Біз ел болып бірлесе, бір жағадан бас, бір жеңнен қол, бір ауыздан сөз шығарып, тәуелсіздігіміздің тұғырын бекіте алдық. Жаңа мыңжылдықтың жаңа парағын аштық. Халқымыздың ауызбірлігі мен еңбекқорлығының арқасында айналасы отыз жылдың ішінде ғасырға тең жылдарды артқа тастадық.
Қазір сол жылдардағы жетістіктерге сын айтудан тайынбайтындар да табылып тұр. Алайда көп шаруа тындырылғаны талассыз.
Осындай еліміз үшін аса маңызды тарихи сын күндерде менің жанымда болып, жасампаздықпен еңбек еткен, қолдаған, қиын-қилы күндерде адалдығын көрсеткен азаматтар баршылық. Сондай серік- тес жандардың маңдай тері мен қосқан үлесін мемуарлық кітапта разылықпен айту да бір ғанибет.
«Басқару дегеніміз — түзеу», деп
Конфуций айтқандай, біз қате- лесе жүріп, түзедік, түзелдік. Бірімізден біріміз үйрендік. Бірімізге біріміз тағылым бердік. Сөйтіп, тәуелсіздіктің тал бесігін тербетіп, балаң бостандықтың бесік жырын қуатты маршқа айналдырдық. Ол
«Менің Қазақстаным» болып асқақтады.
Ел бастау қиын болмайды, еретін халқың болса, қол бастау қиын болмайды, халықтық салтың болса, жол бастау қиын болмайды, жаныңды ұғар жолдасың болса. Осындай жақсы дос, ниеттес әріптес менің жанымда көп жүргеніне қуанамын. Арқамды арлы халқыма сүйеп, жасқанбай қимылдағаным да сондай адамдардың арқасы.
Алдымен айтатыным — Қазақстан Президенті
Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомартты алғаш рет 1985 жылы Бейжіңге барғанымда сон- дағы елшілікте көргенімді, сонда жадыма түйіп алғанымды
кітаптың бас жағында айтқанмын. Бір көргеннен-ақ есімде қалған еді. Мерей- тойыма орай 2020 жылы жариялаған
«Тарихи тұлға тағылымы» атты мақаласында Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Менің Елбасын алғаш көргеніме де 35 жылдың жүзі болыпты. Нұрсұлтан Әбішұлы 1985 жылдың қыркүйегінде Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы кезінде Қытайға келген еді. Ол кезде елшілікте жұмыс істейтінмін. Сонда Үкімет басшысының қытайлықтармен келіссөздер барысында байқалған мол біліміне, тоталитаризм тұсында қалыптасқан жайлар жөніндегі батыл ойларына, сөзінің жүйелілігіне бәріміз қатты разы болғанбыз. Елшілік қызметкерлерімен бас-аяғы екі жарым сағатқа созылған бейресми әңгімеден кейін бас қосқанымызда мен әріптес- теріме қарап: «Тегінде, біз Қазақстанның болашақ басшысымен сөй- лескен шығармыз» дедім. Арада бес жыл өткенде Нұрсұлтан Назар- баев еліміздің басшылығына келді» деп жазған. Өзінің
«Беласу» атты кітабында ақ жүректен ақтарылып: «Бұл үлкен жүректі адам менің қабілетіме сенді, сенді де оны өзім туып-өскен Қазақстан игілігі үшін аямай жұмсауыма жол ашты» деп те айтқан. Дәл солай.
Қ.К. Тоқаев 1992 жылы Сыртқы істер министрлігінің аппаратында жұмыс істеп жүргенінде елге шақырып, бірден министрдің орын-
басары қызметіне тағайындағанмын. Көп ұзамай министр болып бекітілді. Содан бері бірге жұмыс істеп келдік. Үш жылға жуық уақыт Үкіметті
басқарды. Шыны керек, дәл сол тұста кәсіби дипломат таза экономикалық мәселелерді біліктілікпен шеше ала ма деген күдік- күмән да айтылмай қалған жоқ. Мен, бәрібір, тәуекел еттім. Тәуекелім ақталды. Екінші жағынан, о бастан көзіме түскен, көңіліме қонған азамат ретінде оның болашағына сендім, түптің түбінде аса үлкен сенім көрсетілген жағдайда Үкімет басқарған тәжірибесі де қажет екенін ескердім.
МГИМО-ны үздік бітіріп, бірден КСРО Сыртқы істер министр- лігінің орталық аппаратына жұмысқа қалдырылуы, Сингапурда, Қытайда қызмет атқару сеніп тапсырылуы көп жайды аңғартады. Өйткені, әсіресе сол кезде Қытайда жұмыс істеу дипломатқа бөлекше жауапкершілік жүктейтін. Қасым-Жомарт Кемелұлы 1989 жылғы атақты
Тяньаньмэнь алаңындағы оқиғаның куәгері болған.
Ол мен тағайындаған лауазымдардың бәрінде лайықты қызмет атқарды. Қандай орында да оның бөлекше білімділігі, ішкі мәдениеті, ұйымдастырушылық қабілеті, бойына о бастан біткен ұстамдылығы, кеңестік дипломатияның биік мектебінен өткен кәсібилігі келісті көрініп тұратын. Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатын қа- лыптастыруда, әсіресе айналамыздағы елдердің бәрімен шекараны делимитациялап алуымызда оның білімі көмекке келді. Аспан асты елімен
шекара сызығы жөнінде келіссөз жүргізу кезінде біздің сырт- қы істер министрінің қытайтанушы болғанының, ұлы көршіміздің арғы-бергідегі саясатын, шекараның шытырман мәселелерін жетік білгенінің көп пайдасын көрдік.
Оның саяси және практикалық тәжірибесінің қалыптасуына мен де қатыстымын деп айта аламын. Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің «Беласу» атты кітабында бұл жайында да ақтарылып айтқан: «Сонау 1985 жылы болашақ тәуелсіз Қазақстан Президентімен кездескеніме тағдыр маған қанша ғұмыр берсе, соншалық ризашылық айтып өтемін. Сол қысқа кездесу болмағанда менің туған жерге қайта ора- луым екіталай еді, өз Отаныма ғана емес, одан тысқары көптеген жерлерге де танымал болуым мүмкін болмас та еді».
Қасым-Жомартты Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орын- басары қызметіне сол кездегі ұйым басшысы
Пан Ги Мунмен көңіл жарастығымды пайдаланып, ұсынғанымды
кітаптың сыртқы саясатқа арналған тарауында арнайы жазғанмын. Менің БҰҰ-ның Венадағы бөлімшесіндегі лауазымға қатысты алғашқы ұсынысым өтпей қалды. Әрине, мұндай мәселе салған беттен шешіле салмайды, ол ұсынған- нан, кандидатурасы қолдау тапқаннан бекітіле салатын қызмет емес.
Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл жұмысқа көптеген тесттерден, бай- ыпты байқаулардан өтіп барып
тағайындалды. БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесін басқару білім мен тәжірибені қажет ететіні түсінікті. Ол әлемдік деңгейдегі бұл қызметте де биіктен табыла білді.
Женеваға жүрерінде Қ.К. Тоқаевқа «Керек кезде елге шақырып аламын. Әрқашан дайын бол» деп ашық айтқанмын. 2013 жылы, яғни БҰҰ-дағы жұмысына екі жыл жаңа толғанда, ісі ілгерілеп, беделі биіктеп тұрған кезінде оның Қазақстанға қайтуын сұрауға тура келді.
«Тура келді» деуімнің мәнісі мынада. Сол тұста аяқастынан денсау- лығым сыр берді. Театрдағы салтанатты мәжілістен кейін, концерт бітіп, жұрттың бәрі орнынан көтерілетін кезде ложадағы орнымнан тұрайын десем, денем құрысып қалғандай, бойым алдыртар емес. Жұртқа байқатпай, креслода біраз отырып барып, бір кезде ғана де- немді тіктей алдым. Дегенмен, бұл бір сигнал еді. Жетпістің жуан ор- тасына жақындағанда жаспен санаспаса да болмайды екен. Металлур- гия комбинатындағы жылдар бойғы ауыр жұмыс ізсіз кетпепті. Жұ- мыс-жұмыс деп жүріп, аса ауыртпалық түсіріп жібергенімді түсіндім. Рас, артынша Израиль, Германия клиникаларында әбден қаралып, жағдайым дұрысталды. Әйтсе де, ойланбасқа болмай қалды. Прези- денттік — ауыр жұмыс. Қай жағынан да. Басқасын былай қойғанда, мұхит асып, он екі сағат бойы ұшатын сапарларға да мықты денсау- лық керек. Президенттің денсаулығы дыңдай, аттан түспейтіндей, алда жүретіндей болуы керек. Сөйтіп, Қасым-Жомартқа елге қайтуды, тағы да Сенатты
басқаруды ұсындым. Ондағы түпкі ой, әрине, белгілі. 2020 жылы, республика басшылығындағы қызметімнің 30 жыл- дығына арналып, Алматыда
өткізілген конференцияда
Оралбай Әбдікәрімов менің сол кезде оған айтқан «Мұндай шешімді неге қабылдағанымды түсініп отырған шығарсың. Түбінде менің орныма келесі Президент Қасым-Жомарт болады» деген сөзімді жұртшылық алдында жария еткен еді. Оралбай — сонау Қарағандыдан бері бірге жұмыс істеп келе жатқан, қызметтің сан алуан белестерінен өткен, өте адал, аузына берік азамат. Мемлекет құру жылдарында дәйім жанымда болғандардың бірі. Ешкімге аша қоймайтын сырды оған
сенгендіктен де айтқан едім.
Ойдағыны жүзеге асыратын уақыт 2019 жылдың көктемі болып
шықты. Сол екі арадағы бес-алты жылдың ішінде Қасым-Жомарт Кемелұлының ісіне де, өзіне де, сөзіне де әбден зер сала қарағаным түсінікті жай. Ақыры бұл мәселе — мемлекет тағдыры үшін аса маңызды мәселе жөнімен, жолымен, жақсы шешілді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттігі бүкіл әлем үшін де, ел үшін де аса күрделі кезеңге тап келді.
Қырымның Ресейге қосып алынуынан басталған ауқымды геосаяси шиеленістің аяғы
санкциялық соғыстарға ұласты, бірте-бірте бірполярлы болуға айналған дүние қайтадан биполярлы сипатқа ауысты. Шикізат бағасы шарықтап, ол қуат көздерінің қымбаттауына әкеліп соқтырды. Адамзаттың алдынан шыққан пандемия апаты бүкіл планетаны қамтып, Қазақстанды да қатты қыспаққа алды. Карантин жағдайында өндіріс көлемі қусы- рылды, шағын және орта бизнес тұралауға айналды, жүз мыңдаған адам жұмыссыз қалып, оларға әлеуметтік қосымша төлем жасауға тура келді. Ол аз болғандай,
Арыста,
Таразда қару-жарақ қойма- ларында алапат жарылыстар орын алып,
Мақтааралды су басты, Қордай жерінде
трагедияға жол берілді. Осы қиындықтың бәрін еңсеру оңайға түскен жоқ. Бұл кезеңде Қасым-Жомарт Кемелұлы қай жағынан да нағыз Мемлекет басшысы ретінде танылды. Ал
2022 жылғы қаңтар оқиғасының сынағы тіпті бөлекше болды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаңтар оқиғасынан кейінгі қадамда- рының бәріне бірдей қуанып отырдым десем, әрине, мұным адал сөзге жатпайды. Бәріміз пендеміз. Айналаңа, ет жақын адамдарыңа қатысты қабылданған қатаң шешімдерге толық объективтілікпен қарау қиын да. Дегенмен, құқықтық қоғам құру ісін кешенді түрде бастаған, сол жолда көптеген қиындықтарды еңсеруге тура келген, туысқандарымның кейбіріне түскен сынақты тек менің жақындарыма ғана емес, мемлекетіміздегі билік басында жүрген барша азаматтарға қатаң сабақ болды деп қабылдаған мен үшін заңнан биік ештеңе жоқ. Басшылардың, әсіресе бірінші басшылардың балаларының төңірегінде қай кезде де оларға неше түрлі қызмет, ақша ұсынатын жағымпаздар көп жүреді. Олардың түпкі ойы көздегенін алу, әл- гілер сол торға түседі. Бірақ оларда, яғни туысқандарда, балаларда жауапкершілік сезімі болуы тиіс. Болашақтағы басшылар осыны ескеруі керек. Сондықтан, егер бауырларым, ағайындарым менің қызметімді малданып, теріс әрекеттерге барған болып шықса, кінәсі сотта дәлелденіп, заңды шешім қабылданған жағдайда оның бәріне түсіністікпен қарайтын, шыдайтын, қалай дегенде де, қоғамдағы әділеттілікті орнықтыру жөніндегі жұмысты қолдайтын боламын.
2022 жылғы 20 қарашада «Астана-опера» театрындағы сайлау учаскесінде урнаға бюллетень тастап шыққан бетімде журналистер менен кімді қолдап дауыс бергенімді сұрады. Мұндайда не айтуға болады? «Менің билікті өз еркіммен кімге бергенімді білесіздер ғой? Өз таңдауымды сол кезде-ақ жасағанмын. Ол таңдауым — біржолата таңдау» деумен шектелдім. Ертеңінде Қасым-Жомарт Кемелұлы- ның атына жолдаған құттықтау жеделхатымда: «Сізді президент сайлауындағы айқын жеңісіңізбен риясыз көңілмен құттықтаймын! Бұл — мемлекет басшысы ретіндегі беделіңіздің айшықты айғағы, сондай-ақ ауқымды реформаларыңыз бен тың бастамаларыңызға және тәуелсіздік тағдыры таразыға тартылған сын сағатта көрсете білген табанды да шешімтал мінезіңізге, ақыл-парасатыңызға де- ген халықтың қалтқысыз сенімінің даусыз дәлелі. Алдағы уақытта да баршаның алғыс-ризашылығы мен құрметіне бөлене беруіңізге тілектеспін», деп жаздым.
Мемлекет басшысы үшін Қ. К. Тоқаевтың бойындағы сөзге беріктік пен таңдаған бағыттан таймау сияқты адамдық қасиеттер өте маңыз- ды. Мен мұны жоғары бағалаймын.