Басты бетке қайту

Косыгин реформалары

Косыгин реформалары — Кеңестік Социалистік Республикалар Одағындағы (КСРО) 1965 жылғы экономикалық реформа, оны Министрлер Кеңесінің (үкімет) Төрағасы Алексей Косыгиннің басшылығымен басталып, жүргізілді.

Реформаның негізгі мақсаттары мен бағыттары Кеңес Одағы Коммунистік Партиясы Орталық Комитетінің (КОКП ОК) 1965 жылғы қыркүйектегі Пленумының шешімдерінде, сондай-ақ КОКП ОК мен КСРО Министрлер Кеңесінің «Өнеркәсіп өндірісін жоспарлауды жетілдіру және экономикалық ынталандыруды күшейту туралы» атты 1965 жылғы қазанның 4-індегі қаулысында және осы уақытта КСРО Министрлер Кеңесі бекіткен «Социалистік мемлекеттік кәсіпорын туралы ережеде» тұжырымдалған.

Егер бұрын экономика барлық салалар өзара байланысты болатын жалпымемлекеттік шаруашылық есепті көздесе, ал көрсеткіштерді жоспарлауға КСРО Мемлекеттік жоспарлау комитеті (Мемжоспар) жауап берсе, Алексей Косыгиннің өзгерістері децентрализацияны және кәсіпорындардың дербестігін дұрыс деп ұйғарды. Кәсіпорын тиімділігінің негізгі көрсеткіші ретіндегі жалпы өнім көрсеткішінің орнына, пайда, рентабельділік және өнімді өткізу көрсеткіші бірінші орынға шықты.

Кәсіпорындар өз дамуын дербес жоспарлауға, күрделі салымдар, ассортимент және өнімді тиімді өткізу бойынша шешімдерді әзірлеуге тиіс болды. Олар қызметкерлер санын және оларды материалдық ынталандыру мөлшерін өздері анықтады. Пайда есебінен қорлар құрылды, олардың қаражаты басшылықтың өз қалауы бойынша, соның ішінде жұмысшыларды материалдық ынталандыру үшін де жұмсалды.

Реформа аясында сондай-ақ өнеркәсіпті салалық басқару қалпына келтірілді және халық шаруашылығының аумақтық кеңестері (совнархоздар) таратылды. Реформаның мақсаттары — еңбек өнімділігін арттыру, өнім сапасын көтеру, ғылыми-техникалық прогресс болды.

1969 жылға қарай жаңа жүйе бойынша 32 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істеді, олар КСРО өнімінің 77%-ынқамтамасыз етті. Жаңа механизмдерді енгізу экономикалық өсу мен өнеркәсіптік экспорт қарқынын жеделдетуге мүмкіндік берді, тұрмыс деңгейін арттыруға ықпал етті.

1970 жылға қарай жетекші өнеркәсіп салаларындағы кәсіпорындардың 90%-дан астамы, сондай-ақ кеңестік шаруашылықтардың 40%-ы жаңа жұмыс жағдайларына ауысты. Ресми статистикалық деректер бойынша, реформа жүргізілген бесжылдық барлық бесжылдықтардың ішіндегі ең үздігі болды: өнеркәсіп өндірісінің көлемі 50%-ға, еңбек өнімділігі 39%-ға өсті, ұлттық табыстың орташа жылдық өсу қарқыны 7,7%-ды құрады.

Алайда, реформа әкімшілік-әміршілдік жүйенің мәніне әсер етпеді, және 1970-ші жылдардың басына қарай экономикалық өсу қарқыны төмендей бастады. Көптеген министрліктер мен бірлестіктер арқылы басқару біртұтас экономикалық жүйені бөлшектеді, соның салдарынан ресурстар ең маңызды бағыттарға шоғырланбай, біркелкі және тиімсіз бөлінді. Бұл күш пен қаражатты ысырап етуге, шетелден заманауи жабдықтарды сатып алуға қарамастан, кәсіпорындарды жаңғырту жоспарларының ұзаққа созылуына және бұзылуына әкелді.

Сонымен қатар, пайданың соңынан қуған кәсіпорындар жиі бағаны асырып жіберді, рентабельділігі төмен (бірақ тұтынушыға қажет) өнім өндірісін қысқартты, ал жалақының өсуі тапшылықты күшейтті — ұсыныс төлем қабілетті сұранысқа ілесе алмады.

Реформа үйлеспейтін нәрселерді — нарықтық экономика элементтерін әкімшілік-әміршілдік жүйемен біріктіруге тырысты. Бұл ішкі қайшылықтар туғызды, себебі кәсіпорындар технологиялары, экономикалық және географиялық жағдайлары бойынша қатты ерекшеленді, ал топтық нормалар бойынша ынталандырулар бұл айырмашылықтарды ескермеді. Нағыз нарық, бәсекелестік және капиталдың еркін қозғалысы болмаған кезде, даму қорлары жаңғыртудың тиімді механизмі бола алмады, ал пайда мен өнімді өткізу көрсеткіштері тиімділікті арттыруға әсер етпеді. Бағаны нарық емес, бюрократия белгіледі, сондықтан олар тауарлардың нақты құнын көрсетпеді және шаруашылық қызмет үшін бағдар бола алмады.

Экономиканы дамытудағы нарықтық факторлардың қайта жандануын коммунистік партия және ел басшылығы зиянды және қауіпті деп санады. Дәл осы уақытта мұнай экспортының өсуі және мұнай кірістері экономикалық мәселелерді жасыруға мүмкіндік берді, бұл да реформаторлық күш-жігердің бәсеңдеуіне ықпал етті.

70-ші жылдардың басында реформа тоқтатылды.

 

Дереккөздер:

Үлкен Ресей энциклопедиясы

Дилетант

РБК

Российская газета

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу