
ЭЫДҰ эмблемасы
Дереккөз: ЭЫДҰ мультимедиа галереясы
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) – экономикалық ілгерілеу мен әлемдік сауданы ынталандыру үшін 1961 жылы құрылған үкіметаралық экономикалық ұйым. ЭЫДҰ-ның (ОЭСР-дің) алдында 1948 жылы Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Американың Еуропаға көрсеткен экономикалық көмегін үйлестіру үшін құрылған Еуропалық экономикалық ынтымақтастық ұйымы (ЕЭЫҰ) болды. 1950-ші жылдардың соңына қарай ЕЭЫҰ-ның міндеттері орындалды, және оның орнына тек Еуропаны ғана емес, сонымен қатар басқа дамыған елдерді қамтитын, неғұрлым әмбебап ұйым қажет болды. 1960 жылы ЕЭЫҰ-ны Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) айналдыру туралы шешім қабылданды. ЭЫДҰ құру туралы Конвенцияға 18 Еуропа елі, АҚШ және Канада 1960 жылы 14 желтоқсанда Парижде қол қойып, 1961 жылы күшіне енді.

1960 жылғы 14 желтоқсанда Парижде Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Конвенциясына қол қою сәті
Дереккөз: ЭЫДҰ мультимедиа галереясы
ЭЫДҰ-ның (ОЭСР-дің) негізгі мақсаттарының бірі – қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ете отырып, ең жоғары ықтимал экономикалық өсуге қол жеткізу, сондай-ақ мүше елдердегі тұрмыс деңгейін арттыру. Тағы бір маңызды міндеті – дамушы елдерге көрсетілетін экономикалық көмекті үйлестіру.
Мәжбүрлеу тетіктері болмағандықтан, ЭЫДҰ кеңес беру алаңы ретінде әрекет етеді, саясатқа зерттеулер, конференциялар және жарияланымдар арқылы ықпал етеді.
Мемлекеттік құрылымдармен және халықаралық ұйымдармен тығыз қарым-қатынас жасауының арқасында ЭЫДҰ экономикалық деректерді жинау және талдау бойынша маңызды орталыққа айналды. ЭЫДҰ жыл сайын экономика мен энергетикадан бастап экология мен білімге дейінгі әртүрлі тақырыптар бойынша жүздеген жарияланымдар шығарады.
ЭЫДҰ-ның жоғарғы органы – құрамына қатысушы елдердің өкілдері кіретін Кеңес. Ұйымның ағымдағы жұмысын қамтамасыз ететін тұрақты жұмыс істейтін органы – Хатшылық. Сондай-ақ ЭЫДҰ-ның қамқорлығымен бірқатар дербес және жартылай дербес органдар жұмыс істейді, олардың ішіндегі ең маңыздылары – Халықаралық энергетикалық агенттік, Ядролық энергия жөніндегі агенттік, Халықаралық көлік форумы.
ЭЫДҰ (ОЭСР) мүшелері – нарықтық экономикасы бар 38 демократиялық ел, олар ұйым аясында тәжірибелерін салыстыра алады, ортақ проблемаларға жауап іздей алады және экономикалық саясаттың жоғары стандарттарын әзірлей алады.
Қазақстан ЭЫДҰ-мен 2008 жылдан бастап Орталық Азия, Кавказ және Шығыс Еуропаның 13 елін қамтитын Еуразиялық бәсекеге қабілеттілік бағдарламасы шеңберінде өзара іс-қимыл жасайды.
Ынтымақтастық аясында Қазақстан ЭЫДҰ-ның кейбір стандарттары мен ұсыныстарын енгізуде – мысалы, 2014 жылы Инвестициялық омбудсмен институты құрылды (инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға жәрдемдесу міндеті жүктелген лауазымды тұлға).
2017 жылғы маусымда Қазақстан ресми түрде халықаралық инвестициялар және трансұлттық компаниялар мәселелерімен айналысатын ЭЫДҰ-ның Инвестициялар жөніндегі комитетінің қауымдастырылған мүшесі болды. Қауымдастырылған мүше мәртебесі елдің халықаралық құрылымның (мысалы, комитеттің немесе жұмыс тобының) толыққанды мүшесі болмай-ақ оның қызметіне қатысуын білдіреді.
Сол кезде Қазақстан Халықаралық инвестициялар және көпұлтты кәсіпорындар туралы декларацияға қосылды. Декларация халықаралық инвестициялар үшін ашық және айқын ортаны қамтамасыз ету және көпұлтты кәсіпорындардың экономикалық және әлеуметтік прогреске оң ықпал етуін ынталандыру жөніндегі саяси міндеттеме болып табылады.
2025 жылы Қазақстан ЭЫДҰ-ға толыққанды мүше ретінде кіруге өтініш беруді жоспарлап отыр.
Дереккөздер:
GOV.KZ (Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының интернет-ресурстарының бірыңғай платформасы)
Экономикалық зерттеулер институты (ЭЗИ)
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсы
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу