Басты бетке қайту

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры


Казахский национальный театр драмы имени Мухтара Ауэзова
Источник: Яндекс Карты

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры 1925 жылы сол кездегі Қазақ АССР-інің астанасы болған Қызылорда қаласында құрылған. Театр 1926 жылдың 13 қаңтарында Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасынан үзіндісін қоюмен ашылды.

1928 жылы астана Алматыға көшірілуіне байланысты театр да сол жерге ауыстырылды. 1937 жылдан бастап театрға академия атағы, ал 1961 жылдан бастап – кеңестік қазақ жазушысы, аудармашы, драматург және ғалым, «Абай жолы» роман-эпопеясының авторы Мұхтар Әуезовтің есімі берілді.

1946 жылы 20 жылдық мерейтойына орай театр «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды. 1952 жылы «Абай» спектаклі үшін театрға КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілді. «Ана – Жер-ана» (1964 ж.), «Ленин 1918 жылы» (1970 ж.), «Қан мен тер» (1974 ж.) спектакльдеріне де КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілді. 1976 жылы театр «Халықтар достығы» орденімен марапатталды.

1981 жылы Алматы қаласындағы Абай даңғылында Қазақ драма театры үшін арнайы жаңа ғимарат салынды. Бұл жоба үшін үш авторға 1982 жылы Шоқан Уәлиханов атындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы берілді. Ғимарат құрылымдық және сәулеттік ерекшеліктері бойынша бірегей құрылыс болып саналады. Барлық қасбеттердің композициялық шешімінің негізінде – негізгі көлемнің тұтастығы жатыр. Ғимарат биік іргетасқа орналасқан. Бас кіреберіс салтанатты баспалдақ ретінде салынған, оның алдына Мұхтар Әуезовке арналған ескерткіш орнатылған. Фойе сәндік барельефпен безендірілген. Ғимарат көлемі мен оның элементтерінің үйлесімділігі құрылысқа ерекше монументалдық пен салтанаттылық береді. Қасбеттерді әрлеуде гранит, ұлутас, мәрмәр қолданылған.

Ғимарат сәулет ескерткіші және ол мыңнан астам көрерменге арналып салынған.


Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры
Дереккөз: ArtBuhta.com


Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының баспалдақтары мен Мұхтар Әуезов ескерткіші
Дереккөз: Infomburo.kz

1988 жылы Алматы қаласында өткен Орта Азия және Қазақстан театрларының «Наурыз» халықаралық фестивалінде театр «Біз періште емеспіз» спектаклімен жүлдегер атанды.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін репертуар әлемдік және қазақ драматургиясының туындыларымен толыға түсті. 1996 жылы «Ситуациялар» триптихі (режиссері А. Рахимов) үшін жазушы-драматург Асқар Сүлейменов ҚР Мемлекеттік сыйлығына ие болды.

2020 жылдың 20 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен театрға «Ұлттық» мәртебесі берілді.

 

Дереккөздер:

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының сайты

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу