
Әбдіжәміл Нұрпейісов
Дереккөз: Nur.kz
Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісов 1924 жылы 22 қазанда РКФСР құрамындағы Қырғыз Автономиялы Социалистік Кеңес Республикасының Арал ауданындағы Құланды кентінде (қазір - Қазақстанның Қызылорда облысы) балықшы отбасында дүниеге келген.
1942 жылы орта мектепті бітіріп, Қызыл армия қатарына шақырылады. Ол Балтық жағалауын азат ету шайқастарына және Курляндия операциясына (1944 жылдың қазанынан 1945 жылдың мамырына дейінгі кезеңде Латвияның батыс бөлігінде кеңес әскерлері неміс әскерлерінің ірі тобын қоршаған операция) қатысты, Қызыл Жұлдыз орденімен және басқа да жауынгерлік наградалармен марапатталған.
Әбдіжәміл Нұрпейісов 1947 жылы әскери міндетінен босатылған соң, бірден өзінің алғашқы ірі шығармасын жазуға кірісті. Онда Курляндиядағы неміс әскерлерін қоршау операциясы суреттеледі. «Курляндия» деп аталған роман жұртшылықтың жоғары бағасын алып, 1950 жылы Жамбыл атындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Кейін роман «Күткен күн» деген атпен қайта басылып шықты.
1950 жылы Ә. Нұрпейісов Мәскеудегі М. Горький атындағы Әдебиет институтына оқуға түседі. Институтты бітірген соң 1962 жылдан 1964 жылға дейін «Жұлдыз» журналының бас редакторы және Қазақстан Жазушылар одағының кеңесшісі болып қызмет етеді.
958 жылдан бастап Бірінші дүниежүзілік және Азамат соғысы кезеңіндегі Арал маңының оқиғаларын сипаттайтын «Қан мен тер» тарихи-революциялық трилогиясын жазумен шұғылданды. Бұл трилогия 1974 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығымен марапатталды. Кейін «Қан мен тер» романы негізінде көркем фильмдер түсіріліп, театрларда пьесалар қойылды.
Оның қаламынан «Толғау», «Жүрегі толы жыр еді», «Көгілдір көлдер өлкесі», «Естелік керуендері», «Тағдырым, дертім – Аралым» секілді очерктер туған.
2000 жылы «Соңғы парыз» роман-дилогиясы (Арал теңізінің күрт тартылуына байланысты экологиялық проблема жөнінде) жарық көрді. Роман 2003 жылы Шолохов атындағы сыйлыққа (жазушы Михаил Шолохов атындағы халықаралық сыйлық, 1992–2010 жылдары Ресейде жарық көрген тарихи тақырыптағы үздік шығармалар, поэтикалық жинақтар және филологиялық зерттеулер үшін берілді) ие болып, неміс тіліне аударылды және Германияда басылып шықты.
Әбдіжәміл Нұрпейісовтің әдеби мұрасы терең реализмі мен көркемдік айқындығы үшін жоғары бағаланады, ал өзі - қазақ мәдениеті мен әдебиетінің жарқын өкілдерінің бірі.
Ол 2022 жылы ақпан айында 98 жасында дүниеден өтіп, Алматы қаласында жерленді.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Әбдіжәміл Нұрпейісовпен бірнеше рет кездескен. Бұл кездесулерде қазақстандық мәдениет пен әдебиеттің жағдайы мен даму перспективалары талқыланды. Атап айтқанда, осындай кездесулердің бірі 2018 жылдың қараша айында өтіп, олар мәдениет саласының қазіргі жағдайы туралы пікір алмасты, отандық әдебиет пен шығармашылық зиялы қауымның одан әрі даму перспективаларын талқылаған еді.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовпен кездесуі. 2018 жылғы 16 қараша
Дереккөз: Қазақстан Республикасының ресми сайты
Дереккөздер:
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу