Экономикалық конвергенция теориясы 1950–1960 жылдары Батыс (Америка Құрама Штаттары бастаған капиталистік бағыттағы елдердің жалпы атауы) пен Советтік Социалистік Республикалар Одағы (КСРО) арасындағы идеологиялық және әскери қарсыласу кезеңінде пайда болды. Ядролық соғыс пен жаһандық қақтығыс қаупі ғалымдарды екі жүйенің бейбіт қатар өмір сүру және жақындасу жолдарын іздеуге мәжбүр етті. Теорияны жасаушылар қатарында социолог және культуролог Питирим Сорокин, экономистер Ян Тинберген, Джон Гэлбрейт, Уолт Ростоу, философ Бертран Рассел және басқалар бар.
Конвергенция теориясына сәйкес, екі экономикалық жүйе де (капитализм және социализм) гуманистік идеалдар тұрғысынан мінсіз емес және жүйелердің одан әрі қарсы тұруы халықаралық аренада өркениеттің жойылуына әкелуі мүмкін өткір таптық жанжалдарға толы. Осы қауіптерді ескере отырып, әлемдік өркениетті жүйелердің жақындасуы арқылы сақтауға болады, яғни екі жүйедегі ең жақсы қасиеттерді жинақталған түрде біріктіретін әлеуметтік-экономикалық және мәдени өмірдің жаңа формаларын құру қажет. Жүйелердің жақындасуы бір-бірінен үздік қасиеттерін алу арқылы жүреді: капитализм мемлекеттік реттеу және әлеуметтік қамсыздандыру элементтерін енгізеді, ал социализм – нарықтық механизмдерді, кәсіпорындардың дербестігін арттыруды және пайданың рөлін енгізеді.
КСРО-да конвергенция теориясының ізбасары академик Андрей Сахаров болды. Ол бұл тақырыпқа өзінің «Прогресс, бейбіт қатар өмір сүру және зияткерлік бостандық туралы ойлар» атты еңбегін арнады. Оның пікірінше, әлемді жауласушы жүйелерге бөлу және олардың қарсы тұруы сол жылдары әлем тап болған жаһандық проблемаларға ерекше өткірлік берді, сондықтан мұндай бөлінуді жою, яғни олардың конвергенциясығана бейбітшілік, экология, әлеуметтік және геосаяси әділеттілік сияқты жаһандық мәселелерді шешудің негізгі шарты болып табылады.
Теорияны сынаушылар оның нақты іске асыру механизмдерінен айырылған абстрактілі сипатын көрсетеді. Академик Андрей Сахаров жүйелердің бірігуінің нақты жолдарын ұсынбады, тек әртүрлі жүйелердің ең жақсы қасиеттерін өзара қарызға алу туралы абстрактілі тезистермен шектелді. КСРО-ның және социалистік жүйенің ыдырауы конвергенция теориясын сұраныссыз қалдырды.
Дереккөздер:
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу