
Сауық Такежанов
Дереккөз: Qazaqstan tarihy
Сауық Темірбайұлы Тәкежанов 1931 жылы 18 қарашада Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасында дүниеге келген. 1956 жылы Томск политехникалық институтын (қазіргі Ұлттық зерттеу Томск политехникалық университеті, Ресей) бітірді. 1992 жылдан бастап Томск политехникалық университетінің құрметті түлегі атағы берілді.
1956 жылдан бастап Өскемен қорғасын-мырыш комбинатында (қазіргі уақытта «Казцинк» компаниясының құрамына кіреді) шеберден бастап бас инженерге дейінгі жолдан өтті. Өндірістік-техникалық міндеттерді шешуді ғылыммен ұштастырды, комбинатта жұмыс істеп жүрген кезінде кандидаттық диссертация қорғады. Комбинаттың бас инженері бола отырып, бұл кәсіпорынды шикізатты кешенді пайдалану бойынша бүкілодақтық деңгейге шығарды. Кейіннен бұл технологияны Кеңес Одағының барлық кәсіпорындары қабылдады.
Сауық Тәкежановтың жетекшілігімен Ертіс мыс қорыту зауытында жаңа КИВЦЭТ технологиясы әзірленіп, енгізілді, ол кейіннен КСРО Мемлекеттік сыйлығына (1985) ие болды. Бұл технология мыс алуды ұлғайтып, тазартуға кететін газдар мөлшерін 20 есеге азайтты. Оның осы күнге дейін баламасы жоқ, технологияға лицензиялар планетаның барлық ірі елдеріне сатылды.
1971 жылғы қарашада Қазақ КСР Түсті металлургия министрінің орынбасары, содан кейін – министрі болып тағайындалды. Бұл лауазымды 1973 жылдың ақпанынан 1974 жылға дейін және 1980 жылдың желтоқсанынан 1987 жылдың желтоқсанына дейін атқарды. 1974 жылдың қазанынан 1980 жылдың желтоқсанына дейін – Қазақ КСР Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасары болды.
1987 жылдың желтоқсанынан – «Казсвинец» қорғасын-мырыш кәсіпорындары өндірістік бірлестігінің (қазір «Казцинк» компаниясының құрамына кіреді) бас директоры, 1993–1997 жылдары – «Казметалл» АҚ өнеркәсіптік-қаржылық компаниясының президенті болды.
7-12 шақырылымдағы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып, экономикалық реформа, бюджет және қаржы жөніндегі комитетті (ЭРБжҚ комитеті) басқарды. Қазақстанның ұлттық валютасы – теңгені енгізудің бастамашыларының бірі болды.
1990 жылғы желтоқсанда Жоғарғы Кеңес қабылдаған Тұрақтандыру және нарықтық экономикаға көшу бағдарламасын әзірлеуге қатыса отырып, экономикалық реформаға негіз болған Қазақ КСР-інің алғашқы заңдарын: меншік, шетелдік инвестициялар, жер, кәсіпорын туралы және т.б. заңдарды әзірлеу мен қабылдау жөніндегі комиссияны басқарды.
Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген металлургі және еңбек сіңірген өнертапқышы, Қазақстан инженерлік академиясы мен Қазақстан инженерлер одағының негізін қалаушылардың бірі. Қырықтан астам патенттің, қазақстандық түсті және қара металдар, алтын тарихы туралы іргелі еңбектердің авторы. Ленин (1966), Еңбек Қызыл Ту (1963, 1971, 1976, 1980) ордендерімен, «Құрмет» орденімен (1997) марапатталған.
2003 жылы Астана қаласында қайтыс болды.
Дереккөздер:
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу