Тарих жолы қай заманда да тайғақ.
Бұл айтылғанның дәлелі — 2022 жылғы қаңтар оқиғасы. Ол оқиға тәуелсіздіктің отыз жылдық тарихында ел басына түскен ең ауыр сынақ болды.
Қаңтарда ұйымдасқан экстремистік топтар елімізде жаппай тәртіпсіздік орнатып, террорлық шабуыл жасады. Соның салда- рынан бейбіт тұрғындар зардап шекті. Лаңкестер елдігіміз бен еге- мендігімізге, тыныштығымыз бен тұтастығымызға қауіп төндіріп, жұрттың берекесін қашырды. Сұйытылған газ бағасының оқыс кө- терілуіне байланысты туындаған жұртшылық наразылығын бетке тұтып алып, жаппай бағынбаушылыққа шақырды. Экстремистер тәртіпсіздіктер ұйымдастырды, өрт қойды, вандализмге жол берді, бірқатар облыс орталықтарында әкімшілік ғимараттарын, Алматы әуежайын, қару сататын дүкендерді басып алды, қалыпты тіршілік ету нысандарына шабуыл жасады, қала тұрғындарын, құқық қорғау органдары қызметкерлерін ұрып-соқты, сабады. Мысалы, Алматыда жүгенсіз кеткен тобыр Президент Резиденциясын, қалалық әкімдік ғимаратын өртеп жіберді. Полицейлер, әскери қызметшілер, бейбіт тұрғындар өлді.
Қай кезде де халықтың бір бөлігінің наразылығын тудыратын себептер болып тұрады. Қиындықсыз өмір жоқ. Әйтсе де, кейінгі жылдарда өзгермелі өмірдің өзінен табиғи түрде өрбіп жататын проблемаларды жаһандық сипаттағы түйткілдер де толықтыруға айналды. Мысалы, әлемдік конъюнктура, соның ішінде шикізат баға- сының құбылуы Қазақстан сияқты дүниежүзілік ықпалдастыққа етене енген елдің экономикасына елеулі әсер етеді, осыдан барып мемлекеттің экспорттық табысы төмендейді, бюджетке түсім азаяды. Бұған соңғы кезеңдегі санкциялар соғысының жанама ықпалы да қо- сылатын болып алды. Мұның сыртында жаһандану желі жеделдетіп жіберген жаңа сын-қатерлер де шығып жатыр.
Бүкіл әлемді шарпып, адамзаттың өмір салтын өзгертіп жіберген коронавирус пандемиясы Қазақстанға да қатты әсер етті. Қалалардың қызу тіршілігін тоқтатып тастағандай күйге түсірген локдаундар, қайта-қайта жарияланған карантиндер, жұмыстың негізгі бөлігінің он- лайн пішімге ауысуы, мектептегі балалардың айлар бойы мұғалімнің бетін көрмей, компьютердің немесе смартфонның экраны арқылы са- бақ оқуы, ағайын-туған, дос-жаранның алыс-берістен, барыс-келістен қалуы, қайда да жүзіңді тұмшалап, бетперде киіп жүру керектігі жұрттың зықысын шығарды, жүйкесін жұқартты.
Бір емес, екі емес, үш дүркін келіп соққан девальвация ұлттық ва- люта — теңгенің құнын қатты түсіргені, соған байланысты ең қажетті тауарлардың, бәрінен бұрын — азық-түліктің қымбаттауы халықтың әл-ауқатын едәуір төмендетіп тастағаны рас.
Үкіметтің жұмысы да мандымады. Әлеуметтік инфрақұрылым және денсаулық, білім саласын дамыту үшін мемлекеттік бағдарла- малар қабылданғанымен, жүйелі іс атқарылмады. Тұрғындардың нақты табысы өспеді. Отбасылардың бюджетінде азық-түлікке деген шығын көлемі арта түсті. Атқарушы органдардың салғырттығынан тұрмыс күйі әлжуаз тұрғындардың бір бөлігі атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылмай қалды. Елеулі кемшіліктерге байланысты алдымен Бақытжан Сағынтаев үкіметі, кейіннен Асқар Мамин үкіметі отставкаға жіберілді.
Осының бәрі ел арасында мемлекет саясатына көңілі толмайтын топтардың қатарын қалыңдата түскені сөзсіз. Жалпы, ондай топтар қай кезде де болады, болуы заңды да. Олардың сайлауларда дауыс беруі де көбіне-көп нақты кандидатқа байланысты емес, сол тұста қалыптасқан саяси ахуалға орайлас айқындалады. Мысалы, 2019 жылғы кезектен тыс президенттік сайлауда Қасым-Жомарт Тоқаев дауыстың 70 пайыздан астамын алды. Негізгі қарсыласы Әміржан Қосанов дауыстың 16 пайызын алды. Бұл да үлкен көрсеткіш, яғни оның кандидатурасын бір жарым миллион адам жақтаған. Ол жайында өзінің: «Тоқаевтың жеңісін мойындадым. Осы кезге дейін қасымнан та- былған әріптестеріммен ақылдастым. Мемлекеттің ресурсын ескеріп, өзіміздің қазіргі мүмкіндігімізді бағамдай отырып мойындадым», деп айтқаны да бар екен. Оған дейін оппозиция өкілі президенттік сайлауларда мұндай көп дауыс алып көрмеген болатын. Шынын айтқанда, 1999 жылғы президенттік сайлаудағы Серікболсын Әбділ- диннен кейін басқа кәдімгідей тіреске түсетін кандидат та шыққан жоқ. Олардың кейбірі тіпті «Менің мақсатым жеңу емес, өзімнің ойларымды жұртшылыққа жеткізу» деп те сұхбат беріп жүретін.
Жаңағы бір жарым миллион адам өздерінің кандидаты мемлекетті Қ. К. Тоқаевтан артық басқара алады деп бірауыздан, берік сенген жоқ, әрине.
Қаңтар оқиғасының басты себебі — билік үшін күрес. Экономикалық қиындықтардың өзі сол күресті бастауға ілік ретінде пайдаланылды.
2019 жылы мен өз еркіммен президенттік қызметтен
бас тартып, мемлекет басқару тізгінін Конституция талабына сәйкес Сенат Төрағасына берген кезімде бұл шешіміме көптеген адамдардың наразы болғанын анық білемін. Олардың біразы Қ. К. Тоқаевтың өмір бойы дипломатия саласында жұмыс істегенін, нақты экономикамен премьер-министрдің орынбасары, Үкімет басшысы қызметтеріндегі бас-аяғы үш жылдың ішінде ғана тікелей айналысқанын ойлап, ел өмірінің барлық мәселелеріне жауап беруі тиіс президенттік жүкті арқалай ала ма деп іштей қауіптенгендер.
Менің ізбасар ретіндегі жасаған таңдауыма наразылық (іштей, әри- не) білдіргендердің кейбірі — президенттіктен дәме еткендер. Олар алдымен маған қарсылық білдіре алмады. Одан кейін президенттік сайлаудағы халық шешіміне қарсылық білдіре алмады.
Президенттер ауысқан кезде қашанда босаған орынға отыра қа- луға әрекет жасалады. Әрине, адамдар менің жасым ұлғайып келе жатқанын, кетуді ойлайтынымды біліп жүрді. Бірақ оның қашан болатынын білмеді. Оның үстіне бұның тез болғаны сондай, «үміт- керлер» көзін ашқанша іс бітіп те қалды. Солай деп ойлаймын. Бірақ бұл менің жеке ойым.
2019 жылғы 9 маусымда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Респуб- ликасының Президенті болып сайланды.
Енді не істеу керек? Амал жоқ, 2024 жылғы сайлауды күтуге тура келді.
2021 жылдың аяғында, 23 қарашада «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің отырысында мен партия тізгінін ел Президенті Қасым- Жомарт Тоқаевқа тапсыратынымды айттым. Президентке наразы- лардың бас көтеруіне осы шешім түпкілікті қозғау салған сияқты. Неге десеңіз, билік партиясын басқаратын адамның сайлауда жеңіске жетуге мүмкіндігі молая түседі деп саналады. Енді қарсы күштер менің Тоқаевты 2024 жылғы сайлауда да қолдайтынымды көрді. Бұл Қасым-Жомарт Тоқаев 2029 жылға дейін Президент болады деген сөз. Яғни, үміт біржолата үзіледі деген сөз.
Мұның алдында мен Қазақстан халқы Ассамблеясының төраға- лығын Президентке беру жөнінде
шешім қабылдаған болатынмын. Партия тізгінін ұстатудан кейінгі ойластырылған қадам Қ. К. Тоқаевқа
Қауіпсіздік Кеңесінің төрағалығын беру еді. Ол қадамды мен жылдың басында жасамақшы едім. Оқиғалардың ой қисынының өзі осыған алып келе жатқан-ды. Өйткені, билік транзиті тым ұзара берсе, елде қос өкімет орнағандай әсер күшейе түсетіні анық еді. Бұлай дегенде менің билікті ізбасарыма жеке өзім және өз еркіммен бергенім әдейі ауызға алынбай кетеді. Халықтың толық қолдауына ие күйде (оны 2015 жылғы сайлау көрсетіп берді) Президент болып отыра беруге мүмкіндігім бар кезде биліктің бір бөлігі маған неменеге керек? Оның үстіне мен өзімнің өкілеттігімді екі жылдай уақытқа қысқарттым ғой. Бұл шешімді неге дәл сол кезде қабылдағаным — басқа мәселе.
«Президент біреу болуы керек, басқалар оған тіреу болуы керек» деп
Шерхан Мұртаза айтқан. Мен осы қағидатты ұстануға тырыстым. Әуелгі бетте, жаңа да жауапты жұмысқа бел шеше кірісіп, аса биік лауазымға табиғи кірігіп кеткенше, қажет кезінде, өзі хабарласқанда Қасым-Жомарт Кемелұлына кеңес беріп те жүрдім. Бұл жөнінде Президенттің өзі де айтқан. «Кейде мен мемлекеттік басқарудың бай тәжірибесіне ие адам ретінде ол кісіден кеңес сұрап тұрамын. Сондықтан қағидатты түрде қарағанда біздің арамызда тандем дейтін нәрсе жоқ. Ол кісінің өзі де бұл арада қосбилік жоқ, бізде тандем жоқ деп айтқан. Заңды түрде сайланған президент бар. Жақында, партия жетекшілерімен кездесуде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев баршаны жаңа президенттің төңірегіне топтасуға шақырды», деген. Бұдан артық не керек? Бәрі ап-айқын. Әйтсе де Президент аузына келгенді айтатындар мен «Қазақы дуумвират: алғашқы сызат» («Казахский дуумвират: первые трещины») деген сияқты мақалалар жариялауға дейін баратындардың ойдан шығарған долбарларына сабырмен және нақты жауап қайтарды.
Зейнетте жүргендіктен ол оқиғалардың бәрін сырттан бақылауыма, жан ауыртуыма тура келді. Бұл арада сол күндерде не болып, не қой- ғанына егжей-тегжейлі тоқталып жатқым жоқ. Жеткілікті айтылған. Парламент палаталарының бірлескен отырысында құқық қорғау органдарының жетекшілері тергеудің барысы және қорытындысы туралы толық мәлімет берді.
Радикалды оппозицияның шын бет-бейнесі қаңтар оқиғасы кезінде түпкілікті ашылды. Наразылық акциясы басталысымен-ақ Әбіләзов қарсылық білдіруге шыққан адамдарға ұран салып, «іс-әрекетті үй- лестіруге» шақырған. Facebook арқылы демонстранттарға жолдаған үндеуінде украиналық операторлардың кодын көрсетіпті. Әбіләзовтің бұл жөнінде алдын ала құрған штабы Киевте орналасқаны анықталды. Қантөгіске қатысы барын жасырмай айтады. Мақтаныш етіп айтады. Айызы қанып айтады. Адамдардың қасіретін саясаттағы жеңісіндей көріп сөйлейді. Неткен сұмдық.
Оппозицияның аты — оппозиция. Әсіресе,
бітіспес, радикалды оппозиция іс басындағы билікке қарсы шығуы тиіс. Бірақ ешқандай оппозицияның да наразылық білдіруге көшеге шыққан жұртты билікті күшпен басып алуға үндеуге, әкімдіктерге, полиция департаменттеріне, әскери бөлімшелерге, оқ-дәрі қоймаларына басып кіруге, ғимараттарға өрт қоюға, қаланы тонауға, телестудияны қиратуға, телемұнараны жаулауға шақыруға құқы жоқ. Мұның аты — бандитизм, терроризм. Терроризмді қолдау — қылмыс.
Мемлекетке қарсы жасалған, аса ауыр қылмыс. Өз елін — Отанын осылай сатуға, халықты осылай арандатуға Қазақстанның жаулары ғана барады.
Сатқындар қай кезде де болған. Әсіресе саған ұдайы жағымпазданып, сен үшін өмірін қиятындай ант-су ішіп, қатты жақындайтындар қауіпті. Тарихтан да, өзімнің өмірімнен де сатқындардың қалайда сатып кететінін білемін.
Өкінішке қарай, біздің интеллигенциямыздың кейбір өкілдері соларға ұқсас. Желбағарлар ғой. Жел қай жақтан соқса, сол жаққа танауын тоса қояды.
Сол сүргелең күндер мен дүрбелең түндердің бәріміз үшін де, осы елдің тәуелсіз мемлекет болып құрылуының бастауында тұрған, Қазақстанды отыз жыл басқарған мен үшін де салмағы ауыр сау- алға айналғаны анық. Елдігімізге сын болған қилы кезеңдегі Қасым- Жомарт Кемелұлының: «Мемлекет басшысы ретінде тағы да қайталап айтамын. Тұңғыш Президентіміз елімізді іргесі берік мемлекетке айналдыру үшін зор еңбек сіңірді» деген сөзін разылықпен келтіруді артық көрмей отырмын. Бұл сөз маған үлкен демеу болды.
Сол сын сағатта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше елдерге Қазақстандағы ахуалды тұрақтандыру жөнінде өтініш жасады.
Осылайша біздің еліміз өз тарихындағы аса бір ауыр сынақты бастан кешті.
2022 жылғы күздің аяғында журналистер менен мемлекетке сатқындық жасады, билікті күшпен басып алуға әрекет етті деп айыпталған
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы
Кәрім Мәсімовтің артында кім тұрған деп ойлайтынымды сұраған болатын. Былай деп жауап қайтардым: «Бұл сұрақ мені де қызықтырады, мен де тергеу мен соттың аяқталғанын күтіп жүрмін. Мұның қандай себебі болды және оның артында кім тұр? Жауабы өте қиын. Мәсімов менімен бірге көптеген жылдар бойы жұмыс істеді, бірақ қайдан білерсің? Иисус қасында отырған Иуданың кім екенін білді дейсіздер ме? Біз құдай емеспіз ғой. Сондықтан соттың аяқталуын күтейік, меніңше, сол кезде бәріміз де ақиқатқа көз жеткізетін боламыз».
Заң бұзған жазасыз кетпейтініне сенгендіктен айтқан едім мұны. Дәл солай болды да.
Іс ұзақ, тыңғылықты қаралды. Тергеуді айтпағанда, сот процесінің өзі жарты жылдан астам уақытқа созылды.
2023 жылғы 24 сәуірде Астана қаласының қылмыстық істер жөнін- дегі мамандандырылған ауданаралық соты Ұлттық қауіпсіздік коми- тетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовке және оның орынбасарла- ры Ә. Садықұловқа, Д. Ерғожинге, М. Осиповке қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды. К. Мәсімов пен Ә. Садықұлов мемлекетке опасыздық жасау, билікті күшпен басып алу, билік пен лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану, Д. Ерғожин билікті күшпен басып алу, билік пен лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану, М. Осипов билік пен лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану бойынша айыпты деп табылды.
Кәрім Мәсімов 18 жылға сотталды. Басқалар да тиісті жазасын алды. Тарауды түйіндейтін тұста қасіретті қаңтар оқиғасының бір жылдығына орай Мәжіліс 2023 жылғы 5 қаңтарда
өткізген парламент- тік тыңдау материалдарына жанымды ауырта отыра сілтеме жаса- мақпын. Телеэфирден тікелей көрсетілген, жұртшылықты жыл бойы толғандырып келген талай сауалға жауап берген ол отырыс шын мәнінде тарихи оқиғаға айналды. Мен Палата Төрағасы
Ерлан Қошановтың парламенттік тыңдауды қорытындылайтын тұста айтқан:
«Бүлікшілердің басты мақсаты — халықты үрейлендіріп, қоғамды аласапыран қылып, Президентті қызметінен кетуге мәжбүрлеу еді. Мен Мемлекет басшысының осындай қиын жағдайда мойнына ауыр жауапкершілік алып, батыл шешімдер қабылдағанына куә болдым. Ол туралы айтылып та, жазылып та жүр. Соның бәрі — шындық! Осындай сын сағатта Қасым-Жомарт Кемелұлы «Билік құламайды!» деген бір ауыз сөзімен халыққа рух беріп, үндеу жариялады. Мемле- кетті бұрын-соңды болмаған қиындықтан алып шықты», деген сөзіне толық қосыламын.
Мәжіліс депутаты
Сауытбек Абдрахмановтың «Қаңтар оқиғасы кезінде мемлекеттік төңкеріс әрекеті жасалды ма, жоқ па? Егер мем- лекеттік төңкеріс әрекеті жасалған болса, оның ұйымдастырушыла- ры кімдер?» деген нақты сұрағына Бас прокурор
Берік Асылов: «Біз басқарылатын хаос кезінде еліміздің жоғарғы басшылығын ауысты- руға бағытталған операция тыңғылықты жоспарланған деп айта аламыз. Шын мәнінде мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекет етілді» деп нақты жауап қайтарды.
Мемлекеттік төңкеріске дайындық 2021 жылдың өн бойында жүр- гізілгені анықталды. Бас прокурор депутаттар алдында сөйлеген сөзінде «2021 жыл бойы, жасырын түрде радикалды шара қолдану үшін орындаушыларды дайындау жүргізілгенін ғана айта аламын. Орындаушылардың қатарында ұйымдасқан қылмыстық топтар болған. Олар адамдарды жинап, қаруландырған, рация және көлік сатып алған. Тергеу анықтағандай, осы бүлдіргі әрекеттердің басында күш құрылымдарының жекелеген өкілдері тұрған» деп те айтты. Мұның даусыз дәлелі — 5 қаңтарда ҰҚК басшылығынан қағаз жүзінде түскен тапсырма бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қалалық, Алматы облыстық, Қызылорда облыстық департаменттері ғимараттарын жеке құрамның тастап шыққаны.
Тәубе, бұл сынақтан да өттік. Елдікке қатерді еңсерген және сағын сындырмаған халық — қуатты халық. Мұндай елдің ертеңі еңселі болмауы да мүмкін емес.