Магнитка алғаш өнім бере бастаған кезде мен құю мәшинесінің шойыншысы едім. Одан соң горновой болдым. Училищеден алған мамандық осы. Ол домна пешінің негізгі жұмысы. Алғашқы балқы- ма алған сол тарихи сәт «Первый чугун Казахстанской Магнитки» деген деректі фильмде бейнеленіп қалған. Мен туралы түсірілген деректі ленталарда бір көрсетілмей қоймайтын белгілі кадрлар сол фильмнен. Жұмыста көзге түскендігім шығар. Оның алдында мек- тепте де, училищеде де озат оқып, көзге түскен қалпыммен мұнда да намысты қолдан бермеуге тырысып бақтым. Еңбегім жана бастады. Жарты жыл өткенде 7-разрядты төртінші горновой, тағы бір жылдан кейін 8-разрядты үшінші горновой, ал 1962 жылдың ақпан айында 9-разрядты екінші горновой, одан кейін 10-разрядты газшы болдым. Металлургтер бұл жетістіктің қадірін жақсы біледі. Домна процесін жүргізіп, көрікке басшылық етуге әдетте талай жылдар жұмсалады. Біз болсақ тез өттік. Бұл бір ерекше кезең еді. Оны әдеттегідей «жылымық» дей салу аз.
«Хрущев жылымығы» дегенде біз алдымен саяси айыппен қамалған- дарды түрмеден босатуды, қоғамдағы белгілі бір еркіндікті айтамыз ғой. Шын мәнісінде, Кеңес Одағы соғыстан кейінгі қираған шаруа- шылықты қалпына келтіріп қана қоймай, жаңа өндірістер ашып, тың технологиядағы табыстарымен әлемді таңғалдырып жатқан кезең еді ол. 1961 жылы Юрий Гагариннің адамзат тарихында алғаш рет ғарыш жүзіне көтерілуі бүкіл кеңес қоғамының рух сілкінісінің ғажап шарықтауы болған-ды.
Сол жылы маған «Коммунистік еңбек екпіндісі» атағы берілді. Кезінде бұл едәуір құрметтің белгісі еді. Карметкомбинаттың архи- вінде сол атаққа ұсынылғанымда жазылған пікірлер сақталып қалыпты. Петр Граськов, Александр Щербаков, Николай Канищев сияқты аға металлургтер менен көп үміт күтіп, жақсы сөздерін арнапты. Шынын айтқанда, Петр Андреевич Граськовтің көрікшінің барбиған саусақтарымен ақ қағазға арбита түсірген сол пікіріндегі: «Мен Назарбаев жолдас туралы көп жазбаймын. Назарбаев жолдас туралы бір-ақ сөз айтамын: өте жақсы жігіт» деген қарапайым ғана сөйлемі кейіннен өзім туралы жазылған талай мақтау мақалалардан артық көрінеді. Ал Николай Павлович Канищевтің ой толғамын оқыған- да жұмысшы адамның сөз саптауына сондай сүйсіндім. «Металл балқыту үшін ғылымның, практиканың, тәжірибенің, эксперименттің тоғысуы шарт, ал бұл үшін металлургтен ойлаудың, іс-қимылдың, жасампаздық істің айқындығы талап етіледі. Өндірілген металда қуат пен ерік-жігер жұмыла танылады, психология қалыптасады, адамның жан дүниесі ашылады», деп жазған екен. Атым ауызға алына бастады. Газетке жиі шығатын болдым. Сол тұста маған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамота- сы және БЛКЖО Орталық Комитетінің Құрмет грамотасы табыс етілді. Бұлар едәуір салмағы бар наградалар. Мысалы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталғандар кейін, жасы толғанда республикалық дәрежедегі зейнеткер атағынан үміт- керлер қатарына қосылатын.
Қазақ шаруасын мандытпайды деген сөз талайлардың аузынан шыққан. Қадыр Мырзалиевтің: «Бір жаманы — шаруасын ман- дытпаған, Бір жақсысы — қулықпен жанды ұтпаған» деп келетін өлеңі бар ғой. Әрине, бүкіл халық туралы бір ауыз сөзбен баға беруге тырысу жөнсіз. Әйтсе де, белгілі бір тарихи жағдайларға, әлеуметтік-экономикалық ортаға байланысты қалыптасатын мінез, әдет дегендер болатынын да жоққа шығару қажетсіз. Негізінен мал шаруашылығымен айналысу қоғам мүшелерін еңбекке біркелкі тартпайтынын біз анық ұғынуға тиіспіз.
Екінші жағынан ұшы-қиырсыз даланың өзі де адамды мына дүниеге ой көзімен қарауға бейімдеп тұратындай көрінеді. Көшпелі өмір салты біздің халқымыздың бойына тұтынушылық психологияны, дүниеқорлықты жуытпады. Қыстауға немесе жайлауға жиналғанда бар дүние-мүлкін бір-екі түйенің үстіне, бір арбаға сыйдыруға тура келетінін білгендіктен де қазақ басы артық нәрсе ұстамаған. Осындай-осындайдан барып халқымыз ұлы адамдық қасиеттерді қалыптастырды. Сөз өнерін, саз өнерін ғажайып биіктерге шығарды. Ол да еңбек. Ой еңбегі, рух еңбегі.
Айта кететін тағы мынандай жай бар. Кеңестер кезінде үлкен өн- діріс орындарында кәсіби мамандыққа, жалақысы мол жұмыстарға бізді жібере қоймайтын. Қарағанды, Балқаш, Екібастұз, Теміртауда салынған зауыттардағы мамандар тек Ресейдің түкпір-түкпірінен әкелінді. Сол кезде қазақ жастарын әр өңірден жинап, үлкен ме- таллургия орталықтарына жіберді. Мысалы, біз Украинаға бардық, басқалары Уралдың зауыттарына, Кузнецкіге, Череповецкіге тарт- ты. Украинаның өзінде Запорожсталь, Кривожсталь сияқты ірі ме- таллургия орталықтары болды. Сол кездегі мәлімет бойынша, он мыңға тарта қазақ жастары өндіріске тартылды делінеді. Оның ішінде құрылысшылар, жай жұмысшылар бар. Қазақ жастарын өндіріске дәл осындай тарту, әрине, алғаш рет еді. Бұл шараның маңызы зор еді. Біздің көзге көрініп, үздік атанып, ақпарат құралдарының бетіне
шығуымыз басқа жастарға үлгі болса керек.
«Қазақ жастары — Қазақстан Магниткасына!» деген шақыруға үн қосып келген қандасымыздың аз ғана бөлігі металлургияда тұрақтап қалғаны рас. Теміртауда алғашқы жылдары қазақ жігіттерінің саны небәрі үш пайыз болғаны да рас. Бұл мәселеге жан-жағынан, былай- ша айтқанда,
диалектикалық тұрғыдан қарау керек. Кінәлай салу оп-оңай. Әуелі біздің ұлтымыз үшін ол кезде қара металлургия тұр- мақ, жалпы индустрия орындарында жұмыс істеу тосын кәсіп екенін ескерген жөн. Сол тұста басқа өлкелерден шақырылған адамдарға алдымен жағдай жасалды, мысалы, Теміртаудағы болгарларға арнап үйлер салынды. Ресейден, Украинадан, тағы басқа жерлерден келген адамдарға пәтер беріп, келгені үшін қаражат бөліп, жұмысқа орна- ластыруда көп қамқорлық көрсетілгенін де ұмытпайық.
Тағы бір жағдай бар.
Қазақтар бөлекше балажан болады. Содан да ұлын да, қызын да қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, әлпештеп өсіреді, қолынан келгенше қиындық көрсетпеуге тырысады. Мұның жақсы жағы да бар, жаман жағы да бар. Жақсы жағы белгілі. Жаман жағы — алдынан шығатын өмірдің қиындықтарына қайрап, шынықтырып салмайтыны.
Сондай-сондай себептерден біраз қазақ жастары Магниткадан кетіп қалды. Олардың ішінде менің достарым да болды. Сол былайынша да азғана жігіттердің өзі ауыр және қауіпті жұмысқа шыдамай, жайма-шуақ жүріп, жаймашуақ тұратын ауылын, даласын аңсады. Кейбіреулері жұмыс үстінде құлап түсіп, дәрігерлер алып кететін. Қаның қайнамай ма сол кезде? Оның үстіне қара металлургиядағы қара жұмыстың нағыз азап екені тағы рас. Әйтсе де, біз сол азапқа шыдас бердік.
Жас кезіңде сондайға шыдап, шыңдалмағанда қай кезде шыңдаласың! Сондайға шыдағанның арқасында қазақтың намысын сақтап қалдық.
Мен өз басым талай жігітті үгіттеп, тоқтатқанмын. Олардың бірі — Магниткада бірге жұмыс істеген досым
Қуаныш Омашев. Ол Қарағанды облы- сының Ақтоғай ауданының жігіті еді, ауылы жақын. Бірде ол маған металлургиядан кеткісі келіп жүргенін сыр ғып айтты. «Неге?» деп сұрадым әуелі. Ауылда бұл жерге қарағанда жұмыстың жеңілдігін, кез келген уақытта демалуға болатынын айтты. «Қуаныш, — дедім сөзін мұқият тыңдап алған соң, — сен кетесің. Мен кетемін. Ол кетеді. Сонда Қазақ Магниткасында кім қалмақ? Бізде, қазақтарда намыс деген бар емес пе еді? Бұл — біздің Магниткамыз. Бұл — біздің бо- лашағымыз. Ұрпағымыздың мақтанышына айналар алып өндіріс. Жан-жақтан келіп жатқан өзге ұлттардан металлургияның қыр-сырын үйреніп, келешекте өз қолымызға алмаймыз ба Магнитканы?». Осы бірауыз сөзім оны тоқтатты. Беделді металлургтердің біріне айналды. Инженер-металлург болып, құрметті зейнетке шықты. Қуаныш досыммен талай қызығымыз бірге өтті. № 3 шағын ауданда жаңа салынған үйлерден пәтер алып, көрші тұрдық. Үйді-үйімізге барып-келіп, араласып-құраласып жүретінбіз. Сараның қолы ашық, дастарқаны жиылмайды. Қуаныштар келгенде: «Бәрің Нұрсұлтан, Нұрсұлтан деп осыны жақсы көресіңдер, сендердің нағыз бауырла- рың мен емеспін бе?» деп әзілдейтін. Сара Арқаның қызы ғой. Әзіл демекші, ана бір жылы Қуанышқа айтқанмын, «Сендерге пирамиданы көрсетемін» деп. Содан олар «Нұрсұлтан бізді Египетке шақырып жатыр, пирамиданы көрсетпекші» деп, әбден дайындалып жүріпті, әйелдеріне де айтып қойыпты. «Бәлен күні Астанаға келсін» деп тағы хабар бергіздім. Олардың бәрін халық формасына қарап «Пирами- да» атап кеткен
Бейбітшілік және келісім сарайының салтанатты ашылуына алып бардым… Бәрі соны көпке дейін айтып жүрді.
Жалпы, баласын кім жақсы көрмейді. Бірақ есейе келе баланың ата-анадан алыстау болып, өз жолын іздеп тапқаны жөн. Өмір жолы оңай емес. Сол жолдың қиыншылығына төзбесе, өмір күресінде жеңу оңайға түспейді.
Мен ауылымнан, ата-анамнан тұңғыш рет алыс кеткенде көп сағынып, көп қиналдым. Менің жанымдағы елдің әр түкпірінен келген жастардың көңілдері де сондай еді. Бірақ уақыт өте бәріне көндік, төздік. Өзің үшін өзің шешім қабылдаудың не екенін үйрендік. Бұл үлкен өмір мектебі болды. Талай достарымның балалары әкелерінің жолын қуды. Міне, бізге керегі де осы емес пе? Балаларды қиындыққа қайрап салудың жөні бөлек.
Жан-Жак Руссоның айтқаны бар, «Балаңызды бақытсыз етудің таптырмас тәсілін білесіз бе? Жастайынан ешқашан бетін қайтармасаңыз, бақытсыз етуге сол жетіп жатыр» деп. Керемет айтылған сөз.
Баланы оқуға да, еңбекке де мәжбүрлеу керек. Бала деген кішкентай күнінен осының бәрінің соншалықты керектігін, пайдалылығын өздігінен терең пайымдай алмайды да. Оның бәрі заңды нәрсе. Баланың аты бала. Жақсы өмір, лайықты өмір тек біліммен, тек еңбекпен келеді деп баулу керек бала күнінен. Тәтті нан ащы термен келетінін ұғындыру керек.
Еңбекті тек жұмыс деп қарауға болмайды. Ол екеуінің айырмасы болмаса, екеуін екі сөзбен атамас еді. Адал еңбектің аздырмайтынын, арамдықтың бойды жаздырмайтынын біледі біздің халқымыз. Бейнеттің түбі зейнет екенін де айтады біздің қазақ. Еңбек сені адам ретінде қалыптастырады, сенің мінезіңді шыңдайды, сенің дүниеге көзқарасыңды орнықтырады.
Жұмысшылар ортасының ашықтығы, әр ұлттан құралса да жанының мөлдірлігі сені де тазартып тұрады. Ол жерде бойыңа бітпеген қасиетті бардай көрсету деген, ойыңа сыймайтын сөзді айтып, өзіңді дардай көрсету деген болмайды. Ба- рынша табиғи жүресің. Мынандай бір жағдай есімде. Магнитка парт- комының хатшысы кезім. Комбинаттағы кран машинистері жұмыс істеуден бас тартыпты. Салқындатқыш аппарат істен шыққан екен. Кран машинисі дәл ағып жатқан шойынның үстінде болады, оны салқындатпаса өте қиын. Мамандар уәде берген құрал-жабдықтарын дер кезінде жеткізбепті. Енді болмаса бүкіл комбинаттың жұмысына нұқсан келейін деп тұр. Оқиға орнына бардым. Бәрін көрдім. Кранға көтеріліп, кабинаға кірдім де жұмыс істей бастадым. Кәдімгі каби- неттегі киіміммен. Мені көріп машинистер орындарына оралды.
Еңбек адамының көңіл күйіне қарау, жұмысқа қажетті жағдайды жасау да мәселенің мәселесі. Біз еңбек қоғамын құрамыз десек, әлеуметтік жаңғыртуды жүзеге асырамыз десек, осы жағына қатты қарауымыз керек.
Абай: «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген. Ол қазақты үйренуге үндеді. Бұл сөздің мағынасы әлі де жойылған жоқ. Алыстан да, жақыннан да үйренетін нәрсеміз көп әлі. Өзгелерден үйрене жүрсек қана, өзіміз де үйрететін ұлтқа айнала аламыз.
Жұмысқа орналасқаныма екі жыл да толмай жатып,
КОКП мү- шелігіне кандидаттыққа қабылдандым. Кейбір кітаптарда менің бұл қадамымды мансап сатысы үшін жасалды деп те түсіндіреді. Мұны осылайша оңайлатып айта салудың жөні келмейді. Біріншіден, партияға жұмысшыларды көбірек тарту деген саясат жүргізілді. Партияның авангарды жұмысшылар делінетін. Екіншіден, ол кезде партия мүшесі болмасаң, бригадирліктен жоғарылай алмайтының белгілі. Тіпті осы жағын ескергенімде де тұрған өрескел ештеңе жоқ деп ойлаймын. Ең бастысы бұл емес. Ең бастысы — сол заманда кеңес қоғамының таңдаулы, алдыңғы қатарлы бөлігі компартия мүшелері болғандығы. Әрине, көптің ішінде кім кездеспейді дейсің, коммунис- тердің арасында да неше түрлі адамдар табылатын. Коммунистік партия қатарының өсуін негізінен жұмысшыларды тарту мен қолдан қамтамасыз ету оған колхоз-совхоздағы шаруалардың енжарлығына, ал интеллигенцияның көбіне сырттай бақылаушылыққа тұтастай алғанда партияға сын көзбен қараушылыққа апарып соқтыр- ғанын да айтпасқа болмайды. Бұл жөнінде жұрт неше түрлі анекдот та шығаратын. Партияға өтетін жұмысшыларға талаптың төмендігіне қатысты мынандай бір мысқыл әңгіме еске түседі. Ол кезде парткомис- сия деген бар. Кілең партия ардагерлерінен құралатын сол комиссия кандидаттарға сұрақ қояды. Бір жұмысшы комиссияға келіпті. «Кеңес Одағы мен Үндістанның арасындағы сауда байланыстары туралы не айта аласыз?» деген сұрақ қойылады. Картадан Үндістанды өзі тауып көрсетуі неғайбыл ол адам «сауда байланыстарының» не екенін біл- мей, үнсіз тұра береді. Сұрақ қоюшы әйтеуір жауап алу үшін: «Біз Үндістаннан не сатып аламыз?» дейді. Бұған да жауап болмайды. Енді сұрақ әбден оңайлатылып, «Таңертең не ішесіз? Есіңізге түсіріңізші?» деп қойылады. Сонда барып аң-таң қалған кандидат: «Қияр тұздығы ма?!» дейді…
Әзіл түбі — зіл, әрине. Әйтсе де, ол уақытта елді алға бастаған негізгі күш партия мүшелері екені ешқандай талас тудырмайды.
«Әділеттің ақ жолы» кітабында біздің бригадиріміз, аға горновой Борис Яговитов туралы жазғанмын. Оның өз ісіне берілгендігі менің партия қатарына өтуімнің бір түрткісі болды дер едім. Бір күні Борис Васильевич әңгімеге шақырып, мені партияға өтудің артықшылықта- рына сендіре бастады. «Сені жақсы қызметтік өсу жолы күтіп тұр, бірақ жетістікке жету үшін партияға өту керек», деді ол. Көп ұза- май-ақ цехтық парткомға шақырды. Оның алдында партком бас қосып, мені партия мүшелігіне кандидаттыққа алу мәселесін қарас- тырған екен. Ендігі бір жыл ішінде мені қадағалап, сынаққа алатын көрінеді. Егер сол уақыттың ішінде өзімді жақсы жұмысшы етіп көрсете алсам, басқадай ыңғайсыз жағдайларға түсіп қалмасам, тағы сондай қауіп-қатерден сақ болсам, онда бір жылдан кейін партия мүшелігіне алатындарын айтты.
Иә, партияға өтуге мені ешкім де итермелеген жоқ. Партия ұйымдастырушыларының жұмысшыларды партияға өту үшін өтініш беруге үгіттеп жүргенін, ал сонымен қатар инженер-техник қызметкерлердің анкета алу үшін кейде жылдар бойы кезекте тұратынын байқағаным едәуір кейінгі кезде еді. Жолды ашу, жеңілдік алу, жоғарылай өсу дегендер ойға да келмейтін. Әлгінде айтқандай, нақты мысалдар көз алдымызда тұратын — өйткені цехтағы коммунистер әрқашан өнеге еді, олар қандай қиын жағдайда да ешкімді ұятқа қалдырмауға тырысатын. Оның үстіне, олар партия ұйымының ықпалы күшті екенін білетін, егер керек болса, цех бастығына немесе кез келген өзге жетекшілерге талап қоя алатын.
1962 жылдың ақпан айында Магнитка жастары мені Қазақстан комсомолының Х съезіне делегат етіп сайлады. Бұл кезде жасым әлі жиырма екіге де толмаған еді. Съезд мінберінен Теміртауда алып комбинат салып жатқан мың-мыңдаған құрдастарымның, тұстас- тарымның көкейкесті мәселелерін көтеруге тырыстым. «Теміртау- дың комбинатында да, қаласында да біразын өз күшімізбен шешіп жатқан проблемалар бар, сонымен бірге біз өзіміз шеше алмайтын проблемалар да бар. Жастардың көңілдегідей демалуы, көркем-өнерпаздықпен шұғылдануы үшін мәдениет сарайы жоқ. Таланттар жеткілікті. Спорт шеберлері, разрядтылар бар, алайда стадион жоқ. Қала комсомолдары атынан біз үшін қиын осы мәселені шешіп бе- руді сұраймын. Талай жас жігіттер талай нәрсені үйренгісі келеді, бірақ қаламызда оған мүмкіндік аз. Үкімет қаулысы бойынша қалада жоғары техникалық оқу орнын салу керек деп шешілген, әйткенмен екі жылдан бері біз тек арлы-берлі сапырылысқан қағазды ғана көріп жүрміз, мәселенің түйіні табылатын түрі көрінбейді. Көптеген ірі зауыттарда мұндай ЖОО-лар құрылған. Жоғары білім министр- лігі де, Мемлекеттік жоспарлау комитеті де, республика комсомо- лының орталық комитеті де әлі күнге дейін осы құрылысты қолға алуға қажетті шараларды жүзеге асырмай отыр. Бізге осындай оқу орны керек. Теміртаудың комсомолдары мен жастары өз қаласында инженер-металлургтер дайындайтын
зауыт-втуз болғанын көптен қалайды, содан да осы мәселе тіреліп тұрған ұйымдарға үміт арта қарайды. Мұны шешетін уақыт келді… Бізге неге өнердің майталман шеберлері келіп тұрмайды? Шығармашылық тұлғалар — белгілі бір мәдени орта қалыптасып үлгерген Алматының, басқа да орталық қалалардың ақындары, жазушылары да сирек келеді. Жазушыларды, ақындарды осы заманның батырларын біздің арамыздан іздеуге, ол үшін бізге келуге шақырамын…», деп сөйлеген сөзім жап-жақсы шыққандай болды. Олай дейтінім — талай рет қол шапалақталды.
Түйіндейтін тұста: «Ең соңында съезд мінбесінен жастарға арнаған бір өтінішімді айтпай түсе алмаймын. Қазақстан Магниткасында қазақ қыздары ілуде бір кездеседі. Біз жастық романтикасына бай қаламызға қазақ қыздарын шақырамыз, бәріңізге жұмыс табылады, сіздерді құшақ жая қарсы аламыз» деп айтқаныма зал толы жұрт ду күліп, қолпаштап жөнелді. Ол кезде Магниткаға бұған дейін келген аз ғана қазақ қыздарының арасында менің болашақ жарым, үш пер- зентімнің анасы Сара жүргенін мен білген жоқпын…