Бірінші дүниежүзілік соғыс (1914–1918) — ол кездегі 59 тәуелсіз мемлекеттің 38-і қатысқан, әлемдік ауқымдағы алғашқы әскери қақтығыс. Соғыстың басты себебі – бұрыннан бөлінген отарларды, ықпал ету аймақтарын және тауар нарықтарын қайта бөлісу үшін күрестің шиеленісуінен туындаған еуропалық екі державалар коалициясы – Антанта (Ресей, Англия және Франция) және Үштік одақ (Германия, Австро-Венгрия және Италия) арасындағы қайшылықтар болды. Соғыс елдердің екі тобы арасында өтті:
Еуропада басталып, негізгі оқиғалары сонда өрбігенімен, соғыс біртіндеп жаһандық сипат алып, Қиыр және Таяу Шығысты, Африканы, сондай-ақ Атлант, Тынық, Солтүстік Мұзды және Үнді мұхиттарының акваторияларын қамтыды.
Қарулы қақтығыстың басталуына түрткі болған себеп – «Млада Босна» (барлық оңтүстік славян халықтарын бір мемлекетке біріктіру үшін күрескен ұйым) мүшесі, серб студенті Гаврило Принциптің террорлық актісі. Осы оқиға барысында 1914 жылдың 28 маусымында (жаңа стиль бойынша) Сараево қаласында (Босния) Австро-Венгрия тағының мұрагері Эрцгерцог Франц Фердинанд өлтірілді.
23 шілдеде Германияның қысымымен Австро-Венгрия Сербияға туындаған жанжалды шешу үшін тәуелсіз мемлекет қабылдамайтын шарттарды әдейі ұсынды. Өз ультиматумында жаулық әрекеттерді тоқтату үшін Сербия аумағына Австро-Венгрия әскери құрамаларын серб күштерімен бірлесіп кіргізуді талап етті. Серб үкіметі ультиматумды қабылдамағаннан кейін, Австро-Венгрия 28 шілдеде Сербияға соғыс ашты.
Сербия алдындағы одақтастық міндеттемелерін орындай отырып, 30 шілдеде Франция тарапынан қолдау алған Ресей жаппай мобилизация туралы жариялады. Келесі күні Германия Ресейден мобилизацияны тоқтатуды талап етіп, ультиматив қойды. Жауап алмаған соң 1 тамызда Ресейге, ал 3 тамызда Францияға, сондай-ақ неміс әскерлерін өз аумағы арқылы өткізуден бас тартқан бейтарап Бельгияға соғыс жариялады. 4 тамызда Ұлыбритания өз доминиондарымен Германияға, 6 тамызда Австро-Венгрия - Ресейге қарсы соғыс ашты.

Бірінші дүниежүзілік соғыс. Соғысқа қатысушылар және соғысқа қосылған күндері
Дереккөз: ТАСС
1914 жылы тамызда Жапония Германияға соғыс ашты, қазан айында Германия-Австрия-Венгрия блогы жағында Осман империясы (1923 жылдан бастап Түркия), ал 1915 жылы қазан айында Болгария соғысқа қосылды. Бастапқыда бейтарап болған Италия 1915 жылдың мамырында Антанта жағына шығып, Австро-Венгрияға, ал 1916 жылдың 28 тамызында Германияға соғыс жариялайды.
1917 жылы екі маңызды оқиға қарсыластардың күштерін орналастыруға түбегейлі әсер етті. 1917 жылы 6 сәуірде соғыста ұзақ уақыт бейтарап болған АҚШ Германияға соғыс жариялау туралы шешім қабылдады. 1917 жылы АҚШ-тың кейін Антанта жағында соғысқа Қытай, Грекия, Бразилия, Куба, Панама, Либерия және Сиам (қазір Таиланд) қосылды.
Күштер қақтығысындағы екінші елеулі өзгеріс Ресейдің соғыстан шығуы болды. 1917 жылы 15 желтоқсанда Ресейде билікке келген большевиктер бейбіт келісімге қол қойды. 1918 жылы 3 наурызда Брест-Литва бітімгершілік шарты жасалды, ол бойынша Ресей Польша, Эстония, Украина, Белоруссияның бір бөлігі, Латвия, Закавказье және Финляндияға өз құқықтарынан бас тартты. Ардаған, Карс және Батум Түркияға өтті.
Бірінші дүниежүзілік соғыс Францияның Версаль қаласында 1919 жылы 28 маусымда қол қойылған Версаль бейбіт келісімі арқылы ресми түрде аяқталды. Шарт 1919-1920 жылдардағы Париж қаласында өткен бейбіт конференцияда әзірленді. Келісім Германия және төрт басты одақтас держава, Ұлыбритания, Франция, Италия және Жапония ратификациялағаннан кейін 1920 жылдың 10 қаңтарында күшіне енді. Версаль бейбіт келісімі Германияның әскери жеңілісін және оның соғыстың басталуына жауапты екенін тіркеуді, әлемді жеңімпаз державалар пайдасына қайта бөлуді, сондай-ақ Германияның шарт талаптарын орындауын қамтамасыз ететін жүйе құруды мақсат етті.
Адамзат тарихында тұңғыш рет екі континенттің (Еуразия және Африка) және ауқымды теңіз акваторияларының аумағын қамтыған Бірінші дүниежүзілік соғыс әлемнің саяси картасын түбегейлі өзгертті. Соғыс нәтижесінде төрт империя: Ресей, Австро-Венгрия, Осман және Герман империялары өмір сүруін тоқтатты.
Бірінші дүниежүзілік соғыс ең ауқымды және қанды соғыстардың бірі болды. Соғыс кезінде армия қатарына 70 миллион адам алынған; оның ішінде 9,5 миллион адам қаза тауып, жарақаттан қайтыс болған, 20 миллионнан астамы жараланды, 3,5 миллион адам мүгедек болып қалды. Соғысқа қатысқан ішінде ең ауыр шығынға ұшыраған елдер - Германия, Ресей, Франция және Австро-Венгрия (барлық шығынның 66,6%-ы).
Дереккөздер:
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу