
Назарбаев Университетінің эмблемасы
Дереккөз: Википедия
Назарбаев Университетінің тарихы Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасынан басталады. Қазақстанда 2006 жылы білім және ғылым саласындағы ұлттық брендке айналатын жаңа сапалы университет құру идеясы пайда болды.
2009 жылғы 17 қазанда «Астананың жаңа университеті» АҚ Директорлар кеңесінің бірінші отырысы өтті, онда университеттің 2010-2012 жылдарға арналған даму стратегиясы бекітілді. 2010 жылғы 7 сәуірде Қазақстан Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов университеттің даму стратегиясын талқылау үшін халықаралық академиялық және ғылыми қоғамдастықтармен кездесті.
2010 жылғы 28 маусымда Астанада Назарбаев Университетінің салтанатты ашылу рәсімі өтті, ал сол жылдың күзінде университет «Foundation» дайындық бағдарламасына алғашқы студенттерді қабылдады. 2010 жылғы 7 маусымда ЖОО ресми түрде «Назарбаев Университеті» атауын алды.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Назарбаев Университетінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты
Дереккөз: Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті қызметінің хроникасы
2010 жылғы 22 желтоқсанда Мәжіліс университеттің мәртебесі туралы заң жобасын мақұлдады, ал 2011 жылғы 19 қаңтарда Президент «Назарбаев Университетінің мәртебесі туралы» арнайы заңға қол қойды. Бұл заң оқу орнының дербес мәртебесін және Қазақстанның Білім және ғылым министрлігінен тәуелсіздігін айқындады. 2011 жылғы 15 маусымда университет өзінің заңды мәртебесін «Назарбаев Университеті» дербес білім беру ұйымы» деп өзгертті және меншікті білім беру стандарттары бойынша жұмыс істей бастады.
Кейінгі жылдары университет қарқынды дамыды: 2012 жылы Жоғары мемлекеттік саясат мектебі мен Жоғары білім беру мектебі, 2013 жылы Executive MBA бағдарламасы ашылып, 2013–2020 жылдарға арналған даму стратегиясы бекітілді. 2014 жылы пилоттық технопарк ашылса, 2015 жылы бакалавриат пен магистратураның алғашқы түлектері оқу бітіріп, Медицина мектебі есігін айқара ашты.
Назарбаев Университетінің ғимараты — Астана қаласында 2007-2012 жылдар аралығында салынған заманауи ғылыми-білім беру кешені. Құрылыстың жалпы аумағы 5 гектардан астам жер телімінде шамамен 67 мың шаршы метрді құрайды. Кампустың архитектуралық ерекшелігі — университет аумағының көрнекті нысанына айналған пирамида пішінді ғимараттар. Бірін-бірі айнадай толықтырып тұрған бұл пирамидалар бірегей сәулеттік бейне қалыптастырып, инновация мен дамуға деген ұмтылысты бейнелейді. Кешен құрамында 20-дан астам тұрғын және тұрғын емес ғимараттар, соның ішінде оқу корпустары, зерттеу зертханалары, технопарк, сондай-ақ студенттер мен қызметкерлерге арналған жатақханалар бар.

Астанадағы Назарбаев Университетінің ғимараты
Дереккөз: Назарбаев Университетінің сайты

Назарбаев Университеті аумағындағы пирамида түріндегі ғимарат
Дереккөз: Назарбаев Университетінің сайты

Назарбаев Университетінің бас ғимаратының атриумы
Дереккөз: Википедия
2015 жылғы 24 желтоқсанда Назарбаев Университеті зерттеу университеті мәртебесін алып, 2016–2020 жылдарға арналған даму бағдарламасын бекітті. 2017 жылы Азия университеттерінің альянсы құрылды, ал 2018 жылы университеттің 2018–2030 жылдарға арналған жаңа даму стратегиясы қабылданды.
Назарбаев Университеті әлемдік аренада өзінің академиялық артықшылығын дәлелдейтін бірқатар маңызды белестерге қол жеткізді. 2024 жылғы 9 қазанда жарияланған Times Higher Education (THE) World University Rankings 2025 рейтингіне сәйкес, NU әлемдегі ең үздік зерттеу университеттерінің алғашқы 24–29%-дық тобына енді. Рейтингте шамамен 115 елдің 2 092 оқу орны бағаланып, Назарбаев Университеті 501–600 аралығындағы лайықты орынды иеленді. Бұл тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл Орталық Азия университеттері арасындағы ең үздік нәтиже болып саналады.
Назарбаев Университеті алғаш рет беделді THE Young University Rankings 2024 рейтингіне еніп, 79 елдің 673 университеті арасында 106-орынды иеленді. Сонымен қатар, ол THE Asia University Rankings 2024 рейтингінде ұсынылған 739 оқу орнының ішінде 129-орында тұр. THE World University Rankings by Subject 2024 пәндік рейтингінде университет 22 пән бойынша тізімге енді, бұл академиялық бағдарламалардың кең ауқымы мен жоғары сапасын көрсетеді. Бұдан бөлек, Shanghai Ranking дайындаған 2023 жылғы Академиялық пәндердің жаһандық рейтингіне (Global Ranking of Academic Subjects) Назарбаев Университетінің екі пәні: телекоммуникациялық инженерия, сондай-ақ электротехника және компьютерлік инженерия енді.
Дереккөздер:
Назарбаев Университетінің сайты
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу