Басты бетке қайту

Чернобыльдегі атом электр станциясындағы апат (1986 жылдың 26 сәуірі)

1986 жылғы 26 сәуірге қараған түні Украина Кеңестік Социалистік Республикасының (қазір – Украина аумағы) аумағында, Припять өзенінің оң жағалауында, Украина астанасы Киевтен 160 шақырым жерде және Киев облысының Чернобыль қаласынан солтүстік-батысқа қарай 15 шақырым қашықтықта орналасқан Чернобыль атом электр станциясының (ЧАЭС) төртінші энергоблогында әлемдік атом энергетикасы тарихындағы ең ірі апат орын алды.

Алдын ала жөндеу үшін энергоблокты жоспарлы тоқтатуға дайындық жүргізу кезінде қуаттың бақылаусыз өсуі орын алды, бұл жарылыстарға және реактор қондырғысының айтарлықтай бөлігінің қирауына әкеп соқты. Белсенді аймақ және реактор ғимаратының бүкіл жоғарғы бөлігі толығымен қирады, барлық тосқауылдар мен қауіпсіздік жүйелері жойылды. Жарылыстан басталған өрт кезінде ауаға өте үлкен радиоактивті заттар тарап кетті.


Чернобыльская АЭС после аварии
Источник: Lenta.ru

Жарылыс кезінде бір адам, сорғы операторы болған Валерий Ходемчук қаза тапты, сол күні таңертең медициналық-санитарлық бөлімде автоматика жүйесін реттеуші инженер алған күйіктер мен жарақаттардан қайтыс болды.

Бір күннен кейін, 27 сәуірде Припять қаласы (47,5 мың адам), ал кейінгі күндері ЧАЭС айналасындағы 10 шақырымдық аймақтың тұрғындары эвакуацияланды. Жалпы, 1986 жылдың мамыр айы ішінде станцияны қоршаған 30 шақырымдық тыйым салынған аймақта орналасқан 188 елді мекеннен шамамен 116 мың адам көшірілді.

Станциядағы қарқынды өрт 10 тәулікке созылды, 200 мың шаршы шақырымнан астам аумақ радиоактивті ластануға ұшырады, оның 70%-ы Украина, Беларусь және Ресей аумақтарына тиесілі болды. Украин КСР-нің Киев және Житомир облыстарының солтүстік аудандары, Беларусьтің Гомель облысы және Ресейдің Брянск облысы ең көп ластанған аумақтар болды. Радиоактивті жауын-шашын Ленинград облысында, Мордовияда және Чувашияда (Ресей) жауды. Кейіннен ластану Кеңес Одағының арктикалық аймақтарында, Норвегияда, Финляндияда және Швецияда да тіркелді. Жалпы КСРО-да апат салдарынан ауыл шаруашылығы айналымынан шамамен бес миллион гектар жер алынып, жүздеген шағын елді мекендер жойылып, көмілді (ауыр техникамен жерленді), ал олардың тұрғындары басқа жерге қоныс аударды.

Төтенше оқиға туралы алғашқы қысқаша ресми хабарламаны Совет Одағы Телеграф Агенттігі (ТАСС) 28 сәуірде таратты. Сол кездегі Кеңес Одағының басшысы Михаил Горбачевтың BBC-ге 2006 жылы берген сұхбатына сәйкес, Киевтегі және басқа қалалардағы мерекелік Бірінші мамыр демонстрациялары тоқтатылмады, себебі ел басшылығында «не болғаны туралы толық мәлімет» болмаған және халық арасында дүрбелең туындауынан қорыққан. Тек 14 мамырда Михаил Горбачев теледидар арқылы үндеу жасап, оқиғаның шынайы ауқымы туралы айтты.

Апаттан кейін бірден атом станциясының жұмысы тоқтатылды. 1986 жылдың мамыр айынан қараша айына дейін апатты энергоблокты жауып тұратын «Саркофаг» деп аталатын «Пана» (Укрытие) құрылысын салу жұмыстары жүргізілді. Одан кейін бір жыл ішінде қалған үш энергоблок жұмысын қайта бастады, алайда 2000 жылдың 15 желтоқсанында Чернобыль АЭС жұмысын толық тоқтатты. 2007-2019 жылдары ескірген «Пананы» жауып тұратын жаңа саркофаг – «Пана-2» (Укрытие-2) салынды.

Апаттан кейін бірден ЧАЭС-тен 30 шақырымдық аймақ шегінде тыйым салынған аймақ (зона отчуждения) белгіленді. Қазір бұл тұрақты халқы жоқ, арнайы рұқсатпен кіретін жабық аумақ. Бұл аумақта бірнеше мың адам тұрады: негізінен Чернобыльдегі Тыйым салынған аймақ әкімшілігінің (АЗО)  және Чернобыль АЭС-тің қызметкерлері. Үйлердің көпшілігі толық немесе жартылай қираған. Көршілес аумақтарда – Белоруссия мен Ресейде де өздерінің тыйым салынған және көшірілген аймақтары (радиациялық ластану деңгейі біртіндеп қалыпқа келген кезде тұрғындар оралған аумақтар) бар.

ЧАЭС-тегі апат миллиондаған адамдардың өміріне үлкен әсер етті. Қауіп тобына ЧАЭС қызметкерлері, эвакуацияланған адамдар және зардап шеккен аумақтардың тұрғындары кірді. Белоруссиядағы, Ресейдегі, Украинадағы 8,4 миллионға жуық адам іргелес аумақтарда радиациялық әсерге ұшырады. Апат салдарын жоюға 600 мыңнан астам адам қатысты, оның ішінде 30 мыңнан астам қазақстандықтар да болды, олар да жоғары сәулелену қаупіне ұшырады.

Төтенше жағдайдың себептерін тергеу жөніндегі Кеңестік мемлекеттік комиссия апат үшін жауапкершілікті станция басшылығы мен жедел қызметкерлерге жүктеді. Халықаралық Атом Энергиясы Агенттігі (МАГАТЭ) құрған Ядролық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі Кеңес комитеті (INSAG) өзінің 1986 жылғы есебінде Кеңес комиссиясының қорытындыларын растады. Алайда, апаттың себептері туралы бірыңғай пікір осы уақытқа дейін жоқ, бірқатар сарапшылар энергоблоктың конструктивтік кемшіліктері де өз үлесін қосты деп мәлімдейді. Пенсильваниядағы (1979) және Чернобыльдегі атом станцияларындағы апаттардан кейін әлемде қауіпсіздік талаптары, атап айтқанда станцияларды жобалауға, салуға және пайдалануға деген көзқарастар айтарлықтай қайта қаралды. Бүгінде АЭС құнының 40%-ға дейінін әртүрлі қорғау және қауіпсіздік жүйелері құрайды.

2016 жылғы 8 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 26 сәуірді Чернобыль апатын еске алудың Халықаралық күні деп жариялады.

 

Дереккөздер:

РИА Жаңалықтар

ТАСС 

Википедия

 

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу