EPG

«Менің өмірім. Бодандықтан – бостандыққа»

Нұрсұлтан Назарбаевтың «Менің өмірім. Бодандықтан – бостандыққа» атты кітабы – қазақ халқының ғасырлар бойы тәуелсіздікке ұмтылған арманын жүзеге асырған қазіргі Қазақстанның негізін қалаушының естеліктері. Бұрынғы президент өзінің жастық шағын, Кеңес дәуіріндегі және егеменді Қазақстан кезеңіндегі саяси қызметін және биліктің мұрагеріне ауысуын еске алады. Ол жеке өзі қатысқан тарихи оқиғаларды егжей-тегжейлі баяндайды. Бұл мемлекеттің жойылуы мен құрылуы, көпұлтты елде тәуелсіз саясат жүргізу және оның бірлігін сақтау туралы шынайы әңгіме. Автор билікті кім және не үшін алатынын және миллиондаған адамдардың тағдыры үшін жауапты екенін түсіндіреді. Сонымен қатар, ол алғаш рет отбасылық өмірінің қыр-сырын ашық айтады.

Онлайн оқу

ҰШҚАН ҰЯ

Ұрпаққа - ұлағат

Атам туралы кезінде «Назарбай — қолында мөрі бар адам болған екен…» деп қана айтумен шектелгенмін. Ол кісі ауыл-аймақты басқарған, көп жыл би қызметін атқарған. Тортай Сәдуақасовтың «Назарбай би және туған өлке тарихы» деген кітабында бұл жайын- да нақты деректер келтірілген. Ол кітап сол кезде де құжаттардың ұқыптылықпен жүргізілгенін көрсетеді. Архив деректерінде Қаскелең болысының қанша ауылы болса, сол ауылдардың бәріндегі сайлау жасындағы адамдар, олардың жасы, малы (жылқы, қой деп нақты бөлінген, неге екенін, түйе, қара мал саны берілмепті) нақты тізім- делген. Мысалы, Сүйінбай бабамызда 70 жылқы, 200 қой, Жанысбай, Жігітбай, Назарбай деген үш ағайындының малы қоса есептеліп, 3 жылқы, 50 қой деп көрсетіліпті. Бұл ол кез үшін аз мал. Әр үйге бір жылқы, он бес шақты қойдан ғана келіп тұр ғой. Соған қарағанда, жалпы біздің әулет о бастан бай болмаған. Малшылардың, қойшы- лардың ұрпағымын дейтінім сол.
Назарбай бидің мөрін менің әжем ешкімге бермей, өзінде ұстайды екен. Мұны анам айтып отыратын. Ол мөр қазір елордадағы музейге қойылған.
Атамыздың өзі өскен өлкеде белгілі бір із қалдырған тұлға екені талас тудырмайды. Ертеректе шыққан ««Әділеттің ақ жолы»» деген кіта- бымда: «Кейінгі кезде өзінің «пролетарлық» тегімен көкірек қағу басқа бір нәрсенің салқынымен алмасты: қайткенде де өз тегінен «ақсүйек- тік» қасиет іздеп табу етек алды. Ондай біздің тұқымда болған емес. Мен — қойшылардың ұлымын, немересімін және шөбересімін. Де- мек, ешқандай ақсүйектер әулетінен емеспін» деп жазғаным бар. Бұл кітап кеңестік кезеңде, тәуелсіздікке дейін жарық көрген. Мәселе кезінде партком хатшысы, секретарем обком хатшысы, Орталық Комитеттің хатшысы, Үкіметтің басшысы қызметтерін атқарған адамның атасы би болғанын айтып жатпайтынында ғана емес. Қазақта бабадан атаға, атадан балаға, баладан немереге ауысып жататын ақсүйектік, яғни аристократтық титулдар жоқ. Мысалы, грузиндерде князьдің баласы князь күйінде шыға келеді. Ағылшындарда лордтың баласы да лорд. Орыстарда да солай. Дворян әулетінің балалары дворянин, графтың баласы граф деген сияқты. Мұның жақсы жағы да бар, жаман жағы да бар. Жақсы жағы әулет дәстүрін жалғастыру жауапкершілігінің өзі адамды ширатып тұратынында. Жаман жағы жаңағы атақты адамның ерекше еңбек етпей-ақ, дайын күйінде алатынында. Ол үшін мақтанудың қандай жөні бар?

Жалпы, адамның өткенімен мақтана беруі оның бүгін мақтанатыны аз екенінің белгісі де болуы мүмкін…
Солай емес пе? Ата-бабаларың мақтануға тұрарлық тұлғалар дегенде де сенің өзіңнің оған нақты қатысың қандай? Сіңірген еңбегің қандай? Сенің ата-бабаларыңа еңбек сіңіруің мүмкін емес. Сенің еңбегің сіңсе, балаларыңа, немерелеріңе сіңеді. Осындай балалар тәрбиеледім, осындай немерелер өсірдім деп мақтаныш етсең бір жөн. Әрине, халық үшін еңбек еткен адамдарды мақтаныш тұту керек. Егер олар сенің әулетіңнен шықса, тіпті жақсы. Бірақ бұл арада мақтаныштан гөрі жауапкершілік сезімі алға шыққаны дұрыс. Мен сондай адамның ұрпағымын, қазір бәленшенің ұрпағы деген атты абыроймен алып жүрмін бе деген тұрғыда ойланған, қиналған жөн. Әркім өз бақытын өзі жасауы керек. Әркім өз несібесін өзі теруі керек.
Мен Мырзабала үшін әжемнің орны тіпті бөлек. Әжемнің қолында өскендіктен, әжемді апа, анамды жеңеше дейтінмін. Нұрсұлтан деп атымды әжем қойған екен. Сонда ол кісі Құранда аталатын есімнің бірі Нұр, бірі Сұлтан екенін білген бе, жоқ, әлде мағыналық жағына баса мән беріп қойылған есім бе, ол арасын ажыратып айта алмай- мын. Мұндайда қазақ «аузына құдай салған» дейді. Солай болған шығар. Әжем Аллаға сенетін, бес уақыт намазын оқып, ораза тұтатын адам еді. Аттың әуезді естілуіне де көңіл бөлсе керек. Халқымызда Нұрсұлтан есімді ұлдардың көбеюі, бір жағынан, менің жолымды берсін деп ырымдаудан, екінші жағынан, аттың мағынасына, әдемі айтылатынына қызыққандықтан деп ойлаймын.
…Мырзабала әжем мені бес жасқа дейін жұрттан жасырғандай етіп өсіріпті. Әрі тұңғыш, әрі әбден зарығып көрген немересімін ғой. Үйге біреу кірсе, мені етпетімнен теріс қаратып жатқыза салады екен.
«Немереңіз жүрді ме, әже?» деп сұрағандарға: «Құдай бір немере беріп еді, оның өзін де қауқарсыз етіп берді» дейді екен. Мені қашан шауып жүріп кеткенше қып-қызыл матадан киіндіріп қойғаны да өзінше қызық. Көз тимесін дегені. Бір күні қып-қызыл бешпенті бар маған аспаннан бүркіт шүйіліп түсе жаздапты. Одан кейін қызыл кигізгенді қойыпты.
Біздің ауыл Шамалған Алматы мен Ұзынағаштың ортасында ор- наласқан. Әрқайсысынан қашықтығы шамалас. Жамбыл ауылының төңірегінде тұратын туыстарға атпен де, ат арбамен де бара беретін- біз. Үлкендердің айтуынша, Жамбыл атамыз да атқа мініп, тау бөк- терін аралап жүреді екен. Менің әжем Мырзабаламен жақсы таныс болса керек. Мен ол кездерде 4–5 жастамын. Көргенім есімде қала бермейтін кез ғой. Бірақ бүкіл жұрт білетін, күллі аймақ дүрліге әңгіме етіп жүретін адам болғаннан кейін бе, бір сәт көз алдымда. Жамбыл атаның Алғадай деген ұлы майданда қаза тапқанда анам мені Ұзынағашқа ала барған екен. Сонда атаға көңіл айту үшін Алматыдан, маңайдан көп адам келіпті. Үйдің алдындағы мен бұрын көрмеген ұзын қара мәшине ғана есімде қалып қойыпты. Анам айтып отырушы еді, атаның жанында үнемі бір жалтырбас кісі, бір толық денелі ақ- сары кісі жүрген еді деп. Кейін естідім — ол кісілер республиканың басшысы Жұмабай Шаяхметов пен жазушы Сәбит Мұқанов екен. Кезінде Сәбең біздің үйде де болыпты. Оны мен мектептің жоғарғы кластарында жүргенде ғана білдім. Мектептегі кезімізде оқулықтарға еніп жүретін «Колхозды ауыл осындай» деген өлең бар еді. Сәбит Мұқановтың өлеңі. Сол өлеңнің соңғы шумағын Сәбең біздің үйде жазыпты. Жайлау туралы өлеңінің аяқталуына өзінің көңілі толмай жүрсе керек. Әкем мен анам кезектесіп ән айтқанда, ол кісі бір кезде қалам-қағазын шығарып, малдас құрып отырған жерінде тізесіне жаза бастапты. Сөйтіп сәлден кейін ұзақ өлеңді оқып, «Мына соңғы шумағын жаңа ғана жаздым, түйіні келіспей жүр еді, жақсы болды», депті.
 Малшылар өмірімен танысуға келген бір топ жазушының арасын- да әншілері де бар екен. Әншілерінің ішінен жұрттың есінде Жамал Омарова ерекше қалыпты. Қонақтарға Үшқоңырдың жақсы деген киіз үйлері тігіліпті. Сонда біздің киіз үйге Сәбең түсіпті. Әкемнің «Мұндай үлкен кісі де осыншама қарапайым болады екен» деп ай- тып отыратыны есімде. Әкем інім Сатыбалды екеумізді шақырып, Сәбеңе сәлем бергізіпті. Тағы бір қызық жағдай бар. Сонда Сәбеңнің шабытын шақырған ән орыстың ««Вечерний звон, вечерний звон, Как много дум наводит он» деп келетін әні екен. Әкемнің Шамалғандағы орыс достарынан үйренгені ғой.
Менің әкем Әбіш қарапайым өмір сүрген, ғұмыр бойы жұмыс істеген адам. Мал да баққан, егін де еккен, бау да өсірген, бақша да салған. Отбасын өзінің ақ-адал еңбегімен асыраған. Мен туғаннан кейінгі жылы біздің таудағы қыстауымызда біреудің абайсыздығынан өрт шығыпты. Әкем сол өртті сөндіріп жүріп, бір қолын иығына дейін қатты күйдіріп алыпты. Соғыс басталғанда әскери комиссариатқа шақырып, дәрігерлік комиссия қолының қатып-семіп қалғанына байланысты майданға жарамсыздық билетін берген. Оны «ақ билет» дейтін. Көп жыл таудағы жайлауда мал бағып, көшіп-қонып жүр- гендіктен, біздің бала күнімізде өзіміздің үйіміз де болмаған еді. Ол үйді біз кейін өзіміз салып алғанбыз.
Әкемнің алдымен айтарлық қасиеті — еңбекқорлығы. Иә, мен нағыз еңбекқор кісі деп әкемді айтар едім. Әкенің балаға айтқан ақылынан гөрі көрсеткен өнегесі көбірек жұғады.
Әкем маған ең қарапайым, бірақ ең қасиетті қағиданы ұғындырып кетті. Ол қағида — ерінбей, қажымай-талмай еңбек ету. Солай еңбек етсең ғана бағыңның жанатыны. Осы өнегесі үшін мен әкеме өмір бақи қарыздармын.
Менің әкем мен шешем де еңбек арқылы табысқан. Үшқоңырда танысқан. Сол жерде жұрт әлі күнге «Арестанттар жолы» дейтін жол бар. Тауға шығатын айналма жол. Оны салғандар бай-кулактар мен … жер аударылған молдалар екен!.. Олардың арасында Бұқарада медресе бітіргендер де бар көрінеді. Менің анам сондай бір молданың қызы болған соң әкесімен бірге жер аударылған. Әлгі құрылыста әкем үш жүз арес- тантқа бригадирлік етіпті. Шешем Шу жақтан келіп, аспазшылық жұмыс істеп жүреді. Танысқаннан кейін бір жыл өткенде үйленіпті. Негізінде әкемнің басты шаруасы мал бағу болатын. Егер оны ертеден түнге дейін еңбек етті десем, бәрібір бұл да жетімсіз соғып жатар еді. Мен оның қай кезде ұйықтайтынын немесе ештеңе істе- мей, құр тынығып отырған сәтін көрген емеспін. Бірде отын жарса, бірде томар қопаратын, енді бірде бірдеңе сату үшін базарға кетіп бара жататын. Ол дәулетті орыстармен араласып өскендіктен егін салуды да жақсы білетін. Пәлендей білімі болмаса да, миуа ағашта- рын будандастыруға кәнігі еді. Жұрт біздің баққа келіп, таңғажайып жемістерді немесе бір жағында кәдімгі апорт алмасы, екінші жағында уылжыған алмұрт пісіп тұрған ағашты қызықтайтын. Әкем өсірген ондай алманы кейін еш жерден көрмегенмін. Өзінің сүйікті сортты алмасы — апортты ол келесі көктемге дейін бұзбай сақтайтын еді.
Кешегі кезеңде адамның ойына келмейтін неше түрлі нәрселер бола беретін. Күндердің бір күнінде әкем өз қолымен еккен алма бағын бір түнде өзі отап тастаған. Неге? Себебі, үй маңындағы жерімізді (ол жарты гектар еді) азайта бастады, әуелі он соттықты, одан соң тағы да бірте-бірте кесіп ала берді… Әкем ат десе ішкен асын жерге қоятын. Бірақ көп ұзамай ат ұстауға да тыйым салынды. Сондағы себеп жемшөп колхозға керек екен. Ал бірде өз көзіме өзім сенбедім: әкем алма ағаштарын өз қолымен отап жатыр. Сөйтсем, әр түп ағаш үшін салық төлеуден құтылу керек болыпты. Үй-іші қатты тарықты: ішетініміз құр шай ғана, анда-санда бір түйір қант тиеді. Маңдайға біткен жалғыз сиырдан колхозға тапсырылуы тиіс сары май мөлшерінің көптігі сонша, өзімізге тек қаймағы бөлінген көк сүт қалатын. Хрущевтің сондағысы өз шаруашылығы барлар колхозда жанын салып жұмыс істемейді деген ой. Соның солақай шешімімен бізді асырап отырған бақ та қысқарып, қырқылып қалды. Ауылдастарымның осыған қатты ашуланғаны есімде.
Әрине, көп нәрсені түсіндіре аламыз. Бірақ соншалықты еңбекқор адамдарымыздың мұндай мүшкіл халге қалай тап болғанын кей-кей- де ойлай бастасаң-ақ, сайтан алғырды еш түсінбей бас қатыруға тура келетінін қайтерсің!.. Кейін, басқа елдерді аралап, талай фер- мерлердің тірлігімен таныстым. Олар жеке меншікті жұмысы үшін мемлекеттен еңбегіне қарай ақы алады. Өз тапқаны өзінікі. Менің әкем өз еңбекқорлығымен жаңағыдай жағдайда бай адам болар еді деп ойлағанмын сонда.
Жалпы, әкем көзі ашық, көкірегі ояу кісі еді. Жұрт айтса болдының, көп айтса көндінің адамы емес еді. Әр нәрсеге өзінше қарай алатын. Жиын-жиналыста айтпағанмен, дастарқан басында, үй ішінде өзінің пікірлерін де айтып қалатын. Осыған бір дәлел келтірейін.
1962 жылы мен, жас металлург, комсомол съезінің делегаты болып Мәскеуден үйге оралғаным әлі есімде. Әрине, әсер деген ұшан-теңіз! Әкем мен көршілерге асығып-үсігіп Хрущев туралы, оның еліміздің комсомолдары алдындағы сөйлеген сөзі туралы, қала мен ауыл ара- сындағы өзгешеліктердің бірте-бірте жойылып, село өмірінде кере- мет мүмкіндіктер болатынын баса айттым. Үлкендердің маған көңіл бөлгеніне масаттанып, ақсақалдардың жүзіндегі мысқылды байқамай сайрай беріппін. Ал әкем маған күстаналап қарап отыр екен. Ақы- ры, нұрлы болашаққа қарай бағытталған қозғалысымызға кедергі жасайтын қосалқы жеке шаруашылық пен үй маңындағы учаскені жөн-жосықсыз жерден алып, жерге салғанымда төзімі таусылды, білем. Сонда маған қарап, былай деген еді:
— Тоқтат, балам, мұндай сөзді радиодан ести-ести құлағымыз сарсыған. Одан-дағы мынаны айтшы: Мәскеудегілердің есі дұрыс па өзі? Әлде отызыншы жылдағыдай тағы да аштықпен титықтатпақ па? Ауыл адамында жер болмаса, қойшыны жеке малынсыз қалдырсақ — олар даладағы жел қуған қаңбақ емес пе? Сұлтан (үйде мені осылай атайтын), сен ренжімей-ақ қой, жүрегің жарыла қуанатындай ештеңе жоқ, сен бізге жаманат хабар жеткіздің…
Әке сөзінің дұрыстығына арада жылдар өткенде көзім толық жетті. Бір мақаламда: «Өзімнің кәсіби жолымды «ақ саусақтар» секілді кабинетте де, паркетте де емес, жұмысшы-металлург ретінде баста- дым. Ал бұл, атап айтсам, нағыз кәсіп! Қанша жыл өтсе де, бұл еңбек мектебін ұмыту мүмкін емес» деп жазған едім. Бұл арада менің кәсі- би жолым айтылып отыр. Ал жалпы өзімнің еңбек жолым одан да ертерек, тіпті бала күнімнен басталды дей аламын. Мен ес білгеннен еңбектің ортасында өстім. Үшқоңырдың биігінде салынған жолда да әкемнің қолының таңбасы қалған. Анам да жұмыс десе жанып түсетін. Үйдің жұмысын тындырып тастап, көрші-қолаңның шаруасына қа- расып жүретініне қайран қалатынмын. Біздің үйдің адамдары ғана емес, бүкіл ауыл негізінен еңбеккер еді. Сол тәрбиені көріп өстік. Қазір бүкіл педагогтық ұжымдар қайтсек тиімді ұйымдастырамыз деп бастарын қатырып жүрген еңбек тәрбиесі дейтініміз менің мектеп қабырғасындағы жылдарымда көкейкесті қиын проблема болмайтын. Егер сол кезде әлдекім балалардың бойында еңбекті құрметтеу сезімін тәрбиелеу қажет деп өзеуресе, бәлкім, оны есуас санар еді. Өйткені біз ауа жұтып тыныстаудың қажеттігі жөнінде дәнеңе айтпаймыз ғой.
…Соғыстан кейінгі кезең, қырқыншы жылдардың аяғы мен елуінші жылдардың бас кезі. Анама колхоз күтіп-баптауға бір гектар қызылша егетін жер тапсырды. Әр жанұяға берілетін осындай жер болатын. Көктемнен бастап алғашқы қар түскенге дейін толастамайтын азап еңбек. Тұқым сепкеннен кейін ми қайнатқан ыстық күн астында бел жазбай жүріп, осынау гектардағы егісті сиретіп қолмен жұлуды көзге елестетіп көріңізші. Бұл ғұмыр бойы есте қалады. Ал ақырында қы- зылша тамырлап, піскен кезде оны үлкен пышақпен тазалап, тиеп өткізіп, содан соң Боралдай қант зауытына барып, бір жарым қапшық қант алу үшін колхоздан берілетін анықтамаға қол жеткізу керек. Еңбеккүніңе алатының сол ғана, ал ақшалай соқыр тиын да төленбейтін. Әкеме таудың қия бетіне бірнеше гектар бидай егіп, астығын кол- хозға өткізу тапсырылғаны есімде қалыпты. Бидай піскенде әкем екеуміз оны қолмен орғанбыз. Түнделетіп айдың жарығымен ордық. Масақ біркелкі, бірыңғай жатуы үшін шалғыға тырма қосақталатын. Бұндай ауыр жұмыста екі-үш сағат осылай жұмыс істегеннен кейін тұла бойың сіресіп, белің жан шыдатпастай сыздайтын еді. Біз орып, шешем баулап, қызылдау үшін колхоз орталығындағы қырманға апаратынбыз. Ауылдың барлық колхозшылары солай өмір сүретін. Уақыт сондай еді.
Бұны неге еске алып отырмын? Ол кезде қанша шарқ ұрып кол- хозда ойың онға, санаң санға бөлінгенімен өмір сүру, дәлірек айтқан- да, аман қалу үй маңындағы қосалқы шаруашылықтың арқасында ғана мүмкін болатын еді. Жаңылмасам, біз еңбеккүнге бір рет қана толмаған жеті қап бидай алғанбыз. Үш-төрт центнер тартқан шығар шамасы. Біз ол астықты колхоз орталығынан арбамен алып кел- дік, көңіліміз өсіп, өзімізді бақытты сезініп келдік. Қанша дегенмен, өзіміздің табан ақы, маңдай терімізбен тапқанымыз ғой. Еңбектің наны тәтті. Мұндай жағдай жылда болмайтын. Тек өнім молдау шыққан жылы ғана еңбекақы ретінде берілетін.
Еңбек әртүрлі. Оқу да еңбек. Үлкендерге көмектесу де еңбек. Баланы еңбекке тәрбиелеу кішкентайында үй шаруасына қолғабыс тигізуге үйретуден, сабақты жақсы оқытудан басталуы керек. Жас күнінде ұл мен қызды қиындықтан қорғаштай берудің қажеті жоқ. Бала деген шаршамайды.
Мен, мысалы, төртінші сыныпқа дейін әкемнің ағасының үйінде жатып оқыдым. Мектеп біз тұрған үйден алты-жеті шақырым жерде еді. Күзде, көктемде ештеңе емес, ойнап жүріп-ақ жетіп қаласың. Қыста қиын. Сағат жоқ. Әтештің шақы- руымен оянасың да, ұйқың ашылар-ашылмаста жолға шығасың. Кейде сол әтеші құрғыр мезгілсіз шақыра ма, сабақ басталардан екі сағаттай бұрын барып қалатын кездерім де болатын. Ондайда күзетші ішке кіргізіп, пеш жанында ұйықтап та алатынмын. Пеш демекші, балалардың бірінің сол пешке қатысты қызық әңгімесі бар… Мұғалім келсе, Қуатбек Бокин деген бала пеш түбінде екі аяқты созып тастап, ұйқыны соғып жатыр екен. Үстінен бұрқырап бу шығады дейді. Киімі өртенгелі жатыр ма деп шошып кетіпті. Сөйтсе, жаңағы бала мек- тепке асығып келе жатып, суға құлап қалыпты, пештің ыстығынан шалбарының кеуіп жатқаны екен…
Мектептен үйге келгеннен бір тынбайсың. Малға шөп салу керек, қорада қи тазалау керек, үйге су әкелу керек, бақшаның арам шөбін жұлу керек. Үйдегі балалардың үлкенімін. Мен істемесем, кім істейді? Ал енді қазір ойлап отырсам, соның бәрі баға жетпес өмір мектебі, еңбек мектебі екен. Сол еңбек мектебінен ерте өткізгені үшін ата- анама шексіз қарыздармын.
Мен ата-анамның тұңғышымын, зарығып күткен перзентімін. Әке-шешем үйленгеннен кейін біраз жыл бала көрмей жүріп қалған екен. Содан ақыры осы жақтағы ел үшін ерекше әулиелі Райымбек бабаның басына барып, екі күн қатар түнепті, перзент сұрап, тәу етіпті. Біздің бала кезімізде ол бейіт Алматының шетінде үлкен төбе болып көрінетін. Құран Кәрімде тілеу, сұрауды тек Аллаға айту керек дейді. Бірақ біздің салтымызда аруаққа сену де бар ғой. Ал Райымбек бабаның аруағын халық ерекше ардақтайды.
Атақты Хангелді батырдың немересі Райымбек — аты ұрпағына ұран болған ұлы тұлға, он сегізінші ғасырдың басында жоңғарларға қарсы күрес қолбасшыларының бірі. Бабаның сол мекенге жерле- нуінің өз хикаясы бар. Дәмі таусылардың алдында: «Сүйегімді менің түйеме артыңдар. Жануар қай жерге жетіп, әлі құрып шөксе, сол жер менің бейітім болсын» деп өсиет еткен екен. Атан түйе жүргеннен жүріп отырып, дәл ұлы жолдың бойына келгенде шөгіпті. Батырға топырақ бұйырған сол жер киелі орынға айналған. Тілек тілеушілер басына түнеп, мінәжат ететін.
Райымбек бабаның басына түнеген түнде анам түс көріпті. Түсінде теңізге түсіп кеткен екенмін дейді. Судан демі тарылмай, кәдімгідей жүре беріпті. Теңіздің түбінде аппақ күмістен жасалған ұзын мыл- тық жатыр екен. Жаңағы мылтықты мойнына іліп алып, жүзгеннен жүзіп отырып жағаға шығыпты. Таңертең бейіттің шырақшысы түсін жорыпты. Ұл бала табасың, балаң мықты болады, жасы ұзақ болады, осы балаң сенің мақтанышың болады, ел қорғайтын адам болады депті. Мылтыққа байланысты жорығаны ғой. Расында да, арада көп ұзамай, дүниеге мен келіппін. Бұл әңгіме ес білгелі менің құлағымда. Райымбек батыр кесенесіне талай зиярат еткенмін.
Менің анам Әлжан Жатқанбайқызы 1910 жылы Жамбыл облысы Қордай ауданының Қасық ауылында дүниеге келген. Құжаттағы 1905 жыл қате жазылған деп өзі айтып отыратын. «Жаныс көп пе, қамыс көп пе?» дегізген қалың Жаныстың ішіндегі қабырғалы ру қасқарау- дан тарайды. Мәшһүр-Жүсіп «Қасқарау деген елдің аты қосылған жерде өзге ел бәйге алмайды. Және бұл күнгеше өзге елге қарағанда Қасқарау жылқысы жүйрік келеді» деп жазған екен. Мүйізді Өте- ген атанған Өтеген батыр осы Қасқараудан. «Ән тыңдағың келсе, Қасыққа бар, қыз алғың келсе, Қасықтан ал» деген сөз бар. Соған қарағанда, Қасықтан әншілер де көп шыққан, қыз бала тәрбиелеудің өзіндік дәстүрлі ортасы да қалыптасқан. Анам да жас күнінен ашық- жарқын, өжет, өткір болып өсіпті. Жиын-тойда жарқылдап жүріп, «әнші Әлжан» атаныпты. Туған ағасы Бөлеген «Қасық» колхозын басқарып тұрғанда сол жерге ол замандағы «Бүкілодақтық староста» М. И. Калинин барып, колхоз төрағасының үйінде қонақта болыпты. Сонда Калининмен бірге барған Ораз Жандосовтың дастарқанға бата сұрағанда Михаил Иванович ақсақалдың кәдімгідей қолын жайып, орысша «Береке көзі — социализмде, колхозда, әумин» деп жиналған жұртты қайран қалдырыпты. Алайда, арада көп уақыт өтпей, Бөлеген ағасы «халық жауы» атанады, атасының үл- кен молда екені де ауыр айып ретінде тағылады. Балапан басына, тұрымтай тұсына тараған тар кезеңде анам, басқа жер аударылған ауылдастарымен бірге, Алматы жаққа аттанған. Алатау баурайында салынып жатқан бұралаң жолдың құрылысына тамақ пісіруші болып келгенін, бұл кезде әкем жол салушыларға бригадирлік етіп жүргенін айтып өткенмін. Сөйтіп, әкем мен шешемнің тағдыр тоғыстыруына себепкер — еңбек.
Кім айтса да, анасының қадір-қасиетін жеткізе алар ма? Меккеге үш рет арқалап апарып келсең де, ана парызы өтелмейді дейді ғой. Мен көп қазақтың балалары сияқты әкенің ісінен үлгі алып, оның қаталдығына шыдап, ананың тәрбиесімен өскен баламын. Әкем күндіз-түні жұмыста, мен анамның жанындамын. Анамның мені жанын- дай жақсы көретінін білетінмін. Сол шексіз ана махаббатына бөленіп өстім.
Баланы анасы шын сүйіп өсірсе, ол бала бақытты боларына мен сенемін. Баланы жалдаған әйел емес, анасының өзі тәрбиелегенін ұнатамын. Сондай бала дұрыс жолдан таймасына сенемін.
Өзі қарапайым, сауаты жоқ адам болса да, өмірден үйренгені, көрген-білгені көп анам әр уақытта көз алдымда, жүрегімді елжіретіп тұрады. Қиын шешімдер қабылдар кезде түсіме кіріп, ақыл беріп кетеді.
Мен негізі анама тартқанмын. Нағашыларым да осындай дөңгелек жүзді болған екен. Теміртауда жұмыс істеп жүргенімде анам қонаққа келіп, «Сені көрсем Бөлеген ағам көз алдымда тұра қалады. Өң-түсің де, қимылдарың да аумай қалған» деп көз жасын бір сығып алған еді. Анамды еске алғанда кейде қиялдап отырып, ойлаймын ғой: ол кісінің жасы жүзге жетсе, осы кезге дейінгіні көруі мүмкін еді-ау, тоқсанға жетсе, елдің есейгенін, баласының Арқада жаңа астана салдырып жатқанын көрер еді-ау, тіпті сексеннен сәл асса да тәуел- сіздік таңы атқанына куә болар еді-ау деп. Анам 1977 жылы дүниеден өтті. Менің ат жалын тартып, азамат болғанымды ғана көрді. Аз күн ғана ауырып, ағайын-туғанына аманатын айтып, жүріп кете берген. Менің шетелден әкелген жеп-жеңіл қоңыр тоным бар еді. Соны Гүлжан келініне беріп, «Енемнен қалған көзі еді деп киіп жүрерсің», депті. Келіні: «Қойыңыз, әлі-ақ осы тонмен талай қонаққа барасыз» десе, айтыпты: «Тілімнің сайрап тұрғанына алданып қалмаңдар, дайындықсыз болмаңдар. Дүниеде болжаусыз нәрсе үшеу: толғақ болжаусыз, қонақ болжаусыз, өлім болжаусыз. Ажал айтып кел- мейді, айла таптырмайды. Алды сайран, арты ойран дүние осы», деп. Осылай кесек-кесек кесіп түсетін, тіліп айтатын адам еді. Ірі сөйлейтін. Үйде оңаша қалғанымызда «Баламды тіл-көзден сақтай гөр. Осы шырағым аман болса, түбі маңдайы жарқырап, көптің алдына шығады» деп отыратын. Бала емеспін бе, ол кезде көптің алдына шығуды оқуда озат болу, мектептің мақтаулы шәкірті атану деп қарайтыным да рас еді.
Анам менің оқуыма қатты көңіл бөлетін, бар жағдайды жасайтын. Сабақтан келгенде тамағымды берген соң арнайы демалдырып қоя- тын, одан кейін үй тапсырмаларын орындауға тағы екі-үш сағатқа отырғызады. Мен сабақты әбден дайындап біткенше достарым үйге келмейді деп ойлайтынмын. Сөйтсем, сабағым біткенше анам ешкімді үйге кіргізбейді екен. Кейде тіпті «Сұлтан үйде жоқ» дей салады екен. Ойынға жібермеу үшін. Соны бала болса да достарымның ешқай- сысы маған «Кеше саған барып едік, кіре алмай қайтып кеттік» деп кінәлап айтқан емес. Мұның өзіне ішкі мәдениет керек қой. Ауыл балаларының жаны нәзік, сезімі сергек болады.
Адам бойындағы жақсылықтың бәрі алдымен ананың ақ сүтінен. Қазақтың «Ана сүтін ақтамағанды адам жақтамайды» дейтіні бар. Әйелді өмірдің тірегі дейміз. Әйел өмірдің тірегі ғана емес, әйел — өмірдің өзі.
Бұрын бір сұхбатымда айтқанмын: әйелдің жағдайы қандай болса, қоғамның жағдайы да сондай. Біз жас ұрпаққа, ба- лаларымызға, немерелерімізге ата-ананың қадір-қасиетін білуді ұдайы айта жүруге тиіспіз. Анасына рақым етпеген адам, баласынан рақым күтпесе де болатынын ұмытпайтындай етуіміз керек. Әуезов- тің «Адамдық негізі — әйел» дейтіні содан ғой.
Бір құрсақтан үш ұл, бір қыз едік. Едік дейтінім — артымнан ер- ген Сатыбалды деген інім көлік апатынан ерте, 34 жасында қайтыс болып кетті. Көп күттіріп, менен кейін жеті жылдан кейін туған бала еді. Өте сымбатты, зор тұлғалы, алапат қарулы жігіт болатын. Сол інімді жұрттың бәрі Қарасай атасындай деп сөйлейтін. Көз тиді ме, қайдам. Одан кейінгі — Әнипа деген қарындасым. Сатыбалды екеуі мен Қарағандыда жүргенде қолымызға келіп, біраз болды, оқыды. Әнипа тұрмысқа шықты, қызы, немерелері бар. Кенжеміз — Болат. Училище бітіріп, механизатор, жүргізуші болып, кейін жоғары білім алды. Болат кенже болған соң еркелеу өсті… Сол еркелігінен тартқан зардабы да аз емес. Ол зардапты өзі тартып қана қоймай, жасымның егде шағында маған да тартқызды. Қайтерсің. Өз қолыңды өзің кесе алмайсың. Бірақ, әйтсе де, бауырдың аты бауыр, бәрін көтересің. Қа- лайда жақсы көресің. Болаттың жүрегі жомарт, жұртқа болсын деп тұрады. Қайырымдылықпен көп айналысты. Оның көмегін көргендер аз емес. Жас кезінде шетінеген, менен кейін туған Айсұлтан, Сатыбал- дының алдында туған Нұрғазипа болды. Балалары тұрмаған соң ел салты бойынша жаңа туған баланы терезеден шығарып, бір туыстарға беріп, солардан қайтадан сатып алады екен. Ақысы бір қап ұн, бір бау отын ағашы, қой сияқты болады. Сатыбалдының аты солай қойылған. Бауырларыммен бірге өткізген балалықтың бал күндерін ойласам, әлі де ет жүрегім елжіреп кетеді. Ағаға қарап, іні өсетінін ұдайы есімде ұстаушы едім. Оқысам да, жұмыс істесем де бауырларыма
үлгі болуды алдымен ойладым.
Шамалған ауылы дәл Алатаудың етегінде, ал біздің көше ең тауға жақын еді. Сондықтан ғой «Подгорная» аталатыны. Балалық шақты еске алсам, сол таулар есіме түседі. Таулар біз үшін үйіміз сияқты болатын. Шаруашылық, өмір — барлығы таумен байланысты. Әкем сағат таңғы бесте оятып, тауға бар да, Жұмақан ағаңа мынаны беріп қайт дейді. 4–5 сағат жүріп, таудағы малшыларға жетем. Тапсыр- масын орындап, кешкі 10-да үйге келемін. Шаршау деген жоқ. Бұл өзі жиі болып тұратын жай. Жазда жайлауда әкеммен бірге шөп шабамыз, көкпар тартамыз. Қатар-қатар тұрған киіз үйлерде тойлар болады, ақындар келеді, айтысады. Заңғар таулар. Баурайы жайлау, басы қар. Шөбінің қалыңдығынан кей жерлерде атпен келе жатқанда ат көрінбейді. Әр сайда бұлақ, өзен. Қандай сұлулық, қандай керемет. Небір қызықтар өтті ғой бастан. Біреуін айтайын. Сатыбалды ер- келеу өсті. Сабағын бірде оқып, бірде оқымай қалады. Ойнап кете береді. Сондайда бір жолы анам Сатыбалдыны ұрсып-ұрсып, қолына оқулық ұстатып, моншаға кіргізіп, сыртынан құлып салып кетіпті. Сабақтан келсем, қарындасым Әнипа дегбірі қашып, «Аға, жеңешем (балалардың бәрі мен сияқты анамды «жеңеше» дейтін, Мырзабала әжемнің бәрімізге үйреткені сондай) Сатыбалдыны моншаға қамап қойды», деп сыбырлайды. Қайтсін, қарындас қой. Барып, терезенің әйнек ағашын абайлап алдым да, Сатыбалдыны сыртқа шығарып жі- бердім. Кеш болды. Астың уақыты келді. Қамап кеткен баласын анасы тамаққа шақырайын деп құлыпты ашып, моншаға кірсе… оқулығы жатыр, Сатыбалды жоқ… Анам ентігіп үйге кіріп келді. «Ойбай, мон- шаның есігі жабық тұр, ішінде Сатыбалды жоқ!», дейді. Мен күліп,
«Онда мұржадан шығып кеткен болды ғой», дей салдым. Анам тағы
салып ұрып сыртқа жүгірді. Қайтып келіп, мән-жайға қаныққан соң:
«Сасқанымнан жүгіріп барып, мұржаны қараппын ғой» деп күледі…

Пікір қалдыру үшін сізге логин қажет немесе өтіңіз
Синопсис
1/9

Листайте главы с удобством

Можете переключаться между главами книги в любое время. Насладитесь плавным переходом к интересующим вас частям текста!
Далее Завершить обучение
2/9

Настройте шрифт под себя

Изменяйте размер шрифта, чтобы чтение было комфортным для ваших глаз. Настройте отображение текста так, как вам удобно.
Далее Завершить обучение
3/9

Читайте синопсис

Не знаете, с чего начать? Ознакомьтесь с кратким содержанием книги, чтобы быстро понять основные идеи.
Далее Завершить обучение
4/9

Исследуйте содержание книги

Посмотрите все главы и подглавы в удобном навигационном меню. Найдите интересующие вас разделы одним кликом.
Далее Завершить обучение
5/9

Сохраняйте закладки

Добавляйте закладки, чтобы не потерять важные моменты. Вернитесь к нужному месту в книге в любой момент.
Далее Завершить обучение
6/9

Открывайте мини-справочник

Кликайте на «Мини-справочник» для доступа к дополнительной информации. Нажмите на текст, и модальное окно откроет полезные материалы.
Далее Завершить обучение
7/9

Просматривайте таймлайн событий

Интерактивный таймлайн поможет вам увидеть ключевые события книги. Кликните, чтобы открыть окно с подробной информацией.
Далее Завершить обучение
8/9

Наслаждайтесь цитатами

Ищите вдохновение? В разделе цитат собраны самые яркие мысли и высказывания.
Далее Завершить обучение
9/9

Делайте записи в блокноте

Зарегистрируйтесь и получите доступ к личному блокноту. Записывайте свои идеи, заметки и важные мысли прямо во время чтения
Завершить обучение
AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу