Басты бетке қайту

Никита Хрущев (1894–1971)


Никита Хрущев
Дереккөз: ТАСС

Никита Сергеевич Хрущев 1894 жылы 15 сәуірде (ескі санақ бойынша 3 сәуір) Курск губерниясы, Дмитриев уезі, Калиновка ауылында (қазіргі Курск облысы, Хомутов ауданы) шаруа отбасында дүниеге келген.

1918 жылы болшевиктер партиясына өтеді, Азамат соғысы кезінде саяси қызметкер болады, кейін Украинада шаруашылық және партиялық жұмыстар атқарады.

1929 жылдан бастап Мәскеудегі Өнеркәсіп академиясында оқиды, артынан партиялық қызметте болады. 1930-шы жылдардың ортасынан бастап Бүкілодақтық Коммунистік (болшевиктер) партиясы (БКП(б)) Мәскеу облыстық және қалалық комитеттерінің бірінші хатшысы болады.

1938 жылы Украина Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, ал 1939 жылы Саяси бюро мүшесі болады. Никита Хрущевтің партия «қатарларын тазартуға» және «халық жауларымен» күресуге, партия басшылығының бағытымен келіспейтін «өзгеше ойлайтындарды» анықтау мен оларға қарсы репрессия шараларын жүргізуге қатысқанын растайтын құжаттар бар.

Ұлы Отан соғысы жылдарында Оңтүстік-Батыс бағытындағы әскери кеңестердің мүшесі болады. Соғыс аяқталғаннан кейін Украина КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы, содан кейін Украина Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып жұмыс істеді. 1949 жылдың желтоқсанынан бастап Мәскеуге қайта оралып, Компартияның Мәскеу облыстық және қалалық комитеттерінің басшысы, сондай-ақ БКП(б) Орталық Комитетінің хатшысы міндеттерін қатар атқарды.

Никита Хрущев сол кездегі мемлекет басшысы Иосиф Сталиннің ең сенімді адамдарының бірі болған деп саналады. Оның мансаптық өсуі өте жылдам, қарқынды жүрді. 1952 жылдың қазанынан бастап ол «басқарушы бестіктің», Компартияның жоғары басшылығының шағын тобына, Иосиф Сталинге ең жақын адамдардың қатарына енді.

1953 жылы наурызда Иосиф Сталин қайтыс болғаннан кейін, Хрущев партиялық аппаратқа сүйене отырып, елдегі жоғарғы билік үшін күреске кірісті. 1953 жылдың қыркүйегінде ол КОКП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы лауазымына ие болды (іс жүзінде мемлекет басшысы болды) және бұл қызметті 1964 жылдың қазанына дейін атқарды. 1958–1964 жылдары бір мезгілде үкімет — КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы болды.

1954 жылы Никита Хрущев бұған дейін Ресей құрамында болған Қырым облысы мен Севастополь қаласын Украина КСР құрамына өткізу туралы шешімге бастамашы болды. Бұл қадам Украинамен аумақтық жақындығымен негізделді, бұл  қадам аймақтағы шаруашылық қызметтің тиімділігін арттыруы тиіс деп есептелді.

1956 жылы партияның XX съезінде Никита Хрущев Сталиннің «жеке басына табынушылығын» және Компартия мүшелеріне қарсы жүргізілген жаппай репрессия саясатын айыптайтын баяндама жасады. 1954–1961 жылдары саяси тұтқындардың көпшілігін босату және оларды ішінара ақтау (реабилитация) бойынша ауқымды науқан жүргізілді (жалпы алғанда 800 мыңға жуық адам ақталды).

Никита Хрущевтің кеңес мемлекетінің басындағы қызметіне берілген баға мен пікір өте қарама-қайшы. Оның «билік еткен» кезеңінің басталуын қоғамдық өмірдің айтарлықтай либералдануымен байланысты «жылымық» кезеңі деп атайды, алайда 1950 жылдардың екінші жартысында азаматтарды, әсіресе жастарды саяси себептермен жаңадан қуғындау басталды (барлығы 5 мыңға жуық адам сотталды), дінге қарсы науқан агрессивті түрде жүргізілді.

Осы жылдары зымыран-ғарыш саласы қатты дамыды, Кеңес Одағы алғаш рет Жердің жасанды серігін ұшырды (1957), Юрий Гагарин алғаш рет ғарышқа ұшты (1961). Мемлекеттік тұрғын үй құрылысы, «хрущевкалар» деп аталған панельді үйлерді жаппай салу басталды, мемлекеттік зейнетақы туралы заң қабылданды (1956), мектептердің жоғары сыныптарында төленетін оқу ақысы жойылды. Никита Хрущев азық-түлік тапшылығы мәселесін тың жерлерді белсенді игеру, мал азығына арналған жүгері егістігін күрт көбейту арқылы мал шаруашылығын дамыту, ұжымшарларды ірілендіру және жеке қосалқы шаруашылық жерлерін қысқарту есебінен шешуге тырысты. Алайда, бұл жобалардың барлығының әлеуметтік-экономикалық салдары өте жағымсыз болды. 1962 жылы азық-түлік бағасының күрт өсуі жұмысшылардың жаппай наразылығына, соның ішінде Ростов облысының Новочеркасск қаласындағы оқиғаларға әкеп соқты. 1963 жылы Кеңес Одағы капиталистік елдерден тұрақты түрде астық сатып ала бастады.

Никита Хрущев қарқынды сыртқы саясат жүргізіп, қарусыздану мен ядролық қаруды сынауды тоқтатуды жақтады. Билікте отырған 10 жыл ішінде 50-ге жуық мемлекетке барып, АҚШ-қа сапармен келген алғашқы кеңес көшбасшысы атанды. Социалистік лагерді нығайтуға және Кеңес Одағының әлемдік аренадағы ықпалын күшейтуге ұмтылды. 1955 жылы Батыс елдерінің Солтүстік Атлант альянсын (НАТО) құруға жауап ретінде Варшава шарты елдерінің әскери ұйымы құрылды. 1955 жылы Батыс елдерінің Солтүстікатлантикалық Альянсына (НАТО) жауап ретінде Варшава шарты елдерінің әскери ұйымы құрылды. Сонымен бірге, 1956 жылы кеңес әскерлері Венгриядағы антикоммунистік көтерілісті басып-жаншыды, ал 1962 жылы АҚШ-тың Түркиядағы әрекеттеріне жауап ретінде Кубада кеңестік ядролық қарудың орналастырылуы Кариб дағдарысына әкеп соқты. Бұл КСРО мен Америка Құрама Штаттары арасындағы қатынастардың күрт шиеленісуі еді, ол үшінші дүниежүзілік соғыстың басталуына аз-ақ қалды.

1964 жылы 14 қазанда партия ішіндегі билік үшін күрес нәтижесінде, демалыста жүрген Никита Хрущевтің қатысуынсыз ұйымдастырылған КОКП Орталық Комитетінің пленумы оны «денсаулық жағдайына байланысты» партиялық және мемлекеттік лауазымдарынан босатты. Оның орнын Леонид Брежнев басты. Никита Хрущев зейнетке жіберілді.

Никита Хрущев 1971 жылы 11 қыркүйекте қайтыс болды. Мәскеуде Новодевичье зиратында жерленген. Никита Хрущев 1971 жылы 11 қыркүйекте қайтыс болды. Мәскеудегі Новодевичье зиратына жерленген. Мүсінші Эрнст Неизвестный жасаған ескерткіш құлпытас Никита Хрущевтің моласына 1975 жылы қойылды. Халық жадында Н.С. Хрущевтің тұлғасы, сонымен қатар, ол ел басқарған кезеңде белсенді салынған «хрущевкалар» деп аталатын арзан пәтерлі көпқабатты үйлер арқылы да қалды.


Мәскеудегі Новодевичье зиратындағы Никита Хрущевтің бейітіне қойылған ескерткіш құлпытас
Дереккөз: Код памяти

Дереккөздер

Президентская библиотека им. Б.Н. Ельцина

РИА Новости 

История.РФ 

ТАСС 

ТАСС 

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу