EPG

«Менің өмірім. Бодандықтан – бостандыққа»

Нұрсұлтан Назарбаевтың «Менің өмірім. Бодандықтан – бостандыққа» атты кітабы – қазақ халқының ғасырлар бойы тәуелсіздікке ұмтылған арманын жүзеге асырған қазіргі Қазақстанның негізін қалаушының естеліктері. Бұрынғы президент өзінің жастық шағын, Кеңес дәуіріндегі және егеменді Қазақстан кезеңіндегі саяси қызметін және биліктің мұрагеріне ауысуын еске алады. Ол жеке өзі қатысқан тарихи оқиғаларды егжей-тегжейлі баяндайды. Бұл мемлекеттің жойылуы мен құрылуы, көпұлтты елде тәуелсіз саясат жүргізу және оның бірлігін сақтау туралы шынайы әңгіме. Автор билікті кім және не үшін алатынын және миллиондаған адамдардың тағдыры үшін жауапты екенін түсіндіреді. Сонымен қатар, ол алғаш рет отбасылық өмірінің қыр-сырын ашық айтады.

Онлайн оқу

ЕРТЕҢІ ЕҢСЕЛІ ЕЛ

Менің сенімім

Ойға дес беретін адам атаулының ұдайы қамдайтыны дүниенің сырына қанығу болса керек. Бірақ дүние адам ойына алдырта сал- майды. Халық әнінде:
Қудым сені, дүние, жалықпай-ақ, Ұстатпайсың судағы балықтай-ақ. Көрсетіп кейде алдыңды, кейде артыңды, Дидарыңды қойдың ғой танытпай-ақ, —
делінетіні содан. Дүниенің дидарын танудың бір жолы — өткен өміріңді шолу.

Өткен күн бүгінгі күнді пайымдауға, келер күнді болжауға көмектеседі дейміз. Тарих — өткенге есеп беру. Бұл кітап — сол есеп берудің құралы.
Мемуарды бұрынғылар әзіл-шыны аралас «өзін-өзі ақтаудың және дұшпандардан кек алудың жолы» деп те атаған көрінеді. Менде осы екі мақсаттың екеуі де жоқ. Бұл кітапта өзім үшін маңызды деп білген, өзімді толғантатын жайлар туралы жаздым.
Әрине, адам ешқашан өзін-өзі толық тани алмайтынын да, өзі өмір сүрген уақытты түбіне дейін түсіне алмайтынын да пайымдаймын. Солай екен деп таным жолындағы талпынысыңды тоқтатып тастамайсың ғой.

Биліктің, даңқтың сынағымен қатар сәтсіздіктің сынағына да түсу адамның өзін де, өзінің заманын да тереңірек пайымдауына септе- сетінін де білемін. Кейінгі жылдардағы бірқатар оқиғалар маған мұндай мүмкіндікті молынан берген сияқты көрінеді. Көп нәрсені ой елегінен өткізесің, сана сүзгісіне салып, қайтадан екшейсің.
Қатерлі қаңтар күндерінде және ковид дертімен ауырғанымда мен бүкіл елден жүздеген жеделхаттар алдым. Шетелден жазғандар да аз болмады. Олар менің ел үшін еткен еңбегімді атады, қиын күндердің артта қалатынына сенім білдірді, маған күш-қуат қосты.
Солтүстік Қазақстан облысынан хат жолдаған Ерболат Алпысбаев- тың жазған сөздерін келтірейін: «Сіздің ауыр, қажырлы және көп жылдық еңбегіңіздің арқасында мен грантқа оқуға түсуге, міндетті оқу бағдарламасы бойынша бүкіл Еуропаны тегін аралап шығуға, тіпті өзімнің бизнесімді ашуға мүмкіндік алдым. Біз, Қазақстан жастары, өз мақсаттарымызға жету үшін барлық жағдайға ие болып отырмыз. Еуропада болғанымда мен тіпті олардың да жастарды мұндайлық қолдауға жағдайы жоқ екенін көрдім. Жоғары оқу орнына 18 жаста түсе қалу олар үшін қол жетпестей нәрсе, ал бізде бұл кәдуілгі жай. Сіздің сөздеріңіз, айтқан ақыл-кеңестеріңіз біздің де, келешектегі барлық ұрпақтардың да дәйім жадында жүреді. Сіздің еңбегіңіз дәйім қазақстандықтардың есінен кетпейді».
М. В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстан филиалының директоры Александр Сидорович арнау ха- тында: «Сіз Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті ретінде қазақстандық мемлекеттіліктің негізін қаладыңыз, оның нығаюы мен дамуына ауқымды үлес қостыңыз. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан экономикалық және әлеуметтік дамуда қызығарлықтай табыстарға қол жеткізді, әлемде биік беделге ие болды» деп жазған.
Бұлар — менің атыма келіп жатқан хаттар ағынының бір пара- сы ғана. Мұндай жылы сөздер Галина Михнованың, Талғат Май- лыбаевтың, Марфуға Айтхожинаның, Бағлан Бекқұловтың, Жабал Ерғалиевтің, Элеонора Баталованың, Ерлан Болысбаевтың, Ержан Жарылқасынның, Владимир Мартельдің, Рүстем Иқсатовтың, Мақсұт Нариманның, Нұрлан Қожахметовтің, басқа да көптеген азамат- тардың хаттарында айтылған. Мұны қазақстандықтар жазып отыр. Атқарылған жұмыстың нағыз бағасын халық береді. Мұндай сөздер адамға қанат бітіреді, демеу болады, мен хат иелеріне алғысымды білдіремін.
«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы туралы» Заңның талқылануына байланысты да түсінік бере кеткім келеді.
Аталған заң 2000 жылдың 20 шілдесінде қабылданған. Оған Азаматтық партия бастамашылық жасады, Заңның мәтінін Парламент Мәжілісінің депутаты Рахмет Мұқашев жазған делініп жүрді.
«Елбасы туралы» Конституциялық заңды қабылдау бастамасын Парламентте Мәжіліс депутаттары Розақұл Халмұрадов, Әмзебек Жолшыбеков және Светлана Ферхо 2010 жылғы 5 мамырда көтерген.
Сол жылғы 13 мамырда Заңды Парламенттің қос палатасы қабылдап, маған қол қоюға берді. Мен оған қол қойған жоқпын, өйткені салған беттен бұған қарсы болғанмын.
2010 жылғы 14 маусымда (яғни, арада бір ай өткеннен кейін) Заңға Парламент палаталарының спикерлері, Премьер-министр қол қойды. Заң қабылданды деп саналды.
Бұл екі фактіні (Астананың атын өзгертуге және «Қазақстан Респуб- ликасының Тұңғыш Президенті — Елбасы туралы» Заңға қатысты) қайтадан келтірудегі мақсатым оларға менің жеке өзімнің қатысым жоқ екенін айту. Демек, бұған байланысты менің уайымдайтын да ештеңем жоқ. Уайымдаса, бүгін былай, ертең керісінше сөйлейтін заң шығарушылар уайымдасын.
Ешкімге ренішім жоқ, ешкімге теріс ниетім де жоқ. Мен президент болған жылдары халқымыз қыруар жұмыс атқарды. Кейбіреулер оны ұмытып кетеді. Біздің дана халқымыз бәрін есте сақтайтынына сенемін. Бәріміз де халықтың перзентіміз. Ал перзенттің парызы мен қа- рызының жөні басқа. Оның үстіне қазақтың «Енесі тепкен құлынның еті ауырмайды» деген сөзі тағы бар.
Біз жаңа ел құрдық және соқтықпалы-соқпақсыз жермен жүрдік. Мен үшін «Нені дұрыс деп білсең, соны істе, өйткені қалай еткенің- де де сынға ұшырамай қоймайсың» деген қағидат маңызды болды. Кезінде екіжүзділер Дж. Вашингтон туралы неше түрліні айтқан еді. Бірақ тарих бәрін өзінің орын-орнына қойды. Бұл орайда үн- дістердің «Біреудің басынан кешкенінің тым құрыса шет-жағасын көріп-білмей тұрып, ол адам жайында пікір де айтпа, сын да айтпа» деген сөзі әділетті.
Өзім қадірлейтін ақын Қуандық Шаңғытбаевтың «Сыналған күні» деген өлеңі ойыма оралып отыр.
Алған дем, болашаққа басқан қадам — Бәрі де бір сен үшін, асқар заман, Еншіңде — күлсем де мен, күрсінсем де, — Бар өмір бағыштаулы бастан саған.
Мен сенің аласа емес, биігіңмін, Саясыз тұлдыр болсам, — күйігіңмін. Бағзыда бас білмесем, кешір, елім,
Құлыңмын, құлыныңмын, құйыныңмын.
Бұл сөздер менің де жан-жүрегімді жарып шыққандай. «Бағзыда бас білмесем, кешір, елім» дегенін де қайталай айта аламын. Халқым- ның кеңдігін білемін. 
Туған халқымды, сүйікті Қазақстанымды биіктерге бастаған жол- дың жетекшілігіне жарағаныма кәміл сенемін. Осынша жылдар ішінде менің президенттігім арқылы әлемнің талай елінде қазақтар, Қа- зақстан туралы жақсы пікір қалыптасқанын да сеземін.
Халықтың негізгі бөлігі менің осы елдің еңсесін көтеру үшін күн демей, түн демей еңбек еткенімді, сол еңбектен нақты нәтиже шыққа- нын жақсы білетініне күмәнсізбін.
Елдегі жаңғырудың ауқымы алып. Біз де, біздің балаларымыз да оған толық әрі әділ баға бере алмайды. Атқарылған жұмыстың шын мәнісін тек уақыт қана, тек тарих қана айқындайды. Таулар алыстаған сайын асқақтайды. Қай кезде де осындай болған.

Әрине, сын да айтылып жатады. Әртүрлісі бар. Әділ сын да, әділет- сіз сын да. Мұндайда философтың «Әділетсіз сын — бүркемеленген мақтау» деген сөзіне құлақ түрген жөн.
Қазақстан Республикасы Президентінің өз қызметіне кірісуіне орай 2022 жылғы 26 қарашада өткізілген салтанатты ұлықтау рәсімі басталардың алдында Тәуелсіздік сарайының залына кіріп келген кезімде жұртшылықтың тік тұрып, орныма барып отырғанша қол соққанын көру мен үшін бөлекше толқынысты сәт болды. Дана халқымыздың осы жылдар ішінде, тәуелсіздіктің тар жол, тайғақ кешуінде жұртқа жасалған жақсылықтың бағасын білетініне, ұзақ жылдарғы жұмыста, қилы-қилы қиындықтар тұсында жіберген кемшіліктеріңе, тіпті жасаған қателіктеріңе кеңдікпен қарайтыны- на тағы да көз жеткізе түстім сонда. Ел басқарған адамның бақыты дегеніміз де осы шығар, тегінде.
Қазақ елі өз тарихының ең бір жарқын жылдарына тәуелсіздік тұсында жетті. Асығып жүріп, аптығып жүріп, асылық айтып жүріп, арандап қалмауды, басымыздағы бақтан айырылып қалмауды ой- лауымыз керек.
Бақыт бағалай білгеннің ғана басында тұрады.
Менің маңдайыма өтпелі кезеңде көшбасшы болу сынағы бұйыр- ды. Біз соқпақсыз жолмен жүрдік. Соқтықпалы жол сүріндірді де. Бірақ біз құлаған жоқпыз. Бойымызды тіктеп, ойымызды тіктеп, тек алға ұмтылумен болдық. Қарқынымызға біреулердің көңілі толды, біреулердің көңілі толмады. Жұртқа жаппай жағу мүмкін емес. Конфуций дұрыс айтқан: «Әміршіні жақсы адамдар жақсы көріп, жаман адамдар жек көрсе, дұрыс болады».
Мен жан-тәнімді салып, халқым үшін қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Ел тұрғызылды, шекара белгіленді, экономика құрылды, Қазақстанды әлемде құрмет тұтады. Болашақ ұрпақтарға тек бұған дейін жасалғанды жалғастыру, күшейту, нығайту қалды. Келешек- тегілерге жеңіл түседі.
Ақ Жайық бойындағы Аманғали деген ағамыз айтып кетіпті ғой:
Жігітке қиын екен жұртқа жақпақ, Көңілін бай-кедейдің бірдей таппақ. Қақ жарып қара қылды жүрсең-дағы, Кетеді біреу мақтап, біреу даттап, — деп. Оның үстіне сан түрлі себептерге байланысты дәйім қара қылды қақ жару да қиын.
Елдің ең жоғарғы қызметінде, әсіресе жаңа мемлекет, жаңа экономика құрылып жатқанда ұзақ болудың көп жылдар бойы жинақталған тәжірибені кеңінен пайдалану, ойға алған бағдарламаларды нақты жүзеге асыру жағынан өзіндік артықшылықтары бары талассыз. Бұл әсіресе, жаңа мемлекет, жаңа экономика құрылып жатқан кезде ерекше маңызды. Оны жоққа шығару жөнсіз. Әлемде билік басында ұзақ болуы жұмысының жемістілігіне зиянын тигізбеген басшылар баршылық. Франклин Делано Рузвельтті нағыз демократияшыл саналатын америкалықтар қатарынан төрт рет президент етіп сайлады. Ел одан ұтылған жоқ, қайта ұтты: АҚШ отызыншы жылдардағы «ұлы күйзелістен» шықты, экономиканы қарқындатты, Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіске ерекше үлес қосты, соғыстан кейінгі әлемнің бет-бейнесін айқындаған елге айналды. Махатхир Мохамад 1981–2003 жылдарда Малайзия үкіметін басқарды, елді барынша өркендетті, 2018 жылы, жасы тоқсанның үшеуіне келгенде Премьер-министр қызметіне қайтадан кірісті. Ли Куан Ю Сингапурды 31 жыл басқар- ды, оны дамыған мемлекетке айналдырды. Бірақ бұл мысалдар — ерекше жағдайлар. Негізінде, қай қызметте де тым ұзақ отырудың аяғы жағдайға бойың үйренуге, айналаңдағы адамдардың өз ойын ашық айтпауына, өз жұмысыңа дәйім сын көзімен қараудан қала бастауыңа соқтыратынын да мойындауға тура келетін шығар, тегінде. Сондықтан басшылардың билік басында болу уақытын шектеу мен олардың алмасымдылығы — дұрыс ұстаным. 2022 жылғы 5 маусымда өткен референдумда халық мұны қолдады.
Халық кешпейтін бір-ақ нәрсе бар: елдің қолына зарықтырып барып қонған бақыт құсынан — азаттықтан айрылуды кешпейді. Осыны ұмытпасақ екен. Тәуелсіздікті алудан да сақтау қиын. Оны сақтау үшін, болашаққа лайықты алып баратындай етіп баптау үшін жыл сайын, ай сайын, күн сайын күресу керек. Сонда ғана біз ата-баба аманатын ақ-адал ақтай аламыз.

 Референдум қарсаңында белгілі саясаттанушы Данияр Әшімбаев маған хабарласып, сол жаңалықтарға қалай қарайтынымды сұра- ды. «Мен елдің Негізгі заңы қатып-семіп қалған құқықтық реликт емес, Қазақстан қоғамының өмірін, ондағы өзгерістерді бейнелейтін жанды механизм екенін дәйім қадап көрсететінмін. Өзгерістер бұрын да енгізілген. Тұтастай алғанда, мен, егер бұл уақыттың көкейкесті талабы болса, ілгерілеуге, қоғамның демократиялық тұрғыдан да- муына септесетін болса, әр буын Негізгі Заңға өзгерістер енгізуге құқылы деп санаймын. Мені де, барша жұрт сияқты, орын алып жатқан жайлар мемлекеттің және біздің халқымыздың мүддесіне сай келетіндей шыққаны толғандырады» деп жауап қайтардым.
Біз өз тәуелсіздігімізді нығайттық. Біз барлық көршілерімізбен шекараларымызды айқындап алдық, содан да бізге қазір қандай да бір аумақтық кінәрат-талап қойылуы атымен мүмкін емес. Тәуелсіз ел болу үшін мемлекетке әлем мойындаған шекара, дербес қуатты әскер, ұлттық валюта, халықаралық тұрғыдан мойындалу қажет. Бізде осылардың ешқайсысы жоқ еді. Мұның бәріне мен президент- тік еткен жылдарда және менің басшылығыммен қол жеткізілді. Ел тыныштықта өмір сүрді, экономика өсіп жатты.
Айтпаса сөздің атасы өледі дейді біздің қазақ.
Бұл мемуар кітабында бір адамның, яғни автордың ғұмырбаянымен шектелмей, мемлекет тарихын да әңгімелеуді, өз өмірімнің, өз елімнің шежіресінің бері қойғанда елу жылдық белесін қамтуды мақсат тұттым.

Естелік кітабында басымнан кешкен маңызды жайдың бәрі қамтылды ма? Бұған бәрі дерлік қамтылды деп жауап берген дұрыс шығар. Жадымның о бастан мықтылығына, кейінгі жиырма шақты жылда мәнді деген жайларды, олар туралы ойларды қағазға түртіп отырған ұқыптылығыма, маған мемуарға қажетті деректерді жинастыруға көмектескен, қолжазбаның үстінен мұқият қарап, әдеби сипатын жетілдірген, талай тұста пікір айтып, ойыма ой қосып отырған көмек- шілерімнің жауаптылығына сенгеннің өзінде, кітапты дайындау барысында назардан тыс қалып кеткен, еске алуға әбден лайықты оқиғалар болуы да мүмкін. Мемуарда авторлық субъективизм қа- лайда із қалдырмай тұрмайтыны тағы бар. Бірақ өмір жолымда жамандықтан жақсылықтың көп болғаны, анағұрлым көп болғаны даусыз. Сол үшін де мен өз өміріме ризамын.
Ауылда, қарапайым шаруа отбасында дүниеге келіп, ауыр жұмыс істеп, еңбекпен шыңдалып, сәтін салған тұста қызметке араласып, бір биіктен бір биікке бірте-бірте көтеріліп, дәйім өзімді-өзім қамшылап, намысымды жанып, осы табыстарға жеттім. Қазақ елінің тұңғыш Президенті болу бақыты менің маңдайыма бұйырды. Кеңес Одағы кезінде республиканы басқарғанымды қосқанда ел тізгінін отыз жыл бойы ұстадым. Жаратқанға тәубе деймін.
«Мен Малайзия халқына шын жүректен разымын, халықтың қолдауымен 22 жыл бойы сүйікті елімді алға бастаумен болдым. Қолымнан келгеннің бәрін де істедім, өз жұмысыма өзім баға беріп жатпаймын. Бағаны менің замандастарым мен келер ұрпақ берсін» — өзім ерекше құрметтейтін Махатхир Мохамадтың осы сөздері менің де ойымды жеткізе алады.
Президенттік қызметке кіріскен беттегі басты мақсатым тығырыққа тірелген елдің еңсесін түсірмей, тар жол, тайғақ кешуден алып өту еді. Бұл орайда бізге жолбасшы болар жалғыз нәрсе халық қамын күйттеуді мақсат етер саясат ұстану деп білдік. Солай ете алдық та. Тарихты түзуге тікелей қатысушылардың жұртқа жаға беруі қиын. Жалпы, адамға өзі үшін тосын нәрсені жасатудың өзі оңай емес қой. Өзіне салса, адам үйренген жолымен жүре беруге бейім. Жаңа жолға адымын аңдап басады. Қайда барарын, алдынан не күтіп тұрғанын білмейді. Қазақстан халқы маған сеніп, біз ұсынған бағытқа түсті. Ол үшін елге алғысым шексіз.
Ақсақалдық шаққа, қарттық белесіне жеттім. Өткенімді көңіл көзімен шолып қарасам, өмірімнің алуан қырлы әрі мағыналы болға- нына сенімім арта түседі. Осындайда менің есіме Артур Шопенгауэрдің «Қарттық келген кезде өзіңнің жас шағыңдағы қуатыңның бәрін ескірмейтін, қартаюды білмейтін игі істерге жұмсағаныңды сезінуден артық жұбаныш болмақ емес» деген ойы оралады. Міне, сондықтан да мен елдегі билік транзитін эволюциялық жолмен өткізу жөнінде шешім қабылдадым.
Бір жолы ҚХР Төрағасы Цзян Цзэминь өзіне Дэн Сяопин: «Біз елдің келесі басшысы кім болатынын анықтауға тиіспіз. Ақылдасайық» де- генін айтқаны бар. Сөйтіп, олар кездеседі де, пікір алмасады — ойлары Ху Цзиньтаоға тоқтайды, ол Цзян Цзэминьнен кейін Төраға болады. Ал мен елдің басшысы жөнінде ешкіммен ақылдасқан жоқпын. Бәрінен де лайықтысы Қ. Тоқаев болады деген ойға тек жеке өзім келдім. Менің айналамда өзін осы қызметке лайықты санаған адамдар да бар еді. Қазақстан — Еуразия материгінің дәл ортасында орналасқан мем- лекет. Керей мен Жәнібек бастаған хандық құрылғалы бері ел талай күрделі кезеңді бастан кешті. Жоңғарлармен жағаластық, оңтүстік- тегі көршілерімізбен жұлқыстық, бізді Ресей империясы отарлап алды. Мұның бәрі белгілі. Енді бүгін мен халқымды, елімді қандай болашақ күтіп тұр деп толғанамын. Біз үшін Ресей мемлекетінің және Қытайдың саясаты, олармен қарым-қатынасымыз аса маңызды. Шекаралар белгіленген, қос көршімізбен де жақсы, сенімді қарым-қатынас қалыптасқан. Осы қарым-қатынасты нығайту мен дамытуға өте бір мұқият қарау керек. Біз ол елдерде келешекте қандай жағдай болатынын және болашақ ұрпақтар сан түрлі жағдаятта не істейтінін білмейміз. Біз үшін бауырлас түркітілдес мемлекеттермен байланыс- тар да маңызды. Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан, Түрікменстан, Қырғызстан, сондай-ақ араб мемлекеттері, басқа да елдер — бізді қолдайтын іргелі сауда және саяси әріптестер. Біз үшін АҚШ-пен және Еуропамен қарым-қатынас та өте маңызды.
Біз бір болғанда әрдайым жеңіске жетіп отырдық. Ішкі тұтастық пен отаншылдық ішкі саясатта басты орынға ие болуы тиіс. Бізге өсу мен даму үшін уақыт керек, яғни тыныш уақыт керек. Менің ойымша, сол кезде еліміз қуаттана түседі, әлемде достарын көбейтеді, сөйтіп өркендеу үшін, әлемнің дамыған елдерінің қатарына қосылу үшін қажетті жағдай жасалады.
Мен дәл солай боларына сенемін!
Осы жылдар ішінде ең басты жетістігіміздің қатарында бәрінен бұрын елдің бірлігін сақтай алғанымызды айтқым келеді. Менің келер ұрпаққа қалдырар айрықша аманатым — ел бірлігін көздің қарашығындай сақтау. Отанымыздың бақытты болашағы біздің бірлігімізде.

Ел бірлігі — ерекше байлық. Бірлікті сұрап та ала алмайсың, сатып та ала алмайсың. Бірлікті елдің басын құрап қана ала аласың, сол жолда қиындықтың дәмін татып қана ала аласың.
Ел бірлігінің бастауы — қазақтың бірлігі. Қазақтың бүкіл тарихы — бірігу тарихы, тұтастану тарихы. Қазақ — тек бірігу, бірлесу жолында келе жатқан халық. Ата-бабаларымыз бізге бірліктің, ынтымақтың, тұтастықтың ұлы үлгісін көрсетіп кетті. Арғы-бергі тарихымыздың ең ғибратты тағылымы, міне, осында.
«Жүзге бөлгеннің жүзі күйсін» деген біздің бабаларымыз. Руды білу бір басқа, руға бөлу бір басқа. Атадан қалғанның бәрі алтын емес. Ол заман өтті. Жаңа заман жетті. Дауы таусылмайтын елдің жауы да таусылмайды. Бақ та, тақ та таласқанға бұйырмайды, халықтық істе жарасқанға бұйырады.
Бірлігі жақсының тірлігі тапшы болмайды. Қазақтың бәрі бір-бірі- не ағайын, қазақстандықтардың бәрі бір-біріне туысқан.
Лайым, бірлігімізден айырмасын!
Менің бар тілегім, зар тілегім осы, ардақты халқым.
Сонымен, мемуар кітабын түйіндейтін кез де келді. Атқарылған істің, қабылданған шешімнің, барған сапардың бәрін бірдей баяндай беру мүмкін де емес, қажет те емес.
Отставкаға шыққалы бері талай күндерде өзегімнен өткізген, талай түндерде ұйқымнан айырған кітап оқырманға сапар тартып барады. Жолы болсын деймін.
Кітаптың жазылуы оңайға түскен жоқ. Балалық шағыңнан бүгінгі күніңе дейінгі өмір жолыңды ойша шолып өту бір басқа да, соның бәрін ақ қағазға түсіріп шығу бір басқа. Бұл жұмыс бас-аяғы үш жылдан астам уақытты алды.
Кітапты түйіндер тұста мынаны айтқым келеді.
Біздің буынның маңдайына ұлы міндет жүктелді. Ол міндет — тәуелсіз мемлекет құру. Біз бұл міндеттің үдесінен шықтық.
Біз тәуелсіз, дербес, еркін, егемен ел құра алдық.
Біз мына аумалы-төкпелі дүниенің аласапыранында ауытқымай тұра алдық. Ата-бабаларымыз аманатқа қалдырған туған жерімізді, көлемі жағынан мына алып әлемдегі тоғызыншы территорияны жаңа мемлекеттің тұтас аумағы етіп сақтай алдық.
Басқаға жалтақтайтын күннен кеттік.
Бар байлығымызды өзімізге бұйыратын еттік. Қоғамның саяси тұрақтылығы мен бірлігіне жеттік. Қысқасы, ел болудың ең ауыр белесінен өттік.
Ел қатарлы өмір сүріп жатырмыз. Болашағымыз — баянды. Ұзын тарих бүгінгі буынның ұлы ісіне байыпты бағасын береді әлі.
Қазақстан жаңа дәуірдің қатал сынағынан сүрінбей өтетініне сенімдімін.
Қолымыздан келгеннің бәрін жасадық. Бұл арадағы мәселе сая- саттың мүмкін болатынды ғана мүмкін ету өнері екенінде емес. Бі- раз нәрсе жағдай бола тұра жасалмай қалды. Оның объективті де, субъективті де себептері бар. Бұл — өмір. Дегенмен, Қазақстан қазіргі қалпында да тәуелсіз мемлекет ретінде берік орныққан, саясаты салиқалы, экономикасы қуатты ел. Ертеңі еңселі ел. Мен мұны осы кітабым арқылы дәлелдеп шыға алдым деп ойлаймын.
Келер ұрпақтар елдіктің ісін біз жасағаннан да жақсырақ етіп жа- саса деп тілеймін. Ол үшін бұған дейін атқарылған шаруаны лайықты жалғастыра отырып, жаңа заманға, жаңа талаптарға сай жаңаша жұмыс істеуге тура келеді.
Солай боларына сенемін.
Менің бұл сенімім еркін елімнің барлығына, байтақ жерімнің байлығына сенуден туған.

Менің бұл сенімім туған халқымның даналығына сенуден туған. Лайым, сенімнен айырмасын.
Кітапты 2019 жылғы 18 наурыздан, Астанада салынатын жаңа мешіттің іргетасын қалауды әңгімелеуден бастаған болатынмын. Мен мемлекет тізгінін беруге бел байлағаным жөніндегі түпкілікті шешімімді Қасым-Жомарт Тоқаевқа сол күні айтқан едім.
Кезінде Тәуелсіздіктің 30 жылдығына қарай елорда тарихында ерекше қалатындай жаңа мешіттің құрылысын бастау жөнінде шешім қабылдағанбыз. Сонда бір мезгілде 30 мың жамағат құлшылық ете алатын, мұнараларының биіктігі 130 метр, негізгі күмбезінің биіктігі әлемдегі көптеген ірі мешіттердің күмбезінің биіктігінен асып түсетін, көлемі 57 мың шаршы метр ол мешіт Орталық Азияда теңдесі жоқ ғимарат болады, оны тұрғызуға бюджеттен ешқандай қаржы шықпай- ды, шығынның бәрін қазақстандық қалталы азаматтар, менің Қорым мен шетелдік демеушілер көтереді деп ойластырғанбыз.
Астананың көзге түсерлік нысандарының бәрін де тікелей өзім назарда ұстаған едім. Бұл керемет мешіт — менің сүйікті қалама жасаған соңғы сыйлығым.
Шүкір, жобамыз о баста ойластырғанымыздай шықты. Қалаға әуежай жақ беттен келе жатқанда асқақтап көрінетін, ғажап ғима- рат болса екен дегенбіз. Әлемдегі ең үлкен бес мешіттің қатарына қосылатын аппақ алып ғимараттың жалпы көлемі әу бастағыдан асып та кетті — 68 мың шаршы метрге жетті. Оны жобалауға және ойдағыдай жүзеге асыруға түрлі елдердің майталман мамандары мен саңлақ сәулетшілері атсалысты. Осы сауапты іске қатысқан азамат- тардың бәріне, сондай-ақ оны салып шыққан «Sembol Construction» компаниясына, оның мамандарына зор ризашылығымды білдіремін. Өмірім туралы толғаныстарымды да сөз басында айтқан сол мешітке байланыстырып аяқтайын.
Болашақ мешіттің іргетасын қалаған күннің ертеңінде мен прези- денттік қызметімді доғардым. Дәл сол тұста осы кітапты жазу туралы ой келді де, біраз уақыттан кейін жұмысқа кірістім. Енді, міне, кітапты мешіт құрылысы толық біткен кезде аяқтап отырмын. Тағдырыма тәубе айтамын, мұның өзі маған жақсы бір ырым болып көрінеді.
2022 жылдың 16 желтоқсанында — Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнінде мешітке бардым. Жұма намазы еді. Мешіттің кең залы толған адам. Мінәжатқа келгендердің бәрі орындарынан тұрып, мені шынайы көңілмен қарсы алды. Сол сәттегі кеудемді кернеген алғыс сезімін айтпай тұра алмаймын. Шынында да, халықтан өткен дана жоқ, халықты алдай алмайсың.
Елімнің өмірі, өзімнің өмірім туралы жазылған, жан-жүрегімді жарып шыққан кітабымды Бас мешітті ашарда айтылған тілегімнің түйінімен бітіргім келеді:
Қазақстан — бейбітшілік пен жасампаздық мекені. Тәуелсіздігімізді тұғырлы, елдігімізді ғұмырлы қылғай! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.

Осындай тілекті қасиетті Қағбаға кіргенде де айтқан едім. Қабыл еткей!
Әумин!

Пікір қалдыру үшін сізге логин қажет немесе өтіңіз
Синопсис
1/9

Листайте главы с удобством

Можете переключаться между главами книги в любое время. Насладитесь плавным переходом к интересующим вас частям текста!
Далее Завершить обучение
2/9

Настройте шрифт под себя

Изменяйте размер шрифта, чтобы чтение было комфортным для ваших глаз. Настройте отображение текста так, как вам удобно.
Далее Завершить обучение
3/9

Читайте синопсис

Не знаете, с чего начать? Ознакомьтесь с кратким содержанием книги, чтобы быстро понять основные идеи.
Далее Завершить обучение
4/9

Исследуйте содержание книги

Посмотрите все главы и подглавы в удобном навигационном меню. Найдите интересующие вас разделы одним кликом.
Далее Завершить обучение
5/9

Сохраняйте закладки

Добавляйте закладки, чтобы не потерять важные моменты. Вернитесь к нужному месту в книге в любой момент.
Далее Завершить обучение
6/9

Открывайте мини-справочник

Кликайте на «Мини-справочник» для доступа к дополнительной информации. Нажмите на текст, и модальное окно откроет полезные материалы.
Далее Завершить обучение
7/9

Просматривайте таймлайн событий

Интерактивный таймлайн поможет вам увидеть ключевые события книги. Кликните, чтобы открыть окно с подробной информацией.
Далее Завершить обучение
8/9

Наслаждайтесь цитатами

Ищите вдохновение? В разделе цитат собраны самые яркие мысли и высказывания.
Далее Завершить обучение
9/9

Делайте записи в блокноте

Зарегистрируйтесь и получите доступ к личному блокноту. Записывайте свои идеи, заметки и важные мысли прямо во время чтения
Завершить обучение
AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу