EPG

«Менің өмірім. Бодандықтан – бостандыққа»

Нұрсұлтан Назарбаевтың «Менің өмірім. Бодандықтан – бостандыққа» атты кітабы – қазақ халқының ғасырлар бойы тәуелсіздікке ұмтылған арманын жүзеге асырған қазіргі Қазақстанның негізін қалаушының естеліктері. Бұрынғы президент өзінің жастық шағын, Кеңес дәуіріндегі және егеменді Қазақстан кезеңіндегі саяси қызметін және биліктің мұрагеріне ауысуын еске алады. Ол жеке өзі қатысқан тарихи оқиғаларды егжей-тегжейлі баяндайды. Бұл мемлекеттің жойылуы мен құрылуы, көпұлтты елде тәуелсіз саясат жүргізу және оның бірлігін сақтау туралы шынайы әңгіме. Автор билікті кім және не үшін алатынын және миллиондаған адамдардың тағдыры үшін жауапты екенін түсіндіреді. Сонымен қатар, ол алғаш рет отбасылық өмірінің қыр-сырын ашық айтады.

Онлайн оқу

ТЕМІРТАУ ТАҒЫЛЫМЫ

Отты өзен

Ал қазір 1960 жылға, біз болашақ Магниткаға келген кезге қайта оралайын.
Өмір біртіндеп өзінің үйреншікті арнасына түсе бастады. Домна пешін әлі іске қоспағанын айттым ғой. Бізді «Казметаллургстрой» тресінің «Доменстрой» басқармасына орналастырды. Маған, жоғарыда жазғанымдай, жедел түрде бетоншы мамандығын игеруге, металлургия агрегаттарының іргетасына бетон қабылдауды үйренуге тура келді. Ауысым-ауысыммен күндіз-түні жұмыс істедік: бетондауды бір сәтке де тоқтатпастан, бетонды ыстық күйінде қабылдау қажет еді. Тұрмыс жағдайымыз дегенде… бізді ылғалды да лас жертөледен от жағылмайтын жатақханаға көшіргенін, онда біз тар төсекке екі адамнан жатып, матрац жамылып жылынатынымызды, еш жерде кептіріне алмағандықтан, брезент киімдерімізді аязда қалдыратынымызды, өйткені су-су әрі зіл батпан болып тұрғаннан гөрі мұз боп қатқан күйінде кию оңай екенін, таңертең жұмысқа өзіміздің басты құралдарымыз: үлкен балға мен жалпақ күректі қалай алатынымызды еске алмай-ақ қойсам да болар еді. Кеш сайын шаршайтынымыз сондай, кереуетке құлай кетіп, ұйықтай беретінмін, ұйықтай беретінмін. Бізді күндізгі ауысымға дайындалу үшін ертеңіне таңғы бес жарымда оятқан кезде кешегі жұмыс күнінен кейін денемнің дел-сал болып, демалуға үлгермегенін жиі сезінетінмін. Күн сайын жолға бір сағат кететін. Мұндайда тек жастығыңа, күш-қуатыңа сенесің. Қарапайым тәрбие жұмысы дегенді былай қойғанда, аздап кәдімгі адам сияқты демалуды ұйымдастыруды ойлап жатқан ешкім жоқ. Жастардың басты ермегі — топтасып төбелесу. Днепропетровск Одессаға, Свердловск Череповецкіге, Гомель тағы бір қалаға қарсы шығып, дүрлігеді де жатады. Сондай төбелестерде кісі өлімі де болып тұрады. Өзіңді өзің қорғамасаң, сені ешкім қорғамайды. Жұдырығыңды тастүйін жұмып, ә дегенге мә деуге дайын тұруға тура келеді. Ауылдағы мектепте боксқа жазылғанымның, училищеде күреске жаттыққанымның пайдасын талай көрдім. Әйтсе де, желігі басылмаған жасқа ағалардың аялы алақаны болмаса, солар сақтандырып, бағыт- бағдар беріп жүрмесе, ақыл-парасатқа үйретпесе, бұғанасы бекімеген бозбалалар тағдырының басқа жаққа бұрылып кетпесіне кім кепіл? Бір жақсы жері, біз барған бетте жанашыр адамдардың, шын мәніндегі ұстаздардың ортасына түстік. Днепродзержинскіде болашақ мамандығымыздың негізіне әбден қаныққанымызға да көзіміз жетті. Мен училищеден сегізінші разряд алып шыққан едім. Мұның өзі толық жоғары мамандығы бар жұмысшы деген сөз. Өйткені қара металлургиядағы ең жоғары разряд — оныншы разряд. Сондықтан да мен аға металлургтердің айтқанын қағып алып, ойындағысын орындауға дайын тұратынмын. Үйренуден жалыққан емеспін.
Қара металлургияның қыр-сырына қанықтырған ұстаздарымның біреуін ғана айтып өтейін. Ол — Борис Васильевич Яговитов. Осы бір абзал жанды адамды, нағыз маманды ешқашан ұмытпаймын. Бізді пешке жұмыс істеуге ауыстырғанда ол бригадиріміз, аға горновой еді. Егер менен, нағыз большевик дегеніміз кім деп сұраса, өз пікірімше, әрқашан сол кісіні еске алар едім. Осы жай жұмыскер адамның өмірге деген көзқарасының үлгісі, өз ісіне берілгендігі менің партия қатарына өтуіме түрткі болды. Ол кісі маған кепілдеме берді. Мен партияға бұл ұйым адамдарға әділеттілік әкелетін, жалғандық пен кемістікке қарсы тұратын күш иесі деген толық сеніммен өттім. Б. В. Яговитов өзінің алған білімі оншалықты көп болып көрінбегенмен (небәрі жеті кластық білімі бар адамнан мұның бәрі қайдан шығады деп қайран қалатынмын), металлургиялық процесті кейбір жоғары білімді инженерлерден артық білетін. Мәселен, ағып келе жатқан құйманың химиялық құрамын бір көргеннен-ақ, жай көзбен, бәрін де таңғалдырарлықтай дәлдікпен анықтайтын. Ол Теміртауға үлкен Магниткадан — Магнитогорск металлургия комбинатынан, әулетімен бірге келген. Жігіттеріміздің бірінің ұнжырғасы түссе, оның ұдайы «Ештеңе етпейді, сен әлі-ақ нағыз металлург боласың!» деп, дем беріп қоятыны есімде. Мұндай сөзге кім-кім де қанаттанып қалады ғой.

Адам, әсіресе жас шақта, еркін болуы керек. Бәрін көруі керек. Жақсыны да, жаманды да, озықты да, тозықты да қарап, өзі ой қорытуы керек. Ойыңдағыны орындау үшін кейде тәртіп бұзуға тура келуі де мүмкін.
Мен өзімді, әсіресе жас күнімде, сондай бір ешқандай тентектігі жоқ, сонша әдепті, үлгілі едім демеймін. Әрине, басбұзарлығым болған жоқ. Ата-ананың адал бол, темекі, арақтан аулақ жүр дегендей ақыл-өсиеті де бар. Мектепте де, кейін де үздік оқығанмын. Содан қарап мені барлық жағынан түп-түгел, теп-тегіс деудің жөні жоқ. Мен талайды көрген адаммын. Өмір мені әртүрлі жағдайда сынға салып байқаған. Оның қилы сәттерін осы кітапты жазу барысында тағы айта да жатармын. Өмірде бәрі болады. Бар мәселе солардың бәрін там-тұмдап көріп, тағылым алып, дұрыс қорытынды жасай білуде. Мысалы, жұмысшы ортасында кезінде арақты ауызға атымен алмайтындар некен-саяқ кездесетін. Біз солардың арасында едік. Оның үстіне біз металлургтердің ішінде өстік. Ал олар оқшауланғандарды ұнатпайтын. Сондықтан ненің болса да дәмін бірге таттық. Өмір деген төселген тақтай емес. Әсіресе жас кезіңде алдыңнан шығатын сынақ көп. Жұмысшы ортадағы сондай сынақтардың бірі — ұжымда қалыптасып қалған дәстүрлерден шет тұрмау. Әлгіндей дәстүрлердің бірі — алғашқы жалақыны «жуу»… Кезегім келгенде бүкіл бригаданы — сегіз адамды сыраханаға алып барғаным есімде. Ойым — ағаларды сыйлау, ортаға кіру рәсімін атқару. Оны «прописка» дейтін. Жасым жиырмаға келгенімен ол кезде аузыма ішімдік атаулыны алып көрмегенмін. Ауылда ғой, мұндай әдет жоқ. Училищеде де болған емес. «Қанша әкелейін?» десем, «Ала бер» дейді. Мол етіп алдым. Өздері түні бойы ұйықтамаған, қапырық цехтан шыққан. Айтқандай, біздің Қарағандының бұл істегі өзіндік жаңалығы — арақты сырамен сораптау! «Пиво без водки — деньги на ветер» деп «мақалдайтындары» да бар. Сырттарынан таңдана қарап отырмын.
Жаңағы жігіттер біраздан кейін менің өзімді қажай бастады. «Оу, сен зіңгіттей жігіт бола тұра, ішпейтінің қалай? Іш. Әйтеуір бір кезде бастау керек қой», дейді. Жігіт емеспін бе, металлург емеспін бе?.. Ақыры бір бастау керек көрінеді?.. Сөйтіп, ағаларымыз бізге металлургияны ғана емес, металлургтер тірлігін де үйретіп шығарған.
Бірақ жақсыны да, жаманды да көре жүріп, жақсысынан үйреніп, жаманынан жиреніп өстік. Қай нәрседе де артық кетуге болмайтынын, артық нәрсе ойыңды да, бойыңды да бұзатынын жастайымыздан біле алдық.
Теміртаудағы өмір университетінің бізге берген тағы бір тағылымы осы.
Мен шойын құюшылықтан бастадым, соңынан төртінші горновой етіп тағайындады. Горновойдың еңбегі деген не? Бұл сол скрап бөлшектегіш ауыр сүңгі және оны күреу үшін керек жалпақ күрек деген сөз. Ал анау ішкі жағында температурасы 2000 градусқа жететін нағыз тозақ жатады. Оның үстіне газ бен шаң. Жігіттерге түсетін салмақ та орасан ауыр. Металл балқыту барысы шағынуға да, демалуға да мүмкіндік бермейді — тек өзіңе сене аласың. Машықтығың жетпейді екен, металл тез қатып қалады да, үсті-үстіне апат болады. Сөйтіп, асбест желбегеймен тікелей жалынға кіріп-шығуға тура келеді. Бір ауысымда жарты шелек тұзды су ішіп, сонша ылғал термен шығып жатады. Жұмыстан соң жарты сағат мұздай суға түсіп, жан шақырасың. Егер жаз болса, сыртқа шыға қалсаң, онда да 35 градус күйіп тұрады. Жігіттер ылғи титықтап шаршап шығады, келесі ауысымға дейін бұлшық еттері тынығып та үлгермейді — бәрі бірдей шыныққан жандар емес қой. Бірсыпырасы шыдай алмай, кетіп те жатты.
Кейін, неше түрлі саяси азан-қазаннан, шешім қабылдардағы қиындықтардан қажығанда, әділетсіз кінәлау мен беталды сынға ашынғанда мен өзіме-өзім «Сен пеш түбіндегі азапты жұмысқа шыдаған едің ғой, бұған да шыдайсың» деп жігер беретінмін.
Сөйтіп жүргенде бір күні аяқастынан Теміртауға әкем келе қалды. Келе қалғанымен қоймай, жұмысыма баруға құлшынды. Қырсыққанда қымыран іриді дегендей, дәл сол түні, әкем біздің цехқа баратында үлкен бір апат болмасы бар ма?! Күнделікті атқаратын азапты, ауыр міндетімізге қоса, апатты жөндеуге тура келіп, қатты жанталастық. Әкем осының бәрін көріп тұрды. Ертеңінде мені қатты қыспаққа алды. «Неге сонша жаныңды азапқа саласың? Мен әкемнен үш жасымда жетім қалып едім, қиындықтың бәрінен өтіп едім. Бірақ тап мұндай тозақты көрген емеспін. Құрысын, таста бәрін!» деп әбден үгіттеді. Әкеме әлім жеткенше бәрін түсіндірдім. Бұл намыстың ісі дедім. Ақыры райынан қайтардым. Осы істің соңына түскен екенсің, аяғына шығар онда деген сыңаймен келісімін берді.
Біздің қатарымыздағы үлкен стажы бар металлургтер Уралдан, Украинадан, Кузнецк металлургия зауытынан шақырылатын, қыруар жолқаржы төленетін, бірден пәтер де берілетін. Әлгілер біздің ауыр еңбектен қалжырап құлап түскен кейбір жігіттерімізді цех- тан зембілмен көтеріп әкетіп бара жатқанда: «Осыларды жұмысқа қалай үйретерсің! Бұлар мал бағу үшін ғана жаратылған ғой!» деп қолдарын сілтейтін. Турасын айтайын, мұндай сөздер жаныма қатты батып жүрді. Бірақ сол жұмысшыларға ренжімеймін. Біріншіден, бұл дөрекілік көбінесе сауатсыздықтан туындап жататын, өйткені көпшілігінің үш-төрт кластық қана білімі бар. Әйтсе де, зауыттық тәжірибесі мол. Екіншіден, олардың сөздерінде әлдебір ұлттық кемсітушілік астар жоқ болатын. Өздерінің ойынша, басқа кез келген қарапайым пенденің қолынан келе бермейтін күрделі де қауіпті мамандық иелеріне тән, кәсіби мамандықтың артықшылығына деген, бірақ кәсіби мамандыққа мақтана менменсудің кешірерлік сезімі ғана бар еді. Қайткенде де бізді металлург етіп шығарған сол азаматтар. Сол кезде мен өзіме ант етіп едім: осы жерде өлермін, өртеніп те кетермін, бірақ мен туралы әлгіндей сөз айтылмайды! Осы антымды берік ұстадым. Менімен бірге көптеген жолдастарым да сыннан сүрінбей өтіп, жоғары дәрежелі мамандар, атақты металлургтер болып шықты. Днепродзержинскіде бірге оқыған, Теміртауда жұмысты бірге бастаған достарымның бірі — Қабидолла Сәрекенов кейін: «Патриотизм бір күнде қалыптаса қоймайды, ол қанға ананың сүтімен сіңеді. Өзімізді мысалға келтірсем, Теміртауға келген жастардың басында талай қиыншылық болды. Қолма-қол металлург болып кету оңай емес-ті. Жұмыс ауыр. Кейбір жігіттер ауылына қайтып кетті, кейбіреулері «Бізге бір жеңілдіктер жасалса» деп күңкілдеді. Сонда Нұрсұлтанның бір емес, бірнеше рет: «Маған қандай жеңілдік болуы керек! Аяқ-қолым сау. Мен қазақ екенмін деп басқалардан өзіме ерекше қамқорлық сұрауым керек пе? Жоқ! Мен қазақпын. Бұл менің елім! Менің жерім! Маған ешқандай жеңілдіктің қажеті жоқ! Адал еңбекпен, күреспен өз нанымды, өз орнымды табуым керек», деп айтқанын естіген едім», деп жазыпты. Магниткада табысқан тағы бір досым, атақты металлург, Социалистік Еңбек Ері Төлеген Адам-Юсуповті тыңдап көрейік: «Жасырмай айтайын, металлург болу қиыннан да қиын іс. Әуелде бұл кәсіпке кіріскендер көп болғанымен, тұрақтап қалғандары аз еді. Көптеген құрдастарымыз ауыр еңбекке шыдамай, кейбіреуі оқу бітіргеннен кейін де ата-аналары- ның жағдайын сылтау етіп немесе басқа мамандық таңдадым деп, Магниткадан кетіп қалды. Мысалы, Қазақстаннан Магнитогорскіге (бізді Украинаға жібергенде Төлеген Магнитогорскіге баратын топқа қосылған екен) 68 жігіт барған едік. Солардың сегізі ғана металлургияға қайтып оралды. Мұндағы жұмыс тәулік бойы жүреді, біреулер келіп, біреулер кетіп жатады. Күнбе-күн солай, демалыс, мереке деген болмайды. Әсіресе, авариялардан кейін адамдар шыдай алмайтын. Шойынды құятын жер табылмай қалғанда сол күреске директордан бастап бәріміз араласатынбыз. Домнадан мартенге дейін шойынды жүз тонналық шөмішпен жеткізу дегенді көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Бүкіл комбинат аяғынан тік тұратын. Қыста қардың үрлей соғатыны сондай, тіпті жұмыс істей алмай қалатынбыз — қатқан шойынды лақтырып тастауға, оны кейін қолмен тазартуға тура келетін. Бұл шаруа бір аптаға созылатын, сол әбден есімде қалыпты. Ауысымда, пеш түбінде істегенімізде бір күннің сегіз сағатының ішінде алты рет өнім шығаратынбыз. Мұның өзі шамамен үш мың тонна шойын деген сөз. Еңбектің ауырлығынан, цехтағы ыстықтан кей жігіттердің мұрнынан қан кететін. Әйтсе де, егер адам домнаға жан-тәнімен берілсе, жақсы көріп кетсе, ол жерден кете алмай қалады. Қандай қиын болса да кете алмайды». Дәл айтқан. Домнаға жан-тәніммен берілдім деуім қиын. Бірақ адам бәріне үйренеді, төселеді. Солай біз де үйреніп кеттік.
Қай істен де нәтиже шыққаны жақсы. Менің жұмысымнан да нәтиже шықты. Домна пешіне ауыстырылғаннан кейін айлығым да өсе бастады. Жоспар 120–150 пайызға орындалып жатты. Ондайда жалақы да тиісінше көбейетін. Кейде тіпті айына үш жарым мың сом алатын болдым! Ескі рубльдің кезі. Кейінгімен есептегенде 350 сом. Бұл дегеніңіз өте көп ақша. Сол ақшаның жартысын ауылға, әкеме жіберіп тұрдым. Әлгі мол ақшаны алған сайын аң-таң қалып, мұндай ақы төлейтін қандай жұмыс бұл өзі деп Теміртауға келіп жүргені ғой. Жұмысымды көріп, неше мың төлесе де істейтін жер емес екен деп мені үгіттеп кеткен болатын. Оны жаңа айттым.
1960 жылдың 3 шілдесі Қазақстан Магниткасының дүниеге келген күні деп есептеледі. Дәл сол күні Қазақстан мен Орталық Азиядағы алғашқы домна пеші іске қосылды. Дәл сағат 15.00-де Магнитканың шамамен отыз бес мыңдай жұмысшылары бір мезетте «Ура!» деген айқайға басты. Сол сәтте № 1 домна пешінен отты өзен сарқырай аға жөнелді — болат арнасы ашылды. Қарағандылық қаламгер Әмен Әзиев «Егемен Қазақстан» газетінің 2000 жылғы 1 шілдедегі санына шыққан «От алауында шыныққан жастық шақ» атты мақаласында былай деп жазған: «Үшінші шілде күні Теміртаудың көшелері, мәдениет, тұрмыс ошақтары, автобустар мен трамвайлар мерекедегідей безендірілді. Мыңдаған тұрғын сапқа тұрып, ұрандар, портреттер мен тулар көтеріп, Магниткаға қарай лек-лек болып ағылды. Түске таман бірінші домнаның сыртындағы ашық алаңға халық лық толды. Құю цехының ішінде көптеген қонақтар, тілшілер, фотосуретшілер, кинооператорлар мүлде топырлап кетті. Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев бастаған партия мен үкімет өкілдері көрінді. Зауыттың сол кездегі директоры Вячеслав Куликов, домна цехының бастығы Константин Зайцев Димекеңе түсінік беріп тұрды.
Бір кезде көздеріне қара көзілдірік киген обер-мастер К. П. Геращенко мен горновой А. Набиуллин отқа төзімді қапастың аузын бұрғы мәшинесімен бұзып жіберді. Жарқыраған жалын, қып-қызыл шоқ, сап-сарыала өзен ақпаның (желобаның) үстіне лап қойды. Шыжылдаған, шашыраған алтын ұшқындар құдды бір отшашудай боп атылды. Сарай іші күндізгідей ғажап сәулеге бөленді. Бұл тарихи оқиға сағат 15-тен 7 минут өткенде болды. Араларында сол кезде небәрі 20 жастағы жас жігіт Нұрсұлтан Назарбаев бар, барлық горновойлар «Кармет Завод. Первый Казахстанский чугун. Июль, 1960» деген жазулар жазылған, көлемі шағын медальондар құйып алды. Шойыншылардың өнері от дариясын ағызғанда және қабылдау үстінде айқын көрінді. Сәл төменде тұрған 100 тонналық ожаулар бірінің артынан бірі көз қарытқан балқымаға шөпілдеп тола бастады. Үкімет адамдары мен қонақтар сыртқа шығып, митингі өтетін жерге қарай бет алды… Бұл қуанышты сәтті біз де көптің бірі болып өз көзімізбен көргенбіз». Бұған мынандай жайларды анықтаңқырап қосайын. Домна пешіне алғашқы вагон руданы Шәміл Бектенов басқаратын бірінші бригада тиеді. Олардан кейін Геращенко мен Набиуллиннің екінші бригадасы шойын астауды ашты. Мұнан кейін іске мен жұмыс істейтін үшінші бригада қосылды. Бізге циклдің соңғы жұмысы — металды шойын құймаларға құю бұйырды. Сөйтіп, Қазақстан өнеркәсібінің жаңа дәуірі басталды. Жиырма жасқа толуыма үш күн қалған еді!
Жаңағы мақаласында жазушы алып құрылыста атқарылған алапат жұмысты былайша сығымдап айтқан: «1953–1954 жылдары осы металлургия кешенінің орнайтын орнын анықтау жұмысына Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың өзі басшылық еткен. Салынатын құрылыс бірден-ақ «Қазақстан Магниткасы» атанды. Одақта теңдесі сирек зауыттың бүкіл құрылысын алты жылда аяқтау үшін қыруар жұмыс атқарылды. Әуелі 33 миллион текше метр топырақ қазылды, 2,5 миллион текше метр бетон құйылды, 160 мың текше метр көлемде отқа төзімді кірпіш, 460 мың текше метр көлемде жай кірпіш қаланды. Бұған қоса тораптардың іргеліктеріне, қабырғалары мен төбеліктеріне 910 мың тонна темір бетон бөлшектері құрастырылды. Ал құрылыс алаңына салынған теміржолдар 380 шақырымға жетті». Расында да, ғажап емес пе? Осындай жанкешті жұмыстың, ерен еңбектің арқасында Кеңес Одағы қанқасап соғыстан қансырап шыққаннан кейінгі айналасы жиырма шақты жылдың ішінде-ақ әлемдегі екінші қуатты державаға айнала алған болатын.
1960 жылы алғашқы шойынды балқыту тек Қарағанды металлургия комбинатының тууы болып қана қойған жоқ. Іс жүзінде бұл Қазақстанның бүкіл қара металлургиясының тұсауы кесілген күн еді. Ол жерде бұрын шағын елді мекен, палаталық қалашық пен бүкілодақтық екпінді құрылысқа келген мен сияқты мыңдаған жастар болды. Адамдар қолымен алғашқы домна тұрғызылып, өндіріске қосылды. Бұл — құрылысшылардың, монтаждаушылардың, реттеушілердің, металлургтердің алып ұжымының нағыз еңбектегі ерлігі. Сол бір шын мәніндегі тарихи балқымаға өзімнің де қатысқанымды өте мақтан ететінмін. Кезінде металлург мамандығын таңдағаныма ризамын. Бұл жерде мінез шыңдалды, бұл жерде мен өте маңызды өмірлік тәжірибе алдым, жаңа сенімді достар таптым. Олег Тищенко, Александр Коркин, Николай Давыдов, Олег Сосковец, Владимир Кац, Махмуд Акбиев, Арғын Жүнісов саяқты тамаша адамдармен бірге жұмыс істегеніме қуаныштымын. Жолдастарымның арасында төртінші домна пешінің горнында бірге тұрғандар маған айрықша қымбат. Олар Қабидолла Сәрекенов, Владимир Колбаса, Төлеутай Сүлейменов. Тұңғыш балқымаға және сол тұңғыш шойынды қабылдауға Днепродзержинскідегі техникалық училищеде бірге оқыған достарым — Аманәлі Әбдіраманов, Сахан Батырханов, Рахметулла Жанарбаев, Марат Қыстаубаев, Талмахан Құрманбаев, Әмірбек Қырықбаев, Тұрғанбек Орынбаев, Алтай Сәлімов, Қабидолла Сәрекенов, Әбдіқадыр Соқбеков, Жасұзан Сұлтанбеков, тағы басқалар қатысты. 2010 жылғы шілдеде еліміз Қазақстан Магниткасының 50 жылдығын атап өтті. Мерейтойлық, мерекелік балқымаға мені арнайы шақырды. Үстіме металлургтің киімін киіп, қолыма баяғыдай шөміш алып, тағы да отты өзеннің алдына келдім. Көз алдыма жастық шағым, жалын шағым қайтадан орала қалды. Сол сәт естен кетпейді. Салтанатты митингіде сөйлеген сөзімде 50 жыл бұрын, алғашқы қазақстандық шойынның құйылуы тек Қарағанды металлургия комбинатының дүниеге келуі ғана емес, бүкіл Қазақстан қара металлургиясының дүниеге келуі екенін айттым, атақты металлург Арғын Жүнісовке «Қазақстанның Еңбек Ері» құрметті атағының алтын жұлдызын табыс еттім. «AрceлoрMиттал Теміртау» акционерлік қоғамының аға өндірістік шебері В. И. Деркачқа «Отан» орденін, Ресей Федерациясының қаржы-өнеркәсіптік топтары қауымдастығының президенті О. Н. Сосковецке, «AрceлoрMиттал Теміртау» акционерлік қоғамының суық металл кесушісі В. В. Ткаченкоға ІІ дәрежелі «Барыс» орденін, «AрceлoрMиттал Теміртау» акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің төрағасы Л. Митталға ІІ дәрежелі «Достық» орденін табыстадым.
«AрceлoрMиттал Теміртау» акционерлік қоғамы комбинатты қиын жағдайда тығырықтан шығарғаны анық. Сол тұстағы жалғыз жол шетелден инвестиция тарту еді. Біз соны жасадық. Дер кезінде қуатты инвестор таба білгеніміздің арқасында біз комбинатты аман сақтап қала алдық. Азаматтарымыздың әлеуметтік қорғалуы қамтамасыз етілді. Комбинаттың дамуына жүздеген миллиондаған доллар жұмсалды. Соның арқасында өндіріс жаңғыртылып, қазіргі заманғы жабдықтармен, ең жаңа технологиямен қамтамасыз етілді. Жаңа қосымша қуаттар пайда болды. Болат өндіру көлемін жылына 6 миллион тоннаға жеткізу межеленді. Алайда уақыт өте келе жаңа проблемалар да туындамай тұрмады. Әсіресе кейінгі жылдарда адам өліміне әкеліп соқтырған технологиялық апаттардың қайта-қайта орын алуы жан ауыртады. Акционерлік қоғам кәсіпорындарында қауіпсіздіктің сақталуына тиісінше көңіл бөле отырып, бұл металлургия алыбындағы өндіріс көлемін кемітіп алуға жол бермеудің амалы да табылатынына сенемін.

Пікір қалдыру үшін сізге логин қажет немесе өтіңіз
Синопсис
1/9

Листайте главы с удобством

Можете переключаться между главами книги в любое время. Насладитесь плавным переходом к интересующим вас частям текста!
Далее Завершить обучение
2/9

Настройте шрифт под себя

Изменяйте размер шрифта, чтобы чтение было комфортным для ваших глаз. Настройте отображение текста так, как вам удобно.
Далее Завершить обучение
3/9

Читайте синопсис

Не знаете, с чего начать? Ознакомьтесь с кратким содержанием книги, чтобы быстро понять основные идеи.
Далее Завершить обучение
4/9

Исследуйте содержание книги

Посмотрите все главы и подглавы в удобном навигационном меню. Найдите интересующие вас разделы одним кликом.
Далее Завершить обучение
5/9

Сохраняйте закладки

Добавляйте закладки, чтобы не потерять важные моменты. Вернитесь к нужному месту в книге в любой момент.
Далее Завершить обучение
6/9

Открывайте мини-справочник

Кликайте на «Мини-справочник» для доступа к дополнительной информации. Нажмите на текст, и модальное окно откроет полезные материалы.
Далее Завершить обучение
7/9

Просматривайте таймлайн событий

Интерактивный таймлайн поможет вам увидеть ключевые события книги. Кликните, чтобы открыть окно с подробной информацией.
Далее Завершить обучение
8/9

Наслаждайтесь цитатами

Ищите вдохновение? В разделе цитат собраны самые яркие мысли и высказывания.
Далее Завершить обучение
9/9

Делайте записи в блокноте

Зарегистрируйтесь и получите доступ к личному блокноту. Записывайте свои идеи, заметки и важные мысли прямо во время чтения
Завершить обучение
AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу