Си Цзиньпин 1953 жылы Қытайдың орталық бөлігіндегі Шэньси провинциясының Фупин уезінде дүниеге келген. Оның әкесі Си Чжунсюнь Қытай Коммунистік партиясының (ҚКП) және Қытай Халық Республикасының негізін қалаушы Мао Цзэдунның ең жақын серіктерінің бірі болған. Ол ҚКП Орталық Комитетінің (ОК) насихат бөлімін басқарды, ҚХР Мемлекеттік кеңесі (үкімет) төрағасының орынбасары болған.

Си Цзиньпин
Дереккөз: Wikimedia Commons
1962 жылы Си Чжунсюнь «үлкен секіріс» (Мао Цзэдун бастаған, елдегі экономикалық күйреуге және жаппай ашаршылыққа әкеп соққан радикалды экономикалық өзгерістер) «экономикалық саясатының сәтсіздігі» және «контрреволюциялық идеяларды таратқаны» үшін айыпталып, барлық қызметтерінен босатылып, қамауға алынады (толығымен 1978 жылы ақталды).
Си Цзиньпин, саяси қылмыскердің ұлы ретінде, ҚХР-дың ең кедей провинцияларының бірі Шэньсиге (Орталық Қытай) «еңбекпен қайта тәрбиеленуге» жіберілді. 1971 жылы, еңбек лагерінде жүріп, комсомолға кірді, ал 1974 жылы Коммунистік партияның мүшесі атанады.
1975 жылы астанаға оралуға рұқсат алады, Цинхуа университетінің химия-технология факультетіне оқуға түсті, оны 1979 жылы бітіреді. 2002 жылы Цинхуа университетінің Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар институтының «марксистік теория және идеялық-саяси тәрбие» мамандығы бойынша сырттай оқитын аспирантурасын бітіреді. Сол жерде диссертация қорғап, заң ғылымдарының докторы дәрежесін алады.
1979–1982 жылдары әскери қызметте болады. Сонымен қатар, ҚХР Мемлекеттік кеңесі канцеляриясының және ҚХР Орталық әскери кеңесі канцеляриясының хатшысы қызметін атқарады. Сондай-ақ, өз әкесінің ең жақын серіктерінің бірі – Мемлекеттік кеңес вице-президенті және елдің қорғаныс министрі Гэн Бяоның хатшысы болып жұмыс істейді.
1982 жылдан бастап Орталық Қытайдағы Хэбэй провинциясында, кейін оңтүстік-шығыстағы Фуцзянь провинциясында партиялық жұмыста болады, түрлі әкімшілік және партиялық қызметтерді атқарды. 2000 жылы Фуцзянь провинциясының әкімшілік басшысы болып сайланды.
2002–2007 жылдары Шығыс Қытайдағы Чжэцзян провинциясында жұмыс істейді, ал 2007 жылдың наурызында Шанхайдағы ҚКП қалалық комитетінің хатшысы атанды. Сол жылдың қазанында ҚКП ОК Саяси бюросы Тұрақты комитетінің мүшесі, сондай-ақ ҚКП ОК Хатшылығының мүшесі болып сайланды. 2008 жылдан 2013 жылға дейін Қытай Халық Республикасы Төрағасының орынбасары болды. Сонымен қатар, 2007 жылдан 2013 жылға дейін ҚКП ОК жанындағы Орталық партия мектебінің ректоры болды.
2012 жылдың қарашасында Қытай Коммунистік партиясы ОК Бас хатшысы болып сайланды, ҚКП ОК Саяси бюросы Тұрақты комитетінің мүшесі және елдің қарулы күштерін бақылайтын жоғары партиялық орган – ҚКП Әскери кеңесінің төрағасы атанады. 2013 жылдың наурызында Қытай Халық Республикасының Төрағасы – мемлекет басшылығына келді. Оның кандидатурасын Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы (ҚХР-дың жоғары заң шығарушы органы) съезінің 2952 делегаты қолдап дауыс берді, тек 4 адам қарсы шықты.
2017 жылы ҚКП ОК Бас хатшысы қызметіне, ал 2018 жылы ҚХР Төрағасы қызметіне қайта сайланды. Қолданыстағы Конституцияға сәйкес, бұл оның мемлекет басшысы ретіндегі соңғы мерзімі болуы керек еді. Алайда, сайлау қарсаңында Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының депутаттары негізгі заңның ҚХР Төрағасының өкілеттігін екі мерзіммен шектейтін ережесін жойды. 2022 және 2023 жылдары ол басшылық мемлекеттік қызметтерге қайта сайланды.
ҚХР Төрағасы қызметінде ол ауқымды сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламаны өрістетті. 2013 жылы біртұтас еуроазиялық сауда-экономикалық кеңістік «Жібек жолының экономикалық белдеуі» (сауда-экономикалық кеңістік және трансконтиненталды көлік дәлізі жобасы. Қытай мен Еуропаны Орталық Азия арқылы байланыстырған ежелгі Жібек жолы керуен бағытының құрметіне аталған), сондай-ақ «XXI ғасырдың Теңіз Жібек жолы» теңіз сауда жолдарын дамыту жоспарын әзірледі. Кейіннен бұл екі бастаманы ҚХР-дың басты сыртқы экономикалық жобасы – «Бір белдеу – бір жол» шеңберінде біріктірді.
2015 жылы импортты алмастыру және Қытайдың өңдеу өнеркәсібін жаңғырту бойынша онжылдық «Қытайда жасалған» жоспарын жүзеге асыруға кірісті.
Мемлекетаралық қарым-қатынастардың түрлі мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен белсенді ынтымақтастық жасады. 2013 жылы екі көшбасшы арасында трансшекаралық өзендердің су бөлісу мәселелері бойынша келіссөздер өтті, ол барысында ҚХР Төрағасы қазақстандық экономикаға зиян келтіретін әрекеттер жасамауға уәде берді. Кейіннен де ҚХР мен Қазақстан Республикасы арасындағы серіктестік қарым-қатынастарды дамытуға ұмтылысын бірнеше рет көрсетті.
2019 жылдың наурызында Си Цзиньпиннің Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Президенті өкілеттігін тоқтатуына байланысты жолдаған хатында: «Сіз – бүкіл Қазақстан халқының қолдауына ие болған Қазақстанның негізін қалаушысы және Ұлт Көшбасшысысыз. Сіздің басшылығыңызбен Қазақстан халқы отыз жыл ішінде ұлы қиындықтарды еңсере отырып, тәуелсіз, демократиялық, өркендеген, бай әрі қуатты Қазақстан Республикасын құрды. Мен Қазақстан Сіз айқындаған саяси бағытқа сәйкес ілгері дамып, жаңа табыстарға жететініне сенімдімін», – деп жазған болатын.
2019 жылы Қытай көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевты құрметті қонақ ретінде Бейжіңдегі екінші «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастық форумына шақырды. Сол жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті екі мемлекет арасындағы тату көршілік екіжақты қарым-қатынастарды ілгерілетуге және жан-жақты стратегиялық әріптестікті дамытуға қосқан үлесі үшін Қытай Халық Республикасының Достық орденімен марапатталды.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев және Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин. Кездесу 2019 жылдың 28 сәуірінде өтті
Дереккөз: Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайты
Дереккөздер:
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу