«Астана-Бәйтерек» монументі — Қазақстан елордасындағы ең танымал құрылыстардың бірі, тәуелсіз мемлекеттің символы. Монументті тұрғызу идеясы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі. Қазақстанның жаңа елордасының айшықты символын жасау үшін бірнеше идея ұсынылды. Президент Бәйтерек символикасына тоқталып, оның шамамен алынған нобайын сызды және оны Қазақстан Сәулетшілер одағына тапсырды, сол нобайлар негізінде жоба жасалды.

«Астана-Бәйтерек» монументі
Дереккөз: Astana Venue Management
Бәйтерек – ертедегі көшпенділердің дүниетанамын танытатын терең философиялық мән-мағынаға ие. Көне аңыз бойынша, Бәйтерек (қазақша «терек» немесе «тірек» – жерасты, жерүсті және аспан сияқты үш бірдей әлемнің басын қосқан тіршілік ағашы. Жерасты әлеміне Бәйтеректің тамыры, жерүсті әлеміне оның алып діңгегі, ал аспан әлеміне оның жайқалған жапырақтары сәйкес келеді. Ағаштың басында бір қанатымен бүкіл аспанды жаба алатын сиқырлы Самұрық құсының ұясы бар, ал ағаш тамырының астында, жер асты әлемінде Айдаһар өмір сүреді. Самұрық құс күннің және өмірдің бастауының символы болып саналатын алтын жұмыртқа салу үшін Бәйтерекке ұшып келеді. Айдаһар шырақты (күнді) жұтып қояды, бірақ Самұрық құс үмітті, жыл мезгілдері мен күн мен түннің мәңгілік айналымын, жақсылық пен жамандықтың күресін бейнелей отырып, тағы бір жұмыртқа салу үшін қайта ұшып келеді.

«Астана-Бәйтерек» монументі
Дереккөз: Астана қаласы бойынша қалалық жол көрсеткіш
Монумент Әлемдік өзенді бейнелейтін Есіл өзенінің жағасында орналасқан және көкке ұмтылған алып ағашқа ұқсайды. Жоба аясындағы құрылыс 1996 жылы басталды, құрылысқа сәулетші Ақмырза Рүстембеков жетекшілік етті, сондай-ақ жобаны әзірлеуге әлемге әйгілі ағылшын сәулетшісі Норман Фостер де маңызды үлес қосты. «Бәйтерек» заманауи технологиялар мен мемлекет идеологиясының үйлесімді бірлігі ретінде құрылды: бұл — тарихи тамырға адалдық пен жаңа болашаққа нық қадам басудың белгісі.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Астана-Бәйтерек» монументінің ашылуына қатысты. 2002 жылғы 29 тамыз, Астана
Дереккөз: Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қызметінің хроникасы
Монументтің 2002 жылғы 29 тамызда ашылды. Халықаралық сәулетшілер одақтары қауымдастығының Х байқауының қорытындысы бойынша «Астана-Бәйтерек» монументі ТМД елдері арасында 2002 жылғы ең үздік жоба және құрылыс ретінде Гран-при иеленді. 6 жылдан кейін оның бейнесі Қазақстан елордасының елтаңбасында бейнеленді.

2008 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың эскизі бойынша бекітілген Астана қаласының елтаңбасы
Дереккөз: Астана қаласы әкімдігінің сайты
Астанада монументті тұрғызу үшін 500 қададан тұратын бірегей іргетас жасалды. «Бәйтерек» салынған материалдар - металл, шыны, бетон. Монументтің жалпы биіктігі - 105 метр, салмағы - 1000 тоннадан астам.
Әлемдік ағаш идеясына сәйкес монумент 3 деңгейге бөлінген:
Жер асты - жер деңгейінен 4,5 метр төмен орналасқан, мұнда кафелер, аквариумдар орналасқан, қазақстандық суретшілердің жұмыстары галереясы жабдықталған.
Жер беті - шыныдан жасалған панорамалық лифтілерден тұрады.

«Астана-Бәйтерек» монументінің панорамалық алаңынан көрініс
Дереккөз: Туристер
Аспан деңгейі — мұнда салмағы шамамен 300 тонна, диаметрі 22 метр болатын шар орналасқан. Шар «хамелеон» деп аталатын шыныдан жасалған, өйткені ол жарық пен күннің уақытына байланысты түсін өзгертуге қабілетті.

«Астана-Бәйтерек» монументінің жоғарғы жағындағы шыныдан жасалған шар
Дереккөз: KZ 24 News
Шардың сыртын ағаш бұтақтарын бейнелейтін темір шыбықтар қоршап тұр. Олардың саны дәл 101 — бұл елде тұратын ұлттардың санына сәйкес келеді. Осы жерде Қазақстан елордасының көрінісін тамашалауға болатын ыңғайлы шолу алаңы орналасқан.

«Астана-Бәйтерек» шары
Дереккөз: KZ 24 News
Монументтің жоғарғы деңгейінде екі символдық композиция орналасқан. 2003 жылы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының І съезі кезінде дін көшбасшылары «Бейбітшілік пен келісім еліне айналған Қазақстан берекелі ел болсын» деп қазақ халқына бата беріп, 17 конфессия өкілдері, ұлттық құндылық және халықтың игілігі болып табылатын, этносаралық және конфессияаралық толеранттылықтың қазақстандық үлгісін халықаралық деңгейде мойындау белгісі ретінде өз қолтаңбаларын қалдырды.

«Астана-Бәйтерек» монументінің жоғарғы деңгейінде орналасқан «Бата» композициясы
Дереккөз: Astana Venue Management
«Аялы алақан» композициясы. Онда Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Нұрсұлтан Назарбаевтың оң алақанының қолтаңбасы бейнеленген. Бұл – Қазақстан халқының жер шарындағы тыныштық пен бейбітшілікке аялай қарауының белгісі. Бедерлеме 97 метр биіктікте орналасқан. Бұл Астананың Қазақстан елордасы болып жарияланған жылды білдіреді.

«Аялы Алақан» композициясы - Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың оң алақанының бедері
Дереккөз: Astana Venue Management
Бұл композицияға негіз болған Тайқазан – қазақ халқының кең пейілділігін, қонақжайлығын, жан дүниесінің кеңдігін бейнелейді. Ол өз кезегінде мемлекетіміздің басты құндылығы – Тәуелсіздік, жасампаз еңбек пен халықтың әл-ауқатын бейнелейтін үш тұғырға тіреледі.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, «Бәйтеректің» басына көтерілген әрбір адам бойына Қазақстанның кең байтақ даласының рухын сіңіреді». «Бәйтерек» нысанының танымал болғаны соншалық, оның кішірейтілген көшірмелері еліміздің екі қаласында, Өскемен мен Екібастұзда орнатылды.

«Астана-Бәйтерек» монументі
Дереккөз: Astana Venue Management
Дереккөздер:
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу