Нұрсұлтан Назарбаевтың «Менің өмірім. Бодандықтан – бостандыққа» атты кітабы – қазақ халқының ғасырлар бойы тәуелсіздікке ұмтылған арманын жүзеге асырған қазіргі Қазақстанның негізін қалаушының естеліктері. Бұрынғы президент өзінің жастық шағын, Кеңес дәуіріндегі және егеменді Қазақстан кезеңіндегі саяси қызметін және биліктің мұрагеріне ауысуын еске алады. Ол жеке өзі қатысқан тарихи оқиғаларды егжей-тегжейлі баяндайды. Бұл мемлекеттің жойылуы мен құрылуы, көпұлтты елде тәуелсіз саясат жүргізу және оның бірлігін сақтау туралы шынайы әңгіме. Автор билікті кім және не үшін алатынын және миллиондаған адамдардың тағдыры үшін жауапты екенін түсіндіреді. Сонымен қатар, ол алғаш рет отбасылық өмірінің қыр-сырын ашық айтады.
В. С. Черномырдин маған телефон соққанда кабинетімде Әбіш Кекілбаев отырған еді. Ол кезде мемлекеттік кеңесші қызметінде. Әңгіменің ауанын байқап, бетіме таңырқай қарады. Мен де бір сәт үнсіз қалдым. Қайтпек керек? Алдымен Дәулет Сембаевқа хабарлас- тым. «Бәрі бітті. Рубль аймағы енді жоқ» деп, телефонды орнына қойдым. Әп-сәтте-ақ бойымды жинап алып, «Әй, өздеріңе жақсы болса, солай-ақ болсын. Ендеше, бізге керегі де сол!» дедім де, қо- лымды бір сілтеп, орнымнан тұрып кеттім. Алдын ала дайындық жасағанымыздың дұрыс екені тағы да анықталды.
Кішкене шегініс жасайын. Қазір біз ортақ нарық, елдеріміздің жақын ықпалдасуы туралы айтып жатамыз. Мұндай ықпалдасудың түпкілікті шешімі — эквивалентті немесе ортақ валюта. Кезінде біз бір-бірімізбен келіскенімізде ол валютаның дүниеге келетін уақыты жақындай түсер еді. Бірақ ол уақыт басқа. Әркім өз елінің тәуел- сіздігін ойлауға тиіс еді. Ресей бізден бөлектенсе, жағдайы жақсара қалатындай көрді. Ал егемен республикалар «үлкен ағатайға» сен- беген күйінде тұрды.
Ал сол тұста жас Қазақстанның алдында екі айырық жол жатты: біртұтас рубль аймағының қандай болатынын күтіп, көршіге көз сүзіп қарап отыру, сөйтіп көршінің кепілі күйінде қала беру немесе рубльдік «сыбайластықтан» құтылудың батыл қадамын жасау, төл валютасын енгізіп, өз болашағы үшін барша жауапкершілікті өз мойнына алу.
Бұл қиын таңдау еді. Ауыр шешім еді. Айналысқа түскен валю- таның орнықтылығын нықтау деген бір нәрсе. Ал қаржы жүйесін жаңадан құру деген тіпті басқа нәрсе. Ол кезде мемлекетте тиісті қаржы институттары қалыптаспаған еді, қаржы тетіктері болмады, білікті кадрлар жетіспеді. Тиісті институттарды — Қаржы министрлігін, Салық комитетін, Кеден комитетін, Ұлттық Банкті тез арада жаңаша құру қажет еді. Бюджетті өз бетімізше жоспарлауды үйре- ну керек еді. Оның үстіне нарықтық қатынастарға бейімделген төл заңнамамыз да жоқ. Экономикалық проблемаларды шешу жөнінде түбегейлі қадамдарды, міне, осындай жағдайда жасауға тура келген. 1992 жылдың көктемінде жаңа валютаның дизайнын жасату мақ- сатымен шығармашылық топ та құрылды. Бұл іс құпия ұсталды. Жағдайдың төтендігі, жұмыстың жаңа сипаты шығармашылық топ құрамына кірген бітімі бөлек тұлғалардың тарихи сәттің жауапкер- шілігі мен маңыздылығын сезінуіне әсер етті. Суретшілер Меңдібай Әлин, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Әбжәлелов, дизайнер Ти- мур Сүлейменов банкноттар мен шақа ақшалардың төрт нұсқасын әзірледі. Барлық нұсқалар керемет әзірленді, кәсіби деңгейі де, төл- тумалық сипаты да тамаша шықты. Ұзақ талқылаудан кейін біздің халқымыз үшін, қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуы үшін көп іс тындырған атақты да тарихи тұлғалар бейнеленген нұсқаны таңдап алдық. О баста 1 теңгелікте әл-Фараби, 3 теңгелікте Сүйінбай, 5 тең- гелікте Құрманғазы, 10 теңгелікте Шоқан, 20 теңгелікте Абай, 50 теңгелікте Әбілқайыр, 100 теңгелікте Абылай хан бейнелері салынды. Әуелде суретшілер бірінші президенттің, яғни менің бейнем са- лынған банкноттарды да ұсынды. Банкноттарда менің портретім са- лынғанына байланысты мынандай жағдай есіме түсіп тұр. Е. Асанбаев, Т. Сүлейменов пен Ғ. Байназаров маған құны 50 теңгелік ақшаны көр- сетуге алып келіпті, бетіне менің бейнем салынған. Вице-президент Ерік Асанбаев былай деді: «Сіз, Нұрсұлтан Әбішұлы, тарихи тұлғасыз, өйткені еркін Қазақстанның Тұңғыш Президентісіз. Сондықтан біз теңгеге сіздің де портретіңізді салуды ұсынбақшымыз». Бұл сөзге мен
«Іс басында отырған Президент ретінде менің портретім банкнотта бейнеленгенін қаламас едім» дедім. Бәріміз жаңағы ұсынысқа бір күлісіп алдық та, ол нұсқадан бас тарттық.
Біздің тобымыз жұмыс істеп жатқан қала сыртындағы саяжайға мен күн сайын кештетіп барып тұратынмын. Ақшаны қалай атай- мыз деген төңіректе біраз талас болды. «Сом» деп те, «ақша» деп те, «теңге» деп те атау ұсынылды. Маған «алтын» деген атау көбірек ұнайтын. Ақыр аяғында «теңгеге» тоқтадық, бұл атау орта ғасырлар тарихынан алынған, ол кезде Қыпшақ даласында осылай аталған шақа ақша айналымда жүрген. Әрі «деньги» мен «теңге» сөздерінің түбірі бір. «Деньги» — түркизм.
Дегенмен, басты мәселе басқа еді. Ол кезде Қазақстанның өз банк- нот фабрикасы жоқ, ақшаның бәрі Мәскеуден тасылады. Мамандар- мен ақылдаса келіп, осынау ерекше тапсырысты Еуропадағы елдердің біріне берген жөн деп шештік. Біздің таңдауымыз бұл салада аса мол тәжірибе жинақтаған ағылшынның «Харрисон және ұлдары», «Томас Де ля Ру» компанияларына түсті. Банкноттардың сапасы, келісім- шарттың қаржылық жағы және құпияны берік сақтайтыны ұнады. Қазақстанның тапсырысты шетелге беруден басқа амалы қалмады. Уақыт біздің қателеспегенімізді, дұрыс жолға түскенімізді көрсетті. Жеті миллион долларға (бұл валютаны басып шығаруға берілген төлем) тапсырылған көлемі дайындалған соң банкноттар республи- каға жасырын жағдайда жеткізілді. Төрт «ИЛ-76» ұшағы Лондоннан Оралға, одан облыстарға әрлі-берлі рейстер жасап тұрды. Тимур Сүлейменов кейін маған ұшақтағы тау-тау болып үйілген ақшаның арасындағы саңылауда жататынын айтқаны бар… Тиісті құжаттарға
«Мемлекет басшысының салынып жатқан резиденциясына керекті мүлік» деп толтырдық. Ақшаны облыс орталықтарынан барлық ау- дандарға, сондағы банк бөлімшелеріне жеткізу өте жедел әрі мұқият жүргізілді. Тегінде, дүниежүзінде жаңа ақшаны дәл осылайша тез әрі табысты енгізген басқа ел жоқ та шығар.
Орасан мәнді жаңалықты бүкіл ел жаңа ақшаға көшуге іс жүзін- де екі тәулік қалғанда ғана естіді. 15 қараша күнгі таңғы сағат 8-ден бастап теңге енгізілді. Оған дейін осы шаруаның бірде-бір сыбысы естілмегені соншалықты сүйсінтеді. Осының өзі біздің азаматтары- мыздың елдік сана деңгейіне көтерілгенін келісті көрсететін жай. Әйтпесе, мен ұлттық валютаның идеясын айтқаннан бастап, оның тұжырымдамасын ойластыруға, дизайнын жасауға, бастыратын елді ақылдасуға, олармен шарт жасасуға, құнын төлеуге, бәлен ұшақпен жасырын түрде Қазақстанға тасып әкелуге аз ғана топ қатысты де- геннің өзінде, елге жеткізілген ақшаны облыс орталықтарына, одан аудан орталықтарына тасымалдаған, айырбас басталатын сағатқа дейін сақтаған, күзеткен адамдардың саны онша аз болмағаны анық. Солардың біреуінің болмаса біреуінен мемлекеттік құпияға қатысты бір сыбыс шыққанның өзінде жағдай кәдімгідей қиындап қалуы әбден мүмкін еді. Жобаға қатысты азаматтардың бәрі мұндай оқиға ел тарихында бір-ақ рет болатынын айқын сезінді, жоғары жауап- кершілік танытты. Бұл операция Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бақылауымен жүзеге асырылды. Мен құпияны ашып қойған адам бірден қызметінен босатылып, сотқа берілетінін басын ашып айттым. Мұның саяси маңызы бөлекше.
1993 жылғы қыркүйекте Ресей мен ТМД-ның басқа бес елінің ара- сында жаңа рубль аймағын құру қажеттігі жөнінде келісімге қол қойылды. Бұл құжат жай ғана нысаншылдық еді, Ресейдің бұл ай- маққа ешкімді де қосқысы келмейтіні сол кездің өзінде-ақ белгілі. Біздің өкілдеріміздің алдына атымен қабылдауға келмейтін шарттар қойған кезде бұл тіпті айқындала түсті.
Бір ай өткен соң, 1993 жылдың қарашасында мен өзімнің Жар- лығыммен Ұлттық валютаны енгізу жөніндегі ресми үкімет комиссия- сының құрамын анықтадым. Премьер-министр Сергей Терещенко басқаратын ол комиссия күн сайын дерлік отырыс өткізіп жүрді. Комиссияның құрамына премьер-министрдің бірінші орынбаса- ры Д. Сембаев, қаржы министрі Е. Дербісов, экономика министрі Б. Ізтілеуов, Ұлттық Банк төрағасы Ғ. Байназаров, Парламент коми- тетінің төрағасы С. Тәкежанов кірді. Комиссияға валютаны енгізу жөніндегі бүкіл іс-шаралар кешеніне жауаптылық жүктелді, өте кең өкілеттіктер берілді. Комиссия мүшелері лауазымдарының осыншама биіктігі бұл мәселенің еліміз үшін қандайлық өткір екенін көрсетіп тұр. Оған қоса, Д. Сембаев басқарған жұмыс тобы құрылды. Қанша қағаз ақша керек және қандайлары керек деген сауалға жауап беру үшін күрделі математикалық есеп жүргізілді. Комиссия мүшелерінің шетелдік сарапшылармен сабағат алмасқан кезінде ағылшын эконо- мисі доктор Пейн бірден-ақ бізге кешегі Одақ кезінде көз үйренген
«жиырмабестіктер» емес, жиырма теңгелік керек дегенді айтты. Оның есебі бойынша, алғашқы бетте ақшаның негізгі бөлігі айналымға кетуі керек. Мұнан соң, сегіз айдың ішінде қағаз ақшаның тозаты- нын ескере келіп, ол жалбыраған банкноттарды алмастыру үшін қанша ақша қажет болатынын есептеп берді. Кейін біз іс жүзінде оның болжамдары барлық өлшемдер бойынша — әр номиналдың саны бойынша да, қолма-қол ақшаның жалпы көлемі бойынша да, инфляция бойынша да ақталғанына көз жеткіздік.
Комиссияның және жұмыс тобының мүшелері валютаның ен- гізілуінің ғана емес, оның қызмет етуінің де принциптері мен жағдай- ларын анықтауға, мемлекеттің ақша-несие саясатын өз бетімізше жүзеге асырудың негіздерін белгілеуге тиіс еді. Әртүрлі нұсқалар қарастырылды. Бір нұсқада Қазақстан рублінің номиналы 5, 10 және 50 мың рубльдік үш банкнотын енгізу, оларды Ресейде жасату көз- делді. Екінші нұсқада ең жоғары үш номиналды банкноттарды Ре- сейде жасату, одан кейін жағдай тұрақталғанша 1–2 жылға аралық ұлттық валютаны енгізу, нағыз ұлттық валютаны одан кейін енгізу көзделді. Үшінші нұсқа ұлттық валютаны рубльмен қатарластыра ен- гізуді қарастырды. Соңғы нұсқа — теңгені тікелей енгізу. Біз алғашқы үш нұсқаны жарамсыз деп тауып, қабылдамай тастадық. Алдымен аралық валютаны, одан кейін түпкілікті валютаны енгізу арқылы халықты қайта-қайта қинай беруге болмайтын еді. Сондықтан да талқылай-талқылай келіп, жұмыс тобы оның барлық кемшіліктері мен артықшылықтарын пайымдаған кезде соңғы нұсқаны жақтап бірауыздан дауыс берді.
Артықшылықтардың басы ашық. Республика тәуелсіз ақша-несие саясатын жүргізуді бірден-ақ бастап кете алады. Жаңа банкноттардың бірнеше қорғалу деңгейі бар екені оны жалған жолмен жасап алу мүмкіндігін азайтады. Ұлттық валютаны тікелей енгізу халықтың ақ- шасын бір рет ауыстыртады, оның үстіне 1990 жылдың желтоқсанында номиналдары 50 және 100 рубльдік банкноттарды ауыстыру кезінде қандай аласапыран басталғанын жұрт ұмыта қойған жоқ еді. Ақшаны қалай ауыстыртатынымызды, бағамды қалай белгілейтінімізді, валю- таны енгізген кезде сыртқы әріптестермен қарым-қатынасымызды қалай құратынымызды анықтау қажет болатын.
Валютаны енгізудің кемшіліктері де жоқ емес. Техникалық мәсе- лелердің барлығы, әсіресе шақаның қалай қолданылатыны әлі толық пысықталмаған еді. Әуел беттен-ақ монета соғу мәселесінде қиындық туды. Өскеменде салынып жатқан монета сарайы монетаның керекті мөлшерін жылдың аяғына дейін соғып үлгермейтін еді. Сондықтан жұмыс тобы аралық шара ретінде әуелі қағаз тиындар басу, содан соң, монета сарайы дайын болған кезде айналымға шақа ақшаны енгізу жөнінде шешім қабылдады.
Бұл шешім тұрғындардың жаңа валютаға психологиялық тұрғы- дан дайын еместігімен, адамдардың теңгені енгізуге тосырқай қара- уының нақты қаупі бар екендігімен де байланысты. Жаңа валютаны қолдау үшін жүргізілетін қатаң ақша-кредит саясаты тұрғындардың, депутаттардың арасынан жаңа валютаға қарсыларды да шығарады деп оп-оңай болжай алар едік. Қысқа кезең ішінде ақша-кредит, салық, бюджет, кеден және сыртқы сауда саясаттарының саласында іс-шаралардың тұтас кешенін әзірлеу талап етілді, өйткені бір-ақ рет әрекет жасауға болатын, ал уақыт өте аз қалған-ды.
1993 жылғы 5 қарашада мен «Ақша жүйесін тұрақтандыру жөнін- дегі шұғыл шаралар туралы» Жарлыққа қол қойдым, онда ұлттық валютаны енгізудің алдындағы қажетті қадамдар айқындалды. Бұл шараның енгізілуі кеңес рубльдерінің айналымнан шығып қалған банкноттарын Қазақстан аумағына заңсыз алып келу көлемінің қатты өсіп кеткеніне байланысты еді, сырттан келген заңсыз ақша республи- каның қаржы жүйесін ыдыратып, онсыз да бас білдірмей бара жатқан инфляцияны жеделдетіп, тұрғындардың әл-ауқатын нашарлата түсетін. Мемлекет пен халықтың экономикалық мүдделерін қорғау үшін банктерге жеке және заңды тұлғалардан 1961–1992 жылдар аралығындағы банкноттар бойынша қолма-қол ақшаны арнаулы шоттарға салу, Қазақстанның Ұлттық Банкінің қосымша нұсқауы түскенше оларды жұмсауға құқы болмайтыны жайында жазбаша өкім жіберілді.
Бұл кезде мен қажетті дайындық іс-шаралары түгелдей аяқталды, банк жүйесі ұлттық валютаны енгізуге әзір деген Мемлекеттік ко- миссия мүшелерінің барлығы қол қойған қорытындыны алған едім. Мен саяси шешім қабылдап, валютаның енгізілетін күнін бел- гілеуім керек болды. Ол күнді 1993 жылғы 15 қараша деп белгіледік. 12 қарашада мен «Қазақстан Республикасының Ұлттық валютасын енгізу туралы» Жарлыққа қол қойдым, ол 13 қарашада жарияланды. Мұнан көп бұрын өз валютасын енгізетіні жөнінде Қазақстан көрші мемлекеттерді ашық та адал ескертті. Ол елдердің алғашқыларының бірі Өзбекстан еді. Көршілес мемлекет те рубль аймағында біздегідей проблемалармен бетпе-бет келіп жатқан болатын, оның үстіне бұл ел маңызды әріптесіміз, экономикалық байланыстарымыз да тығыз. Мен президент И. Каримовпен ұлттық валюталарды келісім бойын- ша, бір күнде, бір сағатта енгіземіз, бір-бірімізге зиян келтірмейміз деп алдын ала уағдаластым. Дәл солай жасадық та. Өзбекстан өзінің «сумын» 1993 жылғы 15 қарашада енгізді.
Жадымнан шықпас жұманың сол күнінде мен қатты толқыдым. Қазақстанның барлық азаматтарын қазақстандық мемлекеттілікті орнату жолында қолға алған ең батыл әрі түбегейлі қадам жөнінде хабардар ету керек еді. Халық бұған қалай қарар екен? Осындай тө- тенше шараның қажеттілігін түсіне ме, мұны дұрыс қабылдай ма? 12 қараша күні кешке мен теледидар арқылы ел халқына сөз арнадым, Қазақстанның тарихында тұңғыш рет ұлттық валюта — теңге енгізілетінін хабарладым.
Өз сөзімде мен мынандай төрт мәселеге назар аудардым:
Бірінші. Ресей рубль аймағынан өзі шықты, 26 шілдеден бастап біздің валюталық жүйелеріміз бөлініп кетті, бізді жаңа рубль ай- мағына өткізбей жатыр, сондықтан да бұл қадам — мәжбүр қадам. Екінші. Ұлттық валютаның енгізілуі Ресеймен және ТМД елдерімен шаруашылық және басқа байланыстар үзіледі дегенді білдірмейді.
Үшінші. Бұл қадам республиканың экономикалық егемендігін нығайту және тәуелсіз қаржылық саясат жүргізу үшін қажет.
Төртінші. Республика қолма-қол ақшаның жетіспеуінен қатты қиындық көруде, бұл қадам — халықты қолма-қол ақшамен қамта- масыз етудің жалғыз жолы.
1993 жылғы 15 қарашада 08.00 сағаттан бастап Қазақстан аумағында ұлттық валюта — теңге енгізілді.
Ол кезге дейін жаңа валютаның банкноттары мен монеталары республиканың облыстары мен аудандарына жеткізілген. Бұрынғы Одақтағы ақша реформаларының тәжірибесі ақша айырбастау тек
екінші деңгейдегі банктерде ғана өтпеуі керектігін, бұл іске пошта бөлімшелері, жұмысшылары көп кәсіпорындар косылуға тиісті- гін көрсетеді. Теңгенің айырбас басталған бірінші күннен-ақ заңды төлем құралы болуға тиіс. Рубль ақша айырбастауға деп белгілен- ген бес күннің бойында заңды төлем құралы ретінде қатар жүрді. Бұл үшін рубльдің сол күндерде қаптап жұмсалуы мен тауарларды шетінен сатып ала берудің алдын алу шараларын жүргізу керек. Ұлттық валютаны қамтамасыз етудің жайы да ойластырылды, ол төрт қайнардан — Ұлттық банктің алтынвалюта резервтері, республикалық валюта қоры, сыртқы тұрақтандырушылық қор (егер ол халықаралық ұйымдар тарапынан берілсе) және төлем балансының оң сальдосы шығуы мүмкін деп қарастырылды. Мұнан кейінгі басты міндет экспорт көлемін көбейту мен экспорттан валюталық түсімге тәртіп орнату болды.
Кейіннен теңгенің еркін айырбасталуын қамтамасыз ету жағда- йына қол жетті. Бұл жай Халықаралық валюта қоры Келісімінің VIII бабының шартына қосылу арқылы белгіленді. Осылайша Қа- зақстан қандай да бір валюта шектеуін енгізбеуге, қатарласпа валю- та бағамдарын қолданбауға, VIII баптың талабына қайшы келетін екіжақты төлем келісімдерін жасаспауға немесе төлем балансына байланысты себептер бойынша импортқа шектеу енгізуге міндеттенді. Бұған дейінгі біздің күш-жігеріміз негізінен экономикалық пробле- маларды шешуге жұмылдырылды, ал өзіміздің ұлттық валютамызды енгізгеннен кейін олар мүлдем жаңа мәнге ие болды. Экономикалық қана емес, саяси жағынан да ірі осынау әрекет Қазақстан қоғамының өміріндегі көптеген құбылыстарға жаңаша қарауды, мемлекеттік әрі таза адами мүдделерді де ескере отырып, басталған реформаларды сапалық жаңа ұстанымдар тұрғысынан тереңдетуді қамтамасыз ету үшін бағытымызды қайтадан ой елегінен өткізіп, белгілі бір түзетулер енгізуді талап етті. Төл валютамызды енгізу жағдайындағы халықтың күрделі экономикалық ахуалға біртіндеп бой үйретуі мақсатымен біз ақша құнсыздануының жаңадан шиыршық атуын болдырмау үшін аса маңызды тауарлар мен қызметтердің бағасын уақытша реттеуге
шешім алдық.
Ұлттық валюта тәуелсіздіктің өзіндік бір символына айналды. Теңгені енгізу өте ауыр экономикалық ахуалда жүргізілді. Ол жылы гиперинфляцияның деңгейі 2 500 пайызға жетіп, ішкі жалпы өнімнің көлемі алдындағы 1992 жылмен салыстырғанда 40 пайызға төмендеп кетіп, өндіріс көлемінің құлдырауы 9,2 пайызға барған еді. 1 доллардың құны 990 рубльге теңескен болатын. Әлеуметтік және
қаржылық коллапстың қатері айқын көрініп тұрды. Сондықтан да ұлттық валютаны енгізу тұтыну нарығын, сол арқылы ел экономи- касын, тұрғындардың әл-ауқатын экономикалық апаттан құтқарып қалу жолындағы қадам деп қаралуы тиіс.
Жалпы, 1993 жыл ел тарихына дербес экономикалық саясат жүргізудің бастауы ретінде енді.
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу