Нұрсұлтан Назарбаевтың «Менің өмірім. Бодандықтан – бостандыққа» атты кітабы – қазақ халқының ғасырлар бойы тәуелсіздікке ұмтылған арманын жүзеге асырған қазіргі Қазақстанның негізін қалаушының естеліктері. Бұрынғы президент өзінің жастық шағын, Кеңес дәуіріндегі және егеменді Қазақстан кезеңіндегі саяси қызметін және биліктің мұрагеріне ауысуын еске алады. Ол жеке өзі қатысқан тарихи оқиғаларды егжей-тегжейлі баяндайды. Бұл мемлекеттің жойылуы мен құрылуы, көпұлтты елде тәуелсіз саясат жүргізу және оның бірлігін сақтау туралы шынайы әңгіме. Автор билікті кім және не үшін алатынын және миллиондаған адамдардың тағдыры үшін жауапты екенін түсіндіреді. Сонымен қатар, ол алғаш рет отбасылық өмірінің қыр-сырын ашық айтады.
«Жалпы, ГКЧП бүлігі, арада отыз жыл өтсе де, талай кітап жа- зылса да әлі күнге ақиқаты толық ашылмаған жайлардың бірі» — өткен тарауда осылай дегенмін. Горбачев Форостан келгеннен кейінгі алғашқы баспасөз мәслихатында: «Всего я вам не скажу. Всего я не скажу никогда» деген болатын журналистерге. Ол күндердегі оқиға- ларға сағат сайын дерлік араласып отырғаныммен, бүлік тұсында Мәскеуде, соның дәл басы-қасында жүрмеген соң сырттан тон пішу артық. Әйтпесе, ГКЧП туралы сан түрлі пікір бар.
«Янаевтың сөзіне қарағанда, 1991 жылдың көктемінде-ақ Горбачев әлеует министрліктеріне елде төтенше жағдай енгізу жөнінде ұсы- ныстар дайындауды тапсырған. Іс-әрекеттің төрт нұсқасы әзірленген. Осыған қарап, ГКЧП-ны құру идеясы Горбачевке тиесілі деуге де болады. Әйтеуір, одан атымен бас тартпаған. Демалысқа шығарынан бір күн бұрын, 3 тамызда министрлер кабинетінің отырысында ол:
«Біз Кеңес Одағын күйретуге жол бермейміз, төтенше жағдай енгізуге дейінгі барлық шараларды қабылдаймыз», деген. Осыны айтқан да, Форосқа жүріп кеткен.
19 тамызда жария етілген құжат — Горбачевке дайындалған нұсқа- лардың бірі. 18 тамызда бір топ жолдастары Форосқа ұшып келгенде Горбачев оларға төтенше жағдайды енгізу керек емес демеген. Сөз- бе-сөз келтіргенде былай деген: «Шара қолдану керек, бірақ сіздер мені түсініңіздер, мен бұл іске араласа алмаймын».
Николай Зенькович осылай жазады.
КСРО Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Анатолий Лукьянов Внуково-3 әуежайында шығарып салу кезінде серіктестері жан-жақтан мұндайға бұдан әрі төзу мүмкін еместігін, елге қатер төніп тұрғанын айтып, бір- деңе істеу керек дей бергенде Горбачевтің нақпа-нақ етіп: «Ал, байқап көріңдер, байқап көріңдер» дегенін растаған. Нені байқап көріңдер дегенін кім білсін. Жеке кездесулеріміздің бірінде Горбачев маған да ішінде жүрген күдігін білдіріп, сауалын қойған. Мен ол кезде оған мұндай күрделі мәселе бойынша ешқандай жауап бере алмағанмын.
ГКЧП мүшелерінің кітаптарын қарап отырсаңыз, олар тіпті Горбачевтің тікелей тапсырмасын орындағандай сөйлейді. Сергей Плехановтың: «ГКЧП-ның іс-әрекеттері ол атқарушы орган, ал шешім қабылдау орталығы Комитеттен тыс тұр дегендей ойға жетелейтін. Оның мүшелері біреулердің нұсқауын күтіп тұрғандай әсер қал- дыратын, сол нұсқау түспеген кезде олар асып-саса бастады. Тегін- де, осы сенімсіздікті Ельциннің айналасындағылар байқап қалды да, мұны КСРО президентінің оғаштау көрінетін оқшаулануымен байланыстырды. Олардың қолында қандай да бір іліктер болуы да мүмкін, содан да Горбачевке диктатураны дайындауға бірге қа- тысқанын «ұстап алғанын», енді оның келісімге келуін қалайтынын аңғартты. Шынтуайтында, оны төңкерісті дайындауға қатысты деп тікелей айыптау Ресей басшылығының өзіне онша ыңғайлы емес еді — онда ГКЧП-ның іс-әрекеттері легитимді шығатын. Ал қармаққа ілінген Горбачевті қалағанынша ұстау әлдеқайда оңай еді», деп те жазғаны бар. Мысалы, Язовқа әскерді Мәскеуге тартуды бұйыруын бұйырғанмен, одан әрі қарай ешқандай нұсқау бере алмағаны сол сенімсіздіктен деу керек. Публицистер біраз нәрсені оңайлатып жі- береді деген күннің өзінде, үлкен саясаткер Шеварднадзенің қолға алынғалы жатқан бүлік туралы Горбачев біліп отырды дегенін (ол бір жолы биік мінбеден «диктатура келе жатыр» деп ашық айтқан еді) есепке алмағанның өзінде, оның Форостан қайтып келгендегі түрі жеңген адамнан гөрі жеңілген адамға көбірек ұқсайтынын бүкіл әлем көзбен көргені анық.
Борис Николаевичпен теннис ойнап жүрген күндерімізде ол доптың ішке түскені немесе сыртқа кеткені күмәнді жердің бәрінде
«Аут!» деп айқай салатын. Сол сөзі қайталана бергеннен кейін мен де реніш білдірдім: «Борис Николаевич, бұлай ойнасақ, сізді жеңу жалпы мүмкін болмайды ғой!» деп. Сонда Ельцин маған: «Менің өмірім онсыз да қиын, ал сіз мені осы жерде де жеңіліс тапсын дейсіз бе?» — деген. Иә, ол күрескер болатын, жеңілуге төзбейтін. ГКЧП оған іздегенге сұраған бола кетті. Мәскеуде халықты соңынан ертіп, Ақ үй төңірегіне баррикадалар орнатып, бүлікшілердің бетін қай- тарғанымен қоймай, Форостағы президентке арнайы ұшақ жіберіп, Мәскеуге аман-есен алдыртты. 21 тамызда Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комитет делінетіннің мүшелерінің бәрі қамауға алынып, артынан қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Горбачев Ельциннің бүлікті басудағы шешуші рөлін сөзсіз мо- йындады. Мұның ақыры ел президентін РСФСР Жоғарғы Кеңесінің отырысына шақырып, Ельциннің компартияның қызметін тоқтату жөніндегі жарлыққа Горбачевтің көзінше қол қоюымен аяқталды.
Бүкіл ақпарат құралдарының көзінше мінбенің жанына барып, Гор- бачевке «қолды қой» деп дікілдеп тұрып алды. Мұнысы, әрине, Гор- бачевтің абыройын төгудің әрекеті еді. Горбачев: «Борис Николаевич, қоя тұрыңыз, бұлай етуге болмайды…» деуден аса алмады. Бір айдан кейін Бас хатшының өзі де өзінің партиясын тастап шықты.
Осы сергелдеңнің соңы бізге бір мүмкіндік туғызды… Семей полигоны — «қырғи қабақ соғыстың» мұрасы.
1945 жылы Хиросима мен Нагасаки қалаларына тасталған Америка бомбаларынан кейін жанталаса қаруланудың жағаласқан жарысы басталып кетті. Сталиннің тапсыруымен, Берияның қадағалауымен, Курчатовтың басшылығымен аз уақыттың аясында кеңестік атом бом- басын жасауға қол жеткізілді. Кеңес Одағы атом қаруының құпиясын барлау, шпионаж жолымен қолға түсірген деген де әңгіме бар. Кейін шынымен-ақ бұл істің Берияның басшылығымен жүзеге асырылғаны анықталды. Бірақ тіпті солай болған күннің өзінде, қағазға жазылған формула өздігінен бомбаға айнала салмайтыны тағы белгілі. Халықа- ралық жағдай қатты ұшынып тұрған сол жылдарда кеңестік физик- тердің Отан қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ірі іс тындырғанын айтпаудың жөні жоқ. 1947 жылы Сталин Семей қаласының маңында ядролық полигон құру жөніндегі шешімге қол қойды. Құпия қалаға
«Семипалатинск — 21» деген жасырын ат берілді. Арада небәрі екі жыл өткенде…
«1949 жылғы 29 тамызда…
Тұп-тура таңғы сағат жетіде көз ілеспес жылдамдықпен ұлғайып бара жатқан отты доп кенеттен Жер денесіне қомағай қадалып, оны шарпып өтті де, дәл бір Күн орнына күн болғысы келгендей аспанға көтеріле берді. Жер оқыстан қатты ауырсынып, шыңғырып жіберді. Отты шардан соң, сұрапыл қуат пен көз қарықтырар сәуле бас айнал- дырып жібергендей бір сәтте жалмаған жер қабағының ыстық күлі мен иісі көкке көтеріле берді. Жер лыпасының өртең иісі қолқа атар түтіннің ащы иісін қолдан жасалған жел әп-сәтте жан-жаққа таратып, көз көріп, құлақ естімеген, аяуды білмейтін жау жақындап қалғанын жеткізгендей болды. Орасан зор, бірақ көзге көрінбейтін сыпырғы естен танған тіршілік иелері мен ештеңені түсінбеген өсімдікті жер бетінен бір демде жұлып алып, талай-талай шақырымға серпіп тас- тағандай еді. Ертегінің сұмдық Айдаһары жер қойнауынан кенет шығып, оның денесін орасан от тілімен жалмап өткендей еді. Сол ау- мақта әдейі қалдырылған қой-ешкі тұрған жерінде түгел күйіп кетті. Таяу жерлердегі сирек ауылдар мен бірлі-жарым селоларда тұра- тын адамдар дір ете түскен жер мен жарты аспанды алып кеткен от-жалынға таңырқап, үйлерінен жүгіріп шығып, көкжиекке үн-түнсіз, демін ішіне ала қарап тұрды, ал онда адамның ойы мен тәжіри- бесіне еш сыймайтын екінші күн жарқ етіп, қайта сөніп бара жатты. Бәрі бітті… Жалғыз түп шөп қалмаған, түтігіп қарайып кеткен да- ланың тұл жамылғысы. Жаңа жұмыртқа жарған балапандай, қайда, неге баратынын білмейтіндей әлтек-тәлтек басқан соқыр бүркіттер. Жан тәсілім алдында жанталасқан тышқандардың, қарсақтардың, қасқырлардың, түнде ғана тынымсыз жортқан кесірткелердің денесі. Олардың жанталасынан кімге қаратып айтылғаны белгісіз «Нелік- тен…?» деген үнсіз сұрақ сезілетіндей. Ал зәресі ұшып, аңырған адамдар «Ол не?» деген сұраққа жауап таба алмай, беймәлім құрсау- дан босана алмай тұр. Бұрын-соңды көрмеген бұл құбылыс, оларды үн-түнсіз қатып қалуға мәжбүр етті, өздері де байқамай, дала өріс- тері мен тау бөктерлерінің бұрынғы шешек атқан, гүл жайнаған рақат күндеріне, бәлкім, енді қайтып оралуы кәдік күндеріне тағзым еткендей еді».
Бұл үзінді менің КСРО-дағы тұңғыш атом бомбасын сынау жөнінде де әңгімеленетін «Бейбітшілік эпицентрі» атты кітабымнан алынып отыр.
Мұндай сұрапыл суретті оған дейін фантаст жазушылар да қағаз бетіне түсіре алмаған шығар, тегі. Осы оқиға қазақ даласында болды.
Полигон неге Қазақстанға орналастырылған?
Әдетте бұл жер Кеңес Одағының адам ең аз қоныстанған жері еді, оның үстіне негізгі коммуникация желілерінен оншалықты қашық емес, сондай-ақ үлкен қону алаңын салу мүмкіндігінің болуы ескеріл- ді деген сияқты сөздер алдымен көлденең тартылатын. Сөйтіп, об- лыс орталығынан небәрі жүз елу шақырым жерді таңдап алыпты. Тым ұзаққа теміржол тартып жатпау үшін. Көп шығын жұмсамау үшін. Болашақ полигон туралы толық ақпарат ел халқынан жасырын ұсталды. Сынақ орнына жап-жақын жерде толып жатқан ауылдар мен кенттер бар еді. Әр нәрсені өз атымен атайтын болсақ, олардың бәрі де іс жүзінде мемлекеттің әскери-саяси мүддесіне құрбан етіл- ген. Саналы түрде. Әйтпесе, ядролық сынақтардың сол маңайдағы елді мекендер адамдарының денсаулығына қандай әсер ететінін, қандай қатер төндіретінін олар білмеді емес, білген. АҚШ-тың атом қаруына монополиясын қайткенде де тезірек жоюды ғана мақсат тұтқан кеңестік билік іс жүзінде жүз мыңдаған адамдардың өмірін түкке тұрғысыз бірдеңе деп қараған. Ядролық жарылыс жасалатыны жөнінде сондағы халыққа ескерту 1953 жылдан ғана басталған. Соған дейін, яғни тұтастай төрт жыл бойы адамдарға алдын ала хабарлау да, оларды жарылыс орнынан алыс жерге уақытша алып кету де ойластырылмаған. Әсіресе алғашқы жарылыстың зардабы ерекше тиген. Радиоактивті заттектер сол маңайдағы барлық елді мекендерді жауып қалған. Не болып, не қойып жатқанынан атымен хабары жоқ ауылдардағы тұрғындар радиациялық сәуленің өте үлкен дозасын алған. Сұмдық емес пе? Өз халқына осындайлық жаны ашымаған, тіпті адамдарды эксперимент нысаны ретінде кәдімгі тәжірибе жа- сайтын қоян көжектеріндей қарастырған өкіметке осыдан кейін қалай ішің жылиды?! Тіпті қайта құру басталып, жариялылық саясаты жү- зеге асырыла бастаған 1986 жылдың өзінде, Чернобыль атом электрстанциясында жарылыс болғанда да Мәскеу сол апат жайындағы ақпаратты екі тәулік бойы жасырып ұстаған ғой. Ал апат сәуірдің аяғында, аптаның соңында орын алған еді. Адамдар сенбі-жексенбіде қаннен-қаперсіз көшеде қыдырып, серуенге шығып, саяжайларға барып жүрген-ді. Тым құрыса, дәл сол екі күнде адамдар апаттан хабардар етіліп, үйде отырғанда радиация жұқтыру әлдеқайда азаяр еді. Қайтерсің, сол да жасалмады.
Халық шаруашылығындағы тоқырау құбылыстары әміршілтөрешіл жүйенің өндіргіш күштерді жоспарлау мен орналастырудағы қарамақайшылығы мен кемшіліктерін ашып берді. Қазақстанда табиғат ресурстарын жыртқыштықпен пайдалану барған сайын күшті сезілді, баяу әрекет ететін экологиялық «миналар» қойылды. Олардың ең үлкені Семей полигоны болатын. Полигон маңайындағы ядролық зорлық — біздің ата-бабаларымыздың жеріне деген тағылық қатынастың түгесілмейтін үлгілерінің ең бір сорақысы.
Қазақ халқы демократияға, ешбір асыра айтары жоқ, азап ше- гіп жүріп жеткенін, әрі біраз бөлігі ақылға сыйымсыз коммунистік тәжірибе барысында жойылып кеткенін атап айтқым келеді. Респуб- ликаның байлығы мен гүлденуіне қабат жетерлік табиғат ресурста- рының теңдесі жоқ қорлары бар Қазақстан орталықтың шикізат шылауына, адам айтқысыз имансыздық бағыттағы сынақ полигонына айналды. Иә, қазақстандықтар — сынақтың неше атасынан өткен, соның ішінде атомдық сынақты да көрген, нағыз «сыналып шыққан» адамдар. Кешегі кеңестік кезеңде біздің республикамызды мақтаған- да «халықтар достығының лабораториясы» дейтіні есте. Лаборато- рия — эксперимент жасайтын орын. Патша заманында қазақ жерінде салынған бекіністің — бұрынғы Алматының «Верный» аталғаны да
«адалдықпен» қоса «құлақкестілікті» де («верноподанный») аңғартып тұратын. Император, мысалы, шешен жеріндегі бекіністі олай атаған жоқ — «Грозный» деп атады.
Мұндай қысымшылық пен әділетсіздік талайға дейін жалғасып кел- ді. Ұлт мүддесін қорғаған азаматтарға «ұлтшыл» деген айып тағылып, қудалауға түсті, талайы атылып та кетті. Республиканың ұлттық
құрамына таяу арада түзеп болмастай орасан нұқсан келтірілді, жер құнары азып, атамекен тозып кетті. Айдынды Аралымыз тартылды. Тың жерлерді игеру барысында Сарыарқаның шалғыны азды. Абай туған Шыңғыстауды қырық жыл бойы Семей ядролық полигонындағы сынақтар сілкінтіп тұрды. Осында әуеде, жерде және жер астында жарылып, жарты миллионнан астам адамдарға зардап шектірген зарядтардың жиынтық қуаты Хиросима мен Нагасакидегі қасіреттің көзі болған қондырғылардың қуатынан жүздеген есе асып түсетін.
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу