Марксизм-ленинизм – Кеңес Одағы мен басқа социалистік мемлекеттердің ресми мемлекеттік идеологиясы болған саяси идеология, философиялық жүйе және экономикалық теория. Ол Карл Маркстің идеяларына негізделген, оларды Владимир Ленин өңдеп, толықтырған.
Марксизм-ленинизм капиталистік жүйені төңкеріс жолымен құлату арқылы социалистік қоғам құруға ұмтылады. Бұл мақсатқа жету үшін жұмысшы табы коммунистік партияның басшылығымен бірігуі тиіс. Социализм орнағаннан кейін, мемлекет қажетсіз болып қалатын және қоғам ортақ меншік пен тең құқықтық негізінде жұмыс істейтін коммунизмге біртіндеп өту жоспарланады. Іс жүзінде, бұл көбінесе тоталитарлық режимдердің қалыптасуына, қарсы пікірді басуға және орталықтандырылған жоспарлы экономикаға әкелді.
Марксизм, Карл Маркс пен Фридрих Энгельс 19 ғасырда жасаған ілім, қоғамның дамуын материалдық жағдайлар мен таптық күрес призмасы арқылы түсіндіреді. Марксизмнің негізінде экономикалық қатынастар, әсіресе өндіріс құралдарына иелік ету, қоғамның құрылымы мен тарихын анықтайды деген идея жатыр. Марксизм тарихты қанаушы таптар (буржуазия) мен қаналушы жұмысшылар (пролетариат) арасындағы күрес процесі ретінде қарастырады, мұндағы басты қозғаушы күш – таптық күрес.
Бұл ілім капитализмді жұмысшы табын қанағаны үшін айыптайды және жұмысшыларды революциялық күреске бірігуге шақырады. Марксизмнің басты мақсаты – таптық қайшылықтар жоқ, өндіріс құралдары қоғамдық меншікте болатын және адамдар еңбек өнімдерін өз қажеттіліктеріне сәйкес алатын коммунистік қоғам құру.
Владимир Ленин марксизмге бірқатар маңызды толықтырулар мен нақтылаулар енгізді, олар марксизм-ленинизмнің негізіне айналды. Ол классикалық марксизмде болмаған – революцияны ұйымдастыруға және оған басшылық етуге қабілетті жұмысшы табының авангарды ретіндегі – жаңа типтегі партия, яғни коммунистік партия теориясын дамытты. Ленинизм мемлекет пен партияның рөліне, сондай-ақ пролетариат диктатурасы теориясына баса назар аудара отырып, таптық күрестің саяси жағын бөліп көрсетеді. Сондай-ақ ол, революция тек өнеркәсібі дамыған елдерде бір уақытта болуы керек деген марксистік теорияға қайшы, революцияның өнеркәсібі аз дамыған, феодалдық қалдықтар бар елдерде де басталуы мүмкін екенін көрсетті. Владимир Ленин марксизм философиясын жүйелеп, марксизмге оның қағидаларын қатаң ұстануды талап ететін неғұрлым догматикалық сипат берді.
Марксизм-ленинизм Кеңестік Социалистік Республикалар Одағында (КСРО) 1920-1930 жылдары қалыптасты, КСРО Конституциясымен 1977 жылы бекітілген ресми мемлекеттік идеология болды. Оған дейін, КСРО-ның 1936 жылғы конституцияда марксизм-ленинизм идеологиясын басшылыққа алған Кеңес Одағы Коммунистік Партиясының үстем партия ретіндегі рөлі ресми түрде бекітілген болатын.
1925 жылдан бастап кеңестік оқу орындарында «Марксизм-ленинизм негіздері» курсы енгізілді, ол жоғары сыныптар мен жоғары оқу орындарында міндетті болды, сондай-ақ марксизм-ленинизмді түсіндіруге және дамытуға арналған көптеген кітаптар мен мақалалар жарияланды. Марксизм-ленинизмнің негізгі қағидаларына күмән келтіруге бағытталған кез келген әрекеттер қатаң түрде тоқтатылды.
Марксизм-ленинизмнің түпкі мақсаты бүкіл әлемде коммунистік құрылысты орнату деп жарияланды; бұл ретте КСРО және басқа социалистік елдер коммунизмді басқа елдерге тарату үшін бастапқы база ретінде қызмет етуі тиіс болды. КСРО сонымен қатар бүкіл әлемдік коммунистік қозғалыстың жетекшісі рөліне үміткер болды.
Қайта құру (1985 жылдан 1991 жылға дейін мемлекет басшысы Михаил Горбачевтің бастамасымен КСРО-да жүргізілген экономика мен қоғамды жаңғыртуға бағытталған шаралар кешені) басталған кезде, марксизм-ленинизмнің екі негізгі қағидасы – коммунизмнің экономика саласында капитализмді басып озуға қабілетті екендігіне деген сенім және коммунизм идеалдарының моральдық артықшылығына деген сенім – көптеген адамдар үшін күмән тудырды.
Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін марксистік-лениндік партиялар мен ұйымдар өмір сүруін жалғастырды, бірақ олар оппозициялық күштер ретінде ғана қалды, ал идеологияның өзі көптеген адамдар үшін ескірген және өміршеңдігін жоғалтқан ретінде қабылдана бастады.
Дереккөздер:
«Валдай» халықаралық талқылау клубы
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу