
Ислам ынтымақтастығы ұйымының логотипі
Дереккөз: Ислам ынтымақтастығы ұйымының сайты
Ислам ынтымақтастығы ұйымы (The Organisation of Islamic Cooperation, бұрынғы Ислам конференциясы ұйымы) Біріккен Ұлттар Ұйымынан кейінгі ең ірі халықаралық ұйым. Ол ислам мемлекеттік немесе халқы басым ұстанатын дін болып табылатын елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайту үшін құрылған.
Ислам конференциясы ұйымын құру туралы шешім 1969 жылғы 25 қыркүйекте Рабатта (Марокко) өткен мұсылман елдерінің мемлекет және үкімет басшыларының алғашқы кездесуінде қабылданды. Оның негізгі бастамашылары Сауд Арабиясының королі Фейсал ибн Абдель Азиз Әл Сауд пен Марокко королі Хасан II болды.
Ұйымның құрылуына ислам әлемін дүр сілкіндірген бірқатар оқиғалар себеп болды, олардың ішіндегі ең бастылары — 1967 жылғы араб-израиль соғысындағы жеңіліс және 1969 жылы Иерусалимдегі Әл-Ақса мешітін израильдік экстремистердің өртеуі.
2011 жылғы 28 маусымда Ислам конференциясы ұйымы Ислам ынтымақтастығы ұйымы (ИЫҰ) болып өзгертілді.
ИЫҰ-ның негізгі мақсаттарының қатарына мыналар жатады: мүше мемлекеттер арасындағы бауырластық пен ынтымақтастық байланыстарын кеңейту және нығайту; ортақ мүдделерді қорғау, жалпы ислам әлемі мен халықаралық қоғамдастық алдында тұрған міндеттерді ескере отырып, мүше мемлекеттердің күш-жігерін үйлестіру және біріктіру; мүше мемлекеттердің ортақ мүдделерін қамтамасыз ету үшін жаһандық саяси, экономикалық және әлеуметтік шешімдер қабылдау процестеріне белсенді қатысуын қамтамасыз ету; мүше мемлекеттер арасында әлеуметтік, мәдени және ақпараттық салалардағы ынтымақтастықты дамыту және т.б.
Ұйым басшылығының негізгі принциптері: мүше мемлекеттердің толық теңдігі; өзін-өзі билеу құқығын сақтау және мүше мемлекеттердің ішкі істеріне араласпау; әрбір мемлекеттің егемендігін, тәуелсіздігін және аумақтық тұтастығын сақтау; мүше мемлекеттер арасында туындауы мүмкін кез келген дауды бейбіт жолмен реттеу.
Ислам ынтымақтастығы ұйымы БҰҰ-дан кейінгі екінші ірі үкіметаралық ұйым болып табылады. Төрт континенттегі 57 елдің басын біріктіреді.
Босния және Герцеговина, Орталық Африка Республикасы, Ресей, Таиланд, танылмаған Солтүстік Кипр Түрік Республикасы, сондай-ақ бірқатар ұйымдар (БҰҰ, Араб мемлекеттері лигасы, Африка одағы, Экономикалық ынтымақтастық ұйымы, Қосылмау қозғалысы) бақылаушы мәртебесіне ие.
ИЫҰ-ның жоғары органы ислам саммиті болып саналады – корольдердің, мемлекет және үкімет басшыларының кездесуі – мұсылман мемлекеттерінің жалпы саясатын айқындайды. Үш жылда бір рет өткізіледі.
Ұйымның жалпы саясатын іске асыру үшін жылына бір рет Сыртқы істер министрлерінің кеңесі жиналады.
Ұйым мен оның мүше мемлекеттері үшін маңызды мәселелерді ілгерілету мақсатында тұрақты комитетте рқұрылған: Аль-Кудс комитеті (Иерусалимнің араб тіліндегі атауы); Ақпарат және мәдениет мәселелері жөніндегі тұрақты комитет (COMIAC); Экономикалық және сауда ынтымақтастығы жөніндегі тұрақты комитет (COMCEC); Ғылыми және техникалық ынтымақтастық жөніндегі тұрақты комитет (COMSTECH).
ИЫҰ-мен үлестес мекемелер Ислам сауда-өнеркәсіп палатасы (ICCIA), Ислам астаналары мен қалаларының ұйымы (OICC), Ислам ынтымақтастығы ойындарының спорт федерациясы (ISSF), Халықаралық мұсылман скауттары одағы (IUMS), Ислам ғылым академиясы (IAS), Халықаралық араб-ислам мектептерінің дүниежүзілік федерациясы (WFAIIS) және т.б. болып табылады.
Ислам ынтымақтастығы ұйымының мамандандырылған құрылымдар жүйесі бар: Ислам даму банкі (IDB), Ислам білім, ғылым және мәдениет ұйымы (ISESCO), Халықаралық ислам жарты ай комитеті (ICIC), Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымы (IOFS) және т.б.
Ұйымның жұмыс тілдері: араб, ағылшын және француз тілдері.
Ұйымның штаб-пәтері Жидда қаласында (Сауд Арабиясы) орналасқан. Қазақстан 1995 жылғы желтоқсанда ИЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің 23-ші сессиясында Ислам ынтымақтастығы ұйымының толық құқылы мүшесі болды.
Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жылы Стамбулда «Әділдік пен бейбітшілік жолындағы бірлік пен ынтымақтастық» ұранымен өткен ИЫҰ-ның XII саммитіне қатысты. Оған 56 мүше мемлекеттің өкілдері, соның ішінде 30-дан астам мемлекет және үкімет басшылары қатысты. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысушыларға арнаған сөзінде мұсылман үмбеті үшін басты қауіп ішкі қақтығыстар мен жанжалдардан туындайтынын атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев Ислам ынтымақтастығы ұйымының XIII саммитінде
Дереккөз: Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайты
Ислам ынтымақтастығы ұйымының (ИЫҰ) ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші саммиті 2017 жылғы 10–11 қыркүйекте Астана қаласында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өтті. Шара «Ислам әлеміндегі ғылым, технологиялар, инновациялар және жаңғыру» ұранымен өтіп, тарихи оқиғаға айналды, өйткені бұған дейін ИЫҰ аясында ғылым мен технологияларды дамытуға арналған саммиттер өткізілмеген болатын. Саммит қорытындысы бойынша «Ислам әлемінің ғылымы, технологиялары, инновациялары және жаңғыруы» атты Астана декларациясы, сондай-ақ алдағы он жылға мүше мемлекеттердің осы салалардағы ынтымақтастығын дамыту мен нығайтуға негіз болған іс-қимыл бағдарламасы қабылданды.

Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі саммитіне қатысушылардың топтық суреті. Астана, 2017 жылғы 10 қыркүйек
Дереккөз: Азаттық радиосы
Дереккөздер:
Ислам ынтымақтастығы ұйымының сайты
Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайты
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсы
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу