
Ресей Федерациясы Федералды қауіпсіздік қызметі Арнайы мақсаттағы орталығы «А» басқармасының эмблемасы
Дереккөз: Википедия
«Альфа» арнайы бөлімшесі 1974 жылғы 29 шілдеде КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (КСРО МҚК) төрағасы Юрий Андроповтың бұйрығымен КСРО МҚК 7-басқармасы 5-бөлімінің «А» тобы ретінде құрылды. Бұл кеңестік арнайы қызмет тарихындағы терроризмге қарсы күрес және кепілге алынғандарды босату жөніндегі алғашқы бөлімше болды.
«Альфа» бөлімшесінің құрылуы халықаралық терроризмнің күрт өсуіне, әсіресе 1972 жылғы Мюнхен (Германия) Олимпиадасындағы қайғылы оқиғаға байланысты болды. Ол кезде палестиналық террористер Израиль спортшыларын кепілге алып, өлтірген еді. Бұл оқиға террористік қауіптерге төтеп бере алатын және КСРО аумағында қауіпсіздікті қамтамасыз ететін элиталық антитеррорлық бөлімше құру қажеттілігін көрсетті.
Алғашқы жылдары «Альфа» бөлімшесі дипломатиялық өкілдіктерді күзету міндеттерін атқарды және кепілге алынғандарды босату операцияларына қатысты, мысалы, 1976 жылы студенттер басып алған Гайана елшісін босату кезінде көзге түсті.
«А» тобының қызметкерлері Мәскеудегі Америка Құрама Штаттарының (АҚШ) елшілігіне басып кірген қарулы лаңкесті залалсыздандыру бойынша алғашқы арнайы операциясын 1979 жылғы 28 наурызда өткізді. Бөлімше 1979 жылғы 27 желтоқсанда нағыз соғыс сынағынан өтті: «Зенит» тобымен бірлесіп және КСРО Қорғаныс министрлігі арнайы жасағының қолдауымен Кабулдағы Аминнің «Тадж-Бек» президенттік сарайын шабуылмен алды. 1980-жылдары «Альфа» жауынгерлері Ауғанстандағы және басқа да «ыстық нүктелердегі» ұрыс қимылдарына тұрақты түрде қатысып тұрды.
1991 жылы КСРО тарағаннан кейін «Альфа» Ресейдің Федералды қауіпсіздік қызметінің (ФҚҚ) құрамына еніп, жаңа жағдайларда терроризмге қарсы күрес міндеттерін орындауды жалғастырды. 1990-жылдары арнайы бөлімше Солтүстік Кавказдағы қақтығыстарға белсенді түрде қатысты.
1995 жылы «Альфа» Буденновскідегі кепілге алынғандарды босату операциясына, ал 2002 жылы террористер кепілге алған кездегі Дубровкадағы театр орталығына жасалған шабуылға қатысты.
Құрылған сәттен бастап «Альфа» террористердің көзін жою және кепілге алынғандарды босату бойынша жүздеген сәтті операциялар жүргізіп, әлемдегі ең танымал әрі тиімді арнайы бөлімшелердің біріне айналды. Осыған қарамастан, бөлімше туралы ақпараттың басым бөлігі қатаң құпия сақталуда.
«Альфа» бөлімшесінің үш қызметкері Кеңес Одағының Батыры атағына, ал он қызметкері Ресей Федерациясының Батыры атағына ие болды.
Дереккөздер:
«Альфа» антитеррор бөлімшесі ардагерлерінің халықаралық қауымдастығының сайты
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу