Басты бетке қайту

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі


Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезінің эмблемасы
Дереккөз: Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі алғаш рет 2003 жылдың 23–24 қыркүйегінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен шақырылды. Және содан кейін әр үш жыл сайын бір рет өткізіліп келеді.


Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының I Съезінің ашылуында, Астана, 2003 жылғы 23 қыркүйек
Дереккөз: Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қызметінің хроникасы

Съездің мақсаты: діндердің әлемдік және дәстүрлі нысандарында жалпыадамзаттық бағдарларды іздеу; діндер диалогы және келісілген шешімдер қабылдау үшін тұрақты түрде жұмыс істейтін халықаралық конфессияаралық институттың жұмыс істеуі.

Съездің басты басымдықтары:

  • адамзат тіршілігінің мызғымас қағидаттары ретінде бейбітшілікті, келісімді және төзімділікті бекіту;
  • діндер, конфессиялар, ұлттар мен этностар арасында өзара құрмет пен толеранттылыққа қол жеткізу;
  • жанжалдар мен соғыс қимылдарын күшейту үшін адамдардың діни сезімдерін пайдалануға жол бермеу.

Съездің негізгі міндеттері:

  • Дінаралық съездер түріндегі конфессияаралық және дінаралық диалог дәстүрлерін нығайту.
  • Болашақ съездердің тұжырымдамасы мен идеологиясын келісілген, объективті және құзыретті түрде дайындау үшін Съездің тұрақты жұмыс істейтін органын құру.
  • Діндер, мәдениеттер және өркениеттер арасындағы диалогты ілгерілетуді мақсат еткен барлық халықаралық ұйымдармен және құрылымдармен ынтымақтасу және өзара әрекет ету.
  • Әртүрлі мәдениеттер мен діндер өкілдерінің диалогын зайырлы және діни БАҚ өкілдерін, жастар бірлестіктерін, ғылыми және шығармашылық зиялы қауымды тарта отырып кеңейту.
  • Діни қауымдастықтар арасындағы өзара түсіністік пен құрметті тереңдету және нығайту.
  • Өшпенділік пен экстремизм идеологиясына қарсы тұратын толеранттылық және өзара құрмет мәдениетін дамыту.
  • Діндерді қарсы қою, теологиялық дауларды одан әрі саясиландыру, сондай-ақ бір дінді екіншісі арқылы қаралау әрекеттерінен көрінетін «өркениеттер қақтығысы» тезистерінің басым болуына жол бермеу.
  • Өркениеттер, мәдениеттер және діндер арасындағы жаһандық диалогты насихаттау.

Конгреске ислам, христиан, иудаизм, буддизм, синтоизм, даосизм және басқа да дәстүрлі діндердің дінбасылары тұрақты түрде қатысады.

Съездің сұхбат алаңдарында діни қауымдастықтардың рухани жақындасуы бойынша мазмұнды және конструктивті әңгіме жүргізіледі, оның нәтижесінде дінаралық саммиттің бірлескен қорытынды құжаттары, атап айтқанда әлем елдерінің азаматтарына, халықтарына және үкіметтеріне арналған Декларациялар мен Үндеулер қабылданады.

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының бірінші съезі 2003 жылғы 23-24 қыркүйекте Астана қаласында өтті. Съезд жұмысына әлемнің ислам, христиан, иудаизм, буддизм, индуизм, даосизм, синтоизм және басқа да діни конфессияларынан 13 елден 17 делегация қатысты. 2006 жылғы 12-13 қыркүйекте Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының екінші съезі өтті. Съезд Астана дінаралық саммиттерін өткізуге арнайы салынған бірегей сәулет ғимараты - Бейбітшілік және келісім сарайында өтті. Екінші дінаралық саммит жұмысына әлемнің 20-дан астам елінен 43 делегация қатысты. Екінші съездің басты тақырыбы: «Дін, қоғам және халықаралық қауіпсіздік».


Бейбітшілік және келісім сарайы
Дереккөз: Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының үшінші съезі 2009 жылғы 1-2 шілдеде Астанада өтті. Съезге Еуропа, Азия, Таяу Шығыс және Американың 35 елінен 77 делегация құрамында 400-ден астам делегат қатысты. Үшінші съездің басты тақырыбы: «Толеранттылыққа, өзара құрмет пен ынтымақтастыққа негізделген әлем құрудағы діни көшбасшылардың рөлі».

2012 жылдың 30–31 мамырында Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Төртінші Съезі өтті. Съезге әлемнің 40 елінен 85 делегация қатысты. Төртінші Съезд аясында Қазақстан Президентінің ұсынысымен құрылған және әлемдік, дәстүрлі діндер лөшбасшылары бірауыздан қолдаған Діни көшбасшылар кеңесінің Алғашқы отырысы сияқты айтулы тарихи оқиға орын алды. Кеңес құрамына әлемнің 15 көрнекті діни көшбасшысы енді. Төртінші Съездің негізгі тақырыбы: «Бейбітшілік және келісім – адамзаттың таңдауы».

2015 жылдың 10–11 маусымында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының V Съезі өтті. Съез жұмысына әлемнің 49 елінен 72 делегация қатысты, олар барлық әлемдік және дәстүрлі діндер, сондай-ақ беделді діни көшбасшылары, саяси қайраткерлер және халықаралық ұйымдарынан келгендер еді. Бесінші Съездің негізгі тақырыбы: «Бейбітшілік пен даму жолындағы діни көшбасшылар мен саяси қайраткерлердің диалогы». Съезд аясында Діни көшбасшылар кеңесінің Екінші отырысы өтті.

2018 жылдың 10–11 қазанында Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Алтыншы Съезі өтті. Съез жұмысына әлемнің 43 елінен 82 делегация қатысты. Алтыншы Съездің негізгі тақырыбы: «Діни көшбасшылар  қауіпсіз әлемді жақтайды». Съезд аясында Діни көшбасшылар кеңесінің Үшінші отырысы өтті.

2022 жылдың 14–15 қыркүйегінде Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII Съезі өтті. Съез жұмысына әлемнің 50 елінен 100 делегация қатысты. VII Съездің басты тақырыбы: «Пандемиядан кейінгі кезеңдегі адамзаттың рухани және әлеуметтік дамуындағы әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының рөлі».

 

Дереккөздер:

Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы.

«Қазақпарат» ХАА

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу