2019 жылдың 18 наурызы.
Сол күні, еліміздің ұлық мерекесі Наурыздың қарсаңында біз елордамызда бас мешіттің іргетасын қаладық.
Сол күні мен өз өмірімдегі аса мәнді шешімдердің бірін қабыл- дадым.
Барлық рәсімдерді атқарып болып, қаланың орталығына жүріп кеттік.СенатТөрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевты өз көлігіме шақы- рып алдым. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жаңа ғимаратын ашуға бара жаттық. Мен сөз бастадым.
— Қасым-Жомарт, айтылуы тиіс сөздің айтылатын кезі келді, — дедім.
Әңгіменің не жайында қозғалатынын біліп тұрғанын не білмей тұрғанын байқамадым, кәсіби дипломат емес пе, үндей қоймады.
— Мен ертең кейінгі кезде толғандырып жүрген мәселе жөнінде маңызды, жоқ — аса маңызды шешім қабылдаймын. Өзіңе көптен ай- тып жүрген ойымды жүзеге асырамын. Халыққа Үндеу жариялаймын.
Сөздің ауаны қайда ауып бара жатқанын дәл аңғарғаны анық.
— Мемлекет басшысы ретіндегі өкілеттігімді тоқтатамын. Консти- туцияға сәйкес Президент міндетін атқаруды саған өткіземін, — дедім.
Ол әлі үнсіз. Сәл сәттен кейін барып:
— Әлі де ойлансаңыз қайтеді? Ерте емес пе қазірше? — деді.
— Жоқ. Ерте емес. Мен әбден ойланғанмын. Уақыты келді. Осы сөзімнен кейін екеуміз де үнсіз қалдық.
Мұндай шешім қабылдарда мен мемлекет билігінің басында ұзақ уақыт тұрғанымды ескерген едім: бес жыл Қазақ КСР Үкіметінің төрағасы, отыз жылға жуық тәуелсіз Қазақстанның бірінші басшы- сы болдым. Жасым сексенге жақындап келе жатты, денсаулығым да сыр бере бастады. Алайда ең бастысы ол да емес, ең бастысы — әлем өзгеріп барады, көшбасшылардың жаңа буыны келуде. Біздің де өзгеруіміз керек. Тәуелсіз мемлекет құру міндеті орындалды. Өз елім үшін қолымнан келгеннің бәрін жасадым.
Жаңа мешіттің орны қаланың шет жағында еді. 2017 жылы ха- лықаралық «ЭКСПО» көрмесі өткізілген маңайға жақын. Ол кезде әлі мұнда ештеңе жоқ. Теп-тегіс жер. Айналаға көз салдым. Бір жақта сонау көкжиекке тіреліп жатқан шетсіз-шексіз сайын дала. Бір жақта сол сайын даланың төсінде орнаған жаңа қала. Осы сурет — дала мен қаланың астасқан тұсы әлі күнге көз алдымда. Бұл суретте біздің үшінші мыңжылдықтағы, жиырма бірінші ғасырдың бас шебіндегі бар болмысымыз тұнып тұрғандай.
Қазақтың ұғымында туған жермен теңестіріле айтылатын кең-байтақ жазық өңірді де, ауылды жерді де, жапан түзді де, атажұртты да жанымызға жақын бір сөзбен
«дала» дей береміз, кеңдікті, мол пішілгендікті, жомарттықты айтсақ, «даладай» деп сөйлейміз, тіпті, көпқабатты пәтерімізден аулаға шығып қайтсақ та «далада жүріп келдім» дей саламыз, осы арқылы өзімізді сол ұлы ұғыммен ұштастыра түсеміз
. Байтақ дала, боз дала, бұла дала деп аялай атаймыз.
Ірі елді мекенді, отырықшы кентті си- паттайтын «қала» сөзі бізде қорғаныш, сүйеніш, тірек мағынасында да айтылады. Дала мен қаланың ұштасуы біздің дәстүрлі санамыз бен жаһандану заманындағы жалпыадамзаттық құндылықтардың қабысуындай көрінеді
. Арқа төсіндегі алтын алқадай етіп,
елорданы тұрғызуымыз елдік ерлігі болғаны талассыз. Осы шешімге келудің, әсіресе оны іске асырудың қаншалықты қиынға түскені маған мәлім. Мемлекет өмірі үшін өте маңызды осы мәселенің түйіні
Сарыарқа белінде, қазақтың бас қаласы — Астана жерінде тарқатылуының өзіндік символдық мәні бары күмәнсіз еді.
Қасым-Жомарт Кемелұлы екеуміз көлікте келе жатып, ендігі атқа- рылар шаруаларды ақылдаса бастадық. Арамызда бұл әңгіме бұрын да қозғалған. Ол кезде нақты ай тұрмақ, нақты жыл да аталмайтын. Қасым-Жомарт Кемелұлының
Біріккен Ұлттар Ұйымына қызмет- ке баруының жайы былай. Біріккен Ұлттар Ұйымының сол кездегі Бас хатшысы
Пан Ги Мун мырзамен ежелден, Оңтүстік Кореяның министрі кезінен жақсы таныс, жақын едім. Соны пайдаланып, «Қазақстаннан Ұйымға басшылық қызметке бір адам алуға болмай ма?» деп бірнеше рет айтып көрдім. Бұл мәселе ақыры шешілуге айналды. Мен Тоқаевты ұсындым. Ұсынысым қабылданды. Ол сынақтардың бәрінен сәтті өтті. БҰҰ-ға барарының алдында Қасым-Жомартпен ашық сөйлесіп, «Керек болып қалсаң, қайта шақырамын. Оған іштей дайын жүр» дедім. Келістік. Шынын айтқанда, Біріккен Ұлттар Ұйы- мы Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның
Женевадағы бөлімшесінің бас директоры,
Қарусыздану жөніндегі конференцияның бас хатшысы қызметінде жүрген жерінен 2013 жылы елге қайтуға шақырғанымда түпкі ойым кезі келгенде мемлекет тізгінін қолына ұстату, оған дейін Конституцияға сәйкес Қазақстандағы билік жүйесінің екінші тұлғасы болып табылатын
Сенат төрағалығын қайтадан атқарып, маңызды мәселелер шешіміне тікелей араласуға мүмкіндік жасау еді. Қасекең содан бергі алты жылдық уақыт сынағынан да абыроймен өтті. Ел тізгінін оған кәміл сеніммен тапсыра алатыныма біржолата көзім жетті. Оның адамдық қасиеттеріне күмән келтіріп көрген емеспін, өйткені біз көптеген жылдар бойы бірге жұмыс істедік қой. Премьер- министр қызметіне тағайындағанымда да осыны ойлаған болатынмын. Бұл шешімге ел халқын психологиялық тұрғыдан дайындауға да мән бергенім рас. 2015 жылғы президенттік сайлаудың алдында,
Халықаралық әйелдер күні қарсаңында қоғам өкілдерімен кездескенімде кандидатурамды сайлауға ұсынуды өтінген мыңдаған хат- тар алып отырғанымды айтқаным, сонымен бірге, жеке жоспарым басқашалау болатын деп ағымнан жарылғаным да бар еді. Сол тұста Елбасы елді өмір бойы басқарсын деген ұсынысты референдумға шығару жөнінде әңгіме болған. Шығыс Қазақстанда жасалған ол ұсынысты елдің әр өңірі қолдап кетті. Оған бүкіл ел бойынша 5 мил- лиондай адам қол қойған. 5 миллион дауыс деген сайлаушылардың көпшілігі. Тіпті мұны мәселенің шешілуі деуге де болатын. Әрине, мен үшін қуанышты жағдай ретінде қарайтындай. Бірақ… Төңіре- гімдегі әріптестерім дабырлап қолдады. Мен шешім қабылдауым керек еді.
Өмірінің аяғына дейін лауазымды тек корольдер ұстайды. Олар билікті мұрагерлікпен алады. Егер біз бұлай істесек, әлемдік қоғамдастықта жаппай сынға ұшырар едік
. Екінші жағынан, 5 миллион адамның сөзін қалай жерге тастауға болады? Сондықтан мезгілі- нен бұрын сайлау өткізу қажеттігі туды.
2015 жылғы сайлауда халық маған
97,75 пайыз қолдаумен дауыс берді. Кей жерлерде тіпті кезекке ұзақ тұрып дауыс бергендер болды. Ресейден сайлауға байқаушы ретінде қатысқан атақты азамат,
ауған соғысының батыры, Ингуш Республикасының тұңғыш президенті
Руслан Аушевтің баспасөздегі сұхбатында осыған таң-тамаша қалып айтқаны есімде. Сондайлық
зор сенім көрсеткені үшін халқыма ризамын.
Одан кейін де төрт жыл өтті. Бірқатар өзгерістер жасайтын уақыт жетті.
2017 жылғы 15 қаңтарда ел жұртшылығын мемлекеттің саяси жүйесінде реформалар жасау қажеттігі жөнінде
хабардар еттім.
Тәуелсіздіктің бастапқы белесінде, бейберекеттік белең алған кезде күшті президенттік көлбеу билік мемлекет ретінде қалыптасу барысындағы алапат қиындықтарды еңсеру үшін керек болды. Ол кезінде өзін ақтады. Алдағы реформа басқару жүйесінің тиімділігін арттыруы тиіс еді. Солай жасалды да. Конституцияның он тоғыз бабына түзету енгізілді. Президенттің бірқатар өкілеттіктері мемлекеттік биліктің өзге тармақтарына таратылып берілді. Үкімет пен Парламенттің рөлдері анағұрлым күшейе түсті.
2018 жылдың 5 шілдесінде мен
«Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі туралы» Заңға қол қойдым, бұрын кеңес қосу-ақылдасу органы болып табылған бұл құрылымға кең өкілеттіліктер берілді.
Әйтсе де, елдің болашағы туралы ойлағанда әлемдік жағымсыз үрдістер қатты алаңдататын.
Кеңес Одағы ыдыраған,
социалистік лагерь тараған,
Варшава Шарты тоқтатылған,
«қырғи қабақ соғыс» аяқталған кезден кейін біркіндікті бола бастаған дүние қайтадан қоскіндікті болуға айналды.
Путиннің тұсында әлемдік держава қалпына келген Ресей АҚШ-пен тіресуге көшті. Қытай қатты күшейіп кетті. Мұндай жаңа жағдайда Қазақстан дамуының жаңа стратегиясы қалыптастырылуы, ел өмірінде жаңа белес басталуы қажет екендігі анық еді
. Бұл міндетті жүзеге асыруға болашақта кім басшылық жа- сай алады? Қазақстанның өркендеу жолын одан әрі жалғастырудың ауыр жүгін кім көтере алады? Биліктің тізгінін кімге сеніп тапсыра аламын? Осындай ойлар талай түндер бойы тыным бермейтін, тіпті жанымды жейтін. Ақыры түптің түбінде таңдауым Тоқаевқа тоқтады.
«Түсті» демей, «тоқтады» деуімнің мәні бар.
Қасым-Жомартты мен әуелде Қазақстан Үкіметін басқарып жүр-генімде,
1985 жылы Бейжіңге
КСРО Жоғарғы Кеңесі делегациясының құрамында барған сапарым кезінде
көргенмін. Қытай тілінде зулап тұрған келбетті қазақ жігіті есімде қалып қойған, өзімен сонда қысқа қайырым сөйлесіп те үлгергенмін. 1992 жылы Мәскеудегі ол жұ- мыс істеп жүрген
Сыртқы істер министрлігіне арнайы барып, елге шақырғанмын. Белгілі әннің сөзімен
«Бери шинель, пошли домой» дегенім де есімде.
Алайда… Иә, саясатта «алайдасыз» аяқ баса алмайсың. Ізбасар ретінде таңдаған адамыңа қанша жерден сенімдімін дегенде де, ел басшысының ауысуы оңай іс емес. Талай жылдан бері осы оқиғаның түбінде бір болмай қоймайтынын біліп, аңысын аңдып, барысын барлап отырған билік төңірегіндегі таласшыл топтарды былай қойғанда, отыз жылдай уақыт бойында бір адамның басшылығына бойы үйренген, жүрген-тұрғанына көзі үйренген, сөйлеген сөзіне құлағы үйренген халықтың қалыпты көңіл күйін аударып түсіруге тәуекел ету қиын-ақ.
Қай заманда да, қай қоғамда да биліктің ауысар тұсында сан түрлі тәуекел қоса жүреді. Ондай кезеңдерде елде сілкіністер басталып, тәртіпсіздік орын алып, әншейінде бұғып тұратын саяси күштердің билікке жанталаса ұмтылатыны аз болмайды
. Осыларды ескергендіктен де мен әуелі қоғамның тамырын басып көруге бел байладым.
2019 жылдың 4 ақпанында Конституциялық Кеңестен Конституциядағы президент өкілетінің тоқтауы туралы 42-бабының 3-тармағын түсіндіруді сұрадым. Шыны керек, бұған жұртшылықтың қатты елеңдеп кетпеуін қамдадым. Сауал түсірген күннің ертеңін- де-ақ мәлімдеме жасап, Конституциялық Кеңеске сұрақ қою әдеткі ресім екенін, бұл арқылы қандай жағдайда Президент өз еркімен отставкаға кете алады дегенді білгім келгенін айттым. «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы» заңға сәйкес, Конституциялық Кеңес Конституцияға ресми түсіндірме беруге құқылы. Заңнамада олқылықтардың орын алуы — болып тұратын жағдай. Мысалы, Конституцияда Президентті алмастыру жолдары айқындалмаған, сондай-ақ оның өз еркімен отставкаға кету жағдайы ойластырылмаған. Бұл Конституцияда қарастырылмаған. Ол жағы жазылмаған. Бұл мәселенің өзектілігі зор екенін ескеріп, мен Кон- ституциялық Кеңестен осы ережені түсіндіруді сұрадым. «Бүгінде қоғамды сайлау, транзит, тағы басқа мәселелер қызықтырады. Бірақ бұл тақырыпқа қатысты жұртты дүрліктірудің қажеті жоқ. Ата заңы- мызда, «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Консти- туциялық заңда сайлау өткізудің тәртібі мен уақыты, өкілеттіліктің аяқталу мерзімі анық жазылған. Конституцияға сәйкес Президент кезектен тыс сайлау өткізу жөнінде мәлімдеме жасауға құқылы, бірақ ондай жағдай бола қоймас. Сондықтан, тыныштық сақтап, күнделікті жұмыспен айналыса беру керек», дедім өз мәлімдемемде.
15 ақпанда Конституциялық Кеңес менің сұрауыма жауап беріп, «аталған нормада президент өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату не- гіздері толық емес» деп түсіндірді. Кеңестің пайымдауынша, «Негізгі заңнан мемлекет басшысының отставкаға шығу құқығы туындайды». Конституциялық кеңес таратқан хабарламада: «Конституцияның 42-бабы 3-тармағындағы «сондай-ақ президент қызметінен мерзімінен бұрын босатылған… жағдайда…» деген сөз тіркесі оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатудың негізі ретінде мемлекет басшысының отставкаға шығуын да қамтиды» деп жазылған.
Сонымен, мемлекет басшысының отставкаға кетуінің заңдық теті- гі айқындалды. Менің мәлімдемем де, Конституциялық Кеңестің түсіндірмесі де көпшіліктің күпті көңіл күйін түпкілікті тыншыт- пағаны түсінікті еді. Енді ойға алғанды іске асыруға нақтырақ кірістім.
21 ақпанда мен
Бақытжан Сағынтаев басқаратын Үкіметті отставкаға жіберу жөнінде шешім қабылдағанымды жарияладым. «Ішкі жалпы өнім тек шикізат есебінен өсіп жатыр. Үкімет пен
Ұлттық банк эконо- миканың өсуіне жағдай жасай алмады. Мемлекеттік бағдарламалар орындалғанымен, негізгі бағыттар бойынша нақты нәтижеге қол жетпеді. Жұмыс орындары аз құрылып жатыр. Әсіресе, ауылдарда жұмыс орындары аз. Шағын және орта бизнес өскен жоқ. Шағын және орта бизнесті дамыту әкімдер мен министрлердің негізгі міндеті болған еді», делінді менің мәлімдемемде. Көп ұзамай,
Парламент Мәжілісінің келісімі бойынша, мен Қазақстан Республикасының
Премьер-министрі қызметіне
Асқар Маминді тағайындадым.
Осы шешімдер, бұған қоса Қасым-Жомарт Тоқаевтың
жарты жыл- дай уақыт бұрын
Би-би-си телекомпаниясының журналисі
Стивен Сакурға берген сұхбатындағы бір сұраққа қайтарған: «Шынын айт- қанда, мен Президент Назарбаев екі мың жиырмасыншы жылы пре- зиденттік сайлауға бара қояды деп ойламаймын. Ол өте дана адам, әбден көкейге қонымды шешім қабылдайды. Менің ойымша, бізде жиырмасыншы жылғы президенттік сайлау Президент Назарбаевтың қатысуынсыз, басқа кандидаттармен өткізіледі. Әрине, бұл менің жеке пікірім. Президент шешімді өзі қабылдайды» деген жауабы елде үлкен бір өзгеріс болмай қоймайтынын және ол өзгеріс тым ұзаққа созылмайтынын айқын аңғарта бастаған еді.