Бірінші сыныпқа 1947–1948 оқу жылында бардым. Шамалғандағы Д. Фурманов атындағы мектеп еді. Шамалғанда ол кезде қазақ аз. Содан да жаңағы мектепте екі класс орысша, бір ғана класс қазақша болды. Оның өзінде жеті-ақ оқушы бар. Бір жағынан, бұл жақсы да. Балаға толып отырған кластан гөрі мұғалім шәкірттеріне көбірек көңіл бөледі, сабақты да жиі сұрайды. Кеше жауап бердім ғой, бүгін сұрамас деп балалықпен босаңсып отырмайсың.
Алғашқы ұстазым — Тәкура Алғадайқызы Смайылова апайымыз. Қолымызға дәптер беріп, қалам ұстатып, алғашқы әріптерді қағазға түсірткен тұңғыш мұғаліміміз. Өзіміз Тәкку апай дейтінбіз. Қыздар педагогика институтын бітірген білікті маман еді. Бар білгенін балаға беруден аянбайтын. Тәкку апайдың аузынан естіген «Білім алмай, болдым деме, еңбек етпей, толдым деме», «Екілікке жылап, жасыңды төккенше — бестікке теріңді төк» деген сөздер мақал сияқты жады- мызда жатталып қалыпты. Апайымыз 1990 жылы қайтыс болғанда көңіл айтып, жеделхат жібергенмін. «Елбасы сыныптастары» деген кітапта Тәкура апайдың қызы Қарлығаш Смайылова: «Болашақ Тұңғыш Президенттің қолына алғаш қалам ұстатқан ұстаздан асқан бақытты адам жоқ шығар деп ойлаймын. Ендеше, менің анам Тәку- ра — шын бақытты жан!» деп жазыпты. Шамалғандағы Қарасай батыр атындағы мектептегі шағын музейде Тәкура апайдың фотосуреті ілулі тұр. Алғашқы ұстазымызға құрметіміз бөлекше еді. Қай жерде алдымыздан шықса да бас киімімізді шешіп амандасатынбыз.
Жалпы, әділдігін айту керек, кешегі коммунистік партия мектепке барынша көңіл бөліп отырды. Мектепті тек білім беретін жер деп қарамады, алдымен адам тәрбиелейтін орын деп қарады. Мұғалімдерден тек сабақ үлгерімі ғана сұралмады, ұл мен қыздың келешектегі кісілігінің негізін қалай қалап жатқанын да қадағалап, талап етіп отырды. Бұл бүгін де, ертең де, қашан да ескеретін жай.
Математика пәнінің мұғалімі Жылқыбай Қарасаев ағай қатты есімде қалды. Қатаң талап қоятын. «Сорлы адам болып қала берем демесең, мына математиканы қалайда үйрен» деуші еді. Ағай біздің есеп шығаруға деген құштарлығымызды оятты. Егер сол кісі болмаған- да, мен инженер-металлург болмас едім. Себебі математика барлық жерде керек. Математика кім-кімнің де ойлау қабілетін ұштай түседі. Өмірімде ерекше із қалдырған ұстаздарымның бірі —
Сейітхан Исаев ағайымыз. Бұл кісі де жоғары білімді маман —
Қазақ педаго- гика институтын бітірген тарихшы мұғалім болатын. Сейітхан ағай мектеп партия ұйымының хатшысы, ал мен комсомол ұйымының хатшысымын. Содан да мені жай шәкірті емес, көмекшісіндей көретін. Қоғамдық жұмыстарға бейімділігімді байқаған, белсенділігімді оятқан адам — осы Сейітхан ағай. Ұзақ жасап, жасы 102-ге жетіп қайтыс бол- ды. Жақсы естеліктер жазып қалдырды. Бір тұсында әкем жайында былай депті: «Менің тағы бір есімде сақталғаны — Әбіш ақсақалдың көреген, көзі ашық, көкірегі ояу адам екені. Шамалғаннан келген жеті балаға Абай атындағы орта мектептің жанындағы интернаттан мемлекет есебінен жататын орын, ішетін тамақ берілетін болып шешіліп, оларды қарсы алдық. Бірақ Нұрсұлтан интернат жатағына жатпай, бір туысының үйіне ақы төлеп жатуға бел буғанын естіп, Әбіш ақсақалдан «Сіз жасалған жеңілдіктен қашқаныңыз қалай, үйі- ңізде басқа да балаларыңыз бар, тұрмыстарыңызға ауыртпашылық түседі ғой» деген ақылымызға, ол кісі «Интернатта жатса, көпшілік- тің арасында ойынға айналып, оқуын нашарлатып алады ғой» деп, Нұрсұлтанның келешегіне, білім алуына жағдай жасап, қанша қиын- дық болса да, баласын өмір талабынан қалдырмауға ұмтылуы нағыз әкелік қамқорлық еді». Сейітхан ағайдың сабақтарынан менің тарихқа қызығушылығым да оянды. Өзімше ойыма келген күдік-күмәндерімді де айтып қоя- тынмын. Әлем тарихы, Ресей тарихы, кеңес тарихы оқытылады. Қазақ тарихы оқытылмайды. Бүкіл дүниенің батырларын білеміз, ал бізде батырлар болмаған ба? Болмауы мүмкін емес қой. Әйтпесе, жеріміз мұндай кең болмас еді ғой. Осындайларды сұраймын. Ағайым: «Та- рихқа бөлінген сағат аздау, сағатты көбейтсе, Қазақстанның тарихын да оқимыз, балалар» дейді. Үзіліс кезінде өзіне шақырып алып, «Білгің келгенді менен сұрай бер, сабақтан кейін үйге келе бер», деп қояды. Тоты Сейітжанова, Панар Есімқызы, Жылқыбай Қарасаев, Мыр- затай Ихамберлин, Қылыш Омаров, Қаматай Сафарғалиев сияқты мұғалімдеріміз есте. Оқытушыларымыз У. Игелмановты, Ә. Сары- баевты, Қ. Қошбаевты, Б. Кенжекеевті, басқа да ағайлар мен апайла- рымызды құрмет тұтамыз. Кейін белгілі жазушы, журналист болған,
журналын «Білім және еңбек» алғаш басқарған
Талап Сұлтанбеков орыс тілінің мұғалімі еді. Шахмат үйірмесін ұйымдастырып, бізді соған үйретті. Дене тәрбиесінен сабақ берген Николай Шлыков та есімде. Соғыс ардагері еді. Николай Федорович әскери тәрбие са- бағында бес шақырым қашықтыққа қояр да қоймай жүгіртетін еді. Сол жақсы болды. Шынығып өстік.
Мұғалімдеріміз балаларға кең қарайтын. Еркелігімізді көтеретін. Менімен бесінші класқа дейін бірге оқыған, бізбен көрші тұрған Гүл- сім Асқарбаева шағын естелігінде: «Бірде Нұрсұлтан сол тәтеміздің (географиядан беретін Тоты Сейітжанова апай) сөмкесіне кішкентай тасбақа салып қойды, мұғалім сөмкесін ашып, ыршып түсті де, шошығаннан айқайлап жіберді. Балалар кім істегенін айтып қо- йып, тәтей Нұрсұлтанға «директорға барасың» деп ұрысқаны бар» деп жазыпты. Тоты апай сол жолы мені директорға алып барған да жоқ. Ұрысты да қойды. Маған сабақ болды. Кейіннен дәл соған ұқсас жағдайды «Менің атым Қожа» деген фильмнен көріп, таңғалғаным есімде. Онда Қожа апайының сөмкесіне құрбақа салып қояды ғой. Бізбен бірге бірінші класқа барған балалар әрқилы себеппен әр жаққа кете берді, араларында мектепті бітірмегендері де біршама. Бірінші кластан мектеп бітіргенге дейін біздің ауылда бірге оқыған үшеуміз ғана:
Қыдырғали Байбеков, Сәдуақас Есімбаев және мен. Кластастармен әлі күнге араласып, сыйласып тұрамыз. Олармен жолыққанда бір жасап қаламыз. Менсіз де өздері араласып тұрады, жағдайымды түсінеді ғой. Кластастардың 40 жылдан кейінгі кезде-
суіне арнайы барғанмын. Соңғы, оныншы класта оқып жүргенімде бір қызық жағдай болды. Қытайдан хат келіпті. Ол кезде Кеңес Одағы мен Қытайдың арасы жақсы. Чжоу Бай-Сяо деген жас жігіт кеңестік дос тапқысы, онымен хат алмасып тұрғысы келетінін жазыпты. Оған оқу озаты, белсенді комсомол мүшесі жауап қайтаруы керек екен. «Мен ерте кезден бастап-ақ Совет Одағымен жете танысуға құмар едім. Ол үшін Со- вет Одағынан бір комсомолецпен байланыс жасауды аңсайтынмын. Бірақ ол арманым осы күнге дейін орындалмай келеді» депті ол хатында. Таңдау маған түсіпті. Менің жауабым Қытайға жіберілді және аудандық «Коммунизм үшін» газетіне (1958 жыл, 16 наурыз) жарияланды. Редакцияның алғысөзінде: «Төменде Чжоу Бай-Сяо жолдастың хаты мен суретін және Абай атындағы қазақ орта мек- тебінің оқушысы, жас комсомолец Назарбаевтың достық жауабын беріп отырмыз» делінген.
Сондағы жазғаным мынау:
Алыстағы қытайлық досыма
Сәлеметсіз бе?
Совет Одағының ВЛКСМ Орталық Комитеті Сіздің өтінішіңізді орындап, Сізбен хат жазысып, достық байланыс жасап тұру үшін Сіздің хатыңызды маған жіберіпті. Сонымен қатар, мен сіздің хатыңызды, су- ретіңізді және Янцзы өзеніне салынған көпірдің суретін алдым.
Сізбен хат жазысып, достық қарым-қатынаста болуға шын жүрек- тен зор қуанышты екенімді және өзімнің, сіздің арманыңыз — Совет Одағымен жете танысу болса, Сізге қолымнан келгенше көмектесуге даяр екенімді білдіремін. Алдымен, Сіздің хатыңызға жауаптың мұнша кешігуіне себепкер мен емес екенімді айтып, кешірім сұраймын.
Мен Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Алматы облысы, Қаскелең ауданы, Қаскелең селосының Абай атындағы орта мектебінің Х класында оқимын. Бірінші кластан бастап, бүгінге дейін өте жақсы оқып келемін. 1956 жылдан бері комсомол қатарындамын. Менің әке-шешем осы Қаскелең ауданының Ворошилов атындағы колхозының мүшелері. Социализм орнату жолында орасан зор табыстарға жетіп отырған Ұлы Қытай халқының комсомолец жастарымен тығыз байланыс жасап, жете танысу — біздің әрқайсымыз үшін зор қуаныш. Ал осы мүмкіншілік үлесіме тиіп отырған мен шексіз қуанатынымды тағы да қайталап айтамын. Біздің советтік Отанымыздың жастары сүйікті Коммунистік пар- тияның зор қамқорлығын ескере отырып, әр уақытта өз Отанына пайда келтіруге тырысады. Ал мен орта мектепті бітірген соң жоғары оқу орындарының біріне түсіп, келешекте коммунизмнің саналы құрылыс- шыларының бірі болсам деп ойлаймын.
Менің Сізге өте көп сұрақтар қойғым келеді, бірақ бір хатқа оның бәрін сыйдыру мүмкін емес және бұл хатым тек таныстық хат. Келесі хаттарда бір-бірімізден көп нәрселерді сұрап білуге толық мүмкіншілігіміз болар деп сенемін. Бұл хатымды осымен аяқтаймын. Сіздің құрметті оқытушылық қызметіңізде тамаша табыстарға жетуіңізге шын жүрек- тен тілектеспін.
Асыға хат күтемін. Советтік досыңыз Назарбаев Нұрсұлтан. Менің адресім: СССР, Қазақ Советтік социалистік республикасы,
Алматы облысы, Қаскелең ауданы, Қаскелең селосы, Абай атындағы қазақ орта мектебі. Назарбаев Нұрсұлтан.
Қарапайым ғана хат болғанымен, осыны жазуым, оның газетке жариялануы маған кәдімгідей әсер етті. Мына әлемде не болып, не қойып жатыр, кімдер бізге дос, кімдер бізге дұшпан, неге дос, неге дұшпан деген сияқты сұрақтар төңірегінде әжептәуір бас қатыра- тынды шығардым. Бұрынғыдай тек көркем әдебиет оқи бермей, газеттерге көбірек қарай бастадым.
Ауылымыздың астанаға, Алматыға жақын тұрғанының да пай- дасын көп көрдік. Аудан орталығы Қаскелең жаяу баратын жер — бес-алты шақырым. Шындап жүріп кетсең, тіпті Алматыға да жаяу жетуге болады — отыз шақырым. Анда-санда автобуспен барып, қала өмірін де көріп қаламыз. Жүріс-тұрысымызға, киген киімімізге, сөй- леген сөзімізге, оқыған кітаптарымызға басқашалау қарап қайтамыз ондайда. Шамалған тұрғындарының көпұлттылығы да бізге жақсы әсер етті. Ата-анамның тағы бір ғибраты — адам жатырқамау. Көпұлт- ты ортада өскендіктен, ол кісілер тілінің жеткенінше әр халықтың өкілдерімен сөйлесіп жататын, көршілердің бәрімен тату тұратын. Бұл маған тек жақсы жағынан әсер етті. Соғыс кезінде небәрі екі бөл- мелі үйіміздің бір бөлмесін әкем жер аударылған балқар отбасына берген. Кейін сол кісілердің балаларымен (Хұсейін деген ұлы менімен құрдас еді) достасып кеттік, көп жыл бойы хат жазысып тұрдық. Көптілді, көпдінді ортада өмір сүру адамды кеңдікке, татулыққа тәр- биелейді. Шамалғанда алуан түрлі ұлт пен ұлыстың басы түйіскен еді. Бұрынғы қазақ, орыс, украиндарға соғыс жылдарында Қазақстанға жер аударылған балқарлар, шешендер, немістер, месхет түріктері, қарашайлар, күрдтер қосылды. Солардың бәріне қазақтар тар үйі- нен ығысып орын тауып, баспана берді. Біздің үйдің бір қанатында балқарлар тұрған. Мектепте бізге әскери дайындықтан сабақ берген мұғаліміміз Рагим Дурсунов соғыс кезінде Қазақстанға депортация- ланған отбасынан еді. Кавказдан жер аударылған месхет түріктері, шешендер, балқарлар, қарашайлар соғыс біткеннен кейін де әскери комендатураның қарауында жүретін. Оларға ауылдан басқа жерге барып қайтудың өзіне тыйым салынғаны есімде.
Бұл өзі баяғыдан келе жатқан саясат.
Халықтың біразын елдің шығыс жақ бетіне аударып, жер беріп, отарланған өңірлерде орыстар- ды көбейту мақсатымен
Столыпин үкіметі тұсында көп адам қазақ даласына келді. Оларға бәйек болып, ең құнарлы, сулы, нулы жерлер берілді. Сөйтіп, біздің ауылдағы Шамалған өзенінің оң жағын Ресей- дің еуропалық бөлігінен келгендер мекендепті. Қазақтар өзеннің сол жағына көшіріліпті. Кейін тарихты қарап отырсам, мұндай жағдай әр өңірде болған екен. Мысалы, Жайықтың екі жағын переселендер жайлаған. Балық ұстайтын тұстарда қазақтарға ат суаруға да рұқсат етілмеген. Көкшетауда да солай болған, ең әдемі, қолайлы жерлер көшіп келушілерге бөлініп, қазақтар басқа жаққа ығыстырылған. Заман сондай еді.
Қай жерде қандай мектеп болса, қай ұлттың баласы да сол мектептің тілінде оқи беретін. Біздің мектепте де қазақша оқыған украин, шешен балалары есімде. Менің әкем кішкентай күнімнен басқа ұлт- тың балаларымен араласып өскенімді, орысша еркін білгенімді қалап тұрды. Ал өзі орысшаны жақсы сөйлейтін. Тіпті, балқар, түріктердің тілін үйреніп, еркін сөйлейтін. Мұның себебі сол жылдардағыдай
«орысша білмесең, нан тауып жей алмайсың» деген сөзде ғана емес деп ойлаймын. Әкем осы арқылы менің жай ғана «нан тауып жеуден» гөрі үлкенірек мақсат ұстануымды ойлаған сияқты. Тіпті мен үшін орысша сөйлейтіндері көп көшеге әдейі көшіп барған да болатын. Бұрын ылғи қазақтар тұратын Колхозная деген көшеден орысы көп Панфилов көшесіне солай ауысқанбыз. Карманов деген орыстың құлайын деп тұрған үйін әкем сатып алып, кейіннен өз қолымызбен
дәл сол жерге үй салдық. Мен мектепті қазақша бастап, алты жылдан кейін орысшаға ауыстым, үш жылдан кейін қазақшаға қайта орал- дым. Мектепті қазақша бітірдім. Осының арқасында ауыл мектебін бітірген кездің өзінде орысша да таза сөйлеп, таза жазатынмын. Орыстың классикалық әдебиетін де, орыс тіліне аударылған әлем әдебиетін де еркін оқитынмын.
Қос тілді қатар игергеннің пайдасын өмір бақи көріп келемін. Бұл арада мәселе тіл білуде ғана емес. Тіл білу діл білуге бастайды. Ділді, яғни жүректі білу адамды тануға, халықты тануға бастайды.
Осы қарапайым нәрсені біраз жұрттың әлі күнге түсінбейтініне таңым бар.
Жалпы,
кешегі кеңестік кезеңнің сан түрлі ұлт пен ұлыстың басын қосып, бір шаңырақтың астында негізінен кейде күшпен, әкімшілікпен болса да ұлтаралық татулықты сақтағанын айтпауға болмайды. «Негізінен» дейтінім, тұтас халықтарға сенімсіздік көрсетіп,
жер аударып, ұзақ жылдар коменданттық бақылауда ұстап,
кей жерлерді бір республикадан бір республикаға беріп, қайта алып, болашақ қақтығыстарға арқау жасап бергені де бар екенін ұмыта алмаймыз. Қалай дегенде де, кеңестік интернационализмді сол кездегі идеологияның ойлап тапқаны етіп көрсету әділетсіздік. Интернационализм болған, бар және бола да береді. Соның өзі жақсы да. Біздің Қазақстанның тәуелсіздіктің ең бір қиын жылдарында ауызбіршіліктен айрылмағаны негізі кешегі кеңестік кезеңде қаланған сол бауырмашылдық сезімнің адамдар бойында сақталғандығының да арқасы.
Қаскелеңдегі Абай атындағы орта мектепте спортпен шұғылда- нуға нақты мүмкіндік туды.
Күреспен айналыса бастағаным, бокспен шұғылданып көргенім сол жылдары. Спортты жаныма серік ету- дің пайдасын өмір бойы сезінумен келемін. Спорт тәнді ғана шы- нықтырмайды, жанды да шынықтырады. Намысшыл болуға, жеңіске ұмтылуға үйретеді.
Мектепте өте жақсы оқыдым дей аламын. Күміс медальмен бітірдім. Аттестатта бір ғана төрттік бағам болды. Әрине, бұған қат- ты өкіндім. Барлық кластарды мақтау грамотасымен бітірдім ғой. Айтқандай, өкінетінімнің әбден жөні бар. Медалист шығарамыз, аудандық оқу бөлімінен мақтау естиміз деп жүріп, ағайларымыз бір нәрсені бүлдіріп алыпты. Қате кетіп қалмасын, Нұрсұлтан жазған шығарманың емле қателері болса, яғни, үтір, сызықшалары дұрыс қойылмай қалса, түзетіп жіберілсін деп тапсырған ағайымыз өзі кейбір емлені дұрыс қоспапты да, сол үшін «төрт» қойылыпты.
Менің мектеп бітіруім, егер осылай деп айтуға болса, бір «тарихи» оқиғамен тұспа-тұс келді. «
«Коммунизм» дегеніміз Совет өкіметі және бүкіл елімізді электрлендіру»» деген әйгілі лениндік қағидаға химия- ландыру деген нәрсе қосылды. Шамасы, Н. С. Хрущев Совет өкіметі де, электр де жеткілікті бола тұра, әлі де коммунизмнің төбесі көріне қоймағандықтан, тағы бір қоспаны шұғыл түрде қыстыру керек деп санаған-ау, сірә.Қысқасы, мен
Қазақ мемлекеттік университетінің химия факуль- тетіне түсуге бел байладым. Әкем бұл ниетімді бірден қолдай кетті. Байқауымша, ол да химияландыру туралы әңгімелер мен радио хабарларын көп естіген болуы керек.
Өмірде түрлі әділетсіздіктер бар екенін, жұрттың институтқа пара беріп те түсетінін мен әкемнен сол жолы ақ батасын беріп, сапарға шығарып салардың алдында ғана естідім. Жатақхана бөлмесінде алты абитуриент тұрдық. Өзімді қосқанда үшеуіміз қатардағы, қарапайым ауыл балалары едік, ал өзге үшеуі дөкей бастықтардың балалары екен. Біреуінің әкесі, жаңылмасам, батыс жақтағы бір облыстық пар- тия комитетінің хатшысы, екіншісінің әкесі Алматы облысындағы бір аупарткомның хатшысы, үшіншісінің әкесі, кім екені дәл есімде жоқ, ол да дөкейдің бірі болатын. Біз, ауылдан келгендер, емтиханға күн демей, түн демей, бас көтермей дайындалатынбыз. Керісінше, біздің көршілеріміз күндіз-түні қыдырудан қолдары тимей жүрді. Қалай шашса да ақшалары жетіп жатты. Біресе паркке, біресе биге кететін. Дегенмен, ол үшеуінің екеуі еш нәрсе де білмейтіні ә дегеннен-ақ байқалып қалды. Бастықтардың «сері» балалары емтиханды сәтті тапсырып, оқуға түсіп кеткенін айтып жату артық деп ойлаймын. Мені әуелгі негізгі пән емтиханында әбден қинады. Бәрібір химиядан бес деген үздік баға алдым. Алайда басқа сынақтарда емтихан алушылардың алдын ала кесіп-пішіп қойған ниеті салқынын тигізді. Соның салдарынан оқуға түсу үшін ауадай қажет бір балл жетпей қалды. Қабылдау емтиханында өзімді бір жарым сағат қинап, шын мәнінде тиянақты білімім бар екеніне көзі жеткен химия профессорының шырылдап ара түсуі де қабылдау комиссиясына ықпал ете алған жоқ.
Талабым тасқа шағылып, Алматының көшесінде ұнжырғам түсіп келе жатқанымда, күтпеген бір оқиға болды. Торқалталарын толты- рып алып, базардан шыққан үш ұшқыш жігітті көре қалдым. Сымға тартқандай сымбатты жігіттер, киімдері де сондай әдемі. Аяқастынан бала күнгі арманым алдымнан шыға келгендей болды. Бала күнде кім ұшқыш болуды армандамайды дейсіз? Соңдарынан біраз жерге ілесіп отырып, ақыры тіл қаттым. «Қалай ұшқыш бола аламын? Қай жерде оқу керек? Қандай емтихандар тапсыру керек?» деп асығып- үсігіп, бастырмалатып жатырмын. Әлгілер тұра қалды да, менің ат- тестатымды қолдарына алды. «Ой, мынандай аттестатпен сен қандай оқуға да түсе аласың! Ал, жүр бізбен» деді де, ерте жөнелді. Біздің барған жеріміз
республиканың азаматтық авиация басқармасы екен. Мына қызықты қараңыз: жаңағы жігіттер сол күні Киевке ұшқалы тұрған көрінеді, дәл сол күні
Киев азаматтық авиация институтына абитуриенттер қабылдау басталады екен, әбден жолым болыпты. Әуелде осылай қуануын қуанғаныммен, әкеме бұл жайында қалай айтарымды уайымдай бастадым. Әрі ойлап, бері ойлап, қазірше айтпай тұруға бекіндім. «Жаңбыр-жаңбырдың арасында» дегендей, сан түрлі сылтаумен Алматыға ара-тұра келіп жүріп, барлық емти- хандарды тапсырып шықтым. Оқуға қабылдандым!
Одан кейінгіні ойласам, қазір де жүрегім ауырады. Менің ит арқасы қияндағы Киев деген қалаға кететін болғаным, ата-бабам көрмеген ұшқыш деген кәсіптің соңына түспек ниетім біздің үй тұрмақ, бүкіл ағайынды дүр сілкіндірді. Әсіресе, әке-шешеме бір ауыз айтпай, сондай шешім қабылдағаным қатты ашу туғызды. Мұндай жағдай бүгінде де қай ата-ананы болсын ренжітеді, ал ол кезде бұл құлақ естіп, көз көрмегендей қадам еді. Қысқасы, ағайын-туған жиналып келіп, мені Киевке бармауға көндірді. Анамның «Ажалыңнан бұрын өлгелі жүрсің бе?!» деген сөзін ол кезде шешенің баланы уайымдаға- ны ғой деп ұққанмын. Сөйтсем, оның басқа себебі де бар екен. Біздің бала күнімізде ауыл маңына жолаушылар ұшағы құлап, адамдар қаза тауыпты.
Не керек, ағайынның, ата-ананың айтқанынан аса алмадым. Мына қызықты қараңыз, сонда бәрібір маған Украинаның дәмі бұйырып тұр екен. Біраз күннен кейін комсомол газетінен Теміртаудағы жаңа ашылатын металлургиялық комбинатқа жастарды шақырады деген хабарландыруды оқыдым. Сөйтіп, Теміртауға жеттім. Ол жақтан бізді бірден-ақ Украинаға, Днепродзержинск қаласына оқуға жіберді.