Басты бетке қайту

Ұлы тоқырау (1929-1939)

ХХ ғасырдағы ең ірі экономикалық дағдарыстың алдында АҚШ экономикасы бұрын-соңды болмаған қарқынмен өсті. 1917–1927 жылдары ұлттық табыс 3 есеге жуық артты. Ел толық дерлік жұмыспен қамтылды, ал акциялар нарығы тарихи максимумдарға жетті. Тауар өндірісінің өсуі ақша массасын арттыруды талап етті. Алайда, доллар алтынға байланған болатын. Алтын қоры экономиканың өсу қарқынына ілесе алмағандықтан, үкімет алтынмен толық қамтамасыз етілмеген жаңа ақшаларды басып шығаруға мәжбүр болды.

1920 жылдардың басынан бастап, миллиондаған америкалықтар өз қаражаттарын акцияларға инвестициялады. Өсіп келе жатқан сұраныс бағалы қағаздардың бағасын шарықтатып жіберді, бұл байығысы келген жаңа инвесторларды одан сайын тарта түсті оның үстіне азаматтардың бағалы қағаздарды жеке жинақсыз, тіпті несиеге алуы нарықтағы спекуляцияны шектен тыс арттырып жіберді. Биржада ойнау сәнге айналды. Нәтижесінде, нарықтағы спекуляция көлемі ұлғайып, қаржылық активтердің бағасы олардың нақты құнынан айтарлықтай асып кетті. Жағдайды АҚШ-та ол кезде қаржылық көпіршіктерді (financial bubbles) болдырмауға бағытталған нақты заңнаманың болмауы одан әрі ушықтырды.

1929 жылдың 24 қазанында алғашқы дабыл соғылды. Нью-Йорк биржасында Dow Jones индексі 26% құлап, жаппай дүрбелең тудырды, 13 млн-ға жуық бағалы қағаз сатылды.  Бұл күн АҚШ тарихында «қара сейсенбі» атауымен қалды. Жұма күні жағдай қалыпқа келуге тырысты. Ал дүйсенбіде дүрбелең күшейіп, сейсенбіде күйреу орын алды: Dow Jones индексі құлап, миллиондаған инвесторлар күйреді. Бір аптаға жетпей нарық шамамен 40%-ға төмендеді, ал оның құны $30 млрд-қа кеміді. Бұл сома АҚШ үкіметінің Бірінші дүниежүзілік соғысқа жұмсаған барлық шығынынан да көп еді.

Халық арасындағы орасан зор қаржылық шығындар елдегі тұтыну көлемін айтарлықтай төмендетті. Америкалық фирмалар өз тауарларын бұрынғы көлемде сату мүмкіндігінен айырылды. Компаниялар өндіріс көлемі мен қызметкерлердің санын қысқарта бастады - ақша жинақтарынан айырылған халық жаппай жұмыссыз қалды. Кедейленген халық өздерінің қалған банк салымдарын белсенді түрде  ала бастады, бұл банктердің банкротқа ұшырау толқынына әкелді. Ұлы тоқыраудың алғашқы үш жылында АҚШ-та 4 835 банк банкрот болды. Жалпы алғанда осы ұйымдардың депозиттерінде $3,2 млрд. болған екен.

Банктердiң банкроттығы кәсiпорындар үшiн кредиттердiң төмендеуiне әкеп соқты, бұл өз кезегiнде өндiрiстердiң қысқартуына және жаппай жұмыстан босауды арттырды.

АҚШ Ұлттық экономикалық зерттеулер бюросының статистикасына сәйкес, 1929 жылы АҚШ-тағы жұмыссыздық деңгейі шамамен 2%-ды құраған. 1930 жылы бұл көрсеткіш 12%-ға дейін күрт өсті, ал 1932 жылы 25%-ға жетті - әрбір төртінші америкалық жұмыссыз қалды. 2,5 миллионға жуық адам баспанасыз қалды. Елде қылмыс деңгейі күрт өсті, бұл әлеуметтік шиеленісті одан әрі күшейтті.

Германия, Франция, Ұлыбритания сияқты басқа да Батыс елдері, сондай-ақ Орталық және Оңтүстік Шығыс Еуропа елдері, Азия және Латын Америкасы елдері де Ұлы тоқырауға ұшырады. Неғұрлым дамыған 32 капиталистік елдің өнеркәсіптік өндірісі орташа алғанда 38% -ға жуық, оның ішінде АҚШ-та 46% -ға, Германияда 41% -ға, Францияда 32% -ға, Ұлыбританияда 24% -ға қысқарды. Фирмалар, банктер, кәсiпорындар, фермерлiк шаруашылықтар жаппай банкрот болды. Ресми деректер бойынша 1933 жылы өнеркәсiбі дамыған елдерде 30 млн жұмыссыз болған.

Ұлы тоқыраудың ең күрделі кезеңі 1929-1933 жылдар кезеңі болып саналады. Дағдарысты еңсеру үшін жетекші елдердің үкіметтері экономикаға мемлекеттік араласуды кеңейтуге, әлеуметтік қажеттіліктерге мемлекеттік шығыстарды ұлғайтуға, ал жұмыссыздықпен күресу үшін қоғамдық жұмыстар тәжірибесін кеңінен пайдалануға мәжбүр болды. АҚШ-та 1933 жылдан бастап президент Франклин Рузвельттің «жаңа бағыты» - Ұлы тоқыраудың салдарын еңсеруге және өнеркәсіптегі, ауыл шаруашылығындағы, қаржыдағы, энергетикадағы және еңбек қатынастарындағы құрылымдық реформаларға бағытталған экономикалық және әлеуметтік бағдарлама өткізіле бастады. Жаңа бағдарлама араласпау принципінен бас тартуға әкелді және кедейшілік пен жұмыссыздықпен күресті қоса алғанда, АҚШ федералдық үкіметінің қызметін айтарлықтай кеңейтті.

Ұлы тоқырау тұтастай алғанда 1939 жылы Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуынан туындаған әскери-өнеркәсіптік дүрбелеңнің басталуымен ғана еңсерілді.

 

Дереккөздер:

Үлкен Ресей энциклопедиясы

Википедия

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу