Кресшілер – бұл XI ғасырдан XIII ғасырға дейін өткен крест жорықтары деп аталатын бірқатар діни әскери жорықтарға қатысқан, негізінен рыцарлардан тұратын еуропалық жауынгерлер. «Кресшілер» атауы осы жорықтарға қатысушылардың діни миссиясының символы және жорыққа аттанар кезде берген антының белгісі ретінде киімдеріне крест тігіп алуымен байланысты. Бұл белгі олардың «крест көтеріп жүргенін» және дін үшін күресіп жатқанын білдірді.
Крест жорықтарының бастамашысы Рим-католик шіркеуі болды, ал бірінші жорықты 1095 жылы II Урбан папа жариялады. Тарихшылар 1095–1270 жылдар аралығындағы сегіз крест жорығы туралы жазады, сонымен қатар шіркеудің қамқорлығымен көптеген басқа да жорықтар болды.
Крест жорықтарының мақсаты ең алдымен Қасиетті Жерді, атап айтқанда Иерусалимді және Құдай табытының ғибадатханасын мұсылмандардың бақылауынан азат ету болды. Бұл жорықтар діни қажылық және христиандық қасиетті орындар мен қажыларды қорғауға арналған әскери миссия ретінде қабылданды. Негізгі діни мақсаттан басқа, крест жорықтарында саяси-экономикалық себептер де болды: олар Рим-католик шіркеуінің Шығыстағы ықпалын кеңейтуге, папа билігін нығайтуға және жаңа феодалдық иеліктер құруға ықпал етті.

Кресшілердің Иерусалимді жаулап алуы, 1099 жылғы 15 шілде. Эмиль Синьоль
Дереккөз: Foxford білім сайты
Кресшілер құнарлы және бай жерлерді жаулап алуға, билік, титулдар мен байлыққа ие болуға ұмтылды, ал көпестер жорықтарды Батыс пен Шығыс арасындағы сауда позицияларын күшейту мүмкіндігі ретінде қарастырды. Бұдан басқа, крест жорықтары Батыс Еуропаның әлеуметтік және демографиялық мәселелерін шешуге қызмет етті, яғни мұраға ие болмаған феодалдардың кіші ұлдарына жер мен даңқ алуға мүмкіндік берді.
Крестшілердің әрекеттері олардың жорықтарымен бірге жүрген қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа байланысты жиі айыпталады. Олар діни қорғаушы болудың орнына, көбінесе тонаушылар және қиратушылар болып, бейбіт тұрғындарды, соның ішінде христиандарды, мұсылмандарды және еврейлерді жаппай өлтіруді жүзеге асырды. Әсіресе, Кресшілер христиан қаласы Константинопольге шабуыл жасап, қаланы тонап, Византия империясын әлсіреткен Төртінші крест жорығы тарихта қайғылы оқиға ретінде қалды.
Сонымен қатар, кресшілер діни төзімсіздік танытып, өз сенімін күшпен енгізді және басқаша ойлайтындардың көздерін жойды. Көптеген тарихшылар мен замандастары оларды екіжүзділігі мен пайдакүнемдік ниеттері үшін сынға алды, өйткені крест жорықтары көбінесе қасиетті миссия емес, билік, байлық және аумақ үшін күреске айналды. Осы себептерге байланысты крест жорықтары мен оның қатысушылары екіұшты қабылданады және қатыгездік, қирату мен діни фанатизм үшін айыпталады.
Дереккөздер:
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу