Кеңестер жүйесі, немесе кеңестік билік – Мемлекеттік биліктің өкілді органдарын халық белгілі бір мерзімге сайлайтын(кеңестер) жүйеге негізделген мемлекетті басқару нысаны. Кеңестер алғаш рет 1905-1907 жылдардағы Революция барысында Ресей Империясының ірі өнеркәсіп орталықтарында, атап айтқанда Петербургте, Мәскеуде, Ивановта және т.б. сайланбалы саяси ұйымдар ретінде пайда болды. Зауыттар мен фабрикаларда жұмысшы депутаттарының Кеңестері, ауылдарда - шаруа депутаттарының Кеңестері, әскерде - сарбаздар (матростар) депутаттарының Кеңестері құрылды. 1905–1907 жылдардағы революция жеңілген соң Кеңестер өз жұмысын тоқтатты. Олар 1917 жылы қайта пайда болып, Жұмысшы және солдат депутаттарының Кеңестері ретінде революциялық билік органдарына айналды – бастапқыда Уақытша үкіметпен қатар, кейін оған қарсы болды. 1917 жылғы Қазан революциясы жеңгеннен кейін елдегі барлық билік Жұмысшы, солдат және шаруа депутаттарының Кеңестеріне өтті. Бұл кеңестер мемлекеттік кеңестік биліктің сайланбалы органдарына айналды. 1936 жылдан 1977 жылға дейін олар Еңбекшілер депутаттары кеңестері, 1977 жылдан 1991 жылға дейін халық депутаттары кеңестері деп аталды.
КСРО-ның толық ресми атауы - Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы - әрқайсысының өзіндік Жоғарғы Кеңесі бар бірнеше одақтық республикалардың федеративтік бірлестігін көрсетті. Кеңестер одағы да Кеңестер елі деп аталды.
1977 жылғы КСРО Конституциясына сәйкес, барлық Халық депутаттарының Кеңестері жалпыға бірдей, тең және тікелей сайлау құқығы негізінде, жасырын дауыс беру арқылы сайланды. КСРО Жоғарғы Кеңесі мен одақтық және автономиялы республикалардың Жоғарғы Кеңестері – 4 жылға; жергілікті Кеңестер – 2 жылға сайланды. Кеңестер өз жұмыстары туралы халық алдында жүйелі түрде есеп беруге міндетті болды.
Кеңестер тұтас жүйені құрады, оның төменгі деңгейі ауылдық және поселкелік Кеңестер болса, жоғарғысы – КСРО Жоғарғы Кеңесі болды. КСРО Жоғарғы Кеңесі – КСРО-дағы ең жоғары өкілді және жалғыз заң шығарушы орган болды. Одақтық және автономиялы республикалардың Жоғарғы Кеңестері – республикалар аумағындағы жоғары билік органдары болды. Жергілікті Кеңестер – әкімшілік-аумақтық бірліктердің (өлкелер, облыстар, автономиялық облыстар, округтер, аудандар, қалалар, ауылдар, станицалар, деревнялар, қыстақтар, ауылдар) аумағындағы билік органдары болды. Жергілікті Кеңестер жүйесінің әр деңгейінің өкілеттіктері КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлықтарымен, сондай-ақ одақтық және автономиялы республикалардың заңдарымен айқындалды.

Бірқатар зерттеушілердің пікірінше, КСРО-дағы барлық деңгейдегі кеңестер ешқандай да нақты билікке ие болған жоқ және тек қана Кеңес одағы коммунистік партиясының (КПСС) партиялық органдары мен аппараттарына бағынышты декорация қызметін атқарды.
КСРО Жоғарғы Кеңесі 1991 жылғы желтоқсанда Кеңес Одағының ыдырауына байланысты өз қызметін іс жүзінде тоқтатты. КСРО Жоғарғы Кеңесінің орнына жоғары заң шығарушы органдар жаңа тәуелсіз республикалардың әрқайсысында қалыптаса бастады.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесi (кейiн Қазақстан Республикасы) өз жұмысын 1995 жылы тоқтатты. Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданғаннан кейін 1995 жылғы 30 тамызда екі палатадан - Сенат пен Мәжілістен тұратын парламенттің жаңа құрылымы құрылды.
Дереккөздер:
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу