
Қалтай Мұхамеджанов
Дереккөз: Кино-театр.ру
Қалтай Мұхамеджанұлы Мұхамеджанов 1928 жылы 24 желтоқсанда Қазақ АКСР-інің «Шіркейлі» кеңшарында (қазіргі Қызылорда облысы, Сырдария ауданы) дүниеге келген. Оның әкесі белгілі ислам қайраткері және ғұлама болған, ол 1937 жылы репрессияға ұшырап, атылған.
Бала кезінен тағдырдың тауқыметі мен қиындығын көріп, шопан, колхоз хатшысы болып жұмыс істейді. Ұлы Отан соғысынан кейін Қызылордадағы Николай Гоголь атындағы педагогикалық институтқа (қазіргі – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті) оқуға түсіп, кейін Ташкентте (Өзбекстан астанасы) білімін жалғастырады. 1950 жылы Мәскеудегі ГИТИС-тің (Мемлекеттік театр өнері институты) үшінші курсына қабылданып, оны 1953 жылы бітіріп шығады.
1947–1968 жылдар аралығында Ташкент театр өнері институтында және Мәскеу ГИТИС-інің жанындағы Қазақ студиясында қазақ әдебиеті тарихынан дәріс берді.
1970–1999 жылдары жауапты басшылық қызметтер атқарған: Мемлекеттік кинематография комитетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының екінші хатшысы, Қазақстан Кинематографистер одағының бірінші хатшысы, «Жұлдыз» журналы мен «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі, республикалық «Ара – Шмель» сатиралық журналының және «Заман – Қазақстан» газетінің бас редакторы болды. Ұлттық баспасөз әлемінде елеулі құбылысқа айналған «Түркістан» қоғамдық-саяси апталығының негізін қалады.
Қалтай Мұхамеджанов сан түрлі жанрда өзін таныта білген кең ауқымды жазушы, философ-суреткер, жаңашыл-драматург және киносценарист. Ол өзінің тапқырлығымен, оптимизмімен және қазақ фольклорын терең білуімен танымал болды, сатира әлемінде өшпес із қалдырды.
Ол «Мың бір түн» жинағын қазақ тіліне аударған бірегей тұлға. Бұл жұмысқа 15 жылға жуық уақытын арнап, аудармада шығарманың көркемдік және философиялық астарын, тілдің байлығы толық сақтап аударады.
60-70-ші жылдары ол ең танымал драматургтердің бірі болды. Оның «Бөлтірік бөрі астында», «Құдағи келіпті», «Қуырдақ дайын», «Жат елде», «Өзіме де сол керек», «Біз періште емеспіз» атты пьесалары Қазақстан театрларының сахнасында аншлагпен өтті.
1973 жылы Мәскеудегі «Современник» театрының режиссері Галина Волчек жазушы Шыңғыс Айтматовқа театр пьесасын жазу туралы ұсыныс тастайды. Айтматов бұл жұмысқа өзінің ескі досы Қалтай Мұхамеджановты тартады: шығарманың сюжеттік желісі Шыңғыс Айтматовқа, ал драмалық орындалуын Қалтай Мұхамеджанов жүзеге асырады. Пьеса «Современник» театрында сахналанған соң, зор табысқа ие болды. Мәскеуден кейін қойылым Кеңес Одағы республикаларының театрларында: Рига (Латвия), Вильнюс (Литва), Таллин (Эстония) қалаларында қойылды. Бір жылдан соң Вашингтондағы (АҚШ) «Арена стейдж» және Лондондағы (Ұлыбритания) «Хампстед» театрларында сахналанады. Кейіннен пьеса Варшава (Польша), Будапешт (Венгрия), Пловдив (Болгария), Стокгольм (Швеция), Хельсинки (Финляндия), Токио (Жапония), Бомбей (Үндістан) және басқа да қалаларда, барлығы әлемнің 19 елінде қойылады. Пьеса барлық жерде үлкен жетістікке жетіп, әлем халықтарының көптеген тілдеріне аударылды. Спектакль осы күнге дейін театр репертуарларынан түспей, көрермен ілтипатына бөленіп келеді.
Кинематография саласында ол «Айман – Шолпан» және «Шыңдағы шынар» (Мұхтар Әуезовтің аяқталмаған «Өскен өркен» романының желісі бойынша) әдеби сценарийлерінің авторы ретінде танымал.
Студенттік кезден-ақ аударма ісімен айналыса бастайды. Оның қаламынан тәжік жазушысы Садриддин Айнидің «Құлдар» романы, өзбек жазушысы Айбектің «Қасиетті қан» романы, Шыңғыс Айтматовтың «Ана – Жер-ана», «Шынарым менің, шырайлым менің», «Ертегілерден кейін (Ақ кеме)» повестері және бірқатар драмалық шығармалар (Максим Горькийдің «Мещандар», Борис Лавреневтің «Теңіздегілер үшін» және т.б.) туды.
Қалтай Мұхамеджановтың бай шығармашылық мұрасының қомақты бөлігі — оның публицистикасы. Жазушының 70 жылдығы қарсаңында «Атамұра» баспасы оның таңдамалы шығармаларының үш томдығын жарыққа шығарды. Томдардың бірі толығымен публицистикалық жанрға арналған, мұнда оның әр жылдардағы маңызды толғаныстары, ашық хаттары мен әдеби памфлеттері жинақталған.
Қалтай Мұхамеджанов ұлттық мәдениет пен әдебиеттің Абай, Жамбыл, Кенен, Мұхтар, Сералы Қожамқұлов, Құрманбек Жандарбеков, Күләш Байсейітова секілді біртуар тұлғаларының әдеби портреттерінің галереясын жасады. Оның ислам өркениеті мен түркі дүниесінің көрнекті қайраткерлеріне, атап айтқанда, түрік сатиригі Азиз Несин мен қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовқа арналған мақала-толғаныстары өз алдына бір төбе.
Белгілі қазақстандық режиссер Александр Головинский 2002 жылы Қалтай Мұхамеджанов туралы «Досыңның кім екенін айтшы?» атты деректі фильм түсіреді. Фильмде Расул Гамзатов, Шыңғыс Айтматов, Галина Волчек жазушы туралы естеліктерімен бөліседі. Деректі лентаға мультфильмдер де үйлесімді түрде енгізілген — бұл Қалтай Мұхамеджановтың өз өмірінің көп жылын арабтың «1001 түн» ертегілерін қазақ тіліне аударуға арнағанына көрсетілген құрмет.
Режиссердің айтуынша, фильм түсіру идеясы драматургтің бірегей кітапханасымен танысқаннан кейін туындаған. Кітапханадағы бірнеше сөре Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаттары, халық жазушылары Расул Гамзатов, Мұстай Кәрім, Давид Кугультинов, Шыңғыс Айтматов, Герольд Бельгер, Әбіш Кекілбаев және т.б. тұлғалардың авторлық қолтаңбасымен сыйға тартылған кітаптарға арналған.
Ол 2011 жылы 7 мамырда ауыр науқастан Мәскеуде дүниеден өтті. Алматыдағы Кеңсай зиратына жерленді.
Дереккөз:
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу