Звиад Константинович Гамсахурдия 1939 жылы Грузин Советтік Социалистік Республикасындағы (қазіргі Грузия) Тбилиси қаласында дүниеге келген.Оның әкесі Константин Гамсахурдия белгілі грузин жазушысы болған және дворян тегінен шыққан.

Звиад Гамсахурдия
Дереккөз: Wikimedia Commons
Жасөспірім кезінен бастап антикеңестік, диссиденттік қызметке қатысып, Грузияның «тәуелсіздігі» үшін күресті. 1955 жылы ол өзінің алғашқы заңсыз жастар тобы – «Горғаслианиді» құрады.
1956 жылы Тбилисидегі ауқымды антикеңестік демонстрацияға қатысқаны үшін тұтқындалып, «антикеңестік насихат пен үгіт жүргізді» және «ерекше қауіпті мемлекеттік қылмыстар жасауға бағытталған ұйымдасқан қызметі» үшін сотталды. Әкесінің қамқорлығының арқасында ол колониядан құтылып қалды.
1958 жылы Тбилиси мемлекеттік университетінің Батыс Еуропа тілдері факультетіне оқуға түсті. Көп ұзамай ол антикеңестік әдебиетті таратқаны үшін қайтадан тұтқындалды. Оқуын 1962 жылы аяқтады.
1963–1977 жылдары Грузин Советтік Социалистік Республикасы Ғылым академиясының грузин әдебиеті институтында (қазіргі Грузия Ұлттық ғылым академиясы) жұмыс істеді. 1966–1977 жылдары Грузин КСР Жазушылар одағының мүшесі болды.
1970-ші жылдары антикеңестік ұстанымда болып, құқық қорғау қызметін жүргізді, грузин тілінде «Окрос Сацмиси» («Алтын руно») және «Сакартвелос моамбе» («Грузия хабаршысы») журналдары сияқты жасырын басылымдарды шығарды.
1976 жылы Грузиядағы Хельсинки тобын (1975 жылғы Адам құқықтары жөніндегі Хельсинки актісінің ережелерін орындауға жәрдемдесуді мақсат еткен, антикеңестік ұстанымдағы құқық қорғау ұйымы) құрушылардың бірі болды, алайда 1977 жылы қайтадан тұтқындалып, үш жылға жер аударылады, жазасын Дағыстанда өтейді.
Сол жылы Америка Құрама Штаттарының Конгресі оны Нобель бейбітшілік сыйлығына ұсынылады.
1979 жылы ол өзінің іс-әрекеттері үшін көпшілік алдында өкініш білдіріп, рақымшылыққа ие болды. Кейіннен филология ғылымдарының докторы дәрежесін алып, Грузин КСР Ғылым академиясының аға ғылыми қызметкері атанады.
1988 жылы, орталық биліктің әлсіреуі және Кеңес Одағының ыдырау процесі басталған тұста, ол Грузияның тәуелсіздігін және елдің КСРО-дан шығуын жақтаған «Дөңгелек үстел – Еркін Грузия» коалициясын басқарды. 1990 жылы Грузин КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болып сайланды. Ол «Грузия – грузиндер үшін» саясатын жариялап, елдегі ұлттық азшылықтардың – әзірбайжандардың, лезгиндердің, армяндардың, осетиндердің және басқалардың – жағдайын айтарлықтай нашарлатқан бірқатар шаралар қабылдады. 1990 жылдың желтоқсанында Грузия құрамындағы Оңтүстік Осетин автономды облысын таратуға бастамашы болды. Бұл әрекеттердің барлығы Грузиядағы ұлтаралық ахуалды күрт шиеленістіріп, салдары әлі күнге дейін шешілмеген бірқатар аумақтық және ұлтаралық жанжалдарға әкелді.
1991 жылы ол «Грузияның мемлекеттік тәуелсіздігін қалпына келтіру туралы» актіні дайындауға жетекшілік етті.
1991 жылы 17 наурызда өткен Кеңес Одағын сақтау туралы бүкілодақтық референдумға Грузия бойкот жариялады. 1991 жылы 31 наурызда Грузия өз референдумын өткізіп, онда дауыс берушілердің 99%-ы елдің Кеңес Одағынан шығуын қолдады. 1991 жылы 9 сәуірде Грузияның егемендігі жарияланды, ал 1991 жылы 26 мамырда Звиад Гамсахурдия сайлаушылардың 86%-ның дауысын жинап, елдің тұңғыш президенті болып сайланды.
Қазіргі заман куәгерлерінің айтуынша, Звиад Гамсахурдия өзінің қысқа мерзімді билігі кезінде елеулі реформалар жүргізуге тырысқанымен, елдің бейбітшілігін және аумақтық тұтастығын сақтай алмады. Оның елді басқару әдістерін саяси қарсыластары авторитарлық және волюнтаристік деп атады. Оның іс-әрекеттері грузин қоғамының әртүрлі топтарында елеулі наразылық туғызды
1991 жылдың тамызында Мәскеудегі Мемлекеттік төтенше жағдай комитеті (ГКЧП – Кеңес Одағын сақтап қалуды жақтағандар) мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекеттенген кезде, Гамсахурдия олардың Ұлттық гвардияны тарату туралы өкімін орындады. ГКЧП сәтсіздікке ұшырағаннан кейін, ол бұл шешімді «Грузия халқының игілігі үшін» қабылдағанын мәлімдеді және оны сатқындық жасады деп айыптаған үкімет мүшелерін отставкаға жіберді. Осы сәттен бастап елде Звиад Гамсахурдияның жақтастары мен қарсыластары арасындағы қайшылық күрт шиеленісті. Бұл жағдай Оңтүстік Осетия мен Абхазиядағы (ол кезде Грузияның автономиялы облыстары, қазір – Грузия билігі бақыламайтын, ішінара мойындалған өздігінен жарияланған республикалар) аумақтық-этникалық жанжалдармен ұласып, одан әрі қиындады.
1992 жылдың қаңтарында «Тбилиси соғысы» (Тбилиси – Грузия астанасы) деп аталған азаматтық қақтығыс кезінде ол Грузия Республикасының Әскери кеңесімен биліктен шеттетілtді.
Ол өз адамдарымен бірге алдымен Арменияда болfды, кейіннен тәуелсіздігін жариялаған Шешен Республикасының (қазіргі Ресей аумағы) президенті Джохар Дудаевтың шақыруын қабылдады. Грузияда оның жақтастары («звиадистер») билікке қарсы қарулы қарсылықты, яғни азамат соғысын жалғастырды.
1993 жылдың қыркүйегінде Грузияға қайтып оралып, Батыс Грузиядағы Зугдиди қаласында «қуғындағы үкіметін» құрды. «Звиадистердің» қарулы отрядтарының қолдауымен Эдуард Шеварднадзе басқарған үкіметті құлатуға әрекеттенді, бірақ жеңіліс тапты.
Ол 1993 жылдың соңында белгісіз жағдайда қаза тапты.
1994 жылдың ақпанында оның сүйегі Шешенстан астанасы Грозный қаласында жерленді, ал 2007 жылы Грузия астанасы Тбилисиде қайта жерленді.
Грузия тарихында Звиад Гамсахурдия ерекше тұлға ретінде қалды. Оның тағдыры, көзқарастары және ел тарихындағы рөлі қоғамда әлі күнге дейін өте қарама-қайшы.
Дереккөздер:
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу