Коммунистік жастар интернационалы (КЖИ) — 1919–1943 жылдар аралығында Коммунистік Интернационалдың (Коминтерн) секциясы ретінде қызмет еткен халықаралық жастар ұйымы.
КЖИ-дің құрылтай конгресі 1919 жылғы 20–26 қарашада Берлинде (Германия) өтті. Оған 13 елден (соның ішінде Ресей, Германия, Австрия, Швейцария, Швеция, Норвегия, Дания, Польша, Венгрия, Румыния, Италия, Испания және Чехословакия) келген, 219 мың жастар ұйымы мүшелерінің атынан қатысқан 29 делегат қатысты. Конгресс КЖИ-дің жарғысы мен бағдарламасын бекітіп, ұйымның Коминтерн құрамына кіруі туралы шешім қабылдады.
КЖИ-дің негізгі міндеті жастардың экономикалық, саяси және мәдени мүдделерін қорғайтын кең ауқымды бұқаралық қозғалыс құру, сондай-ақ жастардың марксизм-ленинизм теориясы мен практикасын зерттеуіне ықпал ету болды. Милитаризмге, соғысқа және фашизмге қарсы күреске, сондай-ақ Кеңестік Социалистік Республикалар Одағын (КСРО) қолдауға ерекше көңіл бөлінді. 1920–30 жылдары КЖИ секциялары жастардың мүдделерін қорғап, өз қатарларындағы оппортунизммен күресе отырып, революциялық және бұқаралық қозғалыстарға белсенді қатысты.
Өз тарихында КЖИ алты конгресс өткізді: І — Берлинде (1919 ж.), қалғандары Мәскеуде (1921, 1922, 1924, 1928 және 1935 жж.) өтті. Сондай-ақ КЖИ Атқару комитетінің пленумдары, жастар қозғалысының бірлігі мәселелері бойынша халықаралық форумдар ұйымдастырылды. 1929 жылдың күзінен бастап Мәскеуде КЖИ-дің Халықаралық лениндік мектебі табысты жұмыс істеп, онда түрлі елдердің жастар өкілдері білім алды. КЖИ жазғы мектептер мен демалыс лагерлерін, спорттық жарыстарды, манифестациялар мен көркемөнерпаздар концерттерін ұйымдастырып тұрды.
1935 жылы КЖИ-дің VI конгресінде фашизмге және соғыс қаупіне қарсы күрес үшін жастардың бірыңғай майданын құру міндеті қойылды. Бұл Испания, Бельгия, Аргентина, Қытайдағы жастар қозғалысының іріткісін жеңіп, Женевада (1936 ж.) және АҚШ-та (1938 ж.) халықаралық жастар конгрестерін шақыруға мүмкіндік берді. Бұл конгрестерде КЖИ өкілдері Германия мен Италияның Испанияға интервенциясына, Жапонияның Қытайдағы агрессиясына қарсы шығып, жастар қозғалысында осыған қарсы бірлескен іс-қимылдарға қол жеткізді. Бейбітшілік үшін күреске әлемнің түкпір-түкпірінен 40 миллионнан астам бозбала мен бойжеткен тартылды.
КЖИ халықаралық жастар коммунистік қозғалысын ұйымдастыру мен біріктіруде маңызды рөл атқарды. КЖИ-дің қолдауымен түрлі елдердің комсомол ұйымдары нығайып, коммунистік партиялардың басшылығымен міндеттерді өз бетінше шешуге мүмкіндік алды. 1943 жылғы мамырда Коминтерн таратылғаннан кейін КЖИ де өз қызметін тоқтатты.
КЖИ-дің идеялық мұрагері - құрамына Лениндік комсомол кірген Дүниежүзілік демократиялық жастар федерациясы.
Дереккөздер:
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу