістерін айтарлықтай жандандырып, саналуандықты енгізуге мүмкіндік берді. Сол-ақ екен, осы салада бірден серпіліс байқалды. Мыңдаған жаңа дүкендер, мейрамханалар, дәмханалар, шаштараздар ашылды. Дүкен сөрелері мен базарларға тауар толды. Ірі нысандарды жекешелендіру де басталды. Сол кезеңде жеке жобалар бойынша алдымен Алматы темекі комбинаты мен Шымкент кондитер фабрикасы сатылды. Темекі комбинаты үшін америкалық «Philip Morris» компаниясы 100 млн. доллар төледі, ол кезде бұл үлкен қаражат еді, сондай-ақ инвестор ретінде өндіріске 240 млн. АҚШ долларын салуға міндеттенді. Жекешелендірудегі алғашқы ірі табысымыз осы. Оның нәтижесін бірден көрдік: ұжымның жалақысы көбейді, компания қызметшілер үшін тұрғын үйлер сатып алуға кірісті. Мұның алдында комбинат тіпті жалақы төлеуге шамасыз күйде қалып еді.
«Карметтің» қиын жағдайдан қалай шығарылғанын өткен тараушада айтқанмын. 1995 жылы «Жезказганцветмет» банкрот болу алдында тұрды, оның 170 миллион доллар қарызы бар еді, соның 10 миллион доллары — жалақы бойынша. Келесі жылы «Samsung» корпорациясы компания акцияларын сатып алу тендерін ұтып шықты. Ол қарыздан құтылып, жүздеген миллион доллар инвестиция құйды. Сол жылдар ішінде аз уақыттың аясында мыс өндіру көлемі 400 мың тоннаға жетті, бұл комбинаттың бүкіл тарихындағы рекорд еді. Сол кезде қазақстандықтардың ешқайсысы да әлі инвестор бола алмайтын. Ал әлгіндей ірі өнеркәсіптік алыптарды тіпті үлес қосу арқылы да ұстап тұру немесе сатып алу қиынға түсетін. Кейінгі жылдарда компания «Samsung» корпорациясынан акция- лардың бақылау пакеттерін сатып алған отандық бизнесмендердің қолына өтті. В.Ким жетекшілік ететін басшылық компания қызметін тиімді жүргізе алды. Кейіннен Соколов-Сарыбай кен өңдеу комбинаты, Павлодар алю- миний зауыты, Ақтөбе ферроқорытпа зауыты сияқты бірқатар кен өндіруші және металлургиялық кәсіпорындар жекешелендірілді, олар EPG компаниясына қосылды. Өткен жылдардың бәрінде екі компания да табысты жұмыс істеп кел жатқанын айту жөн: өндіріс көлемі артуда, құрал-жабдық жаңартылуда, жұмысшылардың жа- лақысы ұдайы өсуде, еңбек ету жағдайы жақсаруда.
Жекешелендірудің екінші кезеңі барысында біздің де шетелдік әріптестерге қатынасымыз түбегейлі өзгерді. Қазақстандағы инвести- циялық климаттың жағымсыз сипаттары барына қарамастан (жоға- ры бикоммерциялық тәуекелшілдік және т. б.), шетелдік капитал мен жергілікті капитал арасындағы тепе-теңдік қамтамасыз етілді. Бірақ та бұл жеткіліксіз болатын. Біз өте қысқа мерзімде тікелей инвестицияларды мемлекеттік қолдау туралы заң қабылдадық, онда шетелдік инвесторлар үшін жеңілдіктер мен артықшылықтар жүйесі айтарлықтай кеңейтілді. Осы заң қабылданғаннан кейін шетел капи- талы біздің экономикамыздың өсуінде шешуші рөл атқара бастады. Соның арқасында кәсіпорындардың еңбекақы, бюджет, зейнетақы қоры бойынша, сондай-ақ энергетиктерге, көлік және басқа да аралас ұйымдар қызметкерлеріне берешек қарыздары жойылды. Түптеп келгенде, кез келген ел үшін ең қиын ресурс — жұмыс орны сақта- лып қалды. Шетелдік әріптестер кәсіпорындарды басқаруға жаңа элементтер енгізді. Бәсекеге қабілетсіз социалистік экономиканың қазақстандық басқарушылары тегін тәжірибеден өтті. Жекешелендіру әлеуметтік және коммуналдық салалардың инфрақұрылымының басым бөлігін сақтап қалуға жағдай туғызды. 1991 жылдан кейін жүргізілген күрделі жұмыс пен шетелдік ин- весторларды белсенді түрде тартудың барлығы алғашқы жемістерін бере бастады. Мысалы, 1995 жылы ішкі жалпы өнім көлемі 992,5 млрд. теңгені құрады, ал өнеркәсіп өндірісі 13,6 пайызға өсті, соның ішінде ол қара металлургияда 17,4 пайызға, түсті металлургияда 1,9 па- йызға ұлғайды. Бұл кәсіпорындарда еңбекақы 16–18 мың теңге болып, республика бойынша орташа деңгейден 3 есе артты. Қазақстанның мемлекеттік меншіктен жеке меншікке, әміршіл- әкімшіл экономикадан байсалды, ұтымды жоспарлау мен менеджментке өтуі қиындыққа, күйзеліс пен титықтауға толы. Бұл жолда өмірлік құндылықтардың талайы қирап түсті. Ғылыми мақалалар мен кітаптарда ғана бәрі түсінікті, бәрі ап-айқын болып келеді. Ал өмірде сезімдер мен сенімдер соқтығысып, әртүрлі топтардың, тіпті ұрпақтардың мүдделері бір-бірімен кереғар келіп, кейде мұның аяғы аянышты бітіп те жатады. Өкінішке қарай, өтпелі дәуірдің өмірлік философиясы осындай. Біз осының бәрін өзіміздің өзегімізден өткердік. Біздің жас ұрпағымыздың басым көпшілігі қазіргідей табысқа жету жолында қандай ғарасат күш-жігер жұмсағанымызды, қан- шалықты күйзеліске түскенімізді біле бермейді. Жүріп өткен жолы социализммен байланысты әрбір мемлекет жекешелендіруді жүзеге асыра отырып, мемлекеттік меншікті әділ әрі неғұрлым тиімді бөлу мәселесімен бетпе-бет келгені белгілі. Біздің елдегі жекешелендіру кезінде де бәрі төселген тақтайдай теп-тегіс өте қойған жоқ. Адамдар ол тұста «жеке меншік» деген сөздің өзінен секемденетін еді ғой. Әйт- се де жекешелендірудің әрбір кезеңінің барысында біз ең алдымен халықтың, мемлекеттің мүддесін көздедік. Халқының 40 пайыздан астамы ауыл тұрғындары болып келетін Қазақстан үшін аграрлық секторды реформалаудың экономикалық қана емес, сонымен бірге әлеуметтік мәні де күшті еді. 90-шы жылдар- дың басында қабылданған арқаулық заңнамалық және нормативтік құқықтық актілер ауыл шаруашылығында жерді мемлекет иелігінен алу мен жекешелендіру жөнінде кең көлемді жұмыстарды бастауға мүмкіндік туғызды. Сөйтіп, агроөнеркәсіп секторындағы реформамен қатар мемлекет иелігінен алу мен жекешелендіру жөніндегі Ұлттық бағдарлама қабылданды. Мемлекеттік ауыл шаруашылығы кәсіпо- рындарын жекешелендірудің бірінші кезеңінде оларды ұжымдық кәсіпорындар етіп қайта құру жүзеге асырылды. Мемлекеттік ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының мүлкін еңбек ұжымдарының мүшелеріне мүліктік жарналар арқылы бөліп беру іске асты да, ол жекешелендіру куәліктермен расталды. Айта кету керек, тұрақты жұмыс істейтін ірі кеңшарлардың тұтастығын қамтамасыз ету мақ- сатымен, 20 жыл басшылық жұмыс өтілі бар бірінші басшыларына аталмыш шаруашылықтың мүліктік жарнасының 10 пайызы біржола меншігіне және басқаруға 10 пайызы тағы 5 жылға берілді. Шаруашылық қызметінде тиімді нәтижелерге жеткен жағдайда бес жылдан кейін мүліктік жарнаның бұл бөлігі олардың меншігінде қалдырылды. Мемлекеттік ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының өндірістік базасын сақтау мәселесі қаншалықты маңызды десек те, оның негізі бәрібір — жер. Бірақ кеңшарлар мен ұжымшарлардың жекешелендірілген жерлері кімге қалатын болады, жердің сапасын, оның құнарлылығын сақтау туралы қамқорлықты шынында кім жасай алады, жерді беру қандай түрде жүргізілуі тиіс? Міне, осын- дай маңызды сұрақтар маған маза бермеді, мен әрдайым соларға оралып соғып отырдым. Жердің ыждағатты, жаны ауырып сүйетін, нағыз іскер иесін табу керектігі түсінікті еді. Бұл істе қол жеткізгеніміз аз емес. Аграрлық сектордағы жеке- шелендіру жерге иелікті орнықтырды. Кеңестік кезеңдегі астық шаруашылығын, әсіресе оның өнім жинау, тасымалдау кезін еске түсірейікші. Жыл сайын жаздың бел ортасында Қазақстанның мол бидайы үшін бүкілхалықтық майдан ашылатын. Асырып айтқан сөз емес, нағыз майдан. Қазақ даласының астықты алқаптарына Кеңес Одағының қиыр-қиырынан механизаторлар келеді, әскерилер келеді, университет, институт, техникумдардан студенттер келеді. Бәріне комбайн керек, мәшине керек, жатақ керек, тамақ керек, жалақы керек. Соның бәрін тауып беретінбіз. Өліп-талып, астық жиналып бітеді. Жаңбыр жақсы жауған жылдарда Отан қамбасына жаңа қа- зақстандық миллиард пұт астық құйылады. Мәскеуге рапорт беріледі. Астық жолындағы айқас жеңіспен аяқталды делінеді. Ол жеңістің қандайлық бағамен келгенінде ешкімнің ісі жоқ. Ал қазір ше? Сырт- тан механизатор да келмейді, солдаттар да келмейді, студенттер де келмейді. Келмеген соң оларға комбайн да, мәшине де, жатақ та, тамақ та, жалақы да берілмейді. Әйтсе де, сол астық, мол астық жылда алынып жатыр. Миллиард, одан да көп пұт бидай астық ору қалыпты жайға айналды. Неге? Жерде қожайын бар. Ол қожайын бір теңгесін де сыртқа жібермейді. Өзі егеді, өзі орады, өзі тасиды. Пайдасын да өзі көреді. 2000 жылдары мемлекеттік аграрлық саясатты жүзеге асыру қарқынды жүре бастады, ал бұл белсенділік ауыл шаруашылығын- дағы нақты ахуалдың біртіндеп жақсара түсуіне алып келді. Жаңа онжылдықтың алғашқы жылдарында-ақ Қазақстандағы ауыл шаруа- шылығының өсімі орта есеппен 8 пайыздан асты. Бұл Шығыс Еуропа және ТМД елдерінің арасындағы ең үздік өсім еді. 2003 жылы астық ору 1991 жылмен салыстырғанда 1,7 есе өссе, күнбағыс — 3 есе, шиітті мақта — үштен бір бөлігінен астам арта түсті. Ауыл шаруашылығына және ауыл тұрғындарына қолдау көрсе- ту үшін мен 2003–2005 жылдарды ауылды өркендету жылдары деп жарияладым. Қаражаттың едәуір бөлігі ауыл инфрақұрылымына және әлеуметтік салаға бағытталды. Мемлекеттің көмегіне сүйене отырып, ауыл шаруашылығы дағдарыс құрсауынан шықты және қалыпты нарықтық даму жағдайына көшті.
Қазақстан әлемдегі ең ірі астық өндірушілердің қатарына ене бастады. Өкінішке қарай, мал шаруашылығына қатысты жекешелендіру соншалықты көңілдегідей жүрді дей алмаймыз. Қоғамдық меншік- тегі малды кеңшар, ұжымшар мүшелеріне бөліп беру (шын мәнін- де — таратып беру) әуелде елдегі мал басының күрт кеміп кетуіне әкеп соқтырды. Кезіндегі кеңшарлардың атшаптырымдай аумақты алып жатқан мал қоралары есік-терезелеріне бола жау шапқандай талқандалып, қаңырап қалды. Ауыл маңындағы жерлердің жекеше- лендірілуі жұрттың жеке малын жаятын жерін тарылтты немесе тіпті жоқ қылды. Жеріне жеткізе ойластырылмаған осы істің зардабын әлі күнге тартып келеміз. Мал ұстаудың көзін білетін ағайынның мың-мың басты мыңғырта бағып, байлыққа батып отырғандары аз емес, солардың арқасында елдегі мал саны жылдан жылға артып та келеді. Сонымен бірге, қорадағы малды күнделікті ішіп-жемі үшін ұстайтын кісілердің жайылымдық жердің азайғанына байланысты наразылығын да түсінуге болады. Мемлекеттік патернализмнен экономикалық еркіндік пен кәсіп- керлікке төте тартып өте шығу халықтың арасында ғана емес, мем- лекеттік аппараттың негізгі бөлігінің тарапынан да қолдау таба қоймаған қадам екенін де жасырғым келмейді. Бұл міндет талай тұста тізеге сала отырып, жұртшылықтың жанына жақпайтындай әдістермен жасалды. Оның есесіне нәтижесі жақсы шықты — қазір бәрін де азаматтың өзі шешеді. Бұл өзгерістердің бәрі ең алдымен қазақстандықтардың өздеріне керек еді, ел тұрғындарына меншік иесі сезімін қайта оралту керек еді. Жекешелендірудің 1996–1998 жылдарда жүргізілген үшінші ке- зеңі секторлық бағдарламаларға көшу белесі болып, электр энер- гетикасында және мұнай-газ саласында басталды. Оның барысында іс жүзінде жұмыс істеп тұрған электр энергиясының стансалары түгел жекешелендірілді. Бұл арқылы сату және инвестициялық мін- деттемелер түріндегі айтарлықтай қаржы бюджетке түсірілді. Дәл осы жекешелендірудің шеңберінде 1997 жылы Шығыс Қазақстан облысының елді мекендері мен өнеркәсіп орындарын энергиямен қамтамасыз етудегі дағдарысты жағдай түзетілді. 1999 жылдан кейінгі төртінші кезең мемлекеттік меншікті реттеу мен билеу мәселелерінде мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктерді бөлу жөніндегі жаңа көзқарастармен ерекшеленді. Бұл кезеңде Үкіметтің мемлекеттік меншікті пайдаланудан бюджетке түсетін ақшалай қаражатты едәуір ұлғайту жөніндегі жұмысы жан- дандырылды. 2002 жылға дейін мемлекеттік меншікті жекешелендіруден түскен қаржы мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігіне жіберіліп келсе, 2002 жылдан бастап олар бюджет тапшылығын қаржыландыруға бағытталды. 2003 жылдан ірі нысандарды жекешелендіруден алынған қаржы мемлекеттік бюджеті шикізат секторының кәсіпорындары қызметіне байланысты қалыптасатын елдердегі тұрақтандырушы қорлар үлгісінде құрылған Ұлттық қорға салына бастады.
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу