Басты бетке қайту

Екібастұз жылу энергетика кешені

Екібастұз жылу-энергетика кешенінің қалыптасуы 1956 жылы Павлодар облысындағы алғашқы ірі электр станциясы — Екібастұз ЖЭО-ның іске қосылуынан бастау алады. ЖЭО құрылысы КСРО Министрлер Кеңесінің 1949 жылғы қаулысына сәйкес 1952 жылы басталды. Бұл станция өңірдегі көмір қималарының дамуына және болашақ жылу-энергетикалық кешеннің құрылысын салуға негіз болды.

Алайда, Қазақстандағы iрi Екiбастұз ГРЭС-1 құрылысын қамтитын Екiбастұз жылу-энергетика кешенiнiң ауқымды жобасының өзi 1977 жылғы наурызда КСРО үкiметiнiң қаулысымен ресми бекiтiлген болатын. ГРЭС-1 құрылысы кешен ресми бекітілгенге дейін, яғни 1974 жылы басталған болатын.

ГРЭС-1 үшін Жеңгелді көлінің солтүстік жағалауы таңдалды. Бұл орынның «Богатырь» ірі көмір қимасына және Қ. Сәтбаев атындағы «Ертіс-Қарағанды» каналына жақын болуы станцияны отынмен (көмірмен) және сумен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Құрылыс жұмыстары Болат Нұржановтың жетекшілігімен бүкілодақтық екпінді комсомолдық құрылыс ретінде жүргізілді. Ол станцияның барлық сегіз энергия блогын салу мен игеруде шешуші рөл атқарды.  1980 жылғы 15 сәуірде қуаттылығы 500 МВт болатын алғашқы энергия блогы пайдалануға берілді. 1984 жылы барлық сегіз блок іске қосылып, станцияның жалпы орнатылған қуаттылығы шамамен 4000 МВт-қа жетті.

Сол жылы сегіз энергия блогының бірдей жұмыс істеуі нәтижесінде станция 3960 МВт рекордтық қуатқа қол жеткізіп, сол уақыттағы КСРО-дағы ең қуатты жылу электр станциясына айналды.

1980-жылдардың басында Екібастұз жылу-энергетика кешені Екібастұз ЖЭО-ны, ГРЭС-1 мен ГРЭС-2 станцияларын және олармен байланысты инфрақұрылымдық нысандарды (көмір қималары, электр беру желілері) біріктірген алып құрылым болды.

КСРО ыдырағаннан кейін, 1990-жылдардың басында кешен біртұтас әкімшілік-басқару нысаны ретінде жұмыс істеуін тоқтатты.

1990-жылдардың басынан 1996 жылға дейінгі аралықта тиісті техникалық қызмет көрсету мен жоспарлы жөндеу жұмыстарының болмауы салдарынан ГРЭС-1 станциясының қуаттылығы 655 МВт-қа дейін құлдырады. Түрлі ақауларға байланысты жабдықтарды үнемі апаттық жағдайда тоқтатуға тура келді.

1996 жылы Екібастұз ГРЭС-1 станциясы америкалық AES компаниясына сатылды. Жаңа инвестор құрылымдық қайта құру жұмыстарын жүргізіп, қызметкерлер санын оңтайландырды және басқарудың заманауи әдістерін енгізе бастады. Бұл шаралар станциядағы жағдайды айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік берді.


Болат Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1
Дереккөз: «Болат Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сайты

2008 жылы AES компаниясы электр станциясын «Қазақмыс» компаниясына сатты. 2010 жылы «Қазақмыс» акциялардың 50%-ын «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына сатты, сол жылы станцияға Қазақстан мен ТМД-ның еңбек сіңірген энергетигі Болат Нұржановтың есімі берілді. Кейінірек «Самұрық-Қазына» өзінің еншілес «Самұрық-Энерго» компаниясы арқылы «Қазақмыстың» қалған үлесін де сатып алды. 2014 жылдан бастап станция акцияларының 100%-ы «Самұрық-Энерго» АҚ-на тиесілі.

2025 жылғы қаңтарда қуаты 540 МВт қалпына келтірілген 1997 жылы тоқтатылған № 1 энергоблок ресми түрде пайдалануға берілді. 30 жыл ішінде алғаш рет Екібастұз ГРЭС-1 толық жобалық қуатында жұмыс істей бастады. № 1 энергоблокты іске қосу арқылы Қазақстанның электр энергиясына өсіп келе жатқан қажеттілігін қанағаттандыру мақсатында 2024 жылы басталған оны қалпына келтіру жөніндегі ауқымды жобаны аяқталды.

 

Дереккөздер:

«Болат Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сайты

«Қазақпарат» ХАА

Tengri news

«Павлодарэнерго» АҚ

Neftegaz.ru 

Nomad.su

Википедия

Википедия

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу