Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) бес басты органының бірі – БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі (БҰҰ ҚК). Ол 1945 жылықабылданған Ұйым Жарғысына сәйкес құрылған және соған сәйкес әрекет етеді. Қауіпсіздік Кеңесі халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға жауап береді, оның шешімдері БҰҰ мүшелері үшін міндетті. Алғашқы отырысы 1946 жылғы 17 қаңтарда Лондонда (Ұлыбритания) өтті, содан бері, сирек жағдайларды қоспағанда, отырыстар Нью-Йорктегі (Америка Құрама Штаттары) БҰҰ штаб-пәтерінде өткізіліп келеді.
БҰҰ ҚК-нің басты міндеті – халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау. Қауіпсіздік Кеңесі халықаралық қақтығыстарға әкелуі мүмкін дау-дамайларды тергеуге; оларды реттеу мәселелері бойынша ұсыныстар жасауға; халықаралық трибуналдар құруға; заңды күші бар міндетті шешімдер қабылдауға; оларды орындау үшін мәжбүрлеу шараларын енгізуге уәкілетті. Қауіпсіздік Кеңесінің назарында – мемлекетаралық қақтығыстар, азаматтық соғыстар, терроризм, қару-жарақты бақылау, табиғи апаттар және басқа да тақырыптар.
Жарғыға сәйкес, Қауіпсіздік Кеңесінің шешімдері (резолюциялары) заң күшіне ие және Ұйымға қатысушы елдер үшін міндетті түрде орындалуы тиіс. Егер ел оларға бағынбаса, Кеңес оған қарсы дипломатиялық және экономикалық санкциялар енгізе алады, ең соңғы жағдайда – агрессор-мемлекетке қарсы әскери іс-қимылдарды бастауға немесе санкциялауға құқылы.
Іс жүзінде, ортақ пікірдің болмауына байланысты мұны жүзеге асыру оңай емес. Қауіпсіздік Кеңесі тек екі рет ауқымды күш қолдану туралы ортақ келісімге келді: 1950 жылы Корей Халық Демократиялық Республикасының (КХДР) Корея Республикасына қарсы агрессиясы кезінде және 1990 жылы Ирактың Кувейтке шабуылынан кейін.
Қауіпсіздік Кеңесінің негізгі құралы – бітімгершілік миссиялары мен операциялары. 1956 жылдан 2024 жылға дейін БҰҰ ҚК барлығы 70-тен астам бітімгершілік миссиясына санкция берді. Мәжбүрлеудің тағы бір кең тараған тәсілі – санкциялар. Механизм алғаш рет іске қосылған 1966 жылдан бастап, БҰҰ ҚК 31 санкциялық режим енгізді, 2024 жылғы жағдай бойынша олардың 14-і әрекет етеді.
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі он бес мүшеден тұрады. Ұлыбритания, Қытай Халық Республикасы, Франция, Ресей Федерациясы және Америка Құрама Штаттары Кеңестің тұрақты мүшелері және олар вето құқығына ие, яғни кез келген шешімді бұғаттай алады. Он тұрақты емес мүше Бас Ассамблеямен екі жыл мерзімге, жыл сайын бес-бестен сайланады. Тұрақты емес мүшелер ұжымдық вето құқығына ие (жеті дауыс беруден бас тартқан мемлекет жеткілікті).
Тұрақты емес қатысушыларды іріктеудің басты критерийі – «БҰҰ мүшесінің халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға қатысу дәрежесі». Іс жүзінде бұл көбінесе бітімгершілік миссиялары үшін әскери және полиция контингенттерін құруға немесе қаржыландыруға қатысуды білдіреді. Сонымен қатар, Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес құрамы әлемнің барлық географиялық аймақтарын біркелкі көрсетуі керек. Он елдің: бесеуі – Африка мен Азияны; екеуі – Латын Америкасы мен Кариб бассейнін; екеуі – Батыс Еуропа мен басқа мемлекеттерді, қалған біреуі – Шығыс Еуропаны білдіреді.
Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде 2017 жылғы 1 қаңтардан 2018 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі кезеңде болды. Қазақстан кандидатурасын дауыс беруге қатысқан БҰҰ-ға мүше 193 мемлекеттің 138-і қолдады. Қазақстан Республикасы БҰҰ-ның ең маңызды саяси органының құрамына сайланған Орталық Азиядағы бірінші мемлекет болды.
Дереккөздер:
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу