Өткенімізді табанға салып таптағаннан ләззат алатын адамдарды түсінбеймін. Олар әсіресе саясаткерлердің арасында көп кездеседі.
Өзін-өзі сыйлайтын адамға, әсіресе саясаткерге қандай күрделі, қандай қиын болса да, өз өткенін өзі ұмытуға тырысу, өзінен бұрынғыларға бар пәлені аудара салу ұят нәрсе.
Бұл — кешегі күнді аңсау емес, тауқыметі мол, бірақ өзіңе етене өз тарихыңды қастерлеу. Кітапты жазу барысында замандастарыммен ой бөлісе отырып, бастан кеш- кеніміздің күнгейі мен көлеңкесін безбенге қатар тартуға, салыстыра салмақтауға ұмтылғанда бір ғана бояумен бейнелей салуға болатын құбылыстың жоқтығына көз жетеді.
Сондай күрделі құбылыстың бірі —
комсомол.
Кеңестік саяси жүйенің өзі туғызған, өзі тұншықтырған феномені. Қазіргі жастарға комсомол сөзінің «коммунистический союз молодежи» дегеннің ықшамдалған түрі екенін айту да артық болмауы әбден мүмкін. 1917 жылғы
ақпан революциясы елдегі жастардың да қоғамдық-саяси белсенділігін арттырып, жер-жерде жастар ұйымдары көптеп құрыла бастаған екен. Кеңес Одағында бұл саладағы жұмыстың идеологиялық негізі, ұстанар басты құжаты
В. И. Лениннің 1920 жылы комсомолдың ІІІ съезінде сөйлеген «Жастар одақтарының міндеттері» деген сөзі екені белгілі. Комсомолдың миллиондаған жігіттер мен қыздар үшін жалындаған жастықтың, берік достықтың, буырқанған бұла күштің, асқақ романтиканың балама атауы болғаны шығар күндей шындық. Оны терістеу мүмкін емес. Тым алысқа бармай-ақ, өзіміздің Қазақстанды алсақ та, бір ғана
Ғани Мұратбаевтың, жасы небәрі жиырма үшке жеткенше республикада
жастар одағын ұйымдастырып,
РЛКЖО Орталық комитетінің бюро мүшелігіне кандидаттыққа,
Коммунистік жастар интернационалы атқару комитетінің мүшелігіне жеткен,
газетін «Жас Алаш» құрып, өзі редакторлық еткен аңыз адамның биік бейнесі баршамызды алдағы асқарларға шақырып тұрғанын тарих ұмытпайды. Біз біліп өскен, бертіндегі комсомол жетекшілерінен
Сағындық Кенжебаевтың,
Қосай Егізбаевтың,
Өзбекәлі Жәнібековтің есімдері ерекше ардақты. Өз басым Өзбекәлі Жәнібековтің ағалық қамқорлығын, кісілік көмегін көп көрдім.
Леонид Млечиннің «Назарбаев. Групповой портрет с президентом» (М., 2010) атты кітабында Өзекеңнің мен жайындағы пікірі былай келтірілген: «1962 жылдың сәуір айынан 1970 жылға дейін оның өсу-қалыптасу жолы менің көз алдымда өтті. Комсомолдың орталық комитетінің бірінші хатшылығына резервте оның фамилиясы да тұрды. Тезірек өсуі, тәжірибе жинақтауы үшін мен оны әртүрлі одақтық және республикалық іс-шараларға өзіммен бірге алып жүрдім, биік мінбелерден сөйлеуіне жағдай жасадым. Бір жолы екеуміз
Ленин мавзолейінде қатар да тұрғанбыз». Ол кездегі біздің ұғымымызда комсомолға қатысты нәрсенің бәрі тазалықпен, адалдықпен, құштарлықпен байланысты сияқты көрінетін. Теміртауға да
екпінді комсомолдық құрылыс болады екен дегеннен кейін келген едім. Мектепте жүргенде-ақ «Алға, комсомол! Туың қолыңда. Алға, комсомол! Жеңіс жолында» деп шабыттана шырқайтынбыз. Кейіннен оған
Фрадкиннің,
Дунаевскийдің,
Александровтың,
Пахмутованың,
Колмановскийдің әсем де әсерлі
әндері қосылды. Біз осылай өстік. Бара-бара комсомол коммунистік партияның көмекшісі мен резервіне айналды. Статистика бойынша партия қатарына өткен әр он коммунистің жетеуіне комсомол кепілдік етіп келген екен. Комсомол жұмысы болашақ саясаткерлер үшін тамаша мектеп болғаны талассыз. Бұл іске қоғамдық негізде қатысқанның өзінде қандай тағылым, тәрбие алғанымды комсомол съезінен,
Хельсинкидегі фестивальден кейін анық сезінгенмін. Мұның бәрін не үшін айтып отырмын? Қанша жерден бас тартқаныммен, бас тартамын деп жүріп, тіпті есеп карточкама жазылған қатаң сөгіс алып қала жаздағаныммен, менің комсомол жұмысына бәрібір тартылғанымның себебін түсіндіру үшін айтып отырмын. Басқа облысқа ауыстырып жіберілген Катковтың орнына келген
Николай Григорьевич Давыдов деген кісі мені арнайы шақырып, адамша, жақсылап сөйлесті. Катков құсап, бармай көр дегендей сыңайда айтқан жоқ. «Катковпен қарым-қатынасыңның қандай болғанын естігенмін. Әйтсе де, мен де саған өтініш айтпақшымын. Осында, қалалық партия комитетінде ауыр өнеркәсіп бөлімінің меңгерушісі болып біраз уақыт істеп берші. Өз комбинатыңа тікелей кураторлық етесің, сені ешкім де металлургиядан ажыратайын деп отырған жоқ. Біраз жұмыс істейсің де, зауытқа қайтасың. Бұл пайдалы болады» деді. Қайта-қайта партияның зықысына тие беру жөнсіз еді. Оның үстіне айлықтан басқаны ойламайтын адамдай көрінуге де намыстандым. Қалалық партия комитетіндегі жұмысым шынында да аз ғана уақытқа — жарты жылға созылды. Мен ұсынылған қызметке — қалалық комсомол комитетін басқаруға барған жігіт міндетін ойдағыдай атқара алмады да, көп ұзамай маған қала жастарының жетекшісі болу
жөнінде ұсыныс түсті. Бұл жолы бас тартудың реті келмеді.
БЛКЖО Орталық комитетінің мүшелігіне кандидаттың комсомол жұмысынан бойын аулақ салуын ешкім де дұрыс түсінбес еді.
Оның үстіне сол жылғы наурызда Теміртау
қалалық кеңесінің депутаты болып сайланғанмын.
Осы кезге дейін менде буырқанған тіршілік теңізінде өзімді кәдімгідей мығым сезінетін адамға тән төзімділік қоры жиналып қалған-ды. Жоғары білім алдым. Мен және біздің цехтан бірнеше жігіт зауыт өзі стипендия төлейтін
жолдамамен барып,
Қарағанды политехникалық институтына түстік. Сол тұста жоғары білім саласында
Никита Сергеевичтің ойына келген
кезекті қайта құру жүріп жатқан — оқуды өндіріске барынша жақындатуға шешім қабылданған еді. Үлкен зауыттардың жанында өндіріспен тікелей байланысты, ықшам түрде
ВТУЗ (высшее техническое учебное заведение) деп аталатын жоғары оқу орындарын ашу бүкіл елде жүре бастады. Тапсырмамыз ауыр болғанымен, оқу онша қиынға түскен жоқ: егер біз кешкі ауысымда жұмыс істесек, лекция күндіз, ал күндіз жұмыс істесек, керісінше, кешке оқылатын. Сондай-ақ ай сайын лекция тыңдауға, семинар өткізуге және лабораториялық жұмыстарға бірнеше күн бөлінетін. Оның үстіне жалақымызды ала беретінбіз. Осындай біршама қолайлы жүйе бойынша біз бір жыл оқыдық. Алғашқы үш курсты Қарағанды политехника институтында оқып, одан соң тікелей металлургия комбинатының жанынан ашылған политехтің металлургия факультеті негізінде
зауыт-втуз құрылды.
Дипломды да сол жерден алған едік.
Кітапқа материал жинастырғанда Теміртау қалалық архивінен комсомол жетекшісі қызметіндегі сөздерімді алдыртқанмын. Біразы сақталған екен. Соларды оқып отырсам, ә дегеннен қайткенде де шындықты айтуға талаптаныппын.
1970 жылдың ақпанында Қарағанды облыстық комсомол комитетінің есеп беру-сайлау конференциясында сөз сөйлегенімде былай деппін: «Қала бойынша жасалған талдау бұзақылықтың 66 пайызы сенбі, жексенбі күндері, сағат 18 бен 20-ның арасында, көбіне мас күйде жасалатынын көрсетті, мұның өзі біздің әлі де жастардың бос уақытымен, оларды көркемөнерпаздыққа, спортқа, клубтар, жастар кафелерінің жұмыстарына, техникалық шығармашылыққа және басқа да формаларға тартумен айналыса алмағанымызды дәлелдейді». Басқа жердегі сөздерім де осы сыңайда болып келеді екен. Ол кезде мұндай ащы сын ресми мінбелерден көп естіле бермейтін.
Комсомол қызметінің идеологиялық сипаты басым болатын. Сыртқы жарқыл-жұрқылы көп еді де, ішкі бұлқынысы аз еді.
Көзбояушылық жиі кездесетін. Болашақ жұбайыммен отбасы құруға уағдаласқанымызда жастар жетекшілері бұл тойды
комсомол-жастар үйлену тойы етіп өткізіп берейік деді. Жарайды. Рақмет! Той үстінде бізге жаңа пәтердің кілті тапсырылды… Тіпті керемет. Той тарқаған кезде түнделетіп бізге айтқан адрес бойынша барсақ, әлгі айтқан сек- сен пәтерлік бес қабатты үйдің іргетасы енді қазыла бастаған болып шықты… Енді қайда барамыз? Жолдас жігітім өзінің екі бөлмелік пәтеріне шақырды. Бардық. Сөйтсек, ол екі баласымен, әжесімен бірге тұрады екен… Қайтейік, алғашқы неке түнімізді сонда, әжейдің жанында өткіздік…
Николай Зенькович «Нурсултан Назарбаев. Новое прочтение биографии» атты кітабында: «Комсомолда өткен жылдарынан Назарбаев нені есте сақтап қалды? Қағазбастылық пен формализмді» деп жазыпты. Рас. Жұмыс көбіне сөзге, қағазға негізделетін. Қалалық комитеттен облыстық комитет, облыстық комитеттен Орталық комитет, біздегі Орталық комитеттен Мәскеудегі Орталық комитет алуан ақпар, есеп, мәлімет, рапорт сұратады да жатады, сұратады да жатады. Сол қағаздарды жарқыратып жазып берсең болды — жақсы атың шыға береді. Өйткені бәрі де өздерінің қарамағындағы комитеттердің жұмысы
кедір-бұдырсыз жүріп жатқанын жақсы көреді.
Сөздің өзі де әдетте әбден жаттанды болып келетін. Бір жолы мынандай жағдай басымнан өтті. Комсомолдың активінде құттықтау сөз сөйлеуім керек еді. Мұндайда сөз салынған папканы мінберге алдын ала апарып қояды. Ашасың да оқи бересің. Мінберге шығып, папканы ашсам… бос. Қағаз жоқ. Кеше кешке өзім біраз жерін түзетіп, қайта бастырған, бір-екі рет оқып шыққан мәтін еді. Папкаға салуды біреу ұмытып кетіпті. Енді қайтемін? «Кешіріңіздер» деп түсіндіріп, жұрт көзінше қағазды іздетіп жатпайсың ғой. Содан залға бір қарап, «папкадағы қағазға» бір «қарап», құттықтауды «түгел оқып» шықтым. Ешкім ештеңе байқаған жоқ. Жадымның мықты екені рас. Бір-екі рет оқып шыққан мәтіннің ұзын-ырғасы есімде қалғаны да рас. Бірақ түгел жаттап алмайсың ғой. Мені ол арада алдымен құтқарған жағдай — сондай мәтіндерде бірінен-біріне көше беретін стандартты сөйлемдер, жаттанды болған ойлар. Комсомол
артияныңп көлеңкесін саялап жүргенін ешкім де жоққа шығара алмайды. Тіпті комсомол жасады деп дақпыртталып, дәріптеліп жататын жұмыстардың өзі шынтуайтына келгенде, тікелей партия комитеттерінің басшылығымен, күнбе-күнгі бақылауымен жүзеге асатын. Кей тұстарда комсомол жетекшілері қалайда жоғарыдағылардың көзіне түсу үшін көкейге қонымсыз, тіпті ұлтына обал жасайтындай қадамдардан да тайынбайтын. Ең бастысы — патриоттық бастама көтеріп, көзге түсіп қалу. Сәті түссе — өсіп қалу. Мысалы, бүкіл аудан жастарының мектептен кейін мал шаруашылығында жұмысқа қалуы, сөйтіп «екінші тыңды» игеруі сияқты ұйғарымдар жасалып, жүз-жүздеген жастар амалдың жоғынан қойдың соңына түсуге мәжбүр болатын. Комсомолдың есебінен шығармаса, қолына аттестат бермесе, ешкім де ешқайда кете алмайтын. Олардың ара- сында оқуға қабілеттілері, тіпті таланттылары аз емес-ау деп ойлап, қиналып жатпайтын. Біздің аса көрнекті қаламгеріміз, кейіннен ірі мемлекет қайраткері болған
Әбіш Кекілбаев мектеп бітіретін жылы бүкіл ауданның жастары сондай шешім қабылдаған екен. Абырой болғанда, дәл сол жылы облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметіне
Нұртас Оңдасынов ағамыз бара қалыпты. Сол ауданға жолы түскен бетте-ақ: «Қазақтың маңдайына мал бағу ғана жазылып қойып па? Балалардың бетін қайтармаңдар» деп, жаңағы шешімнің күшін жойғызыпты. Жарайды, Әбіштің жолы болыпты. Әйтсе де, әр облысқа Нұртас Оңдасыновтай басшы бара бере ме? Қаншама жастың сондай солақайлықтан өмір жолын бастамай жатып, тауы шағылып, тауаны қайтқаны белгілі ғой. Сол тұста өндірістен қол үзбегенім, жұмысшылармен, инженер- техник қызметкерлермен, партия активімен қоян-қолтық араласып жүргенім, алып индустрия аймағының қара қазанында қайнағаным қай жағынан қарағанда да маған өлшеусіз пайда тигізді. Теміртауда барлық басшылықтың да, партия, комсомол, кәсіподақтың жұмысы да металлургия комбинатымен байланысты еді. Сондықтан зауыттан қол үзген жоқпын деуге болады.
1971 жылдың маусым айында мені Теміртау қалалық партия комитетінің
екінші хатшылығына сайлады. Мұның өзі маған көрсетілген зор сенім.
Тасым өрлеп, талабым төрлеп тұрған сол тұста тағдырдың ауыр соққысына душар болдым. Жетпіс үшке жаңа жеткен жасында
әкем Әбіш өмірден өтті. Еңсемді езген қайғыны серпілтудің ең сенімді жолы жаңа жұмысқа жан-тәніммен беріліп, жан азабын азайту еді.