1960 жылдардың басында Кеңестік Социалистік Республикалар Одағында (КСРО) ауыл шаруашылығы саясатындағы қателіктерден туындаған азық-түлік дағдарысы басталды. Атап айтқанда, тың жерлерді игеру науқаны және қолайсыз климаттық жағдайларда жүгеріні жаппай өсіру өнімділіктің төмендеуіне және топырақтың эрозиясына әкелді, бұл азық-түлік проблемаларын одан әрі ушықтырды.
Шаруалардың жеке қосалқы шаруашылықтарымен күресу, малды қосалқы шаруашылықтардан мемлекеттік шаруашылықтарға ауыстыру, сондай-ақ сүдігерге арналған егістік алқаптарын қысқарту жемшөп қорын нашарлатты және мал шаруашылығы өнімдерінің өндірісін төмендетті.
Новочеркасск қаласындағы (Ресей) наразылықтардың негізгі түрткісі 1962 жылғы 1 маусымда Кеңес Одағы Коммунистік Партиясы Орталық Комитетінің (КОКП ОК) және КСРО Министрлер Кеңесінің қаулысымен жарияланған ет, сүт өнімдері және сары май бағасының күрт өсуі болды. Ет және ет өнімдерінің бағасы орташа есеппен 31%-ға, сары майдікі – 25-35%-ға өсті. Бағаның өсуі бүкіл елдегі азық-түлік тапшылығының өршіп тұрған кезінде орын алып, халық үшін үлкен соққы болды.
Азық-түлік бағасының өсуімен қатар, Будённый атындағы Новочеркасск электровоз жасау зауытында (НЭВЗ) ауыр жұмыс үшін есептік бағалар шамамен 10%-ға төмендетілді, ал өндіріс нормалары үштен біріне жуық ұлғайтылды. Нәтижесінде жұмысшылардың нақты жалақысы айтарлықтай төмендеді, бұл олардың сатып алу қабілетін азайтып, наразылық туғызды.
1 маусымда бағаны көтеру туралы қаулыны талқылаған болат құю цехының қалыпқа құюшылары стихиялық митинг ұйымдастырды. Тікелей басшылықтың жұмысқа оралу туралы үндеулері ескерусіз қалды, митингіге басқа цехтардағы еңбегі үшін есептік бағаны көтеруді талап еткен әріптестері қосыла бастады. Сағат 11-де олардың барлығы зауыт басқармасына бет алды, онда шамамен мыңға жуық адам жиналды.
Наразы болған жұмысшылардың бұл митингінің келесі кезеңге өтуіне, әкімшілікке шабуылға ауысуына себеп болған негізгі оқиға зауыт директоры Борис Курочкиннің сөздері еді. Зауыт жұмысшыларының алдына шыққан ол «етке ақша жетпесе – бауыр қосқан бәліш жеңдер!» деген абайсыз айтқан сөзі түрткі болған деседі.
Ереуіл бүкіл зауытты қамтыды, зауыттың дабылы жақын маңдағы аудандар мен басқа кәсіпорындардың тұрғындарының назарын аударды. Митингіге қатысушылардың саны бес мыңға жетті, олар зауыт аумағын бақылауға алып, кейін әскер оларды ығыстырғанға дейін сол жерде болды. Наразылық білдірушілердің бір бөлігі оңтүстік аймақтарды ел орталығымен байланыстыратын темір жолды бөгеп тастады.
КОКП ОК бірінші хатшысы және КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы Никита Хрущёвтың бұйрығымен, Қорғаныс министрімен, Ішкі істер министрлігі (ІІМ) және Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті (МҚК) басшыларымен келіссөздер жүргізгеннен кейін, қалаға «антикеңестік бүлікті» басу үшін танктер мен солдаттарды қоса алғанда, әскер енгізілді. 2 маусымға қараған түні әскер митингіге қатысушыларды зауыт аумағынан ығыстырып шығарды, содан кейін коменданттық сағат енгізіліп, зауыт күзетке алынды.
2 маусым күні таңертең әскер басып алған зауыт аумағында жұмысы жоқ және «оқ астында» жұмыс істеуден бас тартқан зауыт жұмысшыларының жиналған бір тобы коммунистік партияның қалалық комитеті (қалаком) ғимаратына бет алады. Оларға қала тұрғындары қосылды. Наразылық білдірушілер қалаком ғимаратын басып алды және импровизацияланған мінберге айналған балконнан бағаны төмендету талаптары, билік пен әскерилерге қорлау сөздер мен қорқытулар айтылды.
Адамдарды қалаком ғимаратынан Новочеркасск гарнизонының бастығы генерал-майор Иван Олешконың басшылығымен ішкі әскерлер бөлімшесі кері ығыстырды. Митингіге қатысушылар басып алған ғимараттағы балконға өте алған ол, адамдарды тарауға көндіруге тырысты. Топ әскерилерге қарай тұра ұмтылды, тіпті біреулері олардың қаруын тартып алуға әрекеттенді. Генерал ауаға ескерту үшін дүркін оқ атуға бұйрық беруге мәжбүр болды, бірақ топ ішінен бос оқпен атып жатыр деп айқайлай бастады. Жағдай толығымен бақылаудан шықты. 23 адам қаза тауып, ондаған адам ауыр оқ жарақатын алды.
Бүлік басылғаннан кейін тұтқындаулар басталды. Жеті «бастамашы» өлім жазасына кесіліп, атылды. Жүзден астам адам 2 жылдан 15 жылға дейін түрмеге қамау жазасына кесілді. Бұл іс бойынша қудалау Никита Хрущёв 1964 жылы отставкаға кеткеннен кейін дерлік тоқтады, бірақ құпиялық грифі Кеңес Одағы өмір сүруін тоқтатқанға дейін алынған жоқ. 1996 жылы барлық сотталғандар, соның ішінде атылғандар да, ресейлік билік органдары тарапынан ақталды.
1962 жылғы Новочеркасск трагедиясының құрбандарына арналған ескерткіш, «қандағы тас» деп те аталады. 1991 жылы Новочеркасск қаласының Сарай алаңындағы Платов скверінде орнатылды. Жыл сайын 2 маусымда Новочеркасск қаласында 1962 жылғы трагедия құрбандары еске алынады.
Дереккөздер:
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу