Хуан Карлос (шоқындыру кезіндегі есімі Хуан Карлос Альфонсо Виктор Мария де Бурбон-и-Бурбон) 1938 жылы Римде (Италия) дүниеге келген. Ол Бурбондардың корольдік әулетінің испан тармағынан шыққан. Оның әкесі Хуан де Бурбон Барселона графы титулын иеленген және 1931–1939 жылдардағы Испан революциясы кезінде елден қуылған Испания королі XIII Альфонсоның немересі болған.

Хуан Карлос I
Дереккөз: Wikimedia Commons
1947 жылдың соңында Испанияның каудильосы («басшы» немесе «көсем» – Испания мемлекеті басшысының диктаторлық титулы) Франсиско Франко революциядан кейін жойылған елдегі монархияның қалпына келтірілгенін ресми түрде мәлімдеді. Бұл ретте ол өзін өмірлік регент етіп тағайындады. 1948 жылы Хуан де Бурбонмен келісім бойынша оның ұлы Хуан Карлос таққа үміткер ретінде Испанияға жіберілді.
Испанияда Хуан Карлос әскери және азаматтық білім алады. 1955–1957 жылдары Сарагосадағы әскери академияда (қазіргі Бас әскери академия) оқиды. Ал 1957–1958 жылдары Марин қаласындағы Әскери-теңіз академиясында оқиды. Кейін 1958–1959 жылдары Сан-Хавьер қаласындағы Әскери-әуе академиясында оқыды. 1959–1961 жылдары Мадрид Комплутенсе университетінде саяси және халықаралық құқық, экономика және мемлекеттік қаржыны оқып үйренеді.
Ал 1969 жылы Франсиско Франконың мұрагері ретінде «Испания ханзадасы» титулымен ресми түрде тағайындалды. Бірнеше күннен кейін ол құрлықтағы және әскери-әуе күштерінің бригада генералы және әскери-теңіз күштерінің контр-адмиралы атақтарын алады. Осы сәттен бастап ол барлық іс-шараларда мемлекет басшысының қасынан орын алды.
1975 жылы Франсиско Франко қайтыс болғаннан кейін, ол Хуан Карлос I есімімен Испания Королі болып жарияланды. Сонымен бірге, ол елдің қарулы күштерінің бас қолбасшысы атанды.
1970-ші жылдардың екінші жартысында франкизм диктатурасынан демократияға көшуді жүзеге асырды. Бұрын тыйым салынған саяси партиялар еркіндік алды, ал 1977 жылы 1936 жылдан бергі алғашқы еркін парламенттік сайлау өткізілді. 1978 жылы жаңа Конституцияны қабылдады, оған сәйкес Испания парламенттік монархия болып жарияланды, ал елдің аймақтарына автономия берілді.
1981 жылдың ақпанында Испанияда мемлекеттік төңкеріс жасау әрекеті болды. Хуан Карлос I бүлікшілердің әрекетін айыптап, азаматтарға арнап бейнеүндеу жазды, онда «қолданыстағы заңдылық шеңберінде конституциялық тәртіпті сақтау үшін барлық қажетті шараларды қабылдайтынын» мәлімдеді. Осыдан кейін төңкеріс басылып, оның басты ұйымдастырушылары түрмеге қамалды.
2008 жылы басталған экономикалық дағдарыс, сондай-ақ 2010-шы жылдардағы король отбасына қатысты жемқорлық жанжалдары аясында Хуан Карлос І тақтан бас тартуға шешім қабылдайды. 2014 жылы билікті ұлына береді, ол Король VI Филипп атанды. Дегенмен ол құрметті король деген өмірлік титулды сақтап қалды.
2019 жылдың маусымында ол белсенді қоғамдық қызметтен алыстап, 2020 жылы Испанияны өз еркімен тастап, Абу-Дабиге (Біріккен Араб Әмірліктері) қоныстанады.
Испания Королі мәртебесінде ол Қазақстанға бірнеше рет келді. 2004 жылы Қазақстан мен Испания арасындағы екіжақты қарым-қатынасты дамыту мақсатында жұмыс сапарымен елге келді. Астана әуежайында қонақты Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзі қарсы алды. Қысқаша әңгімеден кейін (сұхбаттасушылар өзекті халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасты) Испания Королі Назарбаевтың таныстыруымен Астананы шолу экскурсиясына аттанды.
2013 жылдың 6 ақпанында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапары аясында Хуан Карлос I-мен кездесті. Кездесу барысында екі елдің мәдени-гуманитарлық саладағы, туризм және халықаралық саясат салаларындағы өзара іс-қимылы пысықталды.
2013 жылы Хуан Карлос I қазақ-испан қарым-қатынасын нығайтуға және дамытуға қосқан ерекше үлесі үшін Қазақстан Республикасының ең жоғары марапаты – «Алтын Қыран» орденімен марапатталды.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың және Испания Королі Хуан Карлос I-дің 2013 жылғы кездесуі
Дереккөз: Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайты
Дереккөздер:
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу