Айналаға ақыл көзімен қарайтын әрбір адам ұлты туралы, өзінің халықтың бір өкілі екені туралы жас күнінен ой түйе алады. Ал балалық шақтан көпұлтты ортада өскендерде бұл сезім басқаларға қарағанда басымырақ болады.
Шамалғанда көптеген ұлт өкілдері тұрғанын жаздым ғой. Орыс, украин, неміс, әзербайжан, түрік сияқты көптеген ұлттың балаларымен араласып-құраласып, жарыса, жағаласа өстік. Сабақ оқуда болсын, спортта болсын, көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысуда болсын, намысты бермеуге тырысатынбыз. Ол кезде одақтас республикалар жұрты бір-бірін онша біле бермейтін. Днепродзержинскіде жүргенде бізді біреулердің қытайлар, біреулердің кәрістер деп жататынын талай естігенбіз. Қытайдан, Кореядан келген шәкірттер, жұмысшылар да бар еді онда. Мәскеудегілердің өзі республикалар астаналарын дұрыс атай алмайтынын да көргеніміз есімде.
Күндердің бір күнінде қаламызға
Бибігүл Төлегенова келіп, концерт қояды екен деген хабар жетті. Днепродзержинск тұрғындарының қазақ өнері туралы қанша білетіні белгілі. Оның үстіне Бибігүлдің онша таныла да қоймаған кезі. Зал болса мың орындық. Қазақтың жас әншісін тыңдаймыз деп Днепродзержинскінің мың адамы жинала қалатынына сенім аз еді. Білгенімізше қолдан хабарландырулар жазып, ондайды «афиша» дейтінін кейін естідік, мектептерге, мекемелерге өзіміз барып, билет таратып, ақыры мың адамдық залды толтырып тындық. Үлкен гүл шоғын алуды да ұмытқан жоқпыз. Концерт біткенде сахнаға шығып, сол гүлді әнші апайымызға тапсырып, қазақша, орысша, украинша араластырып алғыс айтқаным да бар. Осыны бізге істетіп жүрген күш те намысшылдық болатын.
Адамның бір қасиетті парызы — өз ұлтының, туған халқының жақсы атын шығаруы. Ұлт та, халық та жеке адамдардан құралады. Егер әр адам елдің туы менің де қолымда деп санаса, онда елдің бағы жанады.
«Ел намысы — ер намысы» дегенді қазақ содан айтқан. Халқымыздың «Жігітке жар қымбат, намыс пен ар қымбат» дейтіні де бар.
Абай да қара сөзінде бұрынғы ата-бабаларымыздың бұл замандағылардан артық екі мінезі бар деп, соның біріншісіне қазақтың ел басы, топ басы деген кісілерге сенетінін, екіншісіне намысшыл келетінін атаған ғой.
Қазақтың намысшылдығы біз тәуелсіз мемлекет құрған жылдарда жаңаша көрінді. Қазіргі қазақ намысшыл болмаса, біз тарихи тұрғыдан қарағанда аз уақыттың аясында мұндай мемлекет құра алмас едік. Елді ұйыстырушы ұлт болып тұра алмас едік. Тәуелсіздік жолына қатар түскен елдердің кеуде тұсында жүре алмас едік. Сол намысшылдығымыз бізді Днепродзержинскіде де талай тығырықтан алып шықты. Сол намысшылдығымыздың арқасында біз біраз уақыттан кейін-ақ қазақ жастарының қабілетсіздігі деген сыпсың сөзді тыйғыза алдық. Оған біздің жігіттердің күрес секциясына қатысып, өздерінің күшін дәлелдеуі де әсер етті. Ол жылдары Днепродзержинскіде еркін күрес ерекше кең тараған. Бойларында күші тасыған жас жігіттер қиындығы мол еңбек ауысымынан кейін де секцияға барып, күреспен айналысатын. Бірде спорт залына біз де барып қалдық. Жай, әншейін қызықтау үшін. Ал күрес кілемінің үстіндегі арпалысып жатқан жігіттерді көргенде еркін күрестің біздің
қазақша күреске ұқсас екенін бірден байқадық. Қазақша күрес кез келген ауылдағы әр балаға таныс. Бірақ спортшылардың белінде дағдылы белбеулері жоқ екен. Бірақ бұл жағдай бізді тіпті де абыржыта қойған жоқ. Ал төртбақ келген ақсары жігіт менімен күш сынасасың ба деп ұсыныс жасаған кезде мен ойланып тұрмастан, шешіне бастадым да, кілем үстіне шықтым. Турасын айтайын, менің пошымым спортшыға тіпті де ұқсамайтын еді. Үстімде — кәдімгі майка, бұтымда — балағы ұзын дамбал. Бүкіл спорт залы күлкіге көмілді. Мен оған тіпті мән бермедім. Әкем ерінбей-жалықпай үйреткен тобықтан қағу әдісін шу дегеннен қолданып, қарсыласымды алып ұрдым. Күлкі сап тыйылды. Мұның есесіне жерлестерімнің мені қолпаштап қолдаған қуанышты айқай-шуы естілді. Алғашқы мүлт кеткеніне ызаланған қарсыласым қызбалыққа басты. Міне, тап осы кезде мен оны біржола қапсырып алдым да, көзді ашып-жұмғанша жамбасымнан асыра лақтырдым. Оның екі жауырыны бірдей кілемнің үстіне сарт ете қалды. Әлгі жігіт орнынан тұрып, басын шайқай берді:
«Жарайсың, Қазақстан!» дегендегісі.
Күресіп, белдесіп өскен халықтың баласы емеспіз бе, көп ұзамай басқа жігіттер де сол секцияға жазыла бастады, бара-бара тіпті өзіміз жеке команда құрып алдық. Зауыттық, қалалық жарыстарға қатысып жүрдік. Бұл біздің өзімізге деген сенімімізді күшейте түсті. Бірте-бірте қалаға да үйрендік, дала баласына тән болып келетін ұялшақтықтан да арыла бастадық. Спорттың адам рухын көтеріп жіберетін сондай сиқыры бар. Училищеде жүргенде спорт секциясында еркін күрестен жаттықтырушым болған
Лев Рудольфович Ежевский өмірімде өз ізін қалдырған адамдардың бірі. Кілем үстінде терімізді сығып алатын. Ол кісі бізді қажырлылықтың, қайраттылықтың, қайсарлықтың мектебінен өткізді. Сол мектептің тағылымы әлі күнге маған күш қосып келеді. Еркін күрес секциясында жүріп танысқан
Микола Литошко кейіннен менің ең жақын достарымның біріне айналды. Ата-анасы да бір асыл адамдар еді. Миколаның анасы Екатерина Карповна мені кәдімгі екінші ұлындай көрді. Днепрдің ар жағындағы үйіне жиі барып тұратынмын. Қашан барсам да жылы-жұмсағын алдыма тосатын. Сенбі күндері кейде қонып та кететінмін. Таңертең анасы жейдемді, шалбарымды үтіктеп қоятын. Днепрге барып шомылатынбыз, қайықта серуендейтінбіз. Демалысқа үйге қайтқанымызда Қазақстанға барғанша пойызда жеп баруға жететіндей етіп дәмді бәліштер пісіріп беретіні де есімде. Микола кейін Теміртауға келді. Сондағы комбинатта жұмыс істеді. Осы жақта жүргенде әскер қатарына алынды да, әскерден соң ол өзінің Украинасында қалды. Арада көп жыл өткенде, 1994 жылы ғана досымды қайта таптым. Оны Қазақстанға шақырдым. Күрес кілемінде өзімізді мойындатқаннан кейін бара-бара беделіміз өсе бастады. № 8 техникалық училищедегі (қазір металлургия институты болды) ұстаздарымыздың бірі Нина Филипповна Быковская кейін өз естелігінде директор Петр Семененконың сол кезде айтқан «Қазақ жігіттері әлсіз емес, олар жайдары жүректі. Қазақ халқынан талантты адамдардың — әншілердің, күйшілердің, ақын-жазушылардың көп шығатыны содан. Олар металлург мамандығын алғаш рет игеруге де тас түйін бекініп отыр. Қазақстанның болашағы осы балаларға тікелей байланысты» деген сөзін келтіріпті. Намысшылдық дегеннен шығады, сол Нина Филипповнаға біздегі бір жігіттің қатты ашуланғаны бар. Емтиханда «үш» қойған екен, ол жігіт оқытушыны трамвай аялдамасында көріп қалып, «Сіз маған неге «үш» қойдыңыз?» деп айқайлайтын көрінеді. Жаңағы жігітке емтиханда қайтарған жауабы қате екенін түсіндіріп, апайдан кешірім сұрауы керек екенін айтқанмын. Кейін әдейі барып тұрып, «Мен дұрыс жасамаппын. Нұрсұлтан сізден кешірім сұрауға жіберді» депті. Сол естелігінде Нина Филипповна былай жазады: «Қазақ балаларының көбі орысшаны нашар білетін, ал Нұрсұлтан орысшаға ағып тұратын. Сондықтан ол аудармашының міндетін де қоса атқаратын. Балалардың тілі жетпей жатса, Нұрсұлтан көмекке келетін. Тіпті металлургияның терминдерін достарына қазақша түсіндіріп беретін». Осыған байланысты мынандай бір күлкілі жағдайды айта кеткім келіп отыр. Расында да, училищедегі қазақ жігіттерінің арасында менің бірден көзге түскенімнің басты себебі орысша еркін сөйлейтінім болған шығар. Біздегі жігіттердің көбі әуелде ойын орысша айқын айта да алмайтын. Көбі таза қазақ ауылдарынан шыққандар. Араларында соны өз мақсатына пайдалана қоятындары да табылатын. «Мен пәнді білемін, бірақ жақсылап айтуға тілім жетпейді», дейді. Содан оқытушы мені шақырады. «Өз тілінде айта берсін, сен аударып отыр» дейді маған. Мен жаңағы жігітке айтамын: «Тоқтамай сөйлей бер, нені айтсаң соны айт, тек тоқтама, ара-арасында
домнаның, пештің сөздерін араластырып қой, қалғанын өзім қатырамын», деймін. Анау қазақша әңгімені бастайды. Ауылдағы көрген-білгендерін бе, ата-анасын қалай сағынғанын ба айтып, әйтеуір ойына келгенін сөйлей жөнеледі. Басқа балалар күлкісін әрең тежеп отырады. Қойылған сұраққа дәл жауап беріп жатқандай, соны мен аударып қана тұрғандай етіп сөйлеп кеп беремін. Мұғалім: «Дұрыс, біледі екенсің, жақсы біледі екенсің, бірақ орысшаны үйрен, үйренбесең болмайды, қашанғы жаныңда аудармашың жүреді» деген сияқты сөздерін айтып, жоғары бағасын қояды. Сөйтіп жүргенде, бір күні әшкереге түстік. Не айтсаң да, тоқтамай сөйлей бер дегеннен кейін біздің балалардың біреуі: «Ой, кеше әбден қыдырдық қой. Кешке паркке де бардық, киноға да кірдік» деген сияқты беталды әңгімені оңды-солды жосылтпай ма? Мен болсам «чугун», «форсунка высокого давления», «нормализационный отжиг» деген сияқты сөздермен «аударып» жатырмын. Бір кезде мұғалім: «Подожди, подожди-ка» деді. «Слушай, что за парк, что за кино?..» дейді анаған. Ол не айтсын?.. Осындай да қызықтар болып жататын. Балалықтан толық кете қоймаған, жігіттікке толық жете қоймаған бұла шағымыз еді ғой. Жастық шаққа жететін не бар дейсің бұл өмірде? Жастық шақ осындай әрпіл-тәрпілдігімен де қызық.