XIX ғасырдың басында Қытай өзін қажетті тауарлармен толық қамтамасыз ете алатын мықты және өзін-өзі асырайтын ел болды. Бұл оған шетелдік тауарларды жеткізуден толық тәуелсіз ел ретінде бірегей мәртебе берді. Қытай мынадай бірегей тауарлармен белсенді сауда жасады: жібек, фарфор, шай және әртүрлі өнер туындылары.
Қытайлықтар сауданы тек алтын мен күміс айырбасына жүргізді және импорттық тауарлардың әкелінуін қатты шектеді. Сонымен қатар, Қытай іс жүзінде жабық ел болып қала берді. Шетелдіктерге сауда үшін тек бір портты – Гуанчжоуды пайдалануға рұқсат етілді. Батыс елдері, әсіресе Ұлыбритания, Қытаймен сауданы кеңейтуге ұмтылды, бірақ Қытай нарығы еуропалық тауарларға аса мұқтаж болмады, бұл Батыс үшін сауда тапшылығына (дефицитіне) әкелді.
Ұлыбритания сауда тапшылығын түзету үшін Үндістанда өндірілген апиынды Қытайға жеткізе бастады. Бұл қытайлықтар арасында жаппай есірткіге тәуелділік тудырып, ауыр әлеуметтік мәселелерге әкелді. Апиын контрабандасы бірнеше онжылдықтарға созылды, алайда 1830 жылдары Қытай қатаң шаралармен оны тоқтатты.
Қытай нарығын есірткіден қорғау саясатын жүргізе отырып, 1839 жылғы желтоқсанда император ел нарығын Англия мен Үндістаннан келген барлық коммерсанттар мен контрабандистер үшін жауып тастады. Бұл Ұлыбританияның 1840 жылғы сәуірде Цин империясына соғыс ашуға алып келді.
Қытай армиясының сандық басымдығына қарамастан, заманауи артиллериямен және флотпен жабдықталған британдық әскерлер тез жеңіске жетті. 1842 жылы Нанкин шартына қол қойылды. Бұл шарт бойынша Қытай Ұлыбританияға Гонконгты берді, британдық сауда үшін бес портты ашты және контрибуция төлеуге міндеттелді.
Екінші соғыс 1856 жылы басталды. Бұл кезде Ұлыбритания Францияның қолдауымен 1842 жылғы Нанкин шартын қайта қарауды және Қытайдың бүкіл аумағында, соның ішінде ішкі өзен порттарында шектеусіз саудажасау құқығын талап етті. Қытай үкіметі елдегі жағдайдың одан әрі нашарлауынан және шетелдік ықпалдың күшеюінен қорқып, бұл талаптарды қанағаттандырудан бас тартты. Соғыс 1856 жылдың қазанынан 1860 жылдың қазанына дейін жүрді. Англия-Франция әскерлері Гуанчжоуды, Дагу мен Тяньцзинь қамалдары мен қалаларын басып алды, ал 1860 жылы Пекинді алып, император резиденциясы – Жазғы сарайды өртеп жіберді. Осыдан кейін Қытай Пекин шарттарына қол қоюға мәжбүр болды.
Қытай апиын саудасын заңдастыруға, шетелдіктер үшін жаңа порттар мен аумақтар ашуға (Коулун түбегінің бір бөлігін Ұлыбританияға беруді қоса алғанда), Ұлыбритания мен Франция колонияларында қытайлықтарды құлдық жұмыс күші ретінде пайдалануға, кедендік баждарды төмендетуге, сондай-ақ қомақты контрибуция төлеуге мәжбүр болды.
Апиын соғыстары Қытайдың қуатты империя мәртебесін жоғалтқан және жартылай отар жағдайына түскен дәуірдің басталуының символына айналды. Бұл оқиға елдің ұлттық жадында және тарихында терең із қалдырды. 1820 жылы апиын соғысына дейін Қытай әлемдік экономиканың отыз пайызынан астамын құраған еді. 1870 жылға қарай бұл көрсеткіш он пайыздан сәл ғана төмен болды, ал Екінші дүниежүзілік соғыстың басында ол небәрі жеті пайызды құрады.
Дереккөздер:
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу