1991 жылы 31 шілдеде Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы (КСРО) мен Америка Құрама Штаттары (АҚШ) арасында Стратегиялық шабуыл қаруларын қысқарту және шектеу туралы шартқа – СНВ-1-ге қол қойылды. Бұл құжат КСРО мен АҚШ арасындағы ядролық қарусыздануда және стратегиялық тұрақтылықты нығайтуда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік берген ірі келісім болды.
Сарапшылар бұл құжатты «бірегей», «тарихи» және «революциялық» деп атайды. Ол тараптарға стратегиялық арсеналдарды шектеуден оларды елеулі түрде қысқартуға көшуге мүмкіндік берді. Бейресми түрде «Ядролық қаруларды 50%-ға қысқарту туралы шарт» деп аталған келісім бойынша, жеті жыл ішінде қару жеткізуші құралдар бойынша шамамен 25%-ға (1,6 мың бірлік шегіне дейін) және ядролық жауынгерлік зарядтар бойынша 50%-ға (6 мың бірлік шегіне дейін) қысқарту көзделді.
1988 жылы күшіне енген Орта және қысқа қашықтыққа ұшатын зымырандарды жою туралы шартпен (ОҚЗЖШ) бірге СНВ-1 көп жылдар бойы екі ірі ядролық держава арасындағы стратегиялық тұрақтылық жағдайын қолдап, оларға өзара сенімді нығайтуға көмектесті.

Америка Құрама Штаттарының Президенті Джордж Буш пен КОКП Бас хатшысы Михаил Горбачев СНВ-1 шартына қол қоюда. Мәскеу, 1991 жылғы 31 шілде
Дереккөз: Коммерсантъ
Келісімшарт 1985 жылдан 1991 жылға дейін, яғни алты жыл бойы әзірленді және екі елдің дипломаттары мен сарапшылары атқарған орасан зор жұмыстың қорытындысы болды – қосымшаларымен бірге санағанда оның көлемі шамамен 900 бетті құрады.
СНВ-1 шартында алғаш рет қарусыздануды бақылау бойынша барлық процедуралар егжей-тегжейлі жазылып, кейіннен барлық халықаралық қарусыздану келісімдеріне енген тұжырымдар нақтыланып, стратегиялық қару-жарақтың түрлі жүйелері мен кешендерінің кластарына, қосалқы кластарына ресми анықтамалар берілді. Кейінгі осы тектес келісімдердің көбі СНВ-1 әзірлеу кезінде ойластырылған және сипатталған бақылау және өзара іс-қимыл тетіктерін пайдаланды.
СНВ-1 шартына қол қойылған кезде Кеңес Одағы ыдыраудың аз-ақ алдында тұрған еді. Жарты жылдан кейін КСРО өмір сүруін тоқтатты – 1991 жылдың желтоқсанында Беловеж келісімдеріне қол қойылды және одақтық республикалардың орнында тәуелсіз мемлекеттер пайда болды. Олардың төртеуінің аумағында бұрынғы КСРО-ның ядролық қарулары орналасқан болатын: Ресейде, Қазақстанда, Украинада және Беларуссияда.
Ресей Кеңес Одағы таратылғаннан кейін бірден КСРО-ның халықаралық міндеттемелерін, соның ішінде СНВ-1 шартын орындауды жалғастыратынын мәлімдеді. 1991 жылдың 21 желтоқсанында Қазақстанның астанасы Алма-Атада (қазіргі – Алматы) «Ядролық қаруға қатысты бірлескен шаралар туралы келісімге» қол қойылды, соған сәйкес тактикалық ядролық оқ-дәрілер 1992 жылдың көктемінде Ресейге шығарылды.
Стратегиялық ядролық қарудың тағдыры Ресей, Украина, Қазақстан, Беларуссия және АҚШ қол қойған СНВ-1-ге қосымша келісім – Лиссабон хаттамасы аясында шешілді. Оған 1992 жылы 23 мамырда Лиссабонда (Португалия) қол қойылды. Хаттама Беларуссия, Қазақстан және Украинаның қысқа мерзім ішінде ядролық қарудан бас тартуға және ядролық қаруға ие емес мемлекеттер ретінде Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа (ЯҚТШ) қосылу міндеттемелерін айқындады. Лиссабон келісімдеріне сәйкес, СНВ-1 шарты Лиссабон хаттамасына қол қойған барлық елдер оны ратификациялағаннан кейін күшіне енді.
Лиссабон хаттамасына қол қою қарсаңында, 1992 жылдың 17-23 мамыры аралығында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа алғашқы ресми сапары өтті. Вашингтондағы келіссөздердің басты тақырыптарының бірі КСРО мен АҚШ арасында қол қойылған СНВ-1 шартының заңды мәртебесі болды.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа алғашқы сапары аясындағы Қазақстан Президенті мен Америка Құрама Штаттарының Президенті Джордж Буштың кездесуі. 1992 жылғы 20 мамыр
Дереккөз: Хроника деятельности Первого Президента Республики Казахстан Нурсултана Назарбаева
1992 жылы 2 шілдеде Қазақстан парламенті СНВ-1 шарты мен Лиссабон хаттамасын бекітті. 1994 жылғы 12 ақпанда Қазақстан Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа ядролық қарусыз мемлекет ретінде қосылды. Республика аумағында уран мен плутоний жоғары байытылған объектiлердi қоса алғанда, көптеген ядролық-қауiптi объектiлер болғандықтан, Қазақстан олардан туындайтын қауiптi азайту жөнiнде бiрқатар бағдарламалар мен мәмiлелер алды. Олардың қатарында Нанн-Лугар бағдарламасы аясында көмек көрсету және АҚШ-тың жоғары байытылған уранды сатып алуы болды.
1992 жылғы 4 қарашада Лиссабон хаттамасы мен СНВ-1 шартын Ресей, 1993 жылғы 4 ақпанда - Беларусь, ал 1994 жылғы 3 ақпанда - Украина Жоғарғы Радасы ратификациялады.
1994 жылғы 5 желтоқсанда СНВ-1 Шарты күшіне енді. Жеті жылдан кейін, 2001 жылғы 6 желтоқсанда Ресей мен АҚШ СНВ-1 шарты бойынша міндеттемелерін орындағандарын мәлімдеді. Бұл шартты бақылаушы құрылымдар АҚШ тарапынан 10-ға жуық ірі бұзушылық тіркегенмен, бірақ жалпы Шарт орындалды деп саналды. Келісім 2009 жылдың 5 желтоқсанында ресми түрде аяқталды.
СНВ-1 ядролық қаруды бақылау жөніндегі бірегей келісім болып табылады. Ресей мен АҚШ арасында кейінгі жылдары жасалған қалған барлық шарттар Мәскеуде 1991 жылғы 31 шілдеде қол қойылған келісімдерді толықтырды.
Дереккөздер:
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу