EPG

«Менің өмірім. Бодандықтан – бостандыққа»

Нұрсұлтан Назарбаевтың «Менің өмірім. Бодандықтан – бостандыққа» атты кітабы – қазақ халқының ғасырлар бойы тәуелсіздікке ұмтылған арманын жүзеге асырған қазіргі Қазақстанның негізін қалаушының естеліктері. Бұрынғы президент өзінің жастық шағын, Кеңес дәуіріндегі және егеменді Қазақстан кезеңіндегі саяси қызметін және биліктің мұрагеріне ауысуын еске алады. Ол жеке өзі қатысқан тарихи оқиғаларды егжей-тегжейлі баяндайды. Бұл мемлекеттің жойылуы мен құрылуы, көпұлтты елде тәуелсіз саясат жүргізу және оның бірлігін сақтау туралы шынайы әңгіме. Автор билікті кім және не үшін алатынын және миллиондаған адамдардың тағдыры үшін жауапты екенін түсіндіреді. Сонымен қатар, ол алғаш рет отбасылық өмірінің қыр-сырын ашық айтады.

Онлайн оқу

САЯСАТ СЫНАҒЫ

Оппозиция: ойын мен ойран

Алғашқы жылдарда жұрттың талайы өзіме қырын қарайтындай, тап бір маған оппозицияда жүргендей көрінетін кездер аз болмайтын. Жекешелендіру туралы, қаржы жүйесіндегі реформалар туралы, ауыл шаруашылығы туралы, жер қойнауы туралы заңдарды қым- қиғаш айтыс-тартыспен, зорға дегенде өткізгенбіз. Неге? Айналаңның өзі толық қолдай қоймайды. Асықпайық дейді. Абайлайық дейді. Нарыққа ауысамыз десең де, қарсылар шығады. Мұнай-газ нысан- дарын жекешелендіру керек десең де, қарсылар шығады. Басқаруға шетелдік компанияларды тарту керек десең де, қарсылар шығады. Оппозиция туралы тіпті айтар сөз жоқ. Оппозиция қалайда қарсы шығуы тиіс деп саналады. Үстел басына отырып, ал не айтасыздар, не ұсынасыздар десең, айтары шамалы, кейде тіпті кездесуге келе қоятын адамы да табылмайды. Бір жолы вице-премьер Мырзатай Жолдасбековке: «Әртүрлі топтардағы адамдарды шақырыңыз. Ашық сөйлесейік» дедім. Ол: «Біз сөйлесіп жүрміз ғой. Қайтесіз. Бетпе-бет келген соң артық-ауыс сөз айтылмай қалмайды» деп, қолдай қойма- ды. Бәрібір шақырттым. Жұрт пікірін еркін айтып үйренсін дедім. Расында да, бәтуалы сөз шықпады. Бір жігіттер тіпті «Орыстарды келген жағына қайтару керек» деген сияқты құлаққа кірмейтін әң- гімеге дейін айтты. Ауыл шаруашылығын жекешелендірсек, аштан өлеміз деді. Ал сонда қаражатты қайдан аламыз десең, жауап бере алмайды. Шама-шарқын әбден көрсетті. Шын мәнінде оппозиция ретінде қалыптаспағандықтан, соған сәйкес лайықты іс-әрекет жасай алмайтындықтан біздегі біраз партиялар бірнеше рет президенттік сайлауларға бойкот жариялаудан артық ештеңе таппады. Бұрынғы сенатор Ғани Қасымовтың былай айтқаны бар: «Олар президенттік сайлаудағы өз стратегиясын айқындау үшін партия съезін өткізді. Таңғы отырыстың аяғында «Азат» біріккен социал-демократиялық партиясы өз кандидаты ретінде Болат Әбілевті ұсынады деп бірауыз- дан шешім қабылдады. Одан кейін түскі үзіліске шықты, үзілістен кейін кенеттен сайлауға бойкот жариялау жөнінде ұйғарым жасалды. Тегінде, олар ең бір түсініксіз және ең бір жылдам «саяси теріс ай- налу» үшін Гиннестің рекордтар кітабына кіргілері келген сияқты». Былайша қарағанда, күліп қана қоятын жай сияқты. Олай емес.
Олай болмайтыны — өздері осылай оқыс бас тартады да, сайлаудан кейін «Оппозиция қатыспағандықтан бұл сайлаудың қорытындысын легитимді санаудың жөні жоқ» деп шыға келу үшін жасайды. «Оп- позиция қатыспады ғой, оппозиция қатысқанда сайлаудың нәтижесі қалай боларын кім білсін?» деген әңгімеге сөйтіп қол жеткізіледі. Бұл біреулерге жаны бар сөз секілді естіледі. Олардың ойлағандары да осы.
Сайлауларға лайықты қарсыластар қатыспаса, олардың нағыз тартыссыз өтетіні белгілі. 1999 жылғы сайлауға Серікболсын Әбділдин түскен еді. Сонда ол қарсы электоратты пайдалана біліп, 11 пайыз дауыс жинаған. Одан кейінгі сайлаулар, өкінішке қарай, елеулі қар- сылассыз өтті. 2011 жылғы президенттік сайлауда өз кандидатура- ларын ұсынғандар арасынан компартия өкілі экономика секторын қайтадан ұлт меншігіне айналдыру, байлықты түбегейлі түрде қай- тадан бөлуден басқа ешқандай жаңа идея айта алмады, жасылдар партиясының өкілі айналадағы ортаны қорғау, ауылды көркейту керек дегенмен ғана шектелді. Екеуінің де алған дауысы 1 пайыздың о жақ, бұ жағында болып шықты. Расында да, келмеске кеткен кешегі кезеңді көксейтін коммунистердің сөзіне ере қоятын адам аз бүгінде. Қарсыластар арасынан көбірек дауыс алған Ғани Қасымовтың парламенттің өкілеттілігін кеңейту, саяси партиялардың құқығын көбей- ту, сот реформасын жасау жөніндегі ойлары орынды еді. Олардың кейбірін мен кейіннен елді одан әрі дамыту бағдарламасын жасау барысында ескердім де.
Президент Әкімшілігінде елдегі барлық қоғамдық күштердің қызметіне қатысты зерделі талдау жасалып отырды. Оппозициялық партиялардың біз жете көңіл бөле қоймаған жайларға назар аударған сын пікірлері, үкімет жұмысына қатысты ескертпелері есте ұсталды. Мұның алдындағы, 2005 жылғы сайлауда менің негізгі қарсыласым Жармахан Тұяқбай 6,6 пайыз дауыс алған еді. Оның бағдарламасында сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі орынды ойлары болды. Бірақ президенттік сайлауда жеңіске жету үшін өмірге прокурордың көзімен ғана қарау жеткіліксіз екені белгілі.
Оппозицияның сайлаулардағы сәтсіздігі неден? Басты себебінің бірі — экономикалық тұғырының әлсіздігі. Осылай жасаса, өмірді өзгертуге болар еді дегізетіндей нақты ұсыныстар дайындай алмай- тыны. Ұсыныс дайындағанның өзінде де соны қалай орындау керек, оған қаражатты қайдан алу керек деген сұрақтарға жауап таппайты- ны. Аграрлық саланың іскер басшысы, «Зенченко и К» коммандиттік серіктестігінің бас директоры болған Геннадий Зенченконың былай дегені бар: «Оппозиция туралы айта кетейін. Бізде нағыз оппозиция жоқ. Оппозицияда болу — дамудың, ең алдымен экономикалық да- мудың қолданылып жүргеннен басқа, өзіндік бағдарламасын жасай алу деген сөз. Ондайдың ешқайсысын көріп-білген емеспін. Жоқ, негізінде оппозиция керек, тым құрығанда биліктегілерді өз бағы- тын тыңғылықты елеп-екшеуге, ал шенеуніктерді бойды босатпауға мәжбүр етіп, тітіркендіріп тұратын сыни күш ретінде де керек». Тағы бір себебі — оппозициялық партияларды, қозғалыстарды, бір- лестіктерді әдетте мемлекеттік қызметте жолы болмаған бұрынғы шенеуніктер басқаратыны. Атқа мініп жүргенінде ештеңе тындыра қоймағандардың қайтадан атқа мінгенде де жөнді шаруа жасай ал- майтынын жұрт жақсы біледі.
Бұрынғы социалистік елдерде де, көршілес Ресейде де мемлекеттің саяси өмірінде оппозиция елеулі рөл атқарады. Алайда Қазақстанда оппозиция көпке дейін елеулі саяси күш ретінде қалыптаса алмай келді. Билік басындағы «Нұр Отан» партиясын, сайлауда жеңген партия құратын үкіметті қаншама сынағанымен, олардың анау айт- қандай әлеуметтік, материалдық және басқадай арқауы жоқ, сон- дықтан да саяси шешімдер қабылдауға ықпал ете алмайды. Мұның бір себебі оппозициялық партиялардың жұмысы сайлау мен сайлау- дың арасында тыншып қалып, сайлау жақындағанда ғана жанталаса бастайтыны болса керек. Кейінгі кезде «Нұр Отан» бұл жағынан да жақсы үлгі көрсете білді. 2021 жылғы парламенттік сайлаудың қарсаңында партияның тізіміне енгізілетін кандидаттар праймериз арқылы іріктелді, саясаткерлер қатарына жастардың жаңа легі қосылды. Сонымен бірге, парламентті тым жасартып алмауды да ойлаған жөн. Бүкіл әлемде елге аты мәлім, өмірдің ащы-тұщысын көрген, мол тәжірибе жинаған, жасы егде адамдар да парламентте отырады. Мысалы, Ұлыбританияда парламентшілердің орта жасы — 70, Ресейде бұл көрсеткіш 59 жас. Қазақта «Алпысқа келгеннен ақыл сұра» деген де сөз бар ғой.
Қызмет берсең — разы, қызмет бермесең — наразы болу біздегі оппозицияның біраз өкіліне тән. Қазіргі біздің оппозициямыз деп жүргендердің арасында Т. Жөкеев, О. Жандосов сияқтылар бар. Олар- дың қолдарына кезінде лауазымды қызметтер сеніп тапсырылған, міндетін тиісінше атқара алмай, орындарынан босатылған. Бұған өздерінен басқа ешкім кінәлі емес. Алдымен өзін, өзінің мансабын ойлайтын ондай адамдардың экономикалық талдауларының тайыз- дығы да көзге ұрып тұрады.
Кейде қарсыласты қолдан жасап та жатамыз. Журналист Бигелді Ғабдуллин кезінде Қажыгелдиннің ақшасына ашылған «ХХІ век» газетінде еліміз туралы неше түрлі теріс ойлы мақалалар жазған, ақыр аяғында АҚШ-қа кетіп тынған еді. Арада жылдар өткенде, менің көмегіммен Отанына оралған соң ол былай деп сыр ақтарған: «1997 жылдың күзінде менің өмірімде түбегейлі өзгерістер бол- ды. Сол тұста мен 1993 жылы құрылған «Новое поколение» газетіне басшылыққа келдім. Сол кездегі баспасөз министрі Алтынбек Сәр- сенбаев мені өзіне шақырып, газетті басқа бір адамға беруді өтінді. Ол адам Рахат Әлиев болып шықты. Менің билік тарапынан қолдау табу әрекеттерім түкке аспай қалды. Кейін Президенттің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев кітабында билік оппозицияны өз қолымен жасады, егер Бигелді Ғабдуллиннен оның газетін тартып алмаса, ол қатал оппозицияның қатарына кете қоймас еді деп жазды.
Сөйтіп, мен Нұрсұлтан Назарбаевпен баррикаданың қарсы жағына шықтым».
Кейіннен Б. Ғабдуллин маған еліне оралуға көмектесуді сұрап, өтініш жазды. Оның өтінішіне түсіністікпен қарадым да, Отанына қайтуы үшін мүмкін болғанның бәрін істедім. Қазақстанға келген соң ол «Central Asia Monitor»/notice} газетін құрып, басшылық жасады. Негізінен объективті мақалалар жазуға тырысып жүрді.
Өз басым қазақстандық оппозицияны ешқашан билік үшін елеулі проблема санаған емеспін. Бір кезде
Шарль де Голльдің «Оппоненттерімді сыйлаймын, бірақ оларға төзіп тұра алмаймын» деп айтқаны бар екен. Астарланған сөз ғой. Әрине, демократиялық қоғамда оппозиция болуы керек, билік онымен ынтымақтаса іс-әрекет жасауы тиіс. Бірақ оппозицияның өзі де оппозиция бар дегізу үшін емес, сындарлы ой-пікір айту үшін, ортақ іске жанашырлық таныту үшін құрылуы керек қой.
Өмір оппозицияға көзқарасымызды да өзгертті. Бұрын сын айтса, шоршып түсетінбіз. Кеңестік дәуірде билік жүргізетін саяси режимге ашық оппозиция болуы мүмкін деген ойдың өзіне көне қоймайтынбыз. Бірте-бірте бұған сабырмен қарауға көштік. Оппози- ция дегеніміз не? Мемлекеттің жетекшісі өз халқының көпшілігінің көкейіндегісін тап басуға ұмтылуы тиіс. Жұрттың бәрі бірдей мен ұстанған бағытқа риза болмайтынын білетінмін. Өркениетті оппо- зиция болғанын, оның өз бағдарламасын әзірлеп, өзінің ұсыныстары біздің, яғни қазіргі биліктің ұсыныстарынан жақсы екенін дәлелдей білгенін мен де қалайтынмын. Сондықтан елдегі халықтың әртүрлі жіктері мен топтарының мүдделерін танытатын саяси партиялардың құрылуы — қалыпты құбылыс. Олар биліктің қадамдарын мұқият қадағалап отырады, қателіктеріне қоғамның назарын аударады, бейжай жүруге мүмкіндік бермейді. Шынтуайтына келгенде, мұндай адамдар кей-кейде кекірік атқан, кілең бір мақтау айтатын шенеу- ніктерден әлдеқайда пайдалы.

Демократиялық дамудан дәмесі бар кез келген саяси жүйеде оппозиция міндетті түрде болғаны жөн. Бар мәселе мынада ғана: ол қай тұрғыдағы оппозиция? Әрқилы саяси экстремистер, апақ-сапақта көзге түсіп қалу үшін елдегі ахуалды ушықтыра беруге құмар саясаткерлер қоғамдық тепе-теңдік үшін аса қауіпті. Оппозиция мен саяси радикализмнің ара-жігін ажыратып алу қажет.
Сыншылдық деген бар, міншілдік деген бар. Сыншылдық — сарапшылдық. Міншілдік — мін тергіштік. Тек мін көргіштік. Жақсыны көзге ілмеу, жамандаудан басқаны білмеу. Саяси тілде ондайды «фронда» дейді. Даукестікті «фрондерство» дейтіні содан. Көрмес түйені де көрместің кебін киіп, елде ештеңе жасалмай жатыр деп сөйлеп, бәрін жоққа шығара бергеннен кейін, әрине, ондай біржақтылық сенімсіздік туғы- зады. «Барды бар, жоқты жоқ деп айтса қайтеді?» дейтін сөз сондай- дан шығады. Кейбір оппозиционерлер өздері қандай саяси жүйе құруды қалайтынын дұрыстап түсіндіре алмайды. Бірдеңе ұсынса, олары нақты жағдайдан алыс, орындауға келмейтін орынсыз арман болып шығады. Өйткені істің тетігін таба алмайды.
Мен қолымнан келгенінше сындарлы ойға бейім оппозиционер- лерді қолдауға дайын болдым. Олардың арасынан билік құрылымдарына, президент аппаратына, үкіметке шақырғандарым да бар. Петр Своиктің парламенттегі шешен тілмен айтатын батыл пікірлеріне назар аударып жүретінмін. 1993 жылы оны Антимонополия ко- митетінің төрағасы қызметіне тағайындап, Үкімет құрамына енгіз- генімде премьер Сергей Терещенко наразылығын білдірген. Сонда оған «Үкіметте тынышыңды алып тұратын біреудің жүргенінен зиян жоқ» дегенмін.
Ондайлардың кейбіреулері әу баста қоғамға қиғаш ойлар айтып жүргендер саналғанымен, бара-бара өздерінің батыл идеяларымен, тосын ұсыныстарымен көзге түсіп, кейіннен мықты саясаткер ретінде қалыптасты. Әлі есімде, Қазақстан компартиясы Орталық Коми- тетінің идеологиялық жұмыс мәселелеріне арналған пленумында салаға жауапты хатшы Өзбекәлі Жәнібековтің баяндамасында Ақтөбе медицина институтының КОКП тарихы кафедрасының меңгерушісі Марат Оспанов пен Қарағанды мемлекеттік университетінің саясат тарихы кафедрасының меңгерушісі Ермұхамет Ертісбаев қайта құру саясатымен үйлеспейтін ой-пікірлерін жұртшылыққа таратады деп сынға алынған болатын. Сөйтсек, олар қайта құрудың сылдыр сөзге айналып бара жатқанын айтып, дұрыс сөйлеп жүрген екен. Көп ұзамай екеуі де өз өңірлерінде суырылып шығып, 1990 жылғы парламенттік сайлауда Жоғарғы Кеңеске депутаттыққа сайланды. Мемлекеттік қызметте де іскерлік танытты. Марат Оспанов Шетелдік капиталды пайдалану жөніндегі комитет төрағасы, Мәжілістің тұңғыш төраға- сы, Ермұхамет Ертісбаев Президент кеңесшісі, мәдениет және ақпа- рат министрі, Грузияда, Беларусьте елші болды. М. Оспанов пен Е. Ертісбаев Жоғарғы Кеңесте «Демократиялық Қазақстан» депутат- тық тобын құрды, топ белгілі бір дәрежеде сындарлы оппозиция міндетін атқарды.
1996 жылы бұрынғы социалистік партияның арқауында құрылған «Азамат» қозғалысы жөнінде де осыны айтар едім. Қозғалыстың
«Қазақстан экономикадағы дәйексіз, қарама-қайшы және біліксіз шешімдердің, саясаттағы тактикалық айла-амалдар мен номенкла- туралық ойындардың шумақ жібіне шырматылып қалды. Нақты ойластырылған стратегиялық мақсаттары және оларды жүзеге асы- рудың тетіктері жоқ экономикалық реформалар ақтап алғысыздай ұзаққа созылып кетті, жұртшылықтың ығырын шығарды, коммунис- тік кезді көксейтін көңіл күйге алып келді» дейтін мәлімдемесіне П. Своик, М. Әуезов, С. Дуванов, Е. Жовтис, С. Құттықадам, Н. Маса- нов, В. Сиврюкова, Л. Соломин, Р. Таукина, Н. Фокина қол қойған еді. Кейіннен оларға ғылым мен мәдениеттің бірқатар белді қайраткер- лері (барлығы 74 адам) қосылды. Олар «Азаматтың» бет-бағдарын сындарлы сипатқа ауыстыра білді. Әуелдегі мәлімдемеге «Біз Қа- зақстан Президентімен ынтымақтаса жұмыс істейміз, демократиялық, өркениетті қоғам құрудың барлық қағидатты мәселелері бойынша онымен сындарлы диалог жүргіземіз» деген сөйлем қосылуын талап етіп қана қойған жоқ, Әкімшілікпен, Үкіметпен іскерлік байланыс орната да алды.
Михаил Есенәлиев, Марат Шорманов, Сәбетқазы Ақатаев сияқты беделді тұлғалар басқарған «Азат» партиясы мені «Назарбаев Ресей- дің қанатының астында қалғысы келеді» деп сынайтын, Қазақстан халқының көпұлтты құрамын ескермейтін саяси қадамдар жасайтын. Партияның өз ішінде бөліну дәл осы мәселе бойынша басталды.
«Азаттың» үкіметті доғарысқа жіберуді талап етіп, аштық жариялаған көпкүндік қарсылық акциясынан ештеңе шыққан жоқ. Мұндай әсіре әрекеттермен келіспеген М. Есенәлиевтің өзі басшылықтан кетті. Оның орнына келген Жасарал Қуанышәлин «Назарбаевтың тым ресейшіл саясаты» дегенді қайтадан жалаулата бастады, түркітілдес мемлекет- тердің басын бір елге біріктіретін Түркістан конфедерациясы идеясын көтерумен болды. Этносаралық қатынастар мәселелері бойынша 1995 жылы Брюссельде өткізілген конференцияда Ж. Қуанышәлин Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан қазақ жауынгерлерін ресейлік колониализм мен тоталитаризмнің құрбандары деуден де тайынбады.
«Азаттың» жап-жақсы ниетті, дұп-дұрыс ойды қозғай тұра, нақты шешімге келгенде шектен шығып кететіні жиі кездесетін. Мысалы, олар Ресей-Қазақстан шекарасына күмән келтірген Александр Сол- женицынды кінәлап қана қоймай, жазушыны өлім жазасына кесуді де талап еткен еді…
Әуел баста желтоқсанда жапа шеккендерді ақтап алуға қол жеткізу мақсатымен құрылған «Желтоқсан» ұлттық-демократиялық партиясы (жетекшісі — Хасен Қожахметов) ұлттық сана-сезімді оятуға хал-қадерінше септесті.
Мен Коммунистік партияның қатарынан шығып, оның жетек- шілігінен бас тартқаннан кейінгі уақыт аралығы Президенттің өзіне қолдау білдіретін саяси күш қажет екенін көрсетіп берді. Бұған дейін мемлекет басшысы қандай да бір партиялардан, қозғалыстардан, бірлестіктерден сырт тұруы тиіс, қоғамның барлық топтарының мүддесін білдірудің жалғыз жолы осы деген ойда болған едім. Пре- зидент пен халықтың арасында дәнекерлік қызмет атқаратын саяси ұйым ретінде әу баста «Қазақстан халық бірлігінің одағы» құрылды. 1993 жылғы 6 ақпанда жаңа одақтың құрылтай конференциясында компартиямен ат құйрығын үзіскен адамдардың көбі өздерінің көзқа- расына сай саяси тірек таппай жүргенін, сондықтан орталықшылдық бағытын ұстанатын саяси бірлестік дүниеге келуі керек деп санайты- нымды айттым. Съезде сөйлеген сөзімде: «Мен одақтың қазіргі билік құрылымдары өздеріне тиісті өкілеттіліктің заңды мерзімін толық атқаруы тиіс деген ойын түгелдей қолдаймын. Сонымен бірге келер күнге көз салу, қазіргі Жоғарғы Кеңестің орнын шын мәніндегі кәсі- би парламент басатын кезеңге дайындалу керек. Ол өзінен-өзі бола қалмайды. Жаңадан депутат болатын адамдарды қажымай-талмай іздеу, дайындау, ұсыну және заң шығарушы органға өткізе білу керек. Өйткені жаңғыруларды заңнама түрінде тиімді қамтамасыз етпейін- ше, реформалардың табысқа жетуі мүмкін емес», — дегенмін. «Қазақстан халық бірлігінің одағы» кейін «Отан» партиясының негізіне айналды. Оны құруға менің қадірлі әріптесім, ең қиын жылдарда үкімет басқарған Сергей Терещенконың көп еңбегі сіңді.
2006 жылы «Отан» және «Асар» партияларының бірігуі Қазақстан- дағы партиялық жүйенің дамуында жаңа белес ашып берді. Бұл кез- де біртұтас «Отанның» жалпы мүшелерінің саны жеті жүз мыңнан асқан болатын. Сайлауда жеңіп шыққан сайын «Отан» парламенттің қарауына премьер-министрдің кандидатурасын ұсынып, жалпы үкіметті тұтастай қалыптастыруға атсалысып жүрді. Ел алдында тұрған міндеттерді ойдағыдай шешуге белсене араласу кейіннен «Нұр Отан» аталған бұл партияны жалпыұлттық күшке, жетекші саяси ұйымға айналдырды.
Мұндай мысалдар әлемде аз емес. Швецияның Социал-демокра- тиялық жұмысшы партиясы іс жүзінде 40 жыл басым мәртебеге ие болды. Парламентке тікелей сайлауларда, елдің басқа кез келген партиясына қарағанда, ұдайы көп орындарға қол жеткізіп отырды. Жапонияның Либерал-демократиялық партиясында үздіксіз 40 жыл билік басында тұрудың бірегей тәжірибесі бар еді. Сингапурда 1965 жылы тәуелсіздік алу сәтінен бастап Халықтық іс-әрекет партиясы басымдық танытты. Малайзияда билеуші партия — Бірлескен Малай- зия ұлттық ұйымы 1955 жылдан бері өзгеріссіз көш басында болып келді. Үндістанның Ұлттық конгресі аздаған үзілістермен Үндістанның саяси өмірінде жарты ғасырдан астам үстем күшке айналды. Осы елдердің барлығында экономика, әлеуметтік қамсыздандыру, денсау- лық сақтау, білім беру, кәсіби оқытып-үйрету, тұрғын үй құрылысы сияқты бағыттарда айтарлықтай табыстарға қол жеткізудің сәті түсті. Өмірдің бір орында тұрмайтыны сияқты, саяси партия да өзгеріп, дамып отыруы тиіс. Уақыт талабына сай «Нұр Отан» да трансформа- цияға түсуге тырысты. Көптеген жылдар бойы партия сайлауларда жеңіске жетіп келді. Адамдар партияға сенді, оны қолдады. Қажетті ресурстарының бәрі бар «Нұр Отан» партиясы маңызды әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асыруда сенімді тірек бола алды. Біздің тұсымызда билік партиясы деп аталып келген «Нұр Отан» өзіне артылған үмітті ақтады деп ойлаймын. Әр заманның өз талабы болар.
Бұл партия елдің саяси жүйесінің осы заманғы бет-бейнесін қалып- тастыруда маңызды орын алды. Партияны оның төрағасы ретінде ел Президенті басқарды, әр жылдарда төрағаның бірінші орынбасары ретінде Бақытжан Жұмағұлов, Дархан Кәлетаев, Нұрлан Нығматулин, Бақытжан Сағынтаев, Мұхтар Құл-Мұхаммед, Мәулен Әшімбаев және басқа да саяси қайраткерлер қызмет етті. Олар осынау саяси ұйымның жұмысына үлкен үлес қосты, сол үшін де ол азаматтарға алғысымды айтамын. Сондай-ақ, ұйымның облыстық, қалалық, ау- дандық және бастауыш буындарындағы құрылымдарында жұмыс істеген барша өкілдеріне разылығымды білдіремін.
2022 жылы партия «Аmanat» деген жаңа атқа ие болды.
Өткен жылдар ішінде Қазақстанда талай партия құрылды, талай партия саясат сахнасынан ысырылып та шықты.
Кейде оппозициялық партиялар өзара билікке таласудың қыр- сығынан да азып-тозады. «Ақ жол» партиясының екіге бөлінуінің басты себебі — Әлихан Бәйменов пен Алтынбек Сәрсенбаевтың арасындағы келіспеушілік. Ол таластың өзі Қазақстанның Ресейдегі бұрынғы елшісі А. Сәрсенбаев «Ақ жолға» келгеннен кейін басталған. Әйтпесе, о баста оның ұйымдастыру комитетіне Ә. Бәйменов, О. Жандосов, Қ. Келімбетов, Б. Имашев, Ж. Ертілесова, Б. Әбілев, С. Мыңбаев, Д. Сембаев, Л. Жуланова, Н. Жүсіп сияқты елге белгілі тұлғалар кірген болатын.
Осылардың біразы сол кезде жас адамдар еді. Жалпы, тоқсаныншы жылдардың екінші жартысында біз өзінің бизнесін өркендете білген бір топ жастарды билікке тарта бастадық. Оларға жұрт «младо- турки» деген ат та қойып алды. Біразына ұлттық компаниялардың, біразына министрліктердің тізгіні берілді. Сол жастардың арасында сенімді ақтағандары да бар, биліктің бишігін бизнестің тиімді бір түрі деп білгендері де бар. Сол тәжірибені ескеру керек еді. Қай кезде де жас, білімді адамдарды қызметте көтергің келеді. Дегенмен, нақты тәжірибенің пайдасын ойламасқа болмайды. Өкінішке қарай, билік пен бизнестің қойындасып кетуіне сол жылдары жол ашылып қал- ды. Алғашқы олигархтар шықты. Мен оларды әуелде көтермеледім,
«жас барыстар» деп қоятынмын. Бірте-бірте сол «жас барыстар» азу тістерін көрсете бастады. Олар билікті арандатудан, ойлағандары орындалмаған жағдайда халықаралық ұйымдарға жүгінуден де та- йынбауға айналды. Солардың бірі — Павлодар облысының әкімі Ғалымжан Жақиянов премьер-министрдің тапсырмаларын орындаудан, ол өткізетін үкімет жиналыстарына келуден бас тартатынын естідім. Бұл енді шектен шыққандық.
Олар мұнымен де тоқтап қалмады. О. Жандосов, Ә. Бәйменов, Ж. Ертілесова, Ғ. Жақиянов, М. Әбіләзов республикалық телеарна арқылы мәлімдеме жасап, «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысын құратынын жария етті. Олар салған беттен сол кездегі премьер-министр Қ. Тоқаевқа қарсы шықты, оны қызметтен кетіруді талап етті. Тіпті маған «Не Тоқаевпен болыңыз, не бізбен болыңыз» деген үзілді-кесілді талап қоюдан да тайынбады.
Осы тұста Қасым-Жомарт Кемелұлы да мінезін танытты. Үкімет басшысы ел халқына үндеу жариялады. «Қазіргі Үкімет жұмыс істе- гелі екі жылдан асты. Біз экономиканы дағдарысты жағдайда қабыл алған едік. Сөйте тұра, екі жылдың ішінде экономиканың өсімі ша- мамен 23 процентті құрады. Әлеуметтік төлемдер жөніндегі қарыз- ды іс жүзінде толық өтедік. Біз зейнетақы деңгейін екі рет көтердік және оны келесі жылы одан әрі өсіру жөнінде ұсыныс енгіздік. Үкімет дәрігерлер мен мұғалімдерге, бюджет саласының барлық қызметкер- леріне жалақыны өсіруді ойластырып отыр» деп басталатын үндеуде жұмысқа кедергі келтіріп тұрған жайлар ашық, ашына айтылды.
«Алайда біздің қоғамымыздың қатты күйзеліске түскенін қалайтын адамдар да табылады. Бұл мақсат үшін олар қолда бар құралдың бәрін, тіпті интернет-террорды да қолданады. Елімізге жат пиғыл- дағы адамдардың қаржылай көмегінің арқасында лауазымды тұлға- лар, соның ішінде Президент те, өтірік пен былғанышқа белшеден батырылатын болды» деген премьер өз үндеуінің соңында маған бір топ лауазым иелерін қызметінен босату жөнінде ұсыныс енгізгенін хабарлаған. Мен Қасым-Жомарт Тоқаев атаған адамдардың бәрін де лауазымдарынан айыру жөніндегі жарлыққа қол қойдым. Сол күндері премьер-министр шетел журналистеріне сұхбат бергенде:
«Президент олигархтарды биліктен аластатты. Олар енді Қазақстан- да шешім қабылдауға ықпал жасай алмайды» деген. Әбіләзов пен Жақиянов қамауға алынды. Әбіләзовтің ірі америкалық заң фирма- сымен келісім жасап, адвокат жалдауынан, ал Жақияновтың бірне- ше күн бойы Франция елшілігінің ғимаратынан баспана іздеуінен ештеңе шыққан жоқ.
Қалтасының мүддесін халықтың мүддесінен жоғары қоятындар- дың шын сиқын жұрт та тамыршыдай тани бастады. 1999 жылғы президент сайлауына дайындық барысында Абай еліне, Жидебай жеріне бардым. Ел қаумалай қарсы алды. Жағдайды айтты. Тілек- терін білдірді. Ақсақалдар батасын берді. Абай ауданын талай жылбасқарған Хафиз Матаевтың сөзі ерекше есімде қалды. Шешен кісі екен. Бір тұста былай деп өтті: «Екі құлынымызды бәйгеге қосып, тақымымызды қысып отырғанымызда екеуі де құдыққа құлады. Бірін Жоғарғы Кеңеске көтердің, біріне үкіметті басқарттың, екеуі де үмітіңді ақтамады. Құдыққа өздері ғана құлаған жоқ, бәрімізді де құлатып отыр. Абай, Шәкәрім, Мұхтар туған жерге келгенің дұрыс болды, шырағым. Бұл өңір келесі ғасырда толғатып, тағы бір тұлғаны туатын шығар, бүгінде сенің алдыңа түсетін ешкім жоқ. Семей өңірі дауысын саған береді. Тарықсаң, шаршап-шалдықсаң, ақылдасам десең, алдымен Түркістанға бар, одан соң осы Жидебайға кел, қалың елің қасыңда болады». Мұндай сөзге қалай тебіренбессің! Ол кісінің екі құлынымыз деп отырғандары — Серікболсын Әбділдин мен Әке- жан Қажыгелдин. Екеуі де Семейден. Екеуін де өзім өсіргенмін. Екеуі де саясат бәйгесінде құлаған.
Ел туралы жадағай ойлау да, елдің тағдырымен жеңіл-желпі ой- нау да түбі жақсылыққа апармайды. Өсер елдің баласы арманшыл болады, өшер елдің баласы жанжалшыл болады. Осыны ұмытпасақ екен деймін.
«Саяси тепе-теңдікке жасаған талдауым негізінен дұрыс шықты, бірақ мен маңызды бір нәрсені — даңққұмарлықты есепке алмай қалыппын» дейді Маргарет Тэтчер «Өмірбаян» кітабында. Әлемдік саясат корифейінің өзін жүрісінен жаңылдырып, өкінішке қалдырған осы даңққұмарлықтың қандай зардаптары болуы мүмкін екенін менің де білмей қалған кездерім бар. Бұл сөзімді алдымен екі жылдан астам уақыт үкімет басында болған, тәуелсіздіктің таңсәрі шағында ел экономикасын тұрақтандыруға үлес қосар деген Әкежан Қажы- гелдинге қатыстырып айтып отырмын. Былайша қарағанда, оған сөз шығындайтын жөнім де жоқ сияқты, дегенмен сол кездегі жағдайдан хабарсыз, ал бүгінде тек YouTube арнасындағы арзан әңгімелерді ғана тыңдайтын оқырман үшін (өкінішке қарай, ондайлардың қатары қазір қалың-ақ) кейбір жайдың басын аша кету керек.
Қажыгелдинді облыс әкімінің орынбасары кезінде назарға алғаным, Семейдегі бір жиналыста сөйлеген сөзін батыл да оқыс ойлары үшін ұнатқаным, сол жерден бірден үкіметке жоғарылатқаным, әуелде премьердің бірінші орынбасарлығына қойғаным, араға бір жыл да түспей жатып, үкіметтің тізгінін қолына ұстатқаным рас. Оның кандидатурасын Жоғарғы Кеңеске ұсынарда: «Менің жеке пікірім бойынша, ол білікті адам, нарықтық қатынастарды біледі. Бұл қазір қажет-ақ. Егер біреу-міреудің ескертпесі болса, қанеки, бәрін өзіне айтайық. Мен оған сенемін, мен оны ұсынамын», — дегенмін. Пар- ламент мені қолдаған.
Әкежанға кең өкілеттілік беріп қойғанымды (мысалы, бірқатар министрлерді, әкімдерді маған тікелей өзі ұсынатын) айналамдағылар ұнатқан жоқ. Олар тіпті «Көресіз, бұл адам түбі сатып кетеді» деп те айтты. Ешкім де Назарбаевтың жақтасы санай алмайтын саясат- танушы Нұрболат Масановтың өзі 1997 жылы бұл жөнінде: «Егер ол билікке жетіп, экономикалық салада жасаған былықтарын саясат саласына да енгізе бастайтын болса, адамдарды қаумалап ұстау мен сотсыз-тергеусіз қудалау келетін күн де алыс емес деп шамалаймын. Қажыгелдин күмәндану дегенді білмейді. Дәстүршіл Назарбаевқа қарағанда ол нағыз шімірікпейтіннің дәл өзі. Содан да халық үшін де, қоғам үшін де әлдеқайда қорқынышты. Бұл орайда мен саясаттанушы ретінде Назарбаев мырзаға мынаны ескерткім келеді: Қажыгелдин мырзадан қатты қауіптенгені жөн», — деп жазған еді.
Жаңа үкімет инфляцияның қарқынын бәсеңдету, теңге бағамын тұрақтандыру жөнінде бірқатар қадамдар жасай алды. Мен барынша қолдап отырдым. Әйтсе де, бара-бара «естен тандыра емдеу» бағыты басым бола бастады. Төлем қабілетсіздігі, жалақы мен зейнетақыны кешіктіру көбейді. Компрадорлық буржуазия бой көтеруге көшті. Қажыгелдин аз уақыттың ішінде 152 кәсіпорынды сатуға шығарып жіберді. Ол кезде барлық мемлекеттік бағдарламалар, оның ішінде жекешелендіру тек Президенттің шешімімен қабылданатын. Ал үкімет оны ұсынатын. Ұсынатын орган сол бағдарламаның сапасына және орындалуына жауапты болатын. Қажыгелдин КГБ-ның тәрбие- сін көрген, соның курстарында оқып, батыстың нарық экономикасы жөнінде біраз мағлұмат алған адам. Оны нарық жағдайында жұмыс істеуге дайындаған. Жаңадан шығып жатқан, біздің адамдарға бейта- ныс нарықтық терминдерді жаттап алған соң ол жұртқа бәрін білгіш сияқты көрінетін. Кейін белгілі болғандай, оны тыңшы немесе көше агенті (топтун) ретінде пайдаланыпты. Сатқындығы еске түскенде сол тәрбиесінің әсері шығар деп ойлаймын. Кейіннен Қажыгелдиннің пара алғаны анықталып, оны 12 жылға бас бостандығынан айыру жөнінде сот шешімі қабылданды. Бұл шешім әлі күшінде тұр.
Қажыгелдин үкімет басқарған тұста бізде де, Егор Гайдар басқарған Ресей үкіметінің үлгісі пайдаланыла бастады, олигархиялық капита- лизм жолымен даму тұжырымдамасы қалыптасуға айналды. Пре- мьер әкімдермен өткізген бір жиналыста тіпті бастапқы капитал еш уақытта адал жолмен жиналмайды дейтін теориясын да тарата түсіндіріпті. Бұл жөнінде жазудың өзі жиіркенішті. Сондықтан сіл- теме жасап, мысал келтірумен шектелейін. «Казахстан 90-х. Пра- вительство Кажегельдина: приватизация, коррупция и борьба за власть» (ИД «Credo», Алматы, 2003) кітабының авторлары: «Үкімет басшысының жоғары лауазымында Қажыгелдин мырзаның бойын- дағы қазіргі жағдайынан түсіруге болатын пайданы қайткенде де қағып қалуға тырысатын ұсақ ұры ләпкешіге тән белгілердің бәрі бадырайып шыға келді. Іскер кісілердің және жоғары мемлекеттік шенеуніктердің арасында Қажыгелдин (пара) алады және алғанда да көп алады деген пікір баяғыдан-ақ орныққан»– деп жазған. Қалтаға ағыл-тегіл құйылып жатқан ақшаның қайдан шыққанын түсіндірудің амалын табу үшін ол «Караван» газетіне (1996 жыл, 27 желтоқсан) берген сұхбатында: «Менің жеке қаражатым халықаралық қаржы нарығымен байланысты, оның тіпті Кеңес Одағына да қатысы жоқ. Мен — халықаралық брокермін», — дегенді де шығарған. Кейін ол айтқанын ұмытып, «Рудный Алтай» газетінде (1997 жыл, 5 сәуір) «Премьер-министр жалақысының мөлшері менің пара алуымды мо- ральдық жағынан ақтайды» («Уровень зарплаты премьер-министра дает мне моральное оправдание брать взятки») деп те тікесінен тар- тыпты. Ауыз өзімдікі дейтін шығар. Бірақ ауыз өзінікі болғанымен, ақша мемлекеттікі ғой.
Қалыптасқан ахуалды кейінірек ол былай сипаттады: «17 қыркүй- екте мен белгісіз бір аурудың нышанын сезіндім, қан қысымым қатты көтерілді, құса бастадым. Дәрігерлер мұны гипертонияның күрт асқынуы деп айқындады. Сол кезде мен президентке хабарласып, «Бір жерге ұшып барып, диагнозды түпкілікті анықтап қайтсам қайтеді?» дедім. Ол: «Жарайды, Ли Пэннің сапарынан кейін барсаң, бар» деді. Әйтсе де, ертеңінде-ақ бұрынғыдан да қатты жедел ұстама бастал- ды. Маған президенттің жеке дәрігері келді де, менің дәрігерім іс- сапарда жүрген еді, «Сіздің хал-ахуалыңыз маған ұнамай тұр» деді. Президент: «Ұшақ ал да, ұшып кет» деген. Содан ұштым да кет- тім. Дегенмен, біз бұл жайында әңгіме тарамасын деп уағдаластық. Швейцарияда менің ауруым эмболия, яғни қан тамырларының бі- телуі деп шешті, ол дегеніңіз едәуір қауіпті нәрсе, бұдан адам өліп те кетеді. Бақытсыз бола жаздағаным бағыма айналды деген осы шығар деп ойлап қоямын қазір. Осыдан кейін мен телефон арқылы президентпен сөйлесіп, отставкаға кету жөнінде өтінішімді айттым, маған оның көмекшісі келді, осының бәрін қалай реттеу керегін сонымен ақылдастық».
Шынтуайтында, мен оны шақырып алып, «Арыз жаз да, өз ер- кіңмен қызметтен кет» дегенмін. Ол солай етті. Өтінішінде былай жазған еді: «Мемлекет қалыптасуының бетбұрыстық және ауыр бе- лестерінде үкіметтің ауысуы қалыпты жай, тек мемлекеттің өзі және оның басшысының институты мызғымай тұруы тиіс. Алға қарай серпінді дамудың жаңа бағдарламасын жасайтын жаңа команданың уақыты келді. (…). Сізді ұятқа қалдырмауға және әрқашан Сіздің сая- сатыңыздың жақтасы болуға сөз беремін. Сіз маған қандай жағдайда да, қандай кезде де, қажет тапқан шағыңызда сене аласыз. Өзіңіз бастаған істі тек Сіз ғана жеріне жеткізетініңізге сенімдімін. Мемле- кет басшысы бола алатын басқа адамды көріп тұрғаным жоқ». Оның мені қалай «ұятқа қалдырмағаны» белгілі.
Қажыгелдиннің кадр саясатындағы қадамдары да күмәнді еді. 1994 жылы Семей облысын басқаруға Ғалымжан Жақияновтың кандидатурасын ұсынды. «Семей» қаржы-өнеркәсіптік тобының бас директоры, екеуі сонда бірге жұмыс істеген, Алматыға кет- кенінде орнына Ғалымжанды қалдырған. Бизнестен келген бетін- де Ә. Қажыгелдиннің өзі іскерлік қабілетін анық көрсеткендіктен, мен Ғ. Жақияновты әкімдік қызметке тағайындадым. Алайда көп ұзамай-ақ Ә. Қажыгелдин мен Ғ. Жақияновтың арасы нашарлай бастады. Әкімді қызметтен тайдыру үшін үкімет басшысы Семей облысына қаржы-валюта бақылауын жүргізетін комиссия да жі- берді. Кейіннен Қажыгелдин мен Жақияновтың Семейдегі бизнесті бөлісе алмағандықтан араздасқаны белгілі болды. «Семей-Көмір» акционерлік қоғамының акцияларын Жақиянов арадағы біреулер арқылы арзанға сатып алғаны, «Қаражыра» көмір орнын лицензиясыз пайдаланып, компания алты миллиард теңге пайда тапқаны анықтал- ды. Жақиянов Павлодарға бара салып, Семейдегі «Бастау» жауапкер- шілігі шектеулі жеке компанияны сонда алдыртады да, арақ бизнесіне кең жол ашады. Жас әкім бизнесмен Мұхтар Әбіләзовке қатысы бар «Астана-Холдинг» компаниясына Павлодар химия зауытының акцияларын заңсыз сатқан болып шықты. «Семей-Көмірдегі» былықтар ашылғанда Ғ. Жақиянов тергеуге кедергі келтіруге тырысқан. Кейін мұның бәрін саяси қудалау деп атай бастады. Істі болып, түрмеге отырып шықты. Ақыры ол да шетелге тайып тұрды. Талай жыл бойы саясат туралы ауыз ашпай жүрді де, 2022 жылғы қаңтар оқиғасынан кейін қайтадан өзін еске сала бастады. Кезіндегі саясатқа көңілі тол- маса, енді сол саясатты сынға алып, кезінде кеткен кемшіліктерді түзетуге тырысып жатқан саясатқа да көңілі толмайды. Әйтеуір, билік атаулыға қалайда қарсы болып, мойымас, қажымас күрескер деген атты малданып жүрсе, өз амбициясы үшін жетіп жатыр.
«Жизнь замечательных людей» сериясынан Гейдар Әлиев туралы кітап оқығанымда мына бір тұсы ойландырып тастады. Мәскеуден Нахичеванға қайтып оралғанында жиналған жұртшылық қаумалап: «Әлиев жолдас, сіздің өзіңіздің Гейдар Әлиевке қоятын басты сұрағыңыз қандай?» дегенде Гейдар Әлиоғлы былай депті: «Басты сұрақ па? Онда мен өзіме былай айтар едім: «Әй, Әлиев жолдас, сен неге кейбір адамдарды жақсылап тани алмай қалдың?»…
Осындай сұрақты әр деңгейдегі әр басшы өзіне-өзі қоя алар еді, қоюға тиіс деп ойлаймын. Менің де «Неге кейбір адамдарды жақсы- лап тани алмай қалдым?» деп өкінетін кездерім болмай тұрмайды. Қызметке тағайындар кезде Қажыгелдинге де, Жақияновқа да сенім- мен қарадым, екеуін де қолдадым. Иә, қандай мәселесі туса да, адам оған өзін кінәлауы керек.
Білімді жастарды тәрбиелеп, мемлекеттік қызметке тарту әр уақыт- та ойымда тұрды. Сол 90-шы жылдары бір топ жастарды басшылық қызметке қойдым. Министр, орынбасар, комитет төрағалары етіп тағайындадым. Біреулері сенімді ақтап, елге адал қызмет етті. Енді біреулері өздерінің түбіне өздері жетті. Өмір солай.
Мысалы, Виктор Храпуновты алайық. Техникум бітіргеннен кейін өз мамандығы бойынша сатылап өсіп отырған, Алматы қалалық атқа- ру комитетінің төрағалығына жоғарылаған. Энергетика және табиғи ресурстар министрі, Төтенше жағдайлар министрі қызметтеріне тағайындадық. Алматы қаласының әкімі болып жүргенінде қалалық энергетика кешенін Бельгияның «Трактебель» компаниясына сатып жібергені, муниципалдық меншіктегі жерді жеке меншікке заңсыз үлестіріп бергені анықталды. Үстінен 20 қылмыстық іс қозғалды. Ақыры сыртқа кетіп тынды. Алаяқтығы, қылмыстық топ құрғаны, өз өкілеттігін асыра пайдаланғаны, пара алғаны үшін интерпол желісі арқылы халықаралық іздеу жарияланды.
«Апама жездем сай» дегендей, Храпуновтың жолын қуған адамдар- дың бірі — Мұхтар Әбіләзов. Ол да Қажыгелдиннің тұсында іскер азамат саналып, шығандап шыға келген. «Астана-Холдинг» фирма- сын басқара жүріп, мол байлық жинап алған Әбіләзов энергетика, индустрия және сауда министрі қызметіне кірісе сала өз қалтасын бұрынғыдан да қампайтудың жайын ойлауға көшкен екен. Министр болғанына бір жарым-ақ жыл өткен шақта оған мемлекет қаражатын талан-таражға салды, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды, қылмыстық топ құрды деген айып тағылып, үстінен іс қозғалды. 2002 жылы сот үкімімен 6 жылға түрмеге қамалды. Оны жазадан мерзімінен бұрын босату жөнінде өтініштер айтылды, өзі де менің атыма жаздым, жаңылдым деп қайта-қайта хат жазды. Ақыры оған кешірім жасағанмын. Бұл менің сенгіштігімнен жіберген қателігім. Жалпы, адамдардан жамандық күтпейтінімнен сан соғып қалған кездерім аз емес. Сол сумақайға кешірім жасамауым керек еді. Осын- дай сатқындық жасайтын адамдар қалай жер басып жүретініне таң қаламын. Мен оның сөзіне сендім. «Астана-Холдинг» компания- сы «БанкТұранӘлем» акционерлік қоғамының акцияларын сатып алды, кейін БТА Банкі аталды. Банк қызметі жақсы бағалана бастады. Алайда 2009 жылы ол қолындағы билігін асыра пайдаланғаны және айла-шарғы жасағаны үшін үкімет қаулысымен банк басшылығынан босатылды. Әбіләзовтің банк ақшасына қол салғаны, қол салғанда да мол салғаны анықталды: ол банк директорлар кеңесінің төрағасы болып тұрғанда құны 6 миллиард (!) АҚШ долларлық ақша талан- таражға түскен екен. Аса ауқымды талан-тараждың тап өзі. Оның Ресейдегі әбден жарнамалатқан жобалары — Мәскеуде 75 қабаттық зәулім үй көтеретіні, Домодедово әуежайының маңынан 150 мың адам тұратын тұтас бір шағын қалашық салдырып, оны «орыс Голливудына» айналдыратыны қандай ақшаның есебінен жасалмақ болғаны әшкереленді. Шетелге қашып кеткен Әбіләзовке үш бірдей ел — Ресей, Украина, Қазақстан халықаралық іздеу жариялады. Ол Еуропада ұсталып, Франция түрмесіне жабылды. Түрмеде үш жарым жыл отырып, 2016 жылы Франция Мемлекеттік кеңесінің шешімімен босатылды, «саяси себеппен қудалануда» деп тауып, Ресейге экстра- дициялаудан бас тартылды.
Ең сұмдығы — Әбіләзовтің «БанкТұранӘлемге» қалай қол жет- кізгені, нақты айтқанда — банкті алу үшін дос болып жүрген ада- мын өлтірткені анықталды. Әуелгі сот шешімі бойынша банктің бұрынғы басшысы Ержан Тәтішев аң аулауға шыққан кезде оның әріптестерінің бірі — Мұратхан Тоқмади мылтық шүріппесін аңдау- сызда басып қалып, абайсызда атып алған деп саналған еді. Сөйтсе, кейін анықталғанындай, Тоқмади Тәтішевті Әбіләзовтің тапсырысы бойынша әдейі өлтірген екен. Бұған не айтуға болады? Ұры әрі қа- рақшы. Отанын тонап, материалдық орасан шығынға батырған, еліне жаман ат келтірген сатқын.
Мен осы кітапты бітіруге тақағанда көмекшілерім Интернеттен «Франция Әбіләзовті саяси босқын мәртебесінен айырды», «Франция Әбіләзовке баспана беруден бас тартты» деген материалдар әкеліп берді. Екеуінің айтары бір. Алғашқысында былай делінген:
«Қылмысты істері үшін бірқатар елдерде айыпталған бұрынғы қазақстандық банкир Мұхтар Әбіләзов 2020 жылы Босқындар құқы жөніндегі ұлттық соттың (CNDA) шешімімен Францияда саяси бас- пана иеленген болатын. Алайда, ол шешімді 2021 жылдың өзінде-ақ Әбіләзов жеке басының мүддесін ойлап, БТА-банкте алаяқтық сұлбасын жасағаны үшін босқын мәртебесін ала алмайды деп қаулы қабылдаған Франция Мемлекеттік кеңесі өзгертіп тастаған еді.
Мемкеңеспен келіспеген олигарх адвокаттары Пикуа мен Бейлу- нидің көмегіне жүгініп, сотқа апелляциялық шағым түсірді.
2022 жылдың 8 желтоқсанында CNDA сол шағым бойынша шешім шығарды: Әбіләзовтің апелляциясы қабылданбады. Осылайша, қашқын банкир Францияда саяси босқын мәртебесінен біржолата айырылды. Заңнамаға сәйкес Мұхтар Әбіләзовті Франциядан де- портациялау немесе экстрадициялау күтіп тұр, бәлкім, Қазақстанға қайта қайтарылуы да мүмкін».
Қылмыскер қанша құтырса да құрықтан құтылмайды. Екіншісінде осы жайларға қоса мынаны айтқан: «Қазақстанда Әбіләзовтің БТА Банктен 7 миллиард доллар шамасында ақша жымқырғаны үшін 20 жылға түрмеде отыруға жаза алғанын, ал 2018 жылы банкир Ержан Тәтішевті өлтіруді ұйымдастырғаны үшін өмір бойына түрмеге кесілгенін еске сала кетейік». «Әбіләзовті ақша жымқырды деген күдікпен Ресей мен Украина да іздестіріп жатыр» дегенді тағы қосып қойған.
«Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» дейді қазақ.
Өмір болған соң сүйініш пен күйініш қатар жүреді. Сеніміңді ақтамаған адамның қай-қайсысы да жүрегіңді ауыртады. Ал ондайлар жаныңнан шықса, айналаңнан табылса, азаптың азабы.
«Менің отбасымның мүшелері туралы. Олар, өзге азаматтар сияқ- ты, таңдаған мамандықтары бойынша еңбек етуге немесе қоғамдық- саяси қызметтер атқаруға және бизнеспен айналысуға құқылы.
Сонымен қатар барша қазақстандықтар сияқты, ел азаматтарын теңестіретін бұлжымас заңға бағынуы тиіс.
Бұрынғы күйеу балам, үш жиен немеремнің әкесі Р. Әлиевтің шектен шығу арқылы тек өз отбасын, балаларын, мені ғана емес, тұтас елді сатып кетуі — маған және менің отбасыма орасан қасірет болды. Бұл жағдайды мен және туыстарым қайыспай қарсы алып, оған шығарылған соттың шешімін әділ үкім ретінде қабылдадық. Басқаша болуы мүмкін емес еді» — 2010 жылдың 4 маусымында ел халқына жасаған үндеуімде осылай деп айтуға тура келді.
Мен оған сендім. Қалай сенбейін? Туған күйеу балам. Сөйтсем, ол алдымен қара басының қамын ойлапты. Үстінен іс қозғалды. Сол күндер — менің өмірімдегі өте бір ауыр күндер. Оның ісінің сотқа берілгені, қорғап қалуды сұрап, құдамның келгені, немерелерімді ертіп, көз жасын төгіп, қызымның келгені, әйелімнің өтінгені… Қай- терсің, қаншама қиналсам да, жүрегім қан жыласа да, заңсыздыққа жол бере қоймадым. Кешіруге болатын істер де бар. Оны қарайтын амнистия жөніндегі арнайы комиссия да бар. Кешіруге болатын іс пе оның жасағаны? Адам өлтіруден де тайынбаған екен. «Нұрбанктің» топ-менеджерлері Ж. Темірәлиев пен А. Хасеновті өлтіріп жібер- ген. Күлкісіз күндерім, ұйқысыз түндерім өтті сонда. Жоғарғы Сот оны 20 жылға түрмеге қамауға үкім шығарды. Бұл кезде ол шетелге жасырынып үлгерген еді. Сол жақта жүріп, қамауға алынды. Түрмеде көз жұмды.
Елде заңдылық салтанат құрсын, заң бұзғандарға кешірім жоқ, тіпті олар жақын адамдарың болса да жазалануға тиісті.
Қ. Сатыбалдының жолсыздықтары жөнінде көп айтылды. Жалындап тұрған жігіт күнінде, 1981 жылы көлік апатынан қайтыс болған туған бауырым Сатыбалдының ұлы Қайратты әкесіндей қамқорлық жасап өсіріп едім. Хал-қадерінше білім алып, елдің ісіне араласып жүрді. Қызмет бабында да жоғарылап жатты. Қайрат жоғары әскери училищені бітіріп, ұлттық қауіпсіздік органдарында, Қорғаныс минис- трлігінде істеді, Астана қаласы әкімінің орынбасары болды, кейіннен бизнеске ауысты, қайырымдылықпен айналысты. Өңірлерде мешіт- тер, әлеуметтік нысандар салып, жұртқа тарту етіп жүрді. Ақтаудың, Сарыағаштың тұрғындары оған әлі күнге разылығын білдіріп жата- ды. Әттең, бизнестегі қызметінде заң бұзуға жол беріпті. Кейіннен «Қазақтелеком» ұлттық компаниясының қаржысын иемденді деген айып тағылып, істі болды. Алты жылға бас бостандығынан айырылды. Менен журналистер «Немере ініңізге қатысты сот шешімін дұрыс деп санайсыз ба?» деп сұрады. Не айтайын? «Сот шешімі әділ деп ойлау керек деймін. Егер адам шешім әділ деп санамаса, шағымдануы тиіс» дедім.
Әрине, заң жағынан қарасақ, жоғарыда жазғанымдай, әр адам таңдаған мамандығы бойынша жұмыс істеуге, қоғамдық-саяси қыз- меттер атқаруға және бизнеспен айналысуға құқылы. Елдің барлық азаматтары заң алдында бірдей екені тағы түсінікті. Дегенмен, ел басқаратын адамның жақын жандары мемлекеттік қызметте не- месе квазимемлекеттік секторда жоғары лауазымдарға жеткені жұртшылық тарапынан қандай да бір түсінбеушілік туғызатынын ескермеуге тағы болмайды екен. Оны да уақыт дәлелдеп берді. Олар сол биіктерге лайықты екенін танытқан күннің өзінде көптің ішінен
«Белгілі ғой, тіреушісі тіреп тұр ғой» деген сияқты сөз айтатындар бәрібір табылмай қалмайды.
Елдің бетінде, желдің өтінде жүрген адамға сынақ көп. Сынақтың көкесі перзент сынағы, бауыр сынағы екен.
Бойымдағы туабітті қайырымдылық пен адамға сенгіштігім өзімді ұрындырғанын мойындауға тиіспін. Президент кадрларға әділ қарауы керек, бірақ оларға, әсіресе туысқандарына қатқыл да талапшыл бо- луы тиіс. Жоғарыда айтылған кадрлық қателіктерім үшін әлі күнге жаным ауырады.
Әр адам өзінің тағдырын өзі жасайды деген сол!

Пікір қалдыру үшін сізге логин қажет немесе өтіңіз
Синопсис
1/9

Листайте главы с удобством

Можете переключаться между главами книги в любое время. Насладитесь плавным переходом к интересующим вас частям текста!
Далее Завершить обучение
2/9

Настройте шрифт под себя

Изменяйте размер шрифта, чтобы чтение было комфортным для ваших глаз. Настройте отображение текста так, как вам удобно.
Далее Завершить обучение
3/9

Читайте синопсис

Не знаете, с чего начать? Ознакомьтесь с кратким содержанием книги, чтобы быстро понять основные идеи.
Далее Завершить обучение
4/9

Исследуйте содержание книги

Посмотрите все главы и подглавы в удобном навигационном меню. Найдите интересующие вас разделы одним кликом.
Далее Завершить обучение
5/9

Сохраняйте закладки

Добавляйте закладки, чтобы не потерять важные моменты. Вернитесь к нужному месту в книге в любой момент.
Далее Завершить обучение
6/9

Открывайте мини-справочник

Кликайте на «Мини-справочник» для доступа к дополнительной информации. Нажмите на текст, и модальное окно откроет полезные материалы.
Далее Завершить обучение
7/9

Просматривайте таймлайн событий

Интерактивный таймлайн поможет вам увидеть ключевые события книги. Кликните, чтобы открыть окно с подробной информацией.
Далее Завершить обучение
8/9

Наслаждайтесь цитатами

Ищите вдохновение? В разделе цитат собраны самые яркие мысли и высказывания.
Далее Завершить обучение
9/9

Делайте записи в блокноте

Зарегистрируйтесь и получите доступ к личному блокноту. Записывайте свои идеи, заметки и важные мысли прямо во время чтения
Завершить обучение
AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу