Басты бетке қайту

Махатма Ганди (1869–1948)

Мохандас Карамчанд Ганди 1869 жылы Порбандар қаласына аттас князьдікте дүниеге келген. (қазіргі Гуджарат штаты, Үндістан). Ол текті отбасыдан шыққан, оның әкесі княздіктің бас министрі болған. Саудагерлер (банья) кастасына жатты. Өте діни отбасында өсіп, онда индуизмнің ережелері мен шектеулерін қатаң ұстанған.


Махатма Ганди
Дереккөз: Wikimedia Commons

Мохандас К. Ганди 1888–1891 жылдары Лондонда заңгерлікке оқып, адвокаттық қызметті жүргізу құқығын алады. Үндістанға оралғаннан кейін Бомбейде (қазіргі Мумбай) адвокат болып жұмыс істейді. 1983 жылдан бастап Оңтүстік Африкадағы британдық колония Наталда (қазіргі Квазулу-Натал провинциясы, ОАР) сауда фирмасының заңгер-кеңесшісі болып қызмет етті. Ол жерде тұратын жергілікті және Үндістан халқының ауыр кемсітуге (дискриминацияға) ұшырауына куә болып, осыдан кейін азаматтық құқықтар үшін белсенді күресін бастайды.

Дәл сол кезде ол зорлық-зомбылықсыз күрес туралы өзінің ілімі – Сатьяграханың – негізін қалады. Бұл ілім орыс жазушысы Лев Толстойдың «зұлымдыққа зорлықпен қарсы тұрмау» философиясына негізделді. Сатьяграха адамдарға зиян келтіруді болдырмайтын әдістерді қолдану арқылы азаматтық құқықтар үшін күресуді көздеді. Бұл әдістерге: аштық жариялау, отырықшы ереуілдер, әділетсіз заңдарды орындамау және сол үшін жазаны қабылдауға дайын болу, езуші жүйемен ынтымақтастықтан бас тарту және т.б. жатты.

Ганди Наталда ауқымды сатьяграха науқандарын жүргізді, Indian Opinion («Үнді пікірі») атты апталық басылым шығарып, онда өз ілімінің негізгі қағидаларын түсіндірді және бостандық үшін бейбіт күреске шақырды. 1910-шы жылдары осы күрестің нәтижесінде кемсітушілік заңдардың бір бөлігі жойылды.

1915 жылы Ганди Үндістанға оралып, Ұлыбританияның отаршылдық үкіметінен тәуелсіздік алуды жақтаған елдегі ең көне саяси партия – Үндістан Ұлттық Конгресіне (ҮҰК) қосылды. Дәл сол кезде үнді ақыны Рабиндранат Тагор оны тұңғыш рет «Махатма» деп атайды, бұл санскрит тілінен аударғанда «ұлы жан» деген мағынаны білдіреді.

1919 жылы үнділердің азаматтық құқықтарын шектейтін заңдардың қолданылу мерзімінің ұзартылуына байланысты ол тұңғыш жалпыұлттық Сатьяграханы өткізді. Ол таптық күреске қарсы шығып, әлеуметтік жанжалдарды төрелік (арбитраж) арқылы шешуді насихаттады.

1920 жылы ҮҰК-ті басқарып, оны бұқаралық демократиялық партияға айналдырды. Сол жылы ол екінші жалпыүнділік Сатьяграханы өткізді. Бұл науқанға ағылшындар берген атақтардан бас тарту, британдық тауарларға бойкот жариялау, отаршылдық мекемелердегі қызметті тоқтату, ағылшын оқу орындарында оқудан бас тарту, сондай-ақ жаппай митингілер, демонстрациялар мен пикеттер кірді. 1922 жылы науқанға қатысушылар полиция учаскесін өртеп жібергеннен кейін ол тұтқындалды. Алты жылға бас бостандығынан айырылды, бірақ екі жылдан кейін денсаулығына байланысты босатылды.

1920-шы жылдардың соңына дейін ол өзін-өзі дамытумен және әлеуметтік мәселелерді шешумен айналысты. Ол «жоламайтындар» кастасының (Үндістандағы ең төменгі каста) өкілдерін қорғауды, индуистер мен мұсылмандардың бейбіт қатар өмір сүруін, әйелдердің теңдігін, сондай-ақ ұлттық тауарлар өндірісін және дәстүрлі кәсіптерді дамытуды жақтады.

1930 жылы ол тағы бір жалпыұлттық наразылық акциясын ұйымдастырды. Көктемде «Тұз жорығы» деп аталатын жаяу шеруді басқарды. Бұл Ахмадабадтан (қазіргі Гуджарат штатының аумағы) Араб теңізінің жағалауына дейінгі шеру болды. Жорық британдықтардың тұз саудасындағы монополиясына қарсылық ретінде теңіз суынан тұзды демонстрациялық түрде буландырып алумен сипатталды.

Акция жаппай наразылықтармен, британдық тауарларға бойкот және үнді қызметшілерінің жұмыстан шығуымен қатар жүрді. Осыдан кейін ол ҮҰК-тің көптеген мүшелерімен бірге тұтқындалды. 1931 жылы отаршылдық әкімшілікпен келісім жасасу арқылы босатылды. Нәтижесінде демонстрацияға қатысушылар тұз монополиясының күшін жоюға және үнді кәсіпкерлеріне жеңілдіктер жасалуына қол жеткізді.

1934 жылы партия жетекшілерімен келіспеушіліктерге байланысты ҮҰК  (Үндістан Ұлттық Конгресі) қатарынан шығады, бірақ Үндістан халқының азаматтық құқықтары үшін дербес күресін жалғастырды.

1942 жылы ҮҰК британдық отаршылдық әкімшілікке қарсы бағытталған «Үндістаннан кетіңдер» резолюциясын жариялағаннан кейін, ол соңғы жалпыұлттық сатьяграханы басқарды. Көп ұзамай тұтқындалып, 1944 жылы бостандыққа шықты.

1947 жылы Пәкістан мен Үндістан бөлініп, Үндістан тәуелсіздігін жариялағаннан кейін, индустар, мұсылмандар және сикхтер арасындағы қақтығыстарды тоқтату үшін жалғыз өзі аштық жариялады.

Махатма Гандиді 1948 жылдың қаңтарында «Хинду Махасабха» радикалды тобының мүшесі өлтіреді.

Махатма Гандидің туған күні (2 қазан) Үндістанда мемлекеттік мереке ретінде атап өтіледі. 2007 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) бұл күнді Халықаралық зорлық-зомбылықтың алдын алу күні деп жариялады.

 

Источники

ТАСС (https://tass.ru/encyclopedia/person/gandi-mahatma)

Үлкен Ресей энциклопедиясы (https://bigenc.ru/c/makhatma-gandi-a55a80)

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу