Басты бетке қайту

«ҚАЗАҚ ТІЛІ» халықаралық қоғамы


«Қазақ тілі» халықаралық қоғамының логотипі
Дереккөз: «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының сайты

«Қазақ тілі» қоғамы 1989 жылы құрылды. 1989 жылғы 22 қыркүйекте «Тіл тазалығы үшін, оның дамуы үшін!» ұранымен қоғамның құрылтай съезі өтті. Съезде қазақ тілін сақтау, дамыту және танымал ету, сондай-ақ оның қоғамдағы рөлі туралы мәселелер талқыланды. Дәл осы күні қазақ тілінің республикадағы мемлекеттік тіл мәртебесін ресми түрде бекіткен Қазақстан тарихындағы алғашқы заңнамалық акт — Қазақ КСР-інің «Тілдер туралы» Заңы қабылданды.

Қоғамның негізгі мақсаты — қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде табысты дамуына ықпал ету, оның кеңінен қолданылуына жағдай жасау, тіл мәдениетін көтеру, қос тілділік пен көп тілділікті дамыту, сонымен қатар лингвистикалық білімді насихаттау. Сондай-ақ, қоғам шетелдегі диаспора арасында қазақ тілін қолдауға және қазақ тілінің өмірдің түрлі салаларына: білім, ғылым, мәдениет және өндіріске интеграциялануына атсалысуға ұмтылады.

1990 жылғы наурызда «Қазақ тілі» қоғамы мен редакция ұжымы құрған «Ана тілі» газетінің, қазақ тіліндегі апталық басылымның алғашқы саны жарық көрді. «Ана тілі» алғашқыда көлемі А3 форматындағы 16 беттен тұратын өлкетану және тіл білімі жөніндегі басылым ретінде басталған болатын. Қазіргі таңда бұл — қоғамдық-саяси газет, сондай-ақ 1998 жылдан бастап мұнайшыларға арналған «Алтын дария» қосымшасын шығарып келеді. Басылым ұлттық баспасөзді дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін БАҚ саласында Қазақстан Республикасы Президентінің Алғысына ие болды (2020 жылғы 26 маусым).

 
1990 жылғы 22 наурыздағы «Ана тілі» газеті
Дереккөз: «Ана тілі» газетінің сайты

1992 жылғы 26 қарашада Алматыда өткен ІІ құрылтайда қоғамға халықаралық ұйым мәртебесі берілді. Жиында Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлеп, ана тілімізді қайта түлетуге және ұлтаралық татулықты сақтауға атсалысқан жандарға алғыс айтты. Ол халықтың басты жетістігі — рухани еркіндік пен ұлттық құндылықтардың, соның ішінде ана тілінің қайта жаңғыруы екенін қадап айтты. Бұл қолдау қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін нығайтуға және ұлттық бірегейлікті дамытуға үлкен серпін берді.

Ұйым өзінің 35 жылдан астам қызметінде көптеген табыстарға қол жеткізді. Олардың қатарында қазақ мектептері мен тіл үйрету кабинеттерінің ашылуы, қазақ классикалық гимназиясының құрылуы бар.

2019 жылы қоғам «Тіл-Қазына» орталығымен меморандумға қол қойып, тілді жүйелі дамытуды қолға алды. Осы аяда әдістемелік материалдар, цифрлық платформалар әзірленіп, «Жалпыұлттық диктант» сияқты ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, тілді ілгерілету үшін IT-технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану мәселелері талқыланып жатыр.

Ұйымның қаржылық тәуелсіздігі мен тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін Қазақстанда алғаш рет мемлекеттік тілді қолдауға арналған эндаумент-қоры құрылды. Бұл идеяны 2023 жылғы 12 қазанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қолдап, қорға өзінің жеке жинағынан ең алғашқы жарнаны аударды.

2023 жылғы шілдедегі мәлімет бойынша, қоғамның Қазақстанда және шетелде 135-тен астам филиалы бар. 2025 жылғы 28 ақпанда Астанада өткен VIII құрылтайға 300-ден астам лингвист-ғалымдар, қоғам қайраткерлері мен депутаттар қатысты. Делегаттар 2023-2024 жылдардағы жұмысты қорытындылап, алдағы басым бағыттарды айқындады.


Астанада өткен «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының VIII құрылтайына қатысушылар
Дереккөз: Мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының бірыңғай платформасы Gov.kz

 

Дереккөздер:

«Қазақ тілі» халықаралық қоғамының сайты

Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі

Казахстанская правда

Мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының бірыңғай платформасы Gov.kz

Википедия

Liter

 

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу