Нұрсұлтан Назарбаевтың «Менің өмірім. Бодандықтан – бостандыққа» атты кітабы – қазақ халқының ғасырлар бойы тәуелсіздікке ұмтылған арманын жүзеге асырған қазіргі Қазақстанның негізін қалаушының естеліктері. Бұрынғы президент өзінің жастық шағын, Кеңес дәуіріндегі және егеменді Қазақстан кезеңіндегі саяси қызметін және биліктің мұрагеріне ауысуын еске алады. Ол жеке өзі қатысқан тарихи оқиғаларды егжей-тегжейлі баяндайды. Бұл мемлекеттің жойылуы мен құрылуы, көпұлтты елде тәуелсіз саясат жүргізу және оның бірлігін сақтау туралы шынайы әңгіме. Автор билікті кім және не үшін алатынын және миллиондаған адамдардың тағдыры үшін жауапты екенін түсіндіреді. Сонымен қатар, ол алғаш рет отбасылық өмірінің қыр-сырын ашық айтады.
Одақ ыдырауға бет алып, КСРО құрамындағы республикалар бірінен кейін бірі мемлекеттік тәуелсіздігін жарыса жариялап жатқан сол 1991 жылдағы біздің жағдайды «қолайлы» деудің өзі даулы да сияқты. Қазақстан халқының ерікті егемен ұлт ретінде өзінің ең қиын, бірақ соншама маңызды қадамын жасауы оңайға түскен жоқ.
Неге? Неліктен Қазақстан өз тәуелсіздігін өзімен қатар 15 респуб- ликаның соңғысы болып жариялады? Ол жылы маған да, билік басын- дағы азаматтардың бәріне де жан-жақтан «Неге кешігіп жатырмыз? Өзге жұрттан неге қалып қойдық? Тәуелсіз ел болатын ойымыз бар ма өзі?» деген сияқты сұрақтардың бораған қардай жауғанын айтпасам да түсінікті.
Себеп көп. Себептердің себебі — мынау.
Одақтың тарауы — бұрынғы КСРО кеңістігіндегі миллиондаған адамдар үшін аса ауыр драма. Ортақ отан ұғымы соңғы жетпіс жыл- дан астам уақытта санадан өтіп, сүйекке сіңуге айналған ол кезеңде аяқастынан бөлек елдің азаматы бола қалу, өзінің жетпіс жеті атасы ғұмыр кешкен тарихи отанынан әп-сәтте сырттай салу тағдырдың жазуымен әр заманда не ата-бабасы, не өзі қазақ жеріне келген аға- йындарымызға оңайға түспегенін түсіну үшін көп ақылдың керегі жоқ. Бұл, бері қойғанда, жанға қатты бататын эмоциялық стресс еді. Жүректі жегідей жеп, жүйкені жұқартатын сол жағдайды миллион- даған қазақстандықтар да бастан кешті. Сол сынаққа шыдас берген отандастарыма шексіз ризамын.
Қазақстандықтар демекші…
Тоқсаныншы жылдардың басында ел тұрғындарының шамамен жартысы өздерінің болашақ тағдырын осы республикамен байла- ныстырмайтын. Гәп жекелеген дауыстардың этникалық орыстар- дың арасына үрей ұрығын себуінде, Солженицыннің қазақ жерінің теріскей облыстарын Ресейге қосуға шақыруында, ол аз болғандай, Горбачевтің қызметтен кетіп бара жатып, Қазақстанның «даулы бес облысының жері» жөнінде әңгіме бықсытқанында, осындай экстре- мистік дауыстар тиісінше қазақ жағынан да естіліп, тіпті кейбір парламент депутаттары саяси құқықтарды тек қазақтарға беру ту- ралы ережені Конституцияға енгізуді ұсынғанында да емес. Әрине, бұлардың бәрі алаңдатты. Соның алдында ғана Сергей Терещенконы премьер-министр қызметіне тағайындаған менің мұндай жалған пат- риоттарға батыл тойтарыс беруіме тура келді. Ол депутаттарға біз халықты ұлттық ерекшелігі бойынша бөлмейтін, қайта біріктіретін Конституция әзірлейтінімізді ескерттім. Айтқандай, бұл мәселе, яғни республика тұрғындарының азаматтық бірегейлігі көптеген жылдар бойы біздің басымызды қатырып келді. Тоқсаныншы жылдардың ортасына барғанда ғана ел тұрғындарының үштен екі бөлігі өздерін республика азаматы санауға айналды. 1998 жылғы мәлімет бойын- ша, тұрғындардың 85 пайызы Қазақстанды өз Отаны деп білді және өзінің келешек тағдырын Қазақстанның болашағымен байланыстыр- ды. Иә, тәуелсіздік жарияланғаннан кейін жеті жыл өткенде де, әр жүз адамның он бесі өзін әлі осы елдің азаматы санай қоймайтын. Бұл проблеманы біз түптің түбінде шеше алдық. Миллиондаған адамдардың санасындағы осы ғаламат алға басушылық — ұлттық- мемлекеттік құрылыстың басты міндеті шешілгенінің ең маңызды кепілі, өйткені тұрғындар өз тағдырын ел тағдырымен сәйкестен- діргенде ғана ол мемлекетті шын мәнінде қалыптасты деп санаудың реті бар. Тәуелсіздік қолға тиісімен — 20 желтоқсанда қабылданған алғашқы заңдардың бірі «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» заң болғаны да сондықтан. Ондай заңның қабылдануы еге- мен елдің міндетті белгілері қатарына жатады. Азаматтық адамның нақты бір мемлекетке саяси және құқықтық қатысын білдіре отырып, тұлғаның мемлекетпен байланысын да орнатады. Азаматтық беру арқылы мемлекет адамның заңды құқыларын қамтамасыз етуге міндеттенеді, азаматтық алу арқылы адам сол мемлекеттің заңдарын сақтауға тиіс екенін қуаттайды.
Қысқасы, ол кездегі мәселенің мәселесі республика халқының не- гізгі бөлігінің ел ертеңіне сенбеуінде еді. Олардың талайының тәуел- сіздік қазақтарға ғана керек, қазақтар тәуелсіздік алып, өз мемлекетін құратын болды деп қана санауында еді. Ең үлкен қауіп осы.
Бұл қауіп көп ұзамай расталды да.
Тәуелсіздік табалдырығында біздің еншімізге жантәсілім етуге жуық экономиканың жұрнағы тиді, алайда соның өзін де игеру мен зерделеу керек еді, өйткені республика бұрын өз әлеуетінің үлкен бөлігін басқарып көрмеген.
Біздің қолымызға өлшемдері тұрғысынан жаңа Қазақстанның мүддесіне сай келмейтін теміржол, автомобиль жолдары, энергия жүйелері мен құбыр желілері тиді.
Біздің қолымызға әлемдік қалыптарға мүлде маңайламайтын толып жатқан кәсіпорындар мен жабдықтар тиді.
Біздің қолымызға ахуалы мүшкіл ауылдары мен селолары қаптап жатқан экстенсивті ауыл шаруашылығы тиді.
Біздің қолымызда жаңа жағдайдағы Конституция да, елдіктің нышандары мен рәміздері де болған жоқ.
Біздің бүкіл заңнамамыз басқа идеологияға, басқа қоғамға, басқа мақсаттарға лайықталған еді.
Алайда сол жылдары жаңа жағдайда не істеу қажет екенін білетін адамдар бәрінен де қат болды. Біз ескіше өмір сүре алмайтынымыз- ды түсіндік, дегенмен, өзімізге не керек екенін, нені қалай істеуіміз керек екенін білмей дағдардық.
Бәрін де іс жүзінде тақыр жерден бастамасқа амалымыз қалмады. Дегенмен, бәрінен де бұрын басты бағытты таңдап алу қажеттігі туды.
Мен дәл осылай болатынын білдім. Болжадым демеймін. Білдім деймін.
Жарты ғасырлық ғұмыр жолым (тәуелсіздік таңы атқанда елу бірге толып едім), жастайдан жұмысшы ортасында өскен өмір мектебім, ел басқарған тәжірибем сол тұстағы ең ерекше міндет, ең басты мақсат халықтың басын біріктіру, ортақ мұратқа жұмылдыру екенін айтып тұрды. Сондықтан да басқа республикалар апта аралатып тәуелсіздік тойын тойлап жатқанда мен Қазақстанның қиыр-қиырын шарлаумен, сан түрлі ұжымдармен, алуан-алуан ұлттар өкілдерімен кездесумен жүрдім. Қазақстанда Менделеев кестесіндегі элементтердің бәрі дер- лік бізден табылатынын, тек оларды көзін тауып өндіре алсақ, өңдей алсақ, базарын тауып сата алсақ, ең бастысы — осы қыруар қазынаға өзіміз иелік ете алсақ, дәулетіміз артып, сәулетіміз асатынын айтумен болдым. Бара-бара біраз жұрттың беті бері бұрылды. Тәуелсіздік қолға тисе, бұл байлықтың қызығын барша қазақстандықтар бірге көретініне, яғни тәуелсіздік тек қазақтарға керек еместігіне көздері жете бастады.
Кеңес Одағының ыдырай бастауына байланысты туған күрделі құбылыстар бірте-бірте республика Президентін Парламенттің сайлауы жартыкеш, белгілі бір дәрежеде уақытша шешім екеніне көзімізді жеткізді. Президенттік мандатты депутаттардың қолынан алу бір басқа да, оны бүкіл халықтың қолынан алу бір басқа екені анық еді. Оның үстіне сол тұста президенттік билік пен сайланбалы биліктің арасында кейбір қайшылықтар пайда болып, олар барған сайын тереңдей де түскен-ді. Президенттен бастап, оның облыстағы, аудандағы, қаладағы, ауылдағы өкіліне дейінгі аралықты нақпа-нақ қамтитын атқарушы биліктің көлбеу құрылымы қажеттігі айқын көрінді. Сондықтан да республика Президентін бүкіл халық және тікелей сайлауы керектігі жөнінде әңгімелер заңды түрде шыға берді. Өйткені адамдар халықтың толық, сөзсіз сенімін иеленген Президент, ол тағайындайтын Үкімет қана экономиканы дағдарыстан шығара алады деп санады. Мен Парламент депутаттары егер бұл мәселе пісіп-жетілді деген тоқтамға келсе, егер бүкілхалықтық тікелей сайлау экономика мен саясаттағы белгіленген шараларды жақсырақ жүзеге асыруға септесетін болса, онда бұл шешімді қолдайтынымды айттым. Бірте-бірте қоғамдық пікір ел президентін бүкіл халықтың сайла- уы идеясын қолдауға бейімделе берді. Оқиғалардың ой қисыны да осыған алып келе жатыр еді.
Қазақстан Президентін сайлау 1991 жылғы 1 желтоқсанға белгіленді. Мен сайлауға түсетінімді мәлімдедім.
Жержердегі сайлауалды кездесулерде өзімнің бағдарламамды баяндаумен қатар, ел алдында тұрған мәселелердің түйінін тарқа- ту бүкіл халықтың жұмылуын қажет ететінін айтатынмын. Былай дейтінмін: «Егер біз өз Отанымыздың нағыз патриоты болсақ, егер дағдарыстан шығуға шынымен мүдделілік танытып, сол арқылы халқымыздың лайықты өмір сүруін қаласақ, біз осы қиындықтарға қасқая қарсы тұрып, оларға шыдас беруге тиіспіз. Осыдан 50 жыл бұрын, нацистік Германияға қарсы соғыс кезінде Ұлыбританияның Премьер-министрі Уинстон Черчилль өзінің халқына арнаған сөзін- де былай деген: «Бұл бәрімізден құрбандықты талап ететін ауыр да қиын соғыс болмақ, бірақ бізде басқа таңдау жоқ». Ол соғыста жеңіске жету үшін ауыртпалық пен қайғы-қасіреттен өтуге тура келетінін халқынан жасырғысы келмеді. Қазақстан саяси тәуелсіздік- ке ие болды. Бірақ енді біз өзіміздің экономикалық дербестігіміз үшін күрес жүргізуге тиіспіз. Сондықтан мен бүкпесіз айтайын: Қазақстанның әрбір азаматынан, бірінші кезекте біз бен сізден елеулі күш-жігер жұмсау қажет етіледі». Сонымен қатар, кездесулерде мен Қазақстан Президенттігіне бүкіл халық атынан сайланған жағдайда барша ұлт өкілдерінің тең құқылығын қамтамасыз етемін, ешкімді де ұлты, тілі, діні жөнінен кемсітушілікке жол берілмейді дегенді де дәйім атап айтып, қадап көрсетіп отыратынмын. 1991 жылдың 1 қарашасында Лондонда «Reuters» агенттігіне берген сұхбатымда:
«Қазақстанның қазіргі басшылығының саясаты сияқты, менің сая- сатым да елді ортағасырлық ұлтшылдық заманына сүйрелеуге негіз- делмейді. Біз адам құқы құрмет тұтылатын осы заманғы өркениетті мемлекет құрмақшымыз. Шекаралық соғыстарға немесе әртүрлі ұлттар, халықтар өкілдерінің арасындағы қақтығысқа жол бермеу үшін мен қолымнан келгеннің бәрін де жасаймын» дегенмін. КСРО- ны біржолата басып қалған экономиканың құлдырауы, қаржы дағдарысы, ұлтаралық қақтығыстар жағдайында Қазақстандағы қоғамдық-саяси ахуалды тұрақсыздандырудың алдын алу өте маңыз- ды еді. Нарықтық қатынастарға көшуге байланысты туындаған қиын әлеуметтік-экономикалық проблемаларды қалыпты жағдайда шешу үшін тек қоғамдық келісім мен азаматтық жауапкершілік қажет-тін. Сайлауалды бағдарламамды таныстыра жүріп, еш жерде де өй- темін де бүйтемін, бәрін ретке келтіремін, бәріңді ырысқа кенелтемін деген емеспін. Кездесулердің барысында қойылған неше түрлі, тіпті ыңғайсыз сұрақтарға да айнала шаппай, нақты жауап беруге, болатынды болады, болмайтынды болмайды деуге тырыстым.
Әрине, жұрттың бәрі де алда тек президент сайлауы тұрмағанын, бүкілхалықтық сенім мандатын алған адамның одан кейін ел тәуел- сіздігін жариялауға күш салатынын біліп отырды. Сондықтан мұны да жасырмай айттық: «Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздік алуы біздің барлығымызға аса зор және ешқандай теңдесі жоқ жауапкер- шілік жүктейді. Үш жүз жылға жуық уақыттан бері тұңғыш рет им- периялық және тоталитарлық құрылымдар тарапынан нұсқаусыз-ақ қалай өмір сүруіміз керектігін өзіміз айқындайтын боламыз. Бірақ бостандықтан масайрау сезімі өзінің шешілуі үшін күн сайынғы қажырлы еңбекті талап ететін қыруар проблемалардың жиынтығын бүркемелемеуі керек. Өйткені іс-әрекет бостандығы өзінен-өзі елді тойындырып, киіндірмейді, адамша дұрыс өмір сүруге қажетті қара- жатты да бермейді. Мұны енді тек өзіміз қамдауға тиіспіз. Өзімізден басқа ешкім де бізге көмектеспейді, тек өз күшімізге сенуіміз керек. Кеңес өкіметінің тұсында республика дотацияда отырғанын еске алайықшы. Демек, жетіспейтін қаржыны қазір бізге ешкім зерлі табаққа салып әкеліп бермейді. Ал енді жаңа шығындар да қосылды, оның ішінде армияны, ішкі әскерлерді ұстау шығыны да бар. Дереу ақшамызды санап, шетелдік капиталды кеңінен тартуды қоса алғанда, республика бюджетін толықтырудың көздерін табуымыз керек, тиімді салық салу мен экономикалық реформаларды құқықтық жағынан қамтамасыз етуді ескеруіміз керек».
Халық белсене қатысқан президенттік сайлау біздің азаттықты, бостандықты қандай қадірлейтінімізді, тәуелсіздікті тосып жүрген көңілімізді көрсетті. Республика бойынша сайлаушылар тізіміне 9 961 242 азамат енгізіліп, олардың 8 778 726-сы, яғни 88,23 пайызы дауыс беруге қатысты. Маған сайлаушылардың 98,78 пайызы, яғни 8 681 276 адам қолдау білдірді.
1991 жылғы 10 желтоқсанда жаңа сайланған Президенттің өз қыз- метіне кірісуінің салтанатты рәсімі — инаугурация өткізілді. Сол күні Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы атауы тарих еншісіне ауысып, еліміз енді жаңаша — Қазақстан Республикасы аталатын болып шешілді.
Бүкіл халық сайлаған Президент ретінде сөйлеген алғашқы сөзімнің бір тұсында былай деген едім:
«Дана бабалар дәстүрімен осы салтанатты сәттегі сөзімді алдымен атажұртыма, қасиетті халқыма арнаймын!
Бүгінгі күн — Қазақ елінің шежіресіне мәңгі енетін күн. Тарихтың талай бұралаң белесінен өтіп, бұл күнге де жетіп отырмыз.
Бәрін де көрген халықпыз, бәріне көнген халықпыз. Ежелден ер- кіндікті аңсап, азаттықты көксеумен келе жатқан еліміздің басына талай рет бақ та орнап, бағы да тайып, сағы да сынған, қилы кезең, зар заманға да талай ұшыраған. Айқайлап жүріп ашаршылыққа ұрынып, ұрандап жүріп ұлт мүддесін ұмытқанымыз да ақиқат.
Шүкір, кештеу де болса да, ес жиып, еңсе көтеріп, егеменді елдің туын да тіге бастадық. Қазақстан Республикасының Президентін бүкіл халық сайлағаны — осы жолдағы ең биік белестің бірі. Елдің қамын ойлайды, намысын жібермейді деп бірауыздан сенім артқандарыңыз үшін шын жүректен алғысымды айтамын.
Елім үшін, халқым үшін, Қазақстаным үшін тарихтың қай сынағы- на да тәуекел деп бас тігуге дайынмын. Бұл жолда ең алдымен дана халқыма, дарқан еліме, ата-бабаның аруағына сүйенемін.
Алдымызда қиын-қиын күндер, асуы биік белдер, айбынды мін- деттер тұр. Оның үдесінен шығу үшін ең алдымен бірлік, ынтымақ керек. Тілі бөлек болса да, тілегі, үміті бір, тіл табысып, ежелден бірге өмір сүріп келе жатқан іргелес елдермен татулық керек.
Қазақ мемлекетінің халықаралық қауымдастықта өзіне лайық орын алуы, қазақ халқының, бүкіл қазақстандықтардың бақытты, дәулетті өмір сүріп, өзіндік мәдениетін өркендетуі үшін бәрінен бұрын республикада тыныштық болғаны жөн. Тар жол, тайғақ кешу- де қиындыққа төзіп, жалаң сөзге ермей, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бір-бірімізге таяныш, сүйеніш бола білуіміз керек.
«Ырыс алды — ынтымақ» дейді халқымыз. Ынтымақ артпай, ырыс артпайды. Байтақ жерімізде шынайы бауырмашылдықтың ақ туы желбіресе деп армандаймын.
Ел бірлігі қашанда мүдде бірлігінен басталады. Біздің болашағы- мыз Қазақстан халқының ортақ мүдделестігінде. Біз мұны көздің қарашығындай сақтауымыз керек.
Егеменді ел болудың жүгі де жеңіл болмайды. Ендігі жерде қалай өмір сүретініміз қалай еңбек ететінімізге байланысты. Дәулетті тұр- мыс құрудың жұмысты жақсы істеуден басқа жолы жоқ».
Инаугурация рәсімі есте қаларлықтай, жүрек толқытарлықтай өтті. Оны ұйымдастырушылар ата-баба дәстүрі мен осы заманғы өркениетті жөн-жоралғыларды жақсы жымдастыра біліпті. Мысалы, Президенттің ақ киіздің үстінде ант беруі табылған шешім болды деп ойлаймын. Жасы тоқсаннан асқан халық ақыны Шәкір Әбеновтің басалқалы бата беруі, халқымыздың кемел ойшылы Әбіш Кекілбаевтың төгіліп тілек айтуы да жиналған жұртты тебірентіп жібергендей көрінді. Сонда Әбіш сөзін былай түйіндеп еді:
«Дағдарыстан мейлінше шалдықпай шығу, оның жолына қол- дағы бар экономикалық және моральдық қуаттарды ұқыпты да ұтымды жұмылдыру, орнықтылықты ойсыратпау, ұлттық жасарып-жаңғыруымыз мәселелерін зиялы шешу, конституциялық құрылыс- тың мызғымас тиянақтылығын қамтамасыз ету, көркейген демокра- тиялық, праволық мемлекет орнатып, қалыптасқан байланыстарды сақтай отырып, ықпалдастықтың түрлері мен аясын мейлінше кеңей- ту арқылы дүниежүзілік қауымдастыққа кірігуімізді тездету — жұрт- шылықтың Президент Назарбаевтан бірінші кезекте күтіп отырған мәселелері.
Күллі әлемдік қоғамдық пікірдің айтуынша, бұл басқаның қолынан келмесе де, Назарбаевтың қолынан келеді. Оның үстіне барлық отан- дастарының бірдей сеніп, бірдей қолдап отырғанын қосыңыз. Ол кез келген жүкті жеңілдетіп, кез келген қиындықты оңайлатады.
Сондықтан да біз бүгін ортақ тағдырымыздың осындай жауапты кезеңінде көсем көшбасшымызды сәтті тауып алғанымыз үшін бір- бірімізді құттықтап, Президентімізге табыс, өзімізге бақыт тілеуге әбден құқылымыз.
Ақ жол, ағайын! Іске сәт, азамат!».
Тағы бір сәт есте қалды. Рәсім аяқталуға жақындап келе жатқан. Салтанатты жиналысты жүргізуші рәсімді қорытуға тақаған тұста ту сыртымнан бір оқыс дыбыс естілгендей болды. Жалт қарасам… сахнадағы ту жайлап құлап келе жатыр!.. Қалай екенін қайдам, сол сәтте артқа қарай сәл шалқайдым да, әлгі тудың сабынан оң қолым- мен ұстай алдым. Зал ду ете қалды. Үш мың адам бір сәтте демін ішке тартқанның өзінде кәдімгідей үн кернейді екен. Ту тұғырға қайта қойылды. Мұны жақсы ырымға баладық. Қазақтың туы жығылмай- ды екен дедік.
Солай болып та келеді. Солай бола да береді! Ендігі мақсат — Тәуелсіздік жариялау.
Тәуелсіздіктің қайта оралғаны — біздің ата-бабаларымыздың сан ғасырлық азаттық күресінің заңды өтеуі. Жаратқан Иенің жасаған әділдігі. Ел егемендігі оңайлықпен келген жоқ. Алдын ала ойластыру- мен, зор ұйымдастырушылықпен, қапысыз дайындықпен жүзеге асты. 1991 жылдың жаздың аяғы мен күздің басынан-ақ мені жан-жақтан сынап, арадай талаушылар көбейді. «Ресейшіл» деді, «орысшыл» деді,
«тәуекелсіз» деді. Сондағы тағылатын басты кінә — республиканың тәуелсіздігін жариялауда өзгелерден кеш қалып жатқанымыз. Рас, өзбектер де, қырғыздар да, түрікмендер де, тәжіктер де тәуелсіздігін бізден бұрын жариялады. Дегенмен, ойлап қарайықшы. Балтық бойындағы, Кавказдағы республикаларды айтпай-ақ қояйын, ал өзімізбен көршілес сол ағайындармен дәл осы шаруада жарысқа түсіп, жанталасқанымызда жағдайымыз не болар еді? Халықтың 40 пайызын ғана құрап отырған ұлттың жаңа мемлекеттің ұйытқысы- на айнала салуы оңайлыққа түсер ме еді? Оған өзгелер оңайлықпен көнер ме еді? Саясаттың қызуы көтеріліп, Горбачев пен Ельциннің текетіресі шегіне жетіп, бір кездері темірдей тәртіпке негізделген орталықтағы басшылықтан береке кеткен сол тұста Қазақстан тара- пынан жіберілген жалғыз қателіктің өзі орны толмас трагедияға әкеп соқтыруы әбден мүмкін еді. Біз ашуды ақылға, асығыстықты сабырға жеңдіріп, үнемі әліптің артын бағып, аңысын аңдумен болдық.
Жоғарғы Кеңестің 1991 жылғы 16 желтоқсандағы кеңейтілген оты- рысының күн тәртібіне «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңның жобасы шығарылды. Былайша қарағанда, одақтас республикалардың ең соңынан осын- дай қадам жасағалы жатқан Қазақстанның тәуелсіздік жариялауына ешқандай кедергі болмауы тиіс еді. Одақтың тарайтынына ешқандай күмән қалған жоқ. КСРО қағаз жүзінде ғана тұр. Соның өзінде де біраз дау-дамай көтерілді. «Осындай заң керек пе өзі? Бұрынғы импе- рия жоқ, енді Қазақстан кімнен тәуелсіз болмақшы?» деп бір депутат шықты. «Мұндай мәселені тек халық шешуі керек. Референдумға салу керек» деп бір депутат шықты. Тағы біреу «Асықпайық» деді. Тағы біреу мемлекеттік тіл екеу — қазақ тілі мен орыс тілі болсын деді. Тағы біреу үш тіл болсын деп, оған ағылшын тілін қосуды ұсынды. Мен қыркүйек, қазан, қараша бойында облыстан облыс, қаладан қала қалдырмай, барлық жерде жұртпен сөйлесіп, тәуелсіздіктің тек қазақтарға емес, бүкіл қазақстандықтарға керектігін, жаңа мемлекет ешкімді дініне, тіліне қарап алаламайтынын барынша ұғынықты, қарапайым сөзбен түсіндіргеннің өзінде, соған баршаны дерлік ұй- ытқанның өзінде, басқа емес, Жоғарғы Кеңес депутатының өзі: «Біз тәуелсіз мемлекет жариялау мәселесін талқылаудамыз. Ертең таңер- тең 17 миллион халықтың тең жарымы — орыстілді қауым бөтен мемлекеттің азаматтары болып шыға келмек. Жолдастар, бұлай етуге болмайды ғой» деген соң өзгелерге не жорық?! «Сендер, қазақтар, республикада өздерің азшылық күйде отырып, қалай тәуелсіздік жарияламақсыңдар?» демегеніне шүкір тағы. Парламенттегі 360 депутаттың ішінде дәл осылай ойлайтындары да табылатынына күмән жоқ еді.
Талқылау әбден тығырыққа тірелген кезде, 16 желтоқсан күні түстен кейін мен Жоғарғы Кеңеске келіп, депутаттарға мән-жайды өзім түсіндіріп, олардың бұл шешімін бүкіл Қазақстан халқы күтіп отырғанын жеткіздім. «Бұл заңды қабылдауымыз керек, өйткені жалғыз біз ғана қалдық. Көпұлтты Қазақстан халқының алдында біздің арымыз таза. Бұл — барлығы әр сөзіне үңіле отырып оқитын маңызды заң. Менің сайлауалды бағдарламам, біз шешкелі отырған барлық мәселелердің түйіні — осы. Басты мәселе — мемлекеттік тәуелсіздік мәселесі. Артық шүйлігудің, ешқандай мән-маңызы жоқ сөздерді қосудың қажеті жоқ. Заңды осы күйінде басым көпшілік дауыс арқылы қабылдау керек деп санаймын. Баршаңыздан осыған бейілділік білдірулеріңізді сұраймын» дедім. Мұнан кейін бұрын қарсы сөйлеген депутаттардың біразы сабасына түсіп, заң жобасы көпшілік дауыспен қабылданды. Бұл бәріміз көптен күткен мерейлі мезет, тарихи оқиға еді.
Айтыса-айтыса келіп, депутаттар тоқтам жасады: заң жобасы дауысқа қойылды.
Сол залда отырып, бір емес, екі емес, үш емес, 12 депутаттың тәуелсіздікті жариялау туралы заңға қарсы дауыс бергеніне қайран қалдым. Конституциялық заң басым дауыспен қабылданды. Дауыс қорытындысы таблоға шыққан сәтте уақыт 18 сағат 45 минутты көр- сетіп тұр еді.
Тарихи әділеттілік орнап, бабаларымыздың ұлы арманы орын- далды. Бұған дейін декларация түріндегі мемлекеттік тәуелсіздік енді конституциялық негізге ие болды.
Дүниеге Қазақстан Республикасы атты жаңа мемлекет келді. Азаттықтың ақ таңы атты.
Көп ұзамай, 1992 жылдың 2 наурызында БҰҰ Бас Ассамблеясының пленарлық мәжілісінде Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына қабылданып, әлемдік қоғамдастықтың толыққанды мүшесіне айналды. Тарихтың ұлы сағаты соқты.
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу