Нұрсұлтан Назарбаевтың «Менің өмірім. Бодандықтан – бостандыққа» атты кітабы – қазақ халқының ғасырлар бойы тәуелсіздікке ұмтылған арманын жүзеге асырған қазіргі Қазақстанның негізін қалаушының естеліктері. Бұрынғы президент өзінің жастық шағын, Кеңес дәуіріндегі және егеменді Қазақстан кезеңіндегі саяси қызметін және биліктің мұрагеріне ауысуын еске алады. Ол жеке өзі қатысқан тарихи оқиғаларды егжей-тегжейлі баяндайды. Бұл мемлекеттің жойылуы мен құрылуы, көпұлтты елде тәуелсіз саясат жүргізу және оның бірлігін сақтау туралы шынайы әңгіме. Автор билікті кім және не үшін алатынын және миллиондаған адамдардың тағдыры үшін жауапты екенін түсіндіреді. Сонымен қатар, ол алғаш рет отбасылық өмірінің қыр-сырын ашық айтады.
Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің «Орыстар мен украиндардың тарихи бірлігі туралы» атты мақаласы: «Жақында,
«Тіке желі» барысында Ресей-Украина қатынастары туралы сұраққа жауап бере келіп, орыстар мен украиндар — бір халық, біртұтас халық екенін айттым» деп басталады. «Кейінгі жылдарда Ресей мен Украинаның арасында, шын мәнінде біртұтас тарихи және рухани кеңістіктің бөлшектері арасында пайда болған дуалды үлкен ортақ қасірет ретінде, трагедия ретінде қарайтынымды бірден атап айта- йын» делінеді мақалада. Бұл екі ел арасындағы шиеленістің осынша шарықтауына Ежелгі Русьтің ортақ мұрагерлері болып табылатын орыстар мен украиндар ғана емес, олармен ғасырлар бойы араласып- құраласқан біз де қинала қараймыз. Украинаның бәрімізге ортақ кеңістіктен алыстауы жалындаған жастық шағы, бозбала дәуренінің ең бір тәтті жылдары сонда өткен адам ретінде менің де жанымды жабырқататынын жасырмаймын. Ол елдегі дағдарысқа араағайын- дық ету үшін бірқатар мемлекеттер басшыларының маған қолқа салуының бір себебі осында.
Иә, біз 1958–1960 жылдары Украина жерінде болып, металлург мамандығын игердік. Сол жылдары ел азаматтарымен тығыз қатыс- тық. Бірге оқыған украин достарымыздың хуторларына барып, өмір салттарымен таныстық. Сондағы ойлар мен сезімдер көңілімізде терең із қалдырды. Бұл халық өте қарапайым, бауырмал, еңбекқор екенін көрдік. Тіршіліктерінде қазақтарға ұқсас тұстар да бар екен. Украиндардың өзін де, сөзін де сүймеу мүмкін емес. Кейбір украин достарыммен әлі күнге дейін араластығымды үзбегенмін.
В. Путиннің мақаласында «Бұл, бәрінен бұрын, әртүрлі кезеңдерде жіберілген өзіміздің қателіктеріміздің салдары. Сонымен бірге, бұл қай кезде де біздің бірлігімізді қопаруға ұмтылып келген күштердің мақсатты жұмысының да нәтижесі» деп те ашық айтылған. Бауыр- ластар бірлігін бұзуға барын салатын әрекет иелерінің жайы белгілі. Батыс елдері — АҚШ бас болып, Украинадағы жағдайды қолдан құтыртуға, сөйтіп басты қарсыласы, басты бәсекелесі — Ресейді қай жағынан да тұқыртуға көптен әрекет жасап келеді. «Өзіміздің қа- теліктеріміздің салдары» — терең тезис. Тарих қайталанып тұрады. Айналып келген сайын өткендегі жетістіктерді де, кемістіктерді де алдыңнан шығаратыны болады.
Басқасын айтпай-ақ, соңғы бес ғасырдың ішінде украин тілін жою жөніндегі патшалық Ресейдің жүйелі жұмысы жаныңды түршіктіреді. Арнайы әдебиеттен мына жайларды білдім.
1622 жылы Михаил патша украинша басылған «Інжілдің» бәрін өртеуді бұйырады. 1720 жылы І Петр украин тілінде кітап басуға тыйым салатын жарлық шығарады. 1763 жылы Екатерина ІІ Киев-Могилян академиясында украин тілінде сабақ беруге тыйым салады. 1747 жылы Кирилл-Мефодий бауырластығы талқандалып, украин тілі мен мәдениетін аяусыз қудалау күшейтіледі, Шевченконың, Кулиштің, Костомаровтың, тағы басқалардың таңдаулы туындыларына шек қойылады. 1864 жылы бастауыш мектеп туралы жарғы қабыл- данып, оқу тек орыс тілінде жүргізілуге көшеді. 1881 жылы халық мектептерінде шіркеу дұғаларын украин тілінде айту, ал 1892 жылы кітаптарды орысшадан украиншаға аудару тоқтатылады. Осылай кете береді, кете береді. Әрине, мұнымен қазіргі украин ұлтшыл- дарының орыс тілін соншалықты тұқырту саясатын ақтаудың жөні жоқ. Сонымен бірге, кез келген істің әйтеуір бір кезде жаңғырығы болмай қоймайтынын, бабалардың қателіктері үшін ұрпақтарының құн төлейтіні де кездесетінін ескерген жөн.
Бұның бәрі — жасалған өктемдіктердің салдары. Соңғы жылдардың өзінде кейбір Ресей шенеуніктері баяғы өктемдікті тоқтатпады. КСРО күйреген кезде Украина да біз көрген азаптың бәрін көрді. Оның үстіне экспорттық тауарларының көпшілігін тек Ресейге шығаруға мәжбүрледі. Ресей импортқа шектеулер қойды. Ең негізгі келіспеу- шілік газ бағасын Германияға жіберген газдың бағасынан жоғары қойып, қинады. Сондай жаншып бағындыру да өз әсерін тигізді. Бұл жөнінде Украина басшыларының өтінішімен Ресей басшыларымен талай рет сөйлестім. Болмады. Осы оқиғадан дұрыс қорытынды жасауымыз керек. Қателіктер екі жақтан да жіберілді деп Ресей пре- зиденті В. В. Путиннің айтқаны жөн сөз.
Украина дағдарысы — ХХІ ғасырдың басындағы ең күрделі сын-қа- терлердің бірі. Ол дағдарыс елдің оңтүстік-шығысындағы егесумен шектелмейді. Бұл — кешенді құбылыс. Ол Майданнан әлдеқайда бұрын басталған. Оның бір себебі әуелде ұлтаралық, кейіннен мемле- кетаралық қатынастарда жіберілген қателіктер десек, басты себебі — ұлттық картаны қолда ойната отырып, адамдар арасына жылдар бойы жүйелі түрде жік салып келген, арғы түбінде бауырлас ха- лықтарды бір-бірінен бөліп әкетуге, бара-бара бір-біріне айдап салуға ұмтылған және сол мақсатына негізінен жеткен сыртқы күштердің сұмдық сойқаны. Бір бұтақтан тараған орыс пен украинның арасын осыншалықты аша алатын ол күштердің алапат әлеуетін ұдайы есте ұстауға тура келеді.
Украинада 2014 жылы орын алған оқиғалар көзі қарақты оқырманның бәріне де белгілі. Содан бергі кезеңде Донбасста антитеррорлық операция деген атаумен ондағы орыстілді жұртшылыққа не істелгені де бүгінде баршаға мәлім. Сондықтан оларға тоқталып та, баға беріп те жатпай-ақ қояйын.
Менің айтпағым — біздің бітімгерлік миссиямыз туралы. Қазақстан Республикасының Президенті қызметімде менің халықаралық мәселелер жөніндегі көмекшім болып келген Нұрлан Онжанов өзінің «Бітімгер» атты кітабында сол жылдың басындағы оқиғалар туралы былай дейді:
«Оқиғалар, күшейе түскен дағдарыстан шығудың басқа жолдарын табуға әрекеттер болғанына қарамастан, жедел дамыды. Оның үстіне, болып жатқан оқиғалардан хабар таратқан ақпараттар ағынында, сондай-ақ 2014 жылғы наурыздың 10-ы мен 14-і аралығында Қазақстан Президентінің АҚШ, Германия, Ұлыбритания және бірінші кезекте Ресей басшыларымен бірқатар телефон арқылы сөйлесулері болды деген хабар көрініс берді. Іс жүзінде, бұл Қазақстан басшысының осындай күрделі геосаяси мәселеде араағайындық күш-жігер та- нытқан алғашқы оқиғасы еді.
Барлық телефон арқылы сөйлесулер референдум өткенге дейін болғанын қаперге алсақ, әңгіменің не туралы өрбігенін түйсіну қиынға түспесе керек. Батыс елдерінің басшылары Н. Ә. Назарбаевқа Ресей Президенті В. В. Путинмен Қырым үдерістеріне ықпал ету туралы сөйлесуін сұрап, өтінішпен шықты деп батыл түрде болжам жасай аламын. Атап айтқанда, Қазақстанның Германиядағы Елшісі ретінде мен Мемлекет басшысының А. Меркельмен телефон арқылы сөйле- суін ұйымдастыруға тікелей қатыстым. Осы әңгімені дайындау бары- сында және оның мазмұнын өзімнің неміс әріптестеріммен кейінгі талқылауларым кезінде менің батыстық серіктестердің Нұрсұлтан Назарбаевты осы күрделі мәселені талқылауға болатын және сенім артуға лайықты адам ретінде көргеніне көзім жетті».
Арада жылдар өткеннен кейін мен оның бұл болжамын растай аламын. АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Ресей басшыларымен әңгіме барысында ең алдымен Украинадағы ахуалға араласып, араағайындық жасау жөнінде айтылған еді.
Украинадағы жағдай күн өткен сайын дерлік асқына түсті. 6 сәуірде Донецк, Луганск, Харьков облыстарында әкімшілік үйлері, құқық қорғау органдарының ғимараттары басып алына бастады, 12 мамырда өткізілген референдумдар арқылы өз-өздерін Донецк Халық Респуб- ликасы, Луганск Халық Республикасы деп жариялаған құрылымдар Ресейдің құрамына өту, Новороссияға бірігу тілектерін мәлімдеді. Онсыз да шиеленісті ахуал 2014 жылғы 17 шілдеде Амстердамнан Куала-Лумпурға ұшып бара жатқан малайзиялық ұшақтың Украина аспанында атып түсірілуінен, борттағы 295 адамның түгел қаза табуынан кейін тіпті ушығып кетті.
Бұл аралықта маған басқа елдердің басшылары да хабарласа баста- ды. 2014 жылдың 29 шілдесінде Италия Республикасының премьер- министрі Маттео Ренци Еуропалық Одақ Кеңесінің іс басындағы төрағасы ретінде осы мәселе бойынша қоңырау шалды. Мен соның ертеңінде Ресей Президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесіп, М. Ренцимен әңгіменің жай-жапсарын талқыладым. Мұнан кейін, 2014 жылдың 11 тамызында Беларусь Президенті А. Лукашенкомен телефон арқылы әңгімеде Еуразиялық «үштік» пен Украина кездесуін өткізу ықтималдығы талқыланды. Аталған кездесуді Астана- да өткізу ұсынылды. Бұл ұсынысты жасаған — Финляндия президенті Саули Ниинистё. Ол маған 18 тамызда телефон шалған-ды. Әрине, біз оған дайын екенімізді айттық. Алайда Еуропалық комиссия төрағасы Ж. М. Баррозумен ақылдасу нәтижесінде Беларусь, Қазақстан, Ресей, Украина және Еуропалық Одақ басшыларының алғашқы кездесуі 2014 жылдың 26 тамызында Минскіде өткізілетін болып келісілді. Оның алдында Путин мен. Порошенконың жеке кездесуін ұйымдастыру қажет еді. Біздің бұл ниетіміз жүзеге асты. Мәселелер алғаш рет ашық түрде талқылана бастады. Британдық сарапшы Марк Ахмед: «Кеден одағы көшбасшылары мен Украина президентінің Минскіде өткен кездесуі — орын алған дау-жанжалдарды шешудегі алғашқы орасан зор серпіліс. Келіссөздің жоғары деңгейде өтуі және түбегейлі қарама-қарсы көзқарастардың дипломатиялық арнаға шығарылуы — тараптардың қарама-қарсылықтарды мейлінше аз шығындармен аяқтауға деген шынайы ниеттерінің айғағы» деп жазған еді.
Президент Порошенкомен әңгімеде ол кездесу Еуропа елдерінің қатысуымен өтсе тиімді болатынын мәлімдеді. Осы істі жалғастыру үшін мен Берлинге барып, канцлер А. Меркельмен келіссөз өткіздім. Ол қатысуға келісімін берді. Берлиннен Киевке келіп, Порошенкомен тағы сөйлестік. Киевтен Мәскеуге келдім. Президент В.В. Путинге атқарылып жатқан жұмыс жайында айттым. Минск кездесуі осылай ұйымдастырылды.
28 тамыздан бастап Украинаның Ресей жақ бетіндегі жағдай қатты шиеленісті. Бұл кезде Ресей азаматтарының Украинадағы соғыс қи- мылдарына қатысуы туралы айтылып жүрген әңгіме ақыры ақиқатқа айналды. Жасақшылар арасында мыңдаған еріктілер бар екені ашық мәлімделді. НАТО өкілі тіпті ондағы ресейлік әскерилердің саны мыңнан асады деуден де тайынған жоқ. Сол тұста украин әскерлерінің үлкен тобы Донбасста қоршауға алынған еді. Бірақ жағдайдың сонша- лықты асқынғанына қарамастан, екі жақта да соғыс жағдайы енгізілген жоқ. Сарапшылар Минск келіссөзі болмағанда, соғыс туындап кетуі мүмкін еді дегенді де айтып, жазып жатты. Оған жол бермеген негізгі себеп — П. Порошенко мен В. Путиннің телефон арқылы сөйлесуі. Осы іске қозғаушы болғаныма шүкіршілік еттім.
Алайда босаңсудың ешқандай жөні жоқ еді.
Украинаның экс-президенті Леонид Кучмамен 7 қазанда, Германия федералдық сыртқы істер министрі Франк-Вальтер Штайнмайермен 14 қарашада, Швейцария Конференциясының президенті, ЕҚЫҰ-ның іс басындағы төрағасы Дидье Буркхальтермен 20 қарашада, Франция президенті Франсуа Олландпен 5–6 желтоқсанда өткен кездесулер, келіссөздер барысында Украинадағы дағдарыс мәселесі үнемі қозғалып отырды. Ф. Олландтың сапарына арнайы тоқталайын. Кездесу Астанада басталып, Алматыда жалғасты. Сапардың бағдарламасындағы іс-ша- раның бірі — Сорбонна университетінің Алматыдағы филиалын ашу. Біздің әңгімеміз өзара сенімге құрылды. Франция президентімен Украинадағы жағдай бойынша ымыраға келудің және қалыптасқан жағдайдан шығудың жолын іздестірудің қажеттігі туралы қорытын- ды жасадық. Ресейге қатысты өз ойымды: «Мен ешкімнің де, соның ішінде Путиннің де адвокаты болғым келмейді, бірақ менің объек- тивті талдауларым Украинадан кейін дәл сондай «көктемді» Ресейде ұйымдастыру ниетінің жүзеге аспағанын, оның «Қырым көктемімен» аяқталғанын көрсетеді. Ресейдің қуатын дұрыс бағаламауға болмайды. Ол — аумағы жөнінен ең үлкен және ең бай ел» деп ашық айттым. Әңгіме мұнымен де шектеліп қалмады. Олландпен сеніскен рай- дағы келіссөз барысында маған Франция Президентін көп кешік- тірмей Ресей Президентімен кездестірсе жақсы болар еді деген ой келді. Қалай, қашан, қайда? Әдетте мемлекеттер басшыларының кездесулері күні бұрын межеленеді, қарастырылатын тақырыптар алдын ала талқыланады. Ондай талаптардың бәрін сақтай беруге уақыт тар. Украинадағы атыстың тоқтамай тұрғаны анау. Мен Ол- ландты дағдарысты реттеу жөніндегі ресейлік ұстаныммен егжей- тегжейлі таныстырдым. Олар француз президентін қызықтырған сияқты көрінді. Путинмен кездесуден бас тартпайтыны сөздерінен байқалып қалып отырды. Сол кездесуді осы күндерде-ақ ұйымдасты- рып жіберсек қайтеді?.. Мысалы, Қазақстаннан қайтар жолда Олланд Мәскеуге аялдаса, тіпті уақыт таппаса, әуежайда болса да Путинмен кездессе қайтеді?.. Осы мүмкін бе? Дипломатияда, әсіресе мемлекет басшылары арасындағы дипломатияда мұндай жағдай бола ма өзі?
Бұрын болған жоқ. Бірақ болады екен.
Президент Олланд ондай кездесудің қажеттігі және шұғылдығы жөніндегі менің айтқан тосын ойыммен келісті. Әрине, мен мұндай ұсынысты жасарда оны Ресей президентімен алдын ала пысықтап алғаным өзінен-өзі түсінікті шығар. Өйтпесе де болмайды. Олланд келісіп, Путин келіспей жүрсе тағы… Владимир Владимировичтің кесімді мінезін білемін ғой. Путин Олландпен кездесуге дайын екенін хабарлады. Бұл әңгімені Франция президентіне жеткізіп, оның мақұл- дауын алдым. Сол-ақ екен, бүкіл әлемнің ақпарат агенттіктерін сен- сациялық тақырыптар қойылған хабарлар шарлай жөнелді. Жоспар- ланбаған кездесу! Аяқастынан қабылданған шешім! Қазақстаннан Францияға бара жатқан жолда Олланд Мәскеуге соғып, Путинмен кездеспекші! Негізгі тақырып — Украина! Кездесудің бастамашысы — Назарбаев! Осылай кете береді.
Олланд пен Путин 6 желтоқсанда Мәскеудің Внуково әуежайында кездесті. Белгілі саясаттанушы Ю. Солозобов бұл жайында: «Осымен қазақстандық көшбасшы РФ мен Еуропа арасындағы ұзаққа созыл- мақ жанжалдың алдын алды және еуропалық саясатты сындарлы ойлау рельсіне қайта қондырды. Нұрсұлтан Назарбаев, сондай-ақ, батыстық саясаткерлер назарын санкциялар тығырығынан шығудың шынайы жолы ретіндегі В. Путинмен тұрақты үнқатысу қалыбына түсірді. Халықаралық шиеленістегі жаңа «бәсеңсу» Еуразиялық экономикалық одақтың белсенді мүшесі ретіндегі Қазақстанның өзі үшін де тиімді. Бұл қадам Қазақстан Республикасының және оның көшбасшысының әлемдік беделін нығайтуға да қызмет етпек» деп жазған (Ю. Солозобов. «Гроссмейстерский ход Нурсултана Назарбаева». Экспертная оценка. Информационно-аналитический центр 07.12.2014. www/ia centr.ru/expert/19707/). Кездесуде фран- цуз президенті шиеленістің басты ошағы — Украинадағы жағдай- ды талқылауды бірден ұсынған, Владимир Путин жауап ретінде Украинаның аумақтық тұтастығы туралы және оңтүстік-шығыстағы бітімге келуді қамтамасыз етудің қажеттігі туралы бірқатар маңыз- ды мәлімдемелер жасаған. Сарапшылар француз президентінің:
«Бізді жаңа қабырғалардың бөлуіне жол бермеу қажет деп ойлай- мын. Бізге шешімді бірлесіп іздеуге тура келеді» дегенін, В. Путин өз кезегінде француздық әріптесінің сапары көптеген халықаралық проблемаларды шешуге көмектесетініне сенім білдіргенін атап өткен. Мәскеуден қайтарда Олланд Путинмен кездесу «дер кезінде және пайдалы» болғанын баса көрсеткен.
4 желтоқсанда П. Порошенко 9 желтоқсаннан бастап «тыныштық күнін» енгізу, сол күннен Донбасстағы ұрыс қимылдарын тоқтату мүмкін екенін мәлімдеді. Халық жасақтары өз тарапынан Минск уағдаластығын бұзбайтындарын, іс-әрекеттерін Киевтің әлеует күштерінің іс-әрекеттеріне ғана сай жүргізетінін хабарлады. 9 жел- тоқсанда «тыныштық күні» басталды.
2014 жылғы 19 желтоқсанда П. Порошенко маған хабарласып, Украинаға бұрыннан айтып жүрген шақыруын тағы да қуаттады. 22 желтоқсанда, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің және Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысына барар жолда, Украинаға сапар жасаудың сәті түсті. Сапар қорытындысы бойынша өткізілген брифингте П. Порошенко:
«Украинаның шығысындағы жағдайды одан әрі ушықтырмау жөнін- дегі біздің өзара іс-қимылымыз бен ұстанымдарымызды үйлестіру жеке мәселе ретінде қарастырылды. Қазақстан халықаралық құқық нормаларын сөзсіз сақтау ұстанымын білдірді. Өзінің халықаралық аренадағы ықпалын жағдайды реттеуге пайдаланғаны үшін Қазақстан президентіне алғысымды білдіремін» деп атап өтті.
Біз Киевтен Мәскеуге, Внуководан Кремльге жеткенше В. Путин, А. Меркель, Ф. Олланд және П. Порошенко бір-бірімен телефонмен сөйлесіп үлгерді. Әңгімелерде «Нормандтық төрттіктің» саммитін ұйымдастыру мәселелері қаралды және бұл үшін Астана ең қолай- лы қала ретінде ұсынылды. Біз мұндай алаңды кез келген уақытта ұсынуға дайын екенімізді білдірдік. Жыл аяқталарда, 30 желтоқ- санда Ақорда сайтында: «Келіссөз нәтижесінде Украина президенті П. Порошенкомен және Ресей президенті В. Путинмен ГФР канцлері А. Меркельдің және Франция президенті Ф. Олландтың қатысуы жағдайында Астанада екі елдің басшыларының кездесуін өткізудің мүмкін екені келісілді. Қазақстан өз тарапынан 2015 жылдың 15–16 қаңтарында немесе тараптар үшін басқа да қолайлы уақыттарда келіссөзді өткізуге дайын» деген хабар жарияланды.
Бірақ бұл кездесу Астанада өткен жоқ, Минскіде өтті. Неге? Мұның себебі қарапайым.
Германияға барғанымды жаңа айттым ғой. Еуропада басталып кеткен Рождество мерекесіне байланысты А. Меркельмен 27 жел- тоқсан күні ғана сөйлесе алдым. Канцлер менімен украин мәселесін талқылағысы келетінін айтты және бұл үшін көп ұзатпай Берлинде кездесуді ұсынды. Келесі жылдың қаңтарында қысқа мерзімді дема- лысқа шығуды жоспарлап отыр едім, әйтсе де, мынадай маңызды мәселе үшін демалыстан бас тарта тұрдым да, Германияға баратын болып шештім. Келіссөз барысында біз украин жанжалын тек бейбіт жолдармен ретке келтіру мүмкін деген ортақ ұстанымымызды қуат- тадық. А. Меркель менен «норманд төрттігі» кездесуін нақ Астанада өткізу қаншалықты қағидатты мәселе деп ашық сұрады. Мен ашық айттым: қағидатты емес, ең бастысы — нәтиже. Канцлер ханым ол орынға Минскіні ұсынды. Біріншіден, Байланыс тобы жақын жерде болады, олар жағдайды бақылауға, оқ атуды тоқтату жөнінде нақты нәтижеге қол жеткізуге көбірек мүмкіндік алады. Екіншіден, Олланд та, Меркель де сол кездесуден кейін Брюссельге — Еуроодақ Кеңесінің отырысына ұшып баруы тиіс. Астанаға барып-қайтуға үлгермейді. Жарайды. Біз өз сөзімізді айттық, ниетімізді білдірдік, дайындығы- мызды қуаттадық. Ең бастысы — «төрттік» пішімінде кездесу идеясын көтердік және ол идея қолдау тапты. Мәселе шешілсе болды.
Әлемдік дипломатиядағы ең ұзақ келіссөздің бірі, тегінде, Минск кездесуінде өткен шығар. Ол келіссөз 16 сағатқа созылған. Күні бойы, түні бойы жүріп, 12 ақпанда таңға жақын аяқталған. В. Путиннің таңертең журналистерге айтар сөзін: «Қайырлы таң! Бұл менің өмірімдегі ең бір жақсы түн болған жоқ, алайда атқан таң, менің ойымша, қайырлы, өйткені келіссөз үдерісінің барлық қиындықтары- на қарамастан, біз ең басты мәселеде келісімге келуге қол жеткіздік» деп бастайтыны сол кез еді. А. Меркельдің: «Енді үміт ұшқыны пайда болды» дейтіні де сол кез. Бұл ойын канцлер ертеңінде, 13 ақпанда маған телефон соққанда да қуаттады. Ангела ханым ерекше әдепті адам ғой, сөздің ретін келтіріп, кездесу орнын Астанадан Минскіге ауыстыруды ұсынғаны үшін ғафу өтініп жатты. Мен Берлиндегі сөзімді қайталадым: ең бастысы — нәтиже.
Нәтиже — Украинаның оңтүстік-шығысында тыныштық орнағаны. Екі жақ ажырату сызығынан ауыр қару-жарақтарды шығара бастады. Атыс тоқтады. Алты мыңнан астам адамның өмірін қиған, ондаған мың адамды жарадар еткен, бір жарым миллион адамды босқынға айналдырған ұрыс қимылдары толас тапты.
Біздің Украинадағы дағдарысқа байланысты бітімгерлік қыз- метіміз жайында жеткілікті жазылған. Сол пікірлердің бірінен үзінді келтірумен шектелейін. Ресейлік қаламгер Сергей Плеханов былай дейді:
«2014 жылдың жазы мен күзінде Украинаның шығысындағы дау-жанжалға араағайындық жасау президенттік дипломатия- ның маңызды парағына айналды. Киев билігі мен Донбасс қарулы жасақтарының тіресуіне әкеліп соқтырған ұзақ қантөгістен кейін тараптардың бітімге келуі одан бетер қиындай түскендей еді. Жан- жалға жанама түрде тартылған Ресей бітімгерші рөліне мүлде жа- рай қоймайтын. Осындай жағдайда беделді өңірлік күш ретіндегі Қазақстанның рөлі күрт өсе түсті. Елдің Киевпен және Мәскеумен бірдей достық байланыстары бар, сондай-ақ, Еуроодақпен және АҚШ-пен арадағы сенімді қарым-қатынастар да бұрыннан қалып- тасқан. Астанаға әлемдік жетекші державалар өкілдері жиі-жиі келе бастады. Президент АҚШ президентімен, Германия канцлерімен, Ұлыбритания премьер-министрімен және әлемдік саяси сахнаның басқа да жетекші ойыншыларымен телефон арқылы сөйлесті. Одан Владимир Путинмен қалай жұмыс жүргізу керектігі, ресейлік көш- басшыдан нені күтуге болатыны жөнінде ақыл-кеңестер сұрады. Екіжақты қарсылықтардың дами түсуіне байланысты Украинадағы дағдарысты реттеудегі Қазақстанның шешуші рөлі барған сайын айқын бола түсті».
«22 желтоқсанда Нұрсұлтан Назарбаев Киевке келді. Президент Порошенкомен және үкімет басшысы Яценюкпен ұзақ сағаттарға созылған келіссөз жүрді. Қазақстан көшбасшысы өзімен әңгімелесушілердің дағдарыс ахуалын шешуге қалай қарайтынын өз ауыздарынан естіп білгісі келді. Мәміле мүмкіндігін талқылау үшін ол Киевтен бірден Мәскеуге келді. Одан соң германиялық канцлер Мер- кельмен және француз президенті Олландпен телефон арқылы сөй- лесті. Осылайша Қазақстан астанасында төрт ел көшбасшыларының жоғары деңгейдегі кездесуін өткізу идеясы туындады.
Жарты айдан соң, Ресейдің, Украинаның және Францияның көш- басшыларының Астанада кездесу туралы қағидатты келісімдеріне қол жеткізе отырып, Қазақстан Президенті Германия канцлерімен келіссөз жүргізу үшін Берлинге аттанды. Ангела Меркель де жанжал- дасушы тараптардың Минск келісімін нақтылы сақтауы жағдайында Назарбаев бастамасын қолдайтынын білдірді.
Бірақ осыдан соң көп ұзамай Донбасста шиеленіс жаңаша қарқын алып, ұрыс қимылдары үдей түсті. Соның алдында қол жеткізілген- дердің бәріне қатер төнді. Осы сәтте (21 қаңтарда) АҚШ президенті Обама Астанаға телефон шалды. Ол Назарбаевқа оның дағдарысты реттеудегі сындарлы рөлі үшін, татуластыру үдерісіне неғұрлым ықпалды саясаткерлерді тарта білгені үшін алғыс айтты. Оған жауап ретінде Қазақстан президенті Обамаға украин мәселесі бойынша бітім іздеу ісіне неғұрлым белсенді араласу жөнінде өтініш білдірді. Әңгімелесуші жақ қайғылы оқиғаны дипломатиялық жолмен шешу- ді жақтайтынына, Минск келісімдерін орындаудың оның кілті болып табылатынына Назарбаевты сендірді. Ол халықаралық қауіпсіздікті нығайту ісіндегі Қазақстанның күш-жігерін жоғары бағалады және Назарбаевтың өзінің жанжалды бейбіт жолмен шешу жолын іздеуге белсенді атсалысуын одан әрі жалғастыратынына сенім білдірді.
Қазақстан президенті ұсынған «норманд пішінінде» (Украина мен Ресей басшыларының бетпе-бет емес, жетекші еуропалық елдер көш- басшыларының араға жүруімен кездесуі) келіссөз өткізу идеясы ақыр соңында 2015 жылдың 11–12 ақпанында жүзеге асты. Минскіде өткен ұзаққа созылған келіссөзден кейін қол жеткізілген уағдаластықтар берік бейбітшілік орнатуға жол ашу мақсатын көздеді. Егер, әрине, жауапты көзқарас басым түсіп, егер атысты тоқтатуды тараптар күш көрсету арқылы шешуге деген жаңа талпыныс алдындағы тыныс алу ретінде ғана қабылдамаса».
Владимир Путиннің мен сөз басында мысал келтірген мақаласы «Ресей ешқашан «анти-Украина» болған емес, болмайды да. Ал Украи- наның қандай болмағын оның азаматтары шешеді» деген сөзбен түйінделеді.
Украинадағы қақтығыстың алдын алудың, бетін қайтарудың ақыры сәті түспеді. Біздің қолдан келгені сол соғыс оты тұтануының уақытын созу ғана болып шыққанын бүгін көріп отырмыз. Амал нешік. Бұл істе екі жақтан да үлкен кемшіліктер жіберілді. Әсіресе, Украинаның сол кездегі президенті Петр Порошенконың шешуші сәтте келіссөзден басын ала қашуының теріс әсері көбірек болды дер едім. Кезінде менің Қарабаққа барған сапарым жөнінде жазған белгілі журналист Михаил Чирковтың мына сөздеріне назар салайық: «Нұрсұлтан Назарбаев алдымен Минскіде, одан кейін Киевте Петр Порошенконы Ресеймен татуласудың ең жақсы жолы Путинмен көзбе-көз, ашықтан-ашық сөйлесу, тығырықтан шығудың жолын бірлесе іздеу екеніне сендіріп бақты, Астананы келіссөз алаңы ретінде ұсынды да. Көзін жеткізе алмады. Қазақстан көшбасшысының арқасында Сириядағы азамат соғысын тоқтату мақсатымен Женевадан кейінгі жаңа келіссөз орта- лығына айналғаны сияқты, Қазақстан астанасы «Минск процесінің» жаңа алаңына әбден-ақ айнала алар еді». Қайтерсің, «Худой мир лучше доброй ссоры» деген мақалды соны шығарған славяндардың өзі ескермей жатады кейде.
Өкінішке қарай, біздің осыншама күш жұмсаған атысты тоқтатуға қол жеткізген бітімгерлік әрекетіміз нақты нәтижеге қол жеткізбеді, баянды бейбітшілікті түпкілікті қамтамасыз ете алмады. Саясатта ойлағаныңның бәрі бірдей орындала бермейді. Оған көп факторлар әсер етеді. 2022 жылғы 8 маусымда Германияның экс-канцлері Ангела Меркель 2015 жылғы бітімгерлік іс-шараларды сынағандарға жауап ретінде ол кездегі келісім Украинада тыныштық орнатқанын еске салды. «Егер дипломатия табысқа жетпесе, ол қате болды деген сөз емес» деді ол. Мен бұл сөзге қосыламын. Алайда өзім дәйім құрмет- пен қарап келген Меркель ханымның дәл сол 2022 жылдың аяғында Zeit агенттігіне берген сұхбатында Минск келісімі Украинаға уақыт ұту үшін жасалған еді дегеніне таңданбау мүмкін емес. Мұндайда дипломатия тілін жиып қойып сөйлейтін Беларусь Президенті Александр Лукашенконың «Егер, расында да, бәрі оның айтқанындай болса, бұл жиіркенішті» деген сөзін еске салумен тоқтайын.
2022 жылдың ақпан айында Украинада Ресейдің арнаулы әскери операциясы басталды.
Горбачевтің сыртқы саясаттағы қателіктерінің бірі — кезінде Батыс елдерімен тиісті уағдаластықтар ( екі Германияның қосылуы, Варшава Шартының күші жойылуы, Ауғанстаннан кеңес әскерлерінің шығарылуы, тағы басқа) жасаған кезде НАТО-ның Шығысқа қарай жылжымайтындығы жөніндегі уәдені қағазға түсіріп, хаттамағандығы. АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Джеймс Бейкер келіссөз кезіндегі ауызша әңгімеде «НАТО Шығыс жақ бетке кеңейтілмейді» деген, бұл соған сенген де қоя салған. Осы да кәсіби саясаткердің тірлігі ме?
Жазбаша уағдаластықтың өзін бірде сақтап, бірде сақтамайтын Батыс, әрине, ауызша берілген уәдеден оп-оңай тайқып кетті. Одан беріде бұрынғы социалистік елдердің бәрі, бүкіл Балтық бойының мемлекеттері НАТО-ға қабылданды. Ресейдің қауіпсіздік белдеуі та- рыла түсті. Ақыр аяғында Украина НАТО-ға кіру (одан да қиыны — ядролық держава мәртебесін қалпына келтіру) ниетін жариялады. Донбасстағы күрделі жағдайға байланысты қабылданған, төрт мем- лекет қол қойған Минск келісімдерін орындаудан бас тартты. Оливер Стоунмен төрт фильмдік сұхбат кезінде (2016 жылы) Владимир Путин Минск келісімдеріне қатысты былай деген: «Амнистия туралы заң қа- былданып, қолданысқа енгізілуі тиіс. Заң қабылданған, бірақ Украина президенті оған қол қоймаған. Бұл аумақтарды басқарудың ерекше мәртебесі туралы заң іске қосылуы тиіс. Заң қабылданып, оны Укра- ина парламенті қолдаған, бірақ қолданысқа енгізілмеген. Киев билігі үшін ол шаруаны біз атқара алмаймыз, алайда түптеп келгенде бұл орындалады және қақтығыс тоқтатылады деп қатты үміт артамыз».
Олай болмады. Дау-дамайдың аяғы соғысқа соқтырды. Оның ауқы- мы өзін-өзі жариялаған Донецк Халық Республикасы мен Луганск Халық Республикасының шегінен шығып кетті. Өте өкінішті. Әрине, бұл сөз 2022 жылдың басында Украина жерінде өрістеген арнау- лы әскери операцияның сипатын ақтауды білдірмейді, дегенмен қай қақтығыстың себеп-салдарын іздегенде де ақиқаттың әдетте бел ортада жататыны жайындағы қарапайым қағиданы ұмытпау жөн. Оңайлықпен басы ашыла қоймайтын, аса күрделі осы коллизияны ой елегінен өткізгенде Ли Куан Юдің «Орыстардың ұлы ұлт ретіндегі күні бітті деп санайтындардың бәрі олардың ғарыш және атом сала- сындағы ғалымдарын, орталықтандырылған жоспарлау жүйесінен тартқан барша зардаптарына қарамастан тәрбиелеп шығарған шах- мат гроссмейстерлерін, олимпиялық чемпиондарын еске түсіруі тиіс. Орыстар коммунистік жүйедей емес, оларды тарихтың күресініне лақтырып тастай алмайсың» деген сөздері еске түседі.
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу