Абдулла Гүл 1950 жылы Түркияның Қайсері қаласында дүниеге келген. Оның әкесі Қайсері авиация зауытында бригадир болып қызмет еткен, зейнеткерлікке шыққан соң металл өңдеумен айналысатын шағын жеке кәсіпорнын ашқан.

Абдулла Гүл
Дереккөз: Wikimedia Commons
1974 жылы Стамбұл университетінің экономика факультетін бітірген. 1978–1980 жылдары арасында Ұлыбританияның Лондон қаласында диссертация жұмысын жүргізді. 1983 жылы Стамбұл университетінде экономика саласы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алады. Жастардың саяси қозғалысына белсенді қатысып, сол кезде Түркиядағы ең беделді жастар ұйымы саналған Түрік студенттерінің ұлттық одағының мүшесі болды.
1980–1983 жылдары Адапазары қаласындағы Сакария университетінде суденттерге экономикадан сабақ береді, оның бастамасымен университетте өнеркәсіптік инженерия департаменті құрылады. 1983–1991 жылдары Сауд Арабиясының Джидда қаласындағы Ислам даму банкінде жұмыс істейді. 1989 жылы Стамбұл университетінің халықаралық экономика кафедрасының адъюнкт-профессоры болды.
1991 жылы исламдық бағыттағы Берекелі партиясының (БП) атынан Түркия парламентіне депутат болып сайланады. 1995, 1999 және 2002 жылдары депутаттыққа қайта сайланады. 1991–1995 жылдар аралығында парламенттің Бюджет және жоспарлау комитетінің мүшесі болды, ал 1995 жылы Сыртқы саясат жөніндегі комитеттің құрамына енеді.
1992 жылдан 2001 жылға дейін Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясының (ЕКПА) жұмысына қатысып, Мәдениет және білім беру, Саяси мәселелер, сондай-ақ Экономикалық мәселелер және даму комитеттерінде қызмет етті. 2001 және 2002 жылдары НАТО Парламенттік Ассамблеясының (Түркияны, АҚШ-ты және Канаданы біріктіретін, 1949 жылы Кеңес Одағының ықтимал қаупінен қорғану үшін құрылған әскери-саяси блок) мүшесі болды.
1993 жылы Берекелі партиясының төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалады. 1995 жылғы парламенттік сайлауда жеңіске жеткен соң, партия исламға қарсы коалицияның қысымына тап болды, бұл коалиция БП басшысы Неджметтин Ербақанға үкімет құруға мүмкіндік бермеді.
1996 жылы оппозицияның қарсылығы басылған кезде, жаңа үкіметте мемлекеттік министр және баспасөз хатшысы болады. Сонымен қатар, ол Түркияның Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығындағы (ТМД, Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін құрылған мемлекеттер бірлестігі) түркітілдес республикалармен және мұсылман әлемінің елдерімен экономикалық және мәдени байланыстарын дамытумен бірге, сыртқы саяси мәселелерге де жауапты болды. 1998 жылы тыйым салынған Берекелі партиясының орнына құрылған Ізгілік партиясы төрағасының орынбасары қызметін атқарады. 2001 жылы партияның таратылуына байланысты бұл қызметтен кетеді.
2001 жылдың тамыз айында исламдық бағыттағы Әділет және даму партиясының (ӘДП) негізін қалаушылар қатарына қосылды. 2002 жылғы парламенттік сайлауда жеңіске жеткеннен кейін Түркия Республикасының Премьер-министрі болып тағайындалады. 2003 жылы Үкімет басшысы лауазымына Реджеп Тайып Ердоған келіп, 2003 жылдан 2007 жылға дейін Премьер-министрдің орынбасары және Сыртқы істер министрі қызметтерін атқарады.
2007 жылы Түркия Президенті қызметіне сайланды және Конституция талабына сәйкес, мемлекет басшысы партия мүшесі бола алмайтындықтан, Әділет және даму партиясының (ӘДП) қатарынан шықты.
Ол президенттік мерзімі кезінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен жақсы қарым-қатынаста болды. 2012 жылы түркітілдес елдер арасындағы ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін ең жоғары «Алтын Қыран» орденімен марапатталды. 2014 жылы президенттік өкілеттігі аяқталғаннан кейін Әділет және даму партиясының құрамына қайта оралды.
Дереккөздер:
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу