Басты бетке қайту

Әбіш Кекілбаев

Әбіш Кекілбаев
Дереккөз: Власть басылым сайты 

Әбіш Кекілбаев 1939 жылы 6 желтоқсанда Гурьев облысының Оңды ауылында (қазіргі Қазақстанның Маңғыстау облысы) дүниеге келген.
1962 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірді. «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас» газеттерінің редакцияларында жұмыс істеді, «Қазақфильм» киностудиясының бас редакторы болды. Қазақ КСР Мәдениет министрінің орынбасары, Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы, Қазақстан Компартиясы Орталық  Комитетінің Мәдениет бөлімінің сектор меңгерушісі, Президент Аппараты Мәдениет және ұлтаралық қатынастар жөніндегі референтурасының жетекшісі болды.
1992-1993 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы болып жұмыс істеді.
1990 жылы Қазақстан Республикасының он екінші және он үшінші шақырылған Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Ұлттық саясат, мәдениетті және тілді дамыту жөніндегі комитетінің төрағасы болып сайланды. Қазақстан Республикасының он үшінші шақырылған Жоғарғы Кеңесінің Төрағасы болып сайланды. 
1995 жылғы мамырдан Қазақстан Республикасы Президентінің Мемлекеттік кеңесшісі. Сол жылы желтоқсанда бірінші шақырылған Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық  істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы болып сайланды.
1996 жылғы қазаннан 2002 жылғы қаңтар аралығында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі қызметтерін атқарды.
2002-2010 жылдарда Парламент Сенатының депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі болды.
Әбіш Кекілбаевтың «Алтын шуақ»  атты алғашқы өлеңдер жинағы 1963 жылы жарық көрді. Жазушының бірқатар шығармалары орыс, неміс, болгар, поляк, венгр, чех тілдеріне аударылған.
 Әбіш Кекілбаев Уильям Шекспирдің «Король Лир», «Ромео мен Джульетта», Карло Гоццидің «Турандот Ханшайымы», Макс Фриштің «Ғылым қуған Дон Жуан» пьесаларын, Ги де Мопассанның «Пьер мен Жан», «Өмір» романдарын, Шыңғыс Айтматовтың «Ерте қайтқан тырналар» повесін қазақ тіліне аударды. Лев Толстойдың «Соғыс және Бейбітшілік» роман-эпопеясының, Иван Буниннің бірқатар шығармаларының тәржімалауға қатысты. 
Келесі мемлекеттік наградаларға ие болған: ерекше құрмет белгісі - Алтын Жұлдыз (2009), «Құрмет Белгісі» (1989), «Отан» (1999), «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев» (2004), «Достастық» (2003, ТМД ПАА) ордендерімен, сондай-ақ төрт медальмен марапатталған. Қазақстанның Абай атындағы мемлекеттік сыйлығының (1987), Президенттік Бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының (1995) лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері (2009) атанды. 
Әбіш Кекілбаевтың білімі мен күш-жігерінің арқасында Қазақстанның тарихи ескерткіштері: Түркістан, Сайрам, Отырар, Тараз, Маңғыстау, Шұбартау, Айыртау әлемге әйгілі болды. Олар ЮНЕСКО қолдауымен ұйымдастырылған Жібек жолы экспедициясының бағытына енгізілді. 
Әбіш Кекілбаевтың қатысуымен «Баспасөз және басқа да бұқаралық ақпарат құралдары туралы», «Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану туралы», «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» және т.б. ҚР Заңдары дайындалып, қабылданды.
Әбіш Кекілбаев 2015 жылдың 10-11 желтоқсанына қараған түні Астанада қайтыс болды. ҚР Ұлттық пантеонында жерленген.

Әбіш Кекілбаевтың қайтыс болуына байланысты Нұрсұлтан Назарбаевтың көңіл айту жеделхаты: «...Белгілі қаламгер, мемлекет және қоғам қайраткері, «Қазақстанның Еңбек Ері» – Әбіш Кекілбаевтың дүниеден өтуіне байланысты орны толмас ауыр қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамын. Көрнекті жазушы, терең білімді, жаны таза азамат – Әбекең тек қазақ  халқының ғана емес, Алты Алаштың әлем алдында бетке ұстар ірі тұлғаларының бірі еді. Әбекең өзінің қаламгерлік дарынын ешқашан қоғамның тыныс-тіршілігінен бөлек қойып көрмеп еді. Шығармаларының көпшілігін жауапты  және жоғары мемлекеттік қызмет лауазымдарын қатар алып жүріп жазды Оның есімі мен шығармалары әрдайым туған халқымен бірге жасай береді...» (желтоқсан, 2015 жыл)

Дереккөздер: 
Казахстанская правда 
Новое ТВ 
Zakon.kz 
Ж. Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасы  
Бельгер Г.К. Вблизи и рядом : литературные портреты на фоне дневниковых записей / Г. К. Бельгер. - Алматы : Жибек жолы, 2014. - 400 б.
Джуанышбеков, Н. Абиш Кекильбаев : очерк жизни и творчества / Н. Джуанышбеков. - Алматы : Искандер, 2004. - 72 б. - (Жазушының шығармашылық портреті).

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу