Қырғи-қабақ соғыс — 1946–1991 жылдар аралығында әртүрлі әлеуметтік және экономикалық жүйедегі мемлекеттердің екі блогы, атап айтқанда КСРО бастаған социалистік және АҚШ бастаған капиталистік лагерьлер арасындағы жаһандық геосаяси, әскери, технологиялық, экономикалық және идеологиялық текетірес. Ол АҚШ-тың жеңісімен және КСРО-ның тарауымен аяқталды. Бұл қақтығыс тікелей қарулы соғыс болған жоқ. Алпауыт мемлекеттер арасында ашық соғыс қимылдары жүрмеді, бірақ олар одақтастарды қолдау, жергілікті соғыстар, қарулану (соның ішінде ядролық) жарысы, саяси насихат және тыңшылық арқылы ықпал ету үшін күресті.
«Қырғи-қабақ соғыстың» өршуі Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін әлемдік саясат сахнасына Кеңес Одағы мен АҚШ-тың шығуымен байланысты. 1946 жылғы 5 наурызда АҚШ-тың Фултон қаласында (Миссури штаты) Уинстон Черчилльдің АҚШ президенті Гарри Трумэннің қатысуымен сөйлеген сөзі бұл соғыстың басталу нүктесі болып саналады.
«Қырғи-қабақ соғыс» халықаралық қатынастардың екі полярлы (биполярлы) жүйесінің қалыптасуына айтарлықтай әсер етті. Ол қарулану жарысымен (кәдімгі және ядролық), бір-біріне қарсы әскери-саяси блоктардың — Солтүстік Атлантикалық келісім ұйымы (НАТО) мен Варшава шарты ұйымының (ВШҰ) құрылуымен, «күш көрсету» саясатын жүргізумен, экономикалық қысым шараларын және идеологиялық насихатты қолданумен сипатталды.

КСРО-дағы үгіт-насихат плакаттарының үлгілері
Дереккөз: Иносми

АҚШ-тағы үгіт-насихат плакаттарының үлгісі
Дереккөз: Некрасов атындағы №1 колледж
«Қырғи-қабақ соғыс» Берлин дағдарыстары (1948–1949, 1961), Суэц және Венгр дағдарыстары (екеуі де 1956 жылы) және ең қауіптісі — 1962 жылғы Кариб дағдарысы кезінде ерекше шиеленісті деңгейге жетті.
Халықаралық шиеленістің күшеюі ұзақтығы мен мазмұны жағынан әртүрлі «бәсеңдеу» (разрядка) кезеңдерімен алмасып отырды. Бәсеңдеу саясатының ең жоғары нүктелері 1955 жылғы төрт держава үкімет басшыларының Женева кеңесі және 1973–1975 жылдардағы Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі кеңес (Хельсинки кеңесі, ЕҚЫК; 1995 жылдан бастап Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы — ЕҚЫҰ) болды.
1979 жылы кеңес әскерлерінің Ауғанстанға кіргізілуі бәсеңдеу саясатының аяқталғанын білдірді. Кеңес-Америка қатынастары 1983 жылы көптеген оқиғаларға, соның ішінде АҚШ-тың Стратегиялық қорғаныс бастамасы (жердегі нысандарды ғарыштан жоюға мүмкіндік беретін ғарыштық база элементтері бар зымыранға қарсы қорғаныс жүйесін құру бағдарламасы — ЗҚҚ) бағдарламасын жариялауына байланысты өте қауіпті шекке жетті.
«Қырғи-қабақ соғыстың» аяқталуы КСРО-дағы қайта құрудың соңғы жылдарына тұспа-тұс келді. Қырғи-қабақ соғыстың аяқталуы ресми түрде «Жаңа Еуропаға арналған Париж хартиясында» (1990 жылғы 21 қарашада Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық кеңесіне мүше мемлекеттер мен үкімет басшыларының мәжілісінде қабылданды, кеңес тарапынан Михаил Горбачев қол қойды) және Ресей Федерациясы мен АҚШ-тың бірлескен декларациясында (1992 жылғы 1 ақпанда Ресей президенті Борис Ельцин мен АҚШ президенті Билл Клинтон қол қойды) бекітілді.

Қырғи-қабақ соғыстың аяқ кезіндегі әлемдегі ықпал ету аймақтары. АҚШ-тың ықпал ету аймағы жасыл түспен көрсетілген. КСРО-ның ықпал ету аймағы қызғылт сары түспен көрсетілген
Дереккөз: Википедия
Қырғи-қабақ соғыстың негізгі нәтижесі:
КСРО мен социалистік лагерьдің ыдырауы: Қырғи-қабақ соғыс Кеңес Одағының күйреуімен, Варшава шарты ұйымы мен Өзара экономикалық көмек кеңесінің (ӨЭКК) таратылуымен аяқталды. Бұл посткеңестік кеңістікте жаңа тәуелсіз мемлекеттердің пайда болуына алып келді.
НАТО мен ЕО-ның кеңеюі: Қырғи-қабақ соғыс аяқталғаннан кейін Солтүстік Атлантикалық альянс (НАТО) пен Еуропалық Одақтың құрамы, негізінен бұрынғы кеңестік блокқа кірген елдердің есебінен кеңейді.
Дереккөздер:
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу