Нұрсұлтан Назарбаевтың «Менің өмірім. Бодандықтан – бостандыққа» атты кітабы – қазақ халқының ғасырлар бойы тәуелсіздікке ұмтылған арманын жүзеге асырған қазіргі Қазақстанның негізін қалаушының естеліктері. Бұрынғы президент өзінің жастық шағын, Кеңес дәуіріндегі және егеменді Қазақстан кезеңіндегі саяси қызметін және биліктің мұрагеріне ауысуын еске алады. Ол жеке өзі қатысқан тарихи оқиғаларды егжей-тегжейлі баяндайды. Бұл мемлекеттің жойылуы мен құрылуы, көпұлтты елде тәуелсіз саясат жүргізу және оның бірлігін сақтау туралы шынайы әңгіме. Автор билікті кім және не үшін алатынын және миллиондаған адамдардың тағдыры үшін жауапты екенін түсіндіреді. Сонымен қатар, ол алғаш рет отбасылық өмірінің қыр-сырын ашық айтады.
Ел Президентінің қызметін тапсырғаннан кейін жұмысымның бір- шама азайғаны, бос уақытымның едәуір көбейгені өзінен-өзі түсінікті. Арғы-бергіні ой елегіне салуға, өмір өткелдерін санада сараптауға мүмкіндік молайды. Осы тұрғыдан толғана-толғана келіп, ақыры бастан кешкенді баян етіп, көрген-білгенді, ойға түйгенді қағазға түсіруге бел будым.
Мұны бастауға бекінудің өзі оңайға түскен жоқ. Бір қарағанда дәл менің өзім жайында, өзім өмір сүрген уақыт жайында кітап да- йындауға қатты қиналатындай жөнім де жоқ сияқты. Бүкіл өмірім сан мәрте қалың жұртшылықтың алдына жайылған — мен туралы жазылған кітаптардың санына екі қолдың саусағы жете қоймайтын шығар. Олардың арасында халықаралық ауқымда танылған, туынды- лары әлемнің талай тіліне аударылған аса беделді авторлар да бар. Әр жылдарда жария көрген өзімнің кітаптарым да аз емес. Жасаған баяндамаларым, сөйлеген сөздерім, берген сұхбаттарым сан түрлі жинақтарға шыққан. Қалаған материалымды қалаған уақытымда алдыма тоса қоятын кітапхана тағы бар. Біз Қазақстанда бүкіл өр- кениетті әлем ұстанатын үрдіс бойынша осындай кітапхана қалып- тастыра алдық. Америка Құрама Штаттарында, басқа да дамыған мемлекеттерде ел басшысы қызметінен кеткен әр президенттің өз кітапханасы жасақталады. Кітапхана деген дәстүрлі аты ғана. Әйт- песе, онда тек кітап жиналмайды. Ол кітапхананың арқауында сол президент мемлекет басқарған жылдардағы барлық баспа өнімдері, аудио, бейне жазбалар, фотолар, жазысқан хаттар, басқа да архивтік құжаттар қатталады, ұқыпты сақталады. Мұнда келген әр адам, әсіре- се жас ұрпақ өкілдері мемлекетіміздің тәуелсіздік тарихына қанығып, елдік белестерін бағамдайды, өзінің алдындағы буынның тындырған ісін көз алдынан өткізеді, сөйтіп ел ертеңіне сенімін арттыра түседі. Барша архив ғылыми негізде түзілген. Қажет деген дерегіңді жинап ал да, керегіңді жүйелеп жаза бер. Әйтсе де, негізгі мәселе болашақ кітаптың бүгінгі замандастарға, келер ұрпаққа берер тағылымында.
Мемуар жазуды не үшін қолға алуға тиісті едім?
Мен өзім басы-қасында жүрген жайларды жазбақшымын. Баршаға белгілі айдан анық ақиқатты тағы бір еске салып өтсек, мемуар дегеніміз естелік иесінің өзі куә болған, қатысқан оқиғалар неме- се өзі араласып-құраласқан адамдар жайындағы жазбалары ғой. Мемуардың иесі өз өмірін тарихи ыңғайда қарастырады да, өзінің іс-әрекеттерін өз заманындағы жалпы тарихи процестің бір бөл- шегі ретінде талдап-таразылайды. Заманауи уақыт хроникасымен салыстырғанда авторлық мемуарлардың сәл субъективтілеу келіп жататыны сондықтан. Тіпті аты әлемге танымал саяси қайраткер- лердің, тарихта өшпес із қалдырған тұлғалардың мемуарларында да біржақтылық бола береді. Мемуаршылардың өздерінің тындырған істерін, қалдырған іздерін жарқырата, жалаулата жазатындары, жақ- сысын асыра, жаманын жасыра көрсететіндері де табиғи жай. Адам болғаннан кейін, пенде болғаннан кейін саясаткер атаулының жүз пайыздық объективтілікке қол жеткізуі қиын да шығар, бірақ бұл оған ұмтылмау керек дегенді білдірмейді. Бұл тұрғыдан қарағанда мен Эдуард Шеварднадзенің «Темір шымылдық күйрегенде» («Когда рухнул железный занавес») атты кітабына алғы сөз жазған КСРО- ның бұрынғы сыртқы істер министрі Александр Бессмертныхтың «Мемуар жазу — тәуекелді қажет ететін шаруа, әсіресе саясаткерлер үшін солай. Обалы не керек, олар солай екен деп қаламдарын тұсап тұрған жоқ. Осының арқасында тарих белгілі бір дәуірдің қарама- қайшылықты құбылыстарын немесе толымды тұлғаның өзіндік сипа- тын жақсырақ тануға көмектесетін куәліктермен және құжаттармен толыға түседі» деген пікірімен келісемін.
Бұл сипаттағы әдебиетке кезіндегі саясаттың салқыны тиетіні де сөзсіз. Әйгілі қолбасшы Георгий Жуковтың естеліктерінде («Воспоми- нания и размышления») Екінші дүниежүзілік соғыстағы Сталиннің алатын орны жөнінде жазылуы Хрущевтің жеке басқа табынуды әшкерелеу науқанынан кейін тұқыртылып жіберілген аса күрделі тұлғаның бейнесін қалпына келтіруге көп үлес қосты, соның өзінде де бар шындықты толық аша алған жоқ. Ал Энвер Ходжаның «Ста- линмен бірге. Естеліктер» («Со Сталиным. Воспоминания») кітабын оқып отырсаңыз, қазір дүние дидарындағы ең қанқұйлы диктатор- лардың бірі саналатын Сталиннің келбетінен көлеңке де таба алмай қаласыз. Сәбит Мұқановтың бәріміз жас кезде қызыға оқыған «Өмір мектебінде» жиырмасыншы, отызыншы жылдардағы тап тартысына, идеологиялық қарама-қайшылықтарға дәл, әділ баға берілуі қиын да еді. Әйтсе де, Сәбеңнің трилогиясы сол заманның кең ауқымды суретін салатын, дәуір шындығын мүмкіндігінше жан-жақты қамтитын па- норамалық туынды ретінде әлі де құнды. Танымдық мәліметтерінің салмағы жағынан кезінде қызыға оқыған кітабымның бірі — Джава- харлал Нерудің «Өмірбаяны»(«Автобиография»). Соншалықты мол деректі шығарманың түрмеде жазылғанын ойласаңыз, автордың аса қуатты жадына қайран қаласыз.
«Әр ұрпақ тарихты қайта жазып шығады» деген сөз бар. Бәл- кім, ақиқаттан онша алыс кете қоймайтын тұжырым. Бірақ күні кеше өз басымыздан өткендердің көрер көзге өңін айналдырып жі- берушілікпен келісе қоюға болмас. Оны айтып отырған себебіміз: қазір саяси мемуар жазу қайтадан үрдіске айналды. Ол бір жағынан түсінікті де. Зымыран уақыт бұрын бірнеше онжылдықтарды қамти- тындай орасан оқиғаларды бүгінде бір жылдың ішіне сыйғызып жіберіп жатқаны рас. Соны пайдаланып, кейбір мемуар жазғыштар тарихты қайтадан кесіп-пішуге тырысып бағуда» — 1996 жылы жарық көрген «Ғасырлар тоғысында» атты кітабымда осылай айтқан екенмін. Демек, егемендіктің елең-алаңында шыққан сол еңбегімнің өзінде жалпы мемуар жанрына кәдімгідей күдікпен қараған көрінемін. Ал енді солай екен деп, өзіңнің өмірің жайында жазудан атымен бас тартудың жөні бар ма? Жөні жоқ, әрине. Оның үстіне мына жайды да ескерген абзал. Мен ел билігінің ұшар басында ұзақ уақыт болдым. Талайды көруге де, талайға баға беруге де әбден жететін уақыт. Мұндай уақыттың оннан бір бөлігінде мемлекет басқарған қайраткерлердің де арасында естелік кітаптарын жазып үлгергендері баршылық. Айталық, Борис Ельцин өзі ел басқарған он жылдың ішінде «Исповедь на заданную тему», «Записки президента», «Президентский марафон» деген үш бірдей мемуарлық кітап беріп тастаған еді. Қарап отырсаңыз, болашақ мемуарларға талай авторлар қызметте жүргенінде-ақ кірісетін көрінеді. «Президенттік мерзімімнің соңғы бір жылында мен өзімнің мемуарларымды жазуды кәдімгідей ойластыра бастадым», дейді Кіші Джордж Буш «Түйінді шешімдер» («Ключевые решения») атты кітабында. Иә, қай құбылысқа да көңіл көзімен, терең зердемен қарай алсаң, сегіз жылдық президенттік мерзімнің арқауында да оқырманға ой салар туынды қалдыруға әб- ден-ақ болады. «Түйінді шешімдердің» авторы солай ете алған. Кітап- та 2001–2009 жылдар ішінде әлемнің ең қуатты елінде орын алған оқиғалар, соның ішінде 2001 жылғы 11 қыркүйектегі сұмдық теракт, одан кейінгі Ирак соғысы туралы әсерлі әңгімеленеді. Тәліптерге не терроршылармен байланысты үзесіңдер, не терроршылардың кебін киесіңдер деп талап қоятыны, «Менің елімнің жанына салынған бұл жараны да, оны кімдер салғанын да ұмытпаймын. Берілмеймін де, тыншымаймын да. Америка халқының бостандығы мен қауіпсіздігі жолындағы бұл күресте алған бетімнен қайтпаймын» деп белдесуге бекінгені есте қалып қояды. Сегіз жыл АҚШ сынды алып елді басқару оңай емес.
Қазақстанның және шет елдердің баспаларының мемуар кітабым- ды дайындау жөнінде өтініш жасауы да көптен ойда жүрген іске бет бұруды тездетіп жіберді. Айтқандай, көптеген мемуар авторлары естеліктерге кірісуге осындай немесе осыған ұқсас ұсыныстардың түрткі болғанын жазады. Махатма Гандидің «Менің өмірім» («Моя жизнь») кітабының ең басы: «Осыдан бес жыл бұрын, жақын жүрген қызметтес жолдастарымның қолқалауымен, өмірбаянымды жазып беруге келіскен едім». Андрей Громыконың «Есте қалғандар» («Памятное») атты қостомдығының ең басы: «Бұл кітап аяқастынан дүние- ге келе қалған жоқ. Естеліктер жазу идеясын маған талай адамдар ұсынатын. Осындай ойды қызметтес жолдастар да, жақын жандарым да, атымен бейтаныс кеңестік азаматтар да, тіпті шетелдіктер де ай- тушы еді». Джон Д. Рокфеллердің «Миллиардер мемуарларының» («Мемуары миллиардера») ең басы: «Әр адамның өмірінде өзінің жүріп өткен бел-белестерінің бастылары болып табылатын үлкенді- кішілі оқиғаларға тағы бір қайырыла қарағысы келетін сәт туады ғой деп ойлаймын. Осылайша мына менің де аяқастынан жасы жеткен сөзуардың еркелігін көрсеткім, сөйтіп өзімнің әжептәуір дүрілдеген өмірімде араласқан адамдарым мен бастан кешкен жайларым жөнін- де әңгіме шертуді бастап жібергім келіп отыр». АҚШ тәуелсіздігі жолындағы күрес көшбасшыларының бірі Бенджамин Франклин өзінің ұлына хат түрінде жазған «Уақыт дегеніміз — ақша!» («Время — деньги!») атты кітабын: «Қымбатты ұлым! Өзімнің арғы тегім туралы деректер жинауды дәйім ұнататынмын. Тегінде, сен Англияда менімен бірге болған кезде көзі тірі туысқандарымыздың бәрінен осыны сұрағыштағанымды, сол үшін әлгі сапарға әдейі аттанғаны- мызды ұмыта қоймаған шығарсың. Талай тұстары өзіңе белгісіздеу менің өмірімнің жай-жапсарын білу саған да қызықты болады деп шамалағандықтан, бірнеше апта бойы ешкім мазамды алмайтын бос күндерімнен сезінер ләззатымды тосып тұрғандықтан, енді мен үстел басына отырамын да, жазуға кірісемін» деп бастайды.
Жоғарыдағы мысалдардан осы кітапқа дайындыққа кірісерде ай- лар бойы әлемдік мемуарлық әдебиетті шұқшия қарауға, бұрын оқыған кітаптарыма қайта оралуға, кезінде сан түрлі себеппен мойын бұра қоймаған көптеген авторлардың туындыларын қолға алуға тура келгені көрініп тұр. Сонда бір байқағаным — мемуар жазушылар- дың басым көпшілігі, ел өміріне етене араласқан, әсіресе мемлекет басқарған адамдардың өз замандастарына, келер ұрпаққа естеліктер қалдыруы орынды болатынын айтады екен. Өзім Германия канцлері қызметіндегі еңбегін ерекше бағалайтын Герхард Шрёдер «Шешім- дер. Менің саясаттағы өмірім» («Решения. Моя жизнь в политике») атты кітабының алғы сөзінде былай дейді: «Бұл кітапты жазуды мен өзіме кәдімгідей сынақ санадым, сонымен бірге осы жұмыс маған көп көмегін де көрсетті. Өткенге ойша үңілу пайдалы-ақ: жүріп өткен жолыңа көз салып, ұмыт болған немесе жадыдан баяғыда-ақ өшіп кеткен жайларды бағамдайсың; белгілі бір белесте бұрынғы бағытты неге жалғастырғаныңды еске түсіресің; қиялыңды қозғап, әлгі жолайырықты елестетесің де, жаңағы жерде жүргеніңде неге бұрылып сала бергеніңді немесе басқа жолды неге іздемегеніңді талдайсың; кезіндегі шешімдердің қандай нәтижеге жеткізгенін біле тұра, олардың сол тұстағы ниеттерге сай келген-келмегенін, мақсатқа жеткізген-жеткізбегенін тексересің».
Рас сөз.
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу